Жаһандану және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында интернет кеңістігі діни экстремистік идеологияның таралуына қолайлы ортаға айналып отыр. Бұл үрдіс ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық келісімге және жастардың дүниетанымына тікелей қауіп төндіреді.
Қазіргі таңда интернет ақпарат алмасудың ең жылдам әрі қолжетімді құралына айналды. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі онлайн-платформалар адамдардың дүниетанымына, көзқарасына тікелей әсер етуде. Алайда осы мүмкіндікті діни экстремистік ұйымдар да өз мақсаттарына пайдаланып отыр. Сондықтан интернет кеңістігіндегі діни экстремизмнің алдын алу – қоғам үшін аса өзекті мәселе.
Діни экстремизм – діни қағидаларды бұрмалау арқылы қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға және радикалды көзқарастарды насихаттауға бағытталған іс-әрекет. Экстремистік контенттің негізгі ерекшеліктері:
- діннің жекелеген қағидаларын контекстен тыс, біржақты түсіндіру;
- зайырлы мемлекетті жоққа шығару идеяларын насихаттау;
- мемлекеттік институттарға сенімсіздік қалыптастыру;
- жастарды «әділетті қоғам» құру идеясы арқылы радикалды әрекетке итермелеу.
Қазақстанда бүгінгі күнде басқа да елдердегі тәрізді ақпараттық қауіпсіздік мәселесі айтарлықтай өткір тұр. Елімізде орныққан тұрақты діни ахуалға қарамастан, қоғамда тұрғындардың белгілі бір бөлігінің арасында діни радикалдану үрдісімен байланысты бой көрсетіп жүрген бірқатар мәселелер бар. Осы орайда, экстремизм мен терроризм идеяларының интернет-кеңістікте белсенді тарауы тұрғындардың діни радикалдануына өзіндік түрткі болып отырғаны анық. Сондықтан мемлекеттік органдардың алдында осы саладағы қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, қоғамда қолайлы рухани ортаны қалыптастыру міндеті тұр.Қоғамдағы радикалдық идеяларды алдын алу мақсатында бұқаралық ақпараттық құралдары және республикалық діни сайттар (kazislam.kz, muftyat.kz) жұмыс жүргізіліп отырғанын айта кету қажет. Әрбір Қазақстан азаматы шетелдік интернет-сайттарды пайдаланбағаны дұрыс. Елде рұқсат етілген әлеуметтік сайттарға жүгінген жөн.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылып отырған «Киберқадағалау» жүйесі арқылы интернетте деструктивті идеяларды дер кезінде анықтау және бұғаттау жұмыстары жасалынады. Демек, құзырлы органдар мен дінтанушы мамандар экстремистік мазмұндағы сайттар мен аккаунттарды анықтап, олардың таралуына тосқауыл қоюда. Сондықтан интернет кеңістігіндегі діни экстремизмнің алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Алдын алу жұмыстарының негізгі мақсаты – радикалды идеологияның таралуына жол бермеу, сонымен қатар қоғам мүшелерінің сыни ойлау қабілетін дамыту.
Бұл ретте Қазақстанда экстремизмге қарсы іс-қимыл тек тыйым салу шараларымен шектелмей, алдын алу және ағартушылық жұмысқа басымдық берілгені дұрыс. Діни экстремизмнің алдын алуда ақпараттық-ағартушылық жұмыс шешуші рөл атқарады. Алдын алу шараларына назар аударсақ:
- Діни және ақпараттық сауаттылықты арттыру. Діни сауаттылық экстремизмнің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Азаматтардың дәстүрлі діндердің құндылықтары мен қағидаларын ғылыми және тарихи тұрғыда түсінуі радикалды интерпретацияларды ажыратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық сауаттылықты дамыту жалған ақпарат пен манипулятивті контентті тануға көмектеседі.
- Білім беру жүйесіндегі профилактикалық жұмыс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану, мәдениеттану және азаматтық тәрбие пәндері арқылы зайырлылық қағидаттарын түсіндіру маңызды. Бұл жастардың дүниетанымын кеңейтіп, діни төзімділік пен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастырады.
- Интернет кеңістігін мониторингтеу және құқықтық реттеу. Экстремистік мазмұнды анықтау және оның таралуына тосқауыл қою мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Заңнамалық тетіктер интернет-платформалармен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Алайда бұл шаралар сөз бостандығы қағидаттарын сақтай отырып жүргізілуі қажет.
- Қоғамдық және діни институттардың рөлі. Дәстүрлі діни ұйымдар мен азаматтық қоғам институттары түсіндіру және алдын алу жұмыстарында белсенді рөл атқара алады. Олар сенімді ақпарат көздері ретінде қоғамда радикалды идеологияға қарсы балама көзқарас қалыптастырады.
- Психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесі. Экстремистік идеология көбіне жеке тұлғаның ішкі дағдарысын пайдаланады. Сондықтан жастарға психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру алдын алу шараларының ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Қазақстандық тәжірибеде діни экстремизмнің алдын алу тек идеологиялық күреспен шектелмей, әлеуметтік және психологиялық факторларды ескеруді талап етеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік сезімі, өмірлік мақсаттың болмауы радикалды идеяларға бейімділікті арттыруы мүмкін.
Сәйкесінше, мұнда психологиялық, діни ақпараттан көз сүрінеді. Әрине, таным-көкжиекті арттырған жақсы. Бұл жағынан қазір ғаламтор халықты жедел-ғабыл ақпараттандырып отыр. Ал интернет арқылы діни білім алу, діни сауаттылықты арттыру – дұрыс шешім емес. Себебі, басқасын айтпағанда діни контенттерді қарағанда толассыз ақпараттың анықтығын тексеру маңызды. Егер жалған дерекке кезігіп, соңында адасушылыққа тап болсаңыз, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Мұндайда күмән тудыратын сайттар мен парақшаға кірместен, дереу бұғаттап тастаған жөн. Интернеттің мол мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырған жат ағымдар діни білім емес, теріс идеологиясын сіңіруге тырысады. Сол себептен діни-рухани білімді интернет арқылы емес, талай жылдан бері осы салада тәжірибесі мен біліктілігі бар маманнан алған абзал.
Қазақстан Республикасындағы интернет кеңістігінде діни экстремизм көріністерінің алдын алу – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл мәселені шешу үшін құқықтық, ақпараттық, білім беру және әлеуметтік тетіктерді өзара үйлестіре отырып қолдану қажет. Мемлекет, діни институттар және азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті ғана интернеттегі радикалды идеологияның таралуына тиімді тосқауыл қоя алады.
Б.АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы










