Ресейдегі «Крокус сити холл» концерт залындағы лаңкестік шабуыл ісі бойынша айыпталған 19 адамның 15-іне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлайды Egemen.kz
РИА Новости агенттігінің мәліметінше, күдіктілер жазасының бір бөлігін түрмеде, екінші бөлігін ерекше режимдегі түзеу колониясында өтейді.
Олардың ішінде төртеуі – Далерджон Мирзоев, Муродали Рачабализода, Мухаммадсобир Файзов және Шамсидин Фаридуни – лаңкестік шабуылды орындаушылар болып танылды.
Сотталушылардың сыбайластары: Умеджон мен Мустаким Солиевтер, Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мухаммад Шарипзода, Якубджони Юсуфзода, Назримад Лутфуллои, Джумахон Курбонов, Хусен Медов және Джабраил Аушев.
Олардың әрқайсысына 990 мың рубль (6 млн 237 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған. Іс Екінші Батыс аймақтық әскери сотында қаралған.
Сондай-ақ лаңкестік шабуыл жасағандарға баспананы жалға берген азамат та 22 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды. Оның Мәскеу облысындағы пәтері тәркіленді. Содырларға көлік сатқан үш адам 19 жыл 11 айға сотталды.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 22 наурызда Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Крокус сити холл» концерт залында атыс болды. Салдарынан 149 адам қаза тауып, алты жүзден астам адам түрлі жарақат алды, тағы бір адам із-түзсіз жоғалып кетті.









