Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Бақытты ана, бабындағы чемпион – боксшы Әйгерім Сәттібаевамен мерекелік сұхбат

09.03.2026
- Сұхбат, Таңдаулы
0
5
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

8 наурыз – әйел затының нәзік болмысын ғана емес, оның ішкі күші, табандылығы туралы ой салдыратын күн. Бүгінгі кейіпкеріміз осы ұғымдардың барлығын бойына сыйдырған жан. Бокстан Азия чемпионы, үлкен спортқа үзілістен кейін қайта оралған, бес баланың анасы, аяулы жар – Әйгерім Сәттібаева. Ол спорт пен отбасылық өмірдің, аналық пен арманның арасынан өз жолын тапқан әйел.

 – Әйгерім, мерекеңіз құтты болсын! Сұхбаттарыңызда бокс әлеміне қадам басуыңызға әкеңіздің ықпалы зор болғанын жиі айтасыз. Сол бір айтулы сәтті еске түсірсек, бәрі неден басталды?

– Сәлеметсіздер ме! Барша нәзік жандарды 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Менің спорттағы тағдырым әкемнің тікелей қатысуымен басталды десем болады. Ол кісі бокстан жаттықтырушы болғандықтан, мені кішкентайымнан спорттың қыр-сырына баулыды. Мені алғашқы «стойкаға» тұрғызып, соққы беру техникасын үйреткен де – әкем. Ол маған еліміздің нағыз батыр ұлдарын үлгі етіп, олардың жекпе-жектерін бірге талдайтынбыз. Осылайша жүрегімде спортқа деген шексіз махаббат оянды.

Алғаш рет Тараз қаласындағы жасөспірімдер бокс мектебіне барғанда, залда менен басқа бірде-бір қыз бала жоқ еді. Мен сол ортадағы жалғыз қыз болып, ұлдармен иық тіресе жаттықтым. Ол кезде баламын ғой, бокстың қиындығынан бұрын, оған деген құштарлығым басым болды. Теледидардан Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерін қалт жібермей тамашалап, нағыз жанкүйері болдым. Жеңімпаздардың тұғырда тұрған сәтін көріп, «мен де осындай ел мақтанышы болсам екен» деп армандайтынмын. Әр сұхбатымда мақтанышпен айтатын Бақтияр Артаев ағам мен Ольга Шишигинаның жеңістері маған әрдайым қанат бітірді.

Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!

Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!

10.03.2026
Көпбалалы отбасын Рамазан айымен құттықтады

Көпбалалы отбасын Рамазан айымен құттықтады

09.03.2026

– Әйелдер боксы әлі кең таныла қоймаған кезеңде спорттық жолыңызды бастапсыз. «Қыз балаға бокс жараса ма?» деген сұрақ алдыңыздан талай шыққан болар. Сол сәттерде сізді жасытпай, алға жетелеген не нәрсе?

– Әр адамның өмірде өз биігі, өз мұраты болады. Спорт – менің жеке таңдауым, тағдырым және мінезім. Әрине, «Бокс сенің ісің емес, сен анасың ғой, саған бұл неге керек?» деп артқа тартатын адамдар бүгін де кездеседі. Бірақ мен үшін бұл – жай ғана спорт емес, өмірімнің мәні. Үйде бала тәрбиесімен отырған кездерімде де шаршы алаңды, спорттың сол бір ерекше рухын қатты сағынатынмын. Меніңше, өзгелердің пікірінен тек өзіңе қажеттісін сүзіп алып, қалғанына мән бермеу керек.

Тараздың өзіндік менталитеті бар, сондықтан мұндай сын-пікірлерді мен залға алғаш аттаған күннен бастап естіп келемін. Ол кезде әйелдер боксы енді ғана дамып, ұлттық құрама жаңадан жасақталып жатқан болатын. Сол кезден бастап-ақ мен ыңғайсыз сұрақтар мен орынсыз сындарға төтеп беріп, жауап қайтаруды үйрендім. Әр адамды бақытты ететін өз ісі болады, мені бақытты ететін – бокс. Үлкен спортты қойған күннің өзінде, өмірімді спортсыз елестете алмаймын.

– Жасөспірім шағыңызда ұлттық құрама сапына қабылданған сәт – өміріңіздегі елеулі белестердің бірі. Сол кездегі өрімдей қыз Әйгерім мен бүгінгі толысқан Әйгерімнің арасында қандай айырмашылық бар?

– Ол кезде бала едім. Шыны керек, ол шақта менің ойымда тек бір ғана мақсат – қалайда жеңіске жету болды. Рингке шыққан сайын өнерімді көрсетуден ләззат алатынмын. Жаңа техникаларды меңгеріп, тәжірибе жинақтау жолында жүргенде өзгелердің артық сөзіне де мән бермейтінмін. Себебі, алдымда айқын арман мен асқақ мақсат тұрды.

Бүгінгі Әйгерімнің де сол кездегі Әйгерімнен аса бір үлкен айырмашылығы жоқ сияқты. Сол баяғы талпыныс, сол баяғы спортқа деген іңкәрлік. Тек бір ғана маңызды жайт – қолдаудың артуы. Ол кезде жанымда тек әкем әрі жеке бапкерім болып, демеу берсе, қазір арқамда асқар таудай тірегім – жолдасым Олжас, аяулы ата-енем мен бала-шағам тұр. Отбасымның осы сенімі маған ерекше күш-қуат береді.

– Көпшілік сізді чемпион ретінде таниды. Бірақ бес баланың анасы, ибалы келін, аяулы жар және кәсіби спортшы болу – бір әйел үшін тым ауыр жүк емес пе? Осы миссияларыңыздың қайсысының салмағы сіз үшін басым?

– Біз қазақ қызы болғандықтан, ана болу, жар болу немесе әулеттің түтінін түтетіп, ибалы келін болу – қанымызға сіңген қасиет деп білемін. Бұл – біз үшін табиғи, қалыпты үдеріс. Әрине, бес баланың тәрбиесі мен үй шаруашылығы – үлкен жауапкершілік пен орасан еңбекті қажет ететін дүние. Алайда бұл міндеттер маған ауыр жүк болып сезілмейді.

Спортты қатты сағынғандықтан ба, жаттығу залында еш қиналмаймын. Шүкір, бойымызда жастық жалын мен энергия бар кезде еңбек етуден қашпаймыз. Бұл жердегі ең басты жеңілдік – жолдасымның түсіністігінде. Біз өмірде де, спортта да – бірге ілгерілейтін серікпіз. Қасыңда сенің жаныңды ұғатын, әр бастамаңды қолдайтын адамың болса, кез келген қиындық тез сейілмек.

Өмір болған соң түрлі сынақтар кездесетіні заңды. Десе де, мені сол қиындықтарға мойытпай, алға жетелеп келе жатқан – бокстың маған берген табандылығы мен спортта шыңдалған қайсар мінезім деп нық сеніммен айта аламын.

– Жұбайыңызбен бокстың арқасында танысқаныңызды айтып едіңіз. Бір залда қатар өскен екі спортшының балаң достығы қалайша жалынды махаббатқа ұласты?

– Біздің тарихымыз Тараздағы сол баяғы бокс залынан бастау алады. Мен былғары қолғапты жаңадан киіп, алғашқы қадамдарымды жасап жүргенде, Олжас Ливерпульде өткен кадеттер арасындағы әлем біріншілігінен жеңіспен оралған, залымыздың нағыз жарық жұлдызы еді.

Бәріміз оған үлкен құрметпен қарап, үлгі тұтатынбыз. Алғашқыда ол маған ағалық қамқорлық көрсетіп, рингтегі қателіктерімді түзеп, ақыл-кеңесін айтып жүрді. Осылайша спортқа деген ортақ құштарлық бізді жақындастыра түсті.

Уақыт өте келе достығымыз мөлдір сезімге ұласты. Ол кездері Олжас жиі шетелдік оқу-жаттығу жиындарында жүретін. Әр сапарынан оралған сайын маған арнайы сыйлық әкеліп, оның әрқайсысының тарихын ерекше толғаныспен айтып беретін. Бір қызығы, біздің өмірімізде ұқсастықтар өте көп. Екеуміз де қатаң спорттық режим ұстанамыз, екеуміздің де әкелеріміз спорт десе ішкен асын жерге қоятын қатал да қайсар жандар. Құрбыларым мені «Олжастың әйел затындағы бейнесісің» деп әзілдейді. Біз бір-біріміздің айнадағы сәулесі іспеттіміз. Жеңіс пен жеңілісте, ауыр жарақат пен қиын сәттерде бір-бірімізге тірек бола жүріп, өмірлік серік болуға лайық екенімізді ұқтық. Құдайдың бізді жұп қылып кездестіргеніне шүкір етемін.

– Күйеуіңіздің сізге секундант болып, ринг жиегінде тұрып қолдау көрсеткені жанкүйерлерді ерекше тебірентті. Жолдасыңыз өмірде қандай жар, қандай әке? Оның спорттық мінезі мен үйдегі болмысы қаншалықты ерекшеленеді?

– Шаршы алаңда Олжас – қатал да қайсар боксшы, ал өмірде – жүрегі жұмсақ, нәзік жан. Әсіресе балаларына келгенде ақкөңілдігі мен қамқорлығы ерекше. Біздің төрт қызымыз бен бір ұлымыз бар. Ол қыздарына тым жұмсақ, ал ұлына келгенде қатаңдау.

Спортшы болған соң, әрине, екеумізде де мінез бар. Бірақ біз сол «спорттық мінезді» тек рингте қалдыруға тырысамыз. Өмірдің соқпақтарында бір-бірімізге тек жылулық пен түсіністік сыйлаймыз. Олжас менің тек жарым ғана емес, спорттағы бағыт-бағдарымды айқындайтын сенімді серігім. Оның секундант ретінде қасымда тұруы – маған ешқандай жеңіспен айырбастамайтын зор сенімділік ұялатады. Біздің үйде спорт пен мейірім қатар өрілген.

– Бокста шыңдалған қайсар мінезіңіз келіндік өмірге қадам басқанда көмектесті ме, әлде керісінше қиындық тудырды ма?

– Мен 19 жасымда тұрмысқа шығып, жас келін атандым. Шыны керек, бала күнімнен тек жаттығу залында өскендіктен, үй шаруасына, ас үйге оншалықты бейім болмадым. Менің өмірім оқу-жаттығу жиындары мен жарыстардан тұратын. Үйге демалысқа келгенде де ата-анамның ерке қызы болып, бір аптадан соң қайтадан спортқа аттанып кететінмін.

Алайда Олжастың анасы – менің бүгінгі аяулы енем – өзі де спортшының анасы болғандықтан ба, маған үлкен түсіністікпен қарады. Шаңырақтың алғашқы келіні болсам да, ол кісі сабырмен бәрін үйретті, ақырындап сіңісіп кеттік. Спорттың маған берген ең үлкен көмегі – төзімділік пен жылдамдық болды. Мен ешқашан шаршамайтынмын, денсаулығым да сыр бермейтін. «Әйгерім» десе, жүгіріп барып, жұмсаған шаруаны шұғыл атқаратынмын. Сонымен қатар, мені әжем тәрбиелегендіктен, қонақжайлылық қасиет маған жат емес еді. Үй шаруасына бірден араласып кетуіме спортта шыңдалған ширақ қимылым мен тәрбием зор септігін тигізді.

– Бала тәрбиесі мен кәсіби спортты қатар алып жүру оңай емес. «Спортты таңдаймын ба, әлде отбасымды ма?» деген ішкі арпалыс болған сәттерде қалай шешім қабылдадыңыз?

– Иә, ондай арпалысты сәттерді бастан өткердік. Олжас екеуміз де ұлттық құрама сапында болғандықтан, бір-бірімізді айлап көрмейтінбіз. Ол шетелде жарыста жүргенде, мен оқу-жаттығу жиынында болатынмын. 2016 жылы Олжас Олимпиада ойындарына жолдама алған кезде маған «Әйгерім, менің дайындығым алаңсыз болуы үшін сенің үйде отырғаныңды қалаймын. Екеуміз де екі жақта жүрсек, мен сені уайымдап, назарым бөлінеді. Сенің үйде тілеуімді тілеп, жанкүйер болып отырғаның маған үлкен күш береді» деді.

