Сұрақ: Адам құлшылыққа қанша уақыт бөлгені дұрыс?
Жауап: Алла адамды жаратып, өзіне құлшылық етуге бұйырған. Негізі Исламның парыздарын орындау көп уақыт алмайды. Бес уақыт намазды алатын болсақ, бір күнде жиырма төрт сағат бар десек, оның бір сағаты ғана намаздың уақытына кетеді.
Сонымен бір жылда он екі ай бар десек, оның бір айы ғана ораза ұстауға кетеді. Қалған қажылық пен зекет мәселесі адамның қаражаты мен шамасына байланысты.
Сондай-ақ, Құран оқу, дұға жасау, діни білім алу мәселесінде адамның еркі өзінде.
Құлшылық мешітте ғана емес, адал еңбек ету, жақсы іс жасау да ғибадат болып саналады. Демек, адам құлшылыққа қанша уақыт бөлуі – оның дініне, ниетіне және өмір салтына байланысты.
Ал, мына дүниені жалған деп, асыра діншілдікке бару фанатизмге соқтырады. Ислам асыра діншілдікті қолдамайды. Дәстүрлі Ислам өмір мен құлшылық арасында тепе-теңдікті сақтауды міндеттейді. Құлшылық амалдарында орта жолды ұстану қажет екен.
Икрам АЙТАЕВ











