Бүгін, 4 наурызда Мәжілістің пленарлық отырысында Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке ішкі нарықты қорғауды күшейту және «азық-түлік патриотизмін» (немесе «өнімдік патриотизмді») дамытуға бағытталған шараларды бекіту жөнінде депутаттық сауал жолдады.
Депутат министрге дүкендегі сөре үлесінің формалды пайызына ғана емес, тауардың сатып алушыға қаншалықты деңгейде көрінетініне аударуды ұсынды. Қолданыстағы 30 пайыздық нормаға қарамастан, отандық өнімдер көптеген санатта көзге түсе бермейді: отандық тауарлар көбіне сөренің төменгі жағына қойылады, ал импорттық өнімдер көзге ең көп түсетін орындарға орналастырылып келеді.
Осыған байланысты депутат негізгі санаттардағы отандық тауарларды сатып алушының назары бірден түсетін аймақта, яғни еденнен 70-160 см биіктікте орналастыру талабын бекітуді ұсынады. Депутаттың пікірінше, мұндай қадам отандық тауарлардың сатылымын арттыруға ықпал етеді.
Қолдау тетігі ретінде аналитика мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда өндірушілер нарықтық деректерді көбіне өз қаражаты есебінен сатып алады, алайда ақпараттың елеулі бөлігі мемлекеттік ұйымдарда: статистикада, цифрлық жүйелерде және салалық құрылымдарда қолжетімді. Сауалда деректерге қолжетімділікті бизнесті қолдаудың практикалық құралы ретінде пайдалану ұсынылады: бұл өндірушілерге өнім санатын, бағасын, қаптамасын, өңірін және өткізу арнасын дәлірек таңдауға көмектеседі. Сондай-ақ қолдау әрдайым субсидия түрінде ғана емес, аналитика да өндірушіге нақты бәсекелік артықшылық бере алады.
Сонымен қатар, маркетплейстер мен азық-түлікті жеткізу сервистерінде импорттық тауар таңдалған жағдайда қазақстандық баламаларды да көрсету ұсынылады. Бұл, бір жағынан, өнімдік патриотизмді ынталандырса, екінші жағынан, нарыққа қай санаттарда жергілікті ұсыныс жеткіліксіз екенін және қай бағыттарда сұраныс артып келе жатқанын көрсететін маңызды дерек болып саналады.
Сауалда өндірушілердің сауда желілеріне шығу барысында тап болатын кедергілері де атап өтілген. Атап айтқанда, ретробонустар, желілерге кірудің күрделілігі, келіссөз жүргізудегі әлсіз позиция, қаптама мен маркетингке жұмсалатын шығындар. Осы тосқауылдарды азайтып, ритейл және маркетплейстермен жұмыс істеу дағдылары бойынша оқытуды қоса алғанда, қолданбалы қолдауды күшейту ұсынылған.
Бұл бастама түптеп келгенде қарапайым қағидатқа саяды: отандық тауарлар дүкен сөресінде де, цифрлық іздеу нәтижесінде де көрінетін, қолжетімді және бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Отандық тауарларды бірге қолдайық!
Шахзада Шогельбаева