Сол сәтте мен еш ойланбастан жарымды тыңдадым. Әрине, ол кезде мен де бабымда едім, әкем мен бапкерім менен үлкен үміт күтетін. Бірақ ер азаматты қолдау – әйелдің ең басты міндеті мен парасаты деп білемін. Спорттан уақытша қол үзгеніме еш өкінбеймін, өйткені сол жылдары мен ана болу бақытын сезіндім. Бес баланы дүниеге әкелдім. Бұл – ешқандай Олимпиада алтынына немесе әлем чемпионатының жүлдесіне айырбастамайтын ұлы бақыт.

Бір қызығы, арада 8 жыл өткен соң, 30-дан асқан шағымда спортқа қайта ораламын деп мүлде ойламаппын. Бұл жолы жолдасым менің ең үлкен қолдаушым болып, қайтадан шаршы алаңға шығуыма жол ашты. Отбасы болудың маңыздылығы да осында – бір-біріңді қажет кезінде демеп, бір-біріңнің арманыңа қанат бітіруде.

– Үлкен спортпен қоштасқан сәтіңізді қалай қабылдадыңыз? Сегіз жылдық үзілістен соң боксқа қайта оралу – тек физикалық дайындық емес, психологиялық тұрғыда үлкен қайсарлықты талап етеді. Бұл белесті қалай еңсердіңіз?

– Шынымды айтсам, спортқа қайта оралуым – әкемнің ақылы мен жолдасымның қолдауының жемісі. Бес баланың анасы болып, үй шаруасымен жүргенімде әкем «Әйгерім, бойыңдағы тәжірибені неге босқа сарп етесің? Кейінгі қыздарға бағыт-бағдар беріп, бапкер болсаңшы» деп ұсыныс тастады. Сонымен әкемнің шақыруымен спорт мектебіне жаттықтырушы болып оралдым.

Бірақ бір жыл бапкерлік тізгінін ұстаған соң, жүрегімдегі спортқа деген өшпеген жалын қайта маздады. Көкейімде орындалмаған армандарым мен айтылмаған сөзім қалғандай сезілді де тұрды. Бірде Олжасқа «Спортқа қайта оралғым келеді, әлі де бағындыратын биіктерім бар екенін сеземін» дедім. Бастапқыда ол мұны әзіл деп қабылдап, жымиып күліп қойған. Алайда күнделікті жаттығуым мен көзімдегі жалынды көріп, менің шын ниетімнің барын түсінді.

Олжас – өте тәжірибелі боксшы, ол менің физикалық бабымды қалпына келтіру үшін арнайы график қойып, нағыз бапкер ретінде дайындады. 30-дан асқан шақта, бес баладан кейін бұрынғы формаға келу оңай болмады. Бірақ жолдасым үй шаруасында да, балалардың сабағында да, тіпті менің оқушыларымды жаттықтыруда да маған үлкен көмекші болды. Әрбір ер азамат жарының мұндай қадамын қолдай бермейтінін ескерсек, менің Олжасқа деген алғысым шексіз.

– 30-дан асқан шақта, бес баланың анасы бола тұра, жас әрі жігерлі спортшылармен шаршы алаңда жұдырықтасу – үлкен тәуекел. Іштей қорқыныш болмады ма?

– Меніңше, боксты саналы түрде таңдаған қыздардың жүрегінде қорқыныш болмайды. Біз бұл залға өз еркімізбен, осы спортқа деген шексіз құштарлықпен келеміз. Сондықтан менде қорқыныш емес, керісінше, ұзақ уақыт сағынған адамын жолықтырғандай ерекше ностальгия болды.

Залдың өзіне тән иісін, жаттығудың қарқынын, рингтің атмосферасын сондай қатты сағыныппын. Мен үшін бұл – тек жарыс емес, өзімді қайта табу еді. Сол сағыныш сезімі маған кез келген қорқыныштан биік тұратын зор қуаныш пен күш сыйлады.

– «Әйел адам бақытты болуы үшін міндетті түрде бір арманы құрбан болуы керек» деген пікір жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай ?

– Меніңше, бұл жерде мәселе құрбандықта емес, басымдықтарды дұрыс қоя білуде. Кезінде мен спортты емес, жолдасымның тілегі мен отбасымның тыныштығын таңдадым. Соның нәтижесінде ана атандым, әулеттің ұйытқысы болдым. Бірақ бұл менің арманымның өлгенін білдірмейді, ол тек уақытша «ұйқыға» кетті.

Міне, арада сегіз жыл өткенде сол арман қайта оянып, мені шаршы алаңға жетеледі. 2025 жылдың соңында ел біріншілігінде топ жарғанымда, өзім де таңғалдым. Осыдан біраз жыл бұрын біреу маған: «Сен бес баланың анасы бола тұра спортқа ораласың, ел чемпионы атанасың», – десе, сенбес едім. Бірақ адал еңбек пен таза ниет өз жемісін берді. Қыз бала арманына жету үшін ерінбей еңбек етуі керек. Арман – адамды ешқашан адастырмайтын темірқазық. Тек соған сену керек.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Шаршы алаңдағы Әйгерімді тағы қандай биіктерден көреміз?

– Қазіргі таңда ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалиннің алдымызға қойған жоспарлары өте ауқымды. Менің негізгі мақсатым – бабымды сақтап, қатысатын әрбір халықаралық додада Қазақ елінің намысын абыроймен қорғау.

Менің 48 келі салмақ дәрежем Олимпиада бағдарламасына кірмегенімен, алдымызда Әлем біріншілігі мен Азия ойындары сияқты ірі додалар тұр. Үлкен спортқа үзілістен кейін қайта оралған соң, әрбір мүмкіндікті бағалауға тырысамын. Елімнің көк туын желбірету – мен үшін ең үлкен мәртебе.

– Егер 8 наурыз мерекесінде әлемдегі барлық әйелдерге бір-ақ ауыз сөз айту мүмкіндігі берілсе, не дер едіңіз?

– Еш ойланбастан «Өзіңе сен» дер едім.

Өмірде қиындықсыз жол болмайды. Отбасында болсын, мансапта немесе кәсіпте болсын, сынақтар алдыңнан міндетті түрде шығады. Бұл – өмірдің заңдылығы. Ең бастысы – сол сәтте жасымай, артқа шегінбей, алға қадам басу.

Әрбір әйел адам – жеке тұлға. Әйел болудың өзі – үлкен бақыт. Ол – өмірге өмір әкелетін ана, шуақ шашатын жар. Әйел баласының қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Өнерде, спортта немесе бизнесте болсын, әйел заты өзіне сеніп, қабілетін ұштаса, міндетті түрде жеңіске жетеді.

– Әйгерім, уақытыңызды бөліп, сұрақтарға берген жауабыңыз үшін рахмет. Біз сізбен мақтанамыз, алда жеңісті күндер болсын!

– Шақырғаныңызға рақмет.

Еске сала кетейік, Ә.Сәттібаева – белгілі боксшы, Азия чемпионы, Рио Олимпиадасына қатысқан Олжас Сәттібаевтың зайыбы, бес баланың анасы. 2010 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Әйгерім спортқа ұзақ үзілістен кейін өткен жылы оралған еді.

https://kaz.inform.kz/news/bakitti-ana-babindagi-chempion-boksshi-aygerm-sattbaevamen-merekelk-suhbat-f5fa60/

Таңбалар: Әйгерім Сәттібаевабокскөпбалалы ана
БөлісуТвитергеБөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

Шымкентте үшем дүниеге келді
Жаңалықтар

Шымкентте үшем дүниеге келді

12.02.2026
Назым ҚЫЗАЙБАЙ: Арманым – олимпиада алтыны
Сұхбат

Назым ҚЫЗАЙБАЙ: Арманым – олимпиада алтыны

19.05.2025
Тағы жүктеу
Келесі жазба
Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!

Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

  • Індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеу туралы пәтуа

    120522 бөлісті
    Бөлісу 48209 Твитерге 30131

Соңғы жарияланымдар

Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!
Қоғам

Абылайхан Қалназаров: Жақсылық – қайырлы тарих жасайды!

10.03.2026
Бақытты ана, бабындағы чемпион – боксшы Әйгерім Сәттібаевамен мерекелік сұхбат
Сұхбат

Бақытты ана, бабындағы чемпион – боксшы Әйгерім Сәттібаевамен мерекелік сұхбат

09.03.2026
Көпбалалы отбасын Рамазан айымен құттықтады
Жаңалықтар

Көпбалалы отбасын Рамазан айымен құттықтады

09.03.2026
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00