Ислам – мейірім мен әділетті ту еткен дін. Оның негізінде адам баласының ар-намысы мен өміріне құрмет жатыр. Қасиетті Құранда: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) деп айтылуы – исламның сенім бостандығын мойындайтынын айқын көрсетеді. Бұл қағида мұсылманның өзге дін өкілдеріне күш көрсетуіне, қысым жасауына жол бермейді.
Құранда Алла Тағала адамдарды ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқанын, олардың бір-бірін тануы үшін екенін баяндайды («Хужурат» сүресі, 13-аят). Яғни айырмашылық – қақтығысқа емес, танысу мен өзара түсіністікке себеп болуы тиіс.
Тағы бір аятта: «Сендермен дін үшін соғыспаған және сендерді үйлеріңнен қумағандарға жақсылық жасап, әділ болуларыңа Алла тыйым салмайды» («Мумтахана» сүресі, 8-аят) делінеді. Бұл – бейбіт өмір сүріп отырған өзге сенім иелеріне ізгілік пен әділдік танытудың діни негізі.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өмірі – дінаралық құрметтің жарқын үлгісі. Ол Мәдинада мұсылмандармен бірге яһуди және өзге қауым өкілдерімен келісім жасап, ортақ қоғам құруға күш салды. Тарихтағы «Мәдина келісімі» түрлі сенім иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған құжат ретінде белгілі.
Бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім келісім жасалған (яғни мұсылман елінде бейбіт өмір сүріп жатқан) жанға зұлымдық жасаса, қиямет күні мен оған қарсы боламын» деген. Бұл сөз – өзге дін өкілдерінің құқығы исламда қорғалатынын білдіреді.
Ислам өркениеті дәуірінде мұсылман мемлекеттерінде христиандар мен яһудилер өз сенімдерін еркін ұстанып, ғылым мен мәдениетке үлес қосты. Андалусия, Бағдат, Стамбұл сияқты орталықтарда түрлі дін өкілдері қатар өмір сүрді.
Бұл тәжірибе исламның өзгеге төзімділік танытып қана қоймай, өркениеттік әріптестік орната алғанын дәлелдейді.
Қазақстан – көпконфессиялы мемлекет. Елде мешіттермен қатар шіркеулер мен өзге ғибадат орындары еркін қызмет етеді. Дінаралық үнқатысуды дамытуда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі маңызды рөл атқарып келеді. Бұл бастама ислам өркениетінің бейбітшілікке үндейтін рухымен үндеседі.
Исламда көрші ақысы, адам өмірінің қасиеттілігі, әділдік ұстанымы ерекше бағаланады. Өзге дін өкілі болсын, мұсылман болсын – әр адам Алланың жаратылысы. Оған құрметпен қарау – мұсылманның имандылығының белгісі.
Қорытындылай айтқанда, ислам өзге дін өкілдерін кемсітуге емес, құрметтеуге үндейді. Шынайы мұсылман – әділ, сабырлы, мәмілегер жан. Өйткені татулық – қоғамның тыныштығы, ал құрмет – сол татулықтың берік іргетасы.
Жасұлан БАҚЫТБЕК











