Торғай атырабындағы шатқалды-сайлы көркем жердің бірі – Маятас аймағы. Бір қызығы, оның атауының өзінде өңірдің табиғи ерекшелігі бұғып жатыр. Бұл сөз екі құрамнан тұрып, «маядай зәулім тас» деген ұғымды аңғартады. Яғни атаудың өзі-ақ сол маңдағы көзге бірден шалынатын еңселі тастарға ишара етеді.
Міне, осында ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Арғынның Төлек аталығынан шыққан Құлымбет есімді дәулетті, жомарт әрі жауырыны жерге тимеген балуан өмір сүрген екен. Үйінен қонақ үзілмей, дастарқаны жиылмайтын, отырған ортасы думанға айналатын жан болыпты. Алыс-жақындағы алып біткенмен белдесіп, бәрін жығып, атағы төрт тарапқа тарайды.
Сол тұста Науырзым жұртында Сүгір Смайыл деген атақты палуан бар еді. Ол жастайынан әдісті серік етіп, өнерін шыңдап өскен нағыз «алыпсоқ» қазақ күресі шебері болатын. Құлымбеттің даңқы құлағына тиген соң, іштей рухы оянып, арнайы барып белдесуді ойлайды. Екі серігін ертіп, жолға шығады.
Жол-жөнекей небір әңгімелер естиді. Әсіресе, жолай кезіккен сөзге үйір, осы маңның өсіріп айтушы мақтаншағы Дүйсенбай дегеннің: «Бұл қазақта оны жеңетін балуан әлі туған жоқ» дегені Смайылдың жігерін жаниды. Бірақ ол сабырмен: «Жеңілсем – жер көтерер. Арнайы шыққан соң, кері қайтпаймын», – деп, сапарын жалғастырады.
Ақыры, Маятасқа жеткенде, Құлымбет қонақтарын айрықша құрметпен қарсы алады. Тай сойылып, мол дастарқан жайылады. Үш күн бойы ел-жұрт жиналып, өнерпаздар ән шырқап, күйшілер күй төгіп, ақындар жыр арнайды. Содан кейін ғана Смайыл келген шаруасын ашық айтады.
Өзіндей білекті ердің тегін келмегенін бірден аңдаған Құлымбеттің сөзі әзір болса керек:
– Е, балуан, мұның елеулі шаруа ғой. Төңіректегі елді жинайық. Бір жағымыз қара ағаштай қалың Найман, бір жағымыз көп Қыпшақ. Өнерімізді солар көрсін. Әйтпесе, «Арғынның екі балуаны жасырын күресіпті» деген атаққа қалып жүрерміз. Бір сенен гөрі әсіресе маған қиын ғой. Алыстан арнайы іздеп келген балуан бауырын көрсетпей жіберді дейді ғой, – дейді.
Уәжді жөнге санаған Смайл да келіседі. Содан сол, жалпақ елге жар салынады. Хабаршылар жөнейді.
Айтып айтпай не керек, белгіленген күні Маятас бөктеріне халық ағылып келеді. Өзі бай, өзі мырза Құлымбет-Төлектер қымызды бұлақ қып ағызып, жылқы етіне қарық етіп тастайды. Құдды той іспетті бұқара арқа-жарқа болып, бір тойынып, өнерпаздар да бір бүйірден думанға жел береді.
Күрес те басталады. Екі балуан да осал емес. Алғашқы күні – тең. Екінші күні – тағы тең. Үшінші күні де бірін-бірі ала алмайды. Қолданбаған айла, істемеген әдіс қалмайды. Бірі – жолбарыстай атылып, бірі – арыстандай айбат шегеді. Бірақ таразы басы тең түседі.
Төртінші күні шаршаған жұрт: «Ер кезегі – үшке дейін» деген, екеуің үш күн күресіп, тең түстіңдер, біз ризамыз, зор қуанышқа бөледіңдер. Ат аунаған жерде түк қалады деген ғой. Біздің соңғы тілегіміз – Маятастың етегінде жатқан мынау алып тасты екеуің он қадамнан кезектесіп көтеріп, өзеннің арғы бетіне, өткелдің аузына шығарыңдар», – деп ұсыныс айтады.
Екі әйдік келіседі. Әуелі Смайыл тасты қапсыра құшақтап, тік көтеріп он қадам аттайды. Кейін Құлымбет жалғастырады. Осылайша екеуі кезектесіп, ауыр тасты Қараторғай суының арғы бетіне жеткізеді.
Жиналған жұрт бұл көрініске сүйсініп, риза болады. Сонда сол жиында отырған Шегенұлы Қазыбек би:
– Уа, ағайын, Смайылмен Құлымбеттің өнерін төрт күн тамашалап, қызықтадық. Осы қызықтан бір белгі қалғаны жөн ғой. Сондықтан мына тасты «Балуантас» деп атайық. Ұрпақтарымыздың есінде жүрсін, – деп бата береді.
Ел бірауыздан қолдайды.
Құлымбет те мәрттік танытып:
– Жиналған жамағат! Смайылдың менен жолы үлкен және арнап келген сапары ғой, мен жеңілгендік ырымын жасап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізейін, – дейді.
Көпшілік мына ірілікке одан сайын таң-тамаша болып, қошеметтерін арттырады. Осыдан кейін екі дөй-балуан төс түйістіріп, ақыреттік достыққа анттасады. Бергі уақытқа жеткен замандастарының куәлендіруінше, сол сертке өмір бойы адал болған-дүр.
Бұл әңгіме бізге қайдан жетті? Сол аймақтың шежіре ақсақалы, «Балуантасты» көргенде ата-бабаларымды көргендей әсерге бөленемін» деп лепестеген Жұмағазы қажы Жасымбек секілді қарттардың аузымен жетті.
P.S. Балуантас – даланың дегдар рухының белгісі
Бұл оқиға – тек екі палуанның күш сынасуы емес. Бұл – қазақы мінездің, мәрттіктің, бәсекеде де бауырмал бола білудің көрінісі.
Исламда күш пен әділет қатар жүреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күресте жеңген мықты емес. Ашу кезінде өз-өзін ұстаған кісі мықты», деген. Құлымбет пен Смайылдың үш күн бойы белдесіп, бір-біріне құрметін жоғалтпауы – осы ұстанымның айғағы.
Ал Маятаста әлі күнге өзен бойында тұрған әлгі қос балуанның қолының табы қалған «Балуантас» – сол ерліктің мәңгілік белгісі. Ол Арқалық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан.
Бүгінде біз тарихи ескерткіш дегенде сәулетті ғимараттар мен қашалған я құйылған мүсіндерді елестетеміз. Алайда тас қашау, мүсін құю өнері кенже дамыған замандарда ата-бабаларымыз Ұлы дала кеңістігінде осындай табиғи тастарды қандай да бір оқиғаға байланысты атап, оны рухани ескерткіш пен ақпарат таспасына айналдырған.
Біле-білсек, бұл – біздің бабаларымыздың өзіндік «ескерткіш қалдыру технологиясы» еді.
Сондықтан қайсы «Балуантас» болмасын, жай тастар емес. Ол – ел жадында сақталған тарих. Айталық, Торғайдағы осы үлкен тас болмаса, қос балуанның даңқы дәл осылай ұрпақтан-ұрпаққа жетер ме еді?
Дала тасы – халықтың жадындағы шежіре!
Күш мәдениетін зерттеуші
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ










