Дұға – бұл әлсіз пенденің құдіреті шексіз болған Жаратушысына сүйенетін рухани арқауы. Дұға – жанның тазалығы. Бабаларымыз «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деп, дұға-тілектің маңыздылығын шынайы түсінген. Алайда, аспан есігін айқара ашатын, дұға-тілектерді Алладан сұраудың өзіндік сырлары мен әдептері бар. Бүгін біз осы қасиетті құлшылықтың қыр-сырына үңіліп, Алла Тағаладан тілейтін дұғаларымыздың дұрыс болуы турасындағы тақырыпта сыр шертеміз.
Әйгілі ғалым Муртада әз-Зәбиди (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Итхафу сәдат әл-муттақин би шархи Ихия улум әд-дин» еңбегінде «дұға» сөзінің негізгі мағынасы жайында: «Хаттаби былай дейді: «Дұғаның ақиқаты – пенденің өз Раббысынан пана тілеуі және Одан көмек сұрауы. Оның мәні – адамның (Аллаға) мұқтаждығын ашық білдіруі, сондай-ақ өзінің дәрменсіздігін түсініп, күш пен құдіреттің тек Аллаға тән екенін мойындауы. Дұға – құлшылықтың нышаны және адам баласына тән әлсіздіктің көрінісі», – деп келтірген.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да Менің үндеуіме оңды жауап берсін һәм Маған тиісінше иман келтіріп, соның арқасында (ақыл-ой әрі рухани тұрғыдан) кемелдену жолына түссін», – деген («Бақара» сүресі, 186-аят).
Имам Муртада әз-Зәбиди (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Итхафу сәдат әл-муттақин би шархи Ихия улум әд-дин» еңбегінде аталмыш аятты: «Бұл жерде «Оларға: «Мен жақынмын» деп айт» деген мағына жатыр, яғни «айт» бұйрығы жасырын тұр. Бұл теңеу – Алланың пенделердің іс-әрекеттері мен сөздерін, хал-жағдайын бейне бір қастарында тұрған адамдай өте дәл әрі кемел білетінін аңғартады», – деп түсіндірген.
Бірінші: дұғаның маңыздылығы
«Исламның құжаты» деген лақап атымен танымал болған әйгілі имам Әбу
Хамид әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ихия улум әд-дин» еңбегінде: «Алла Тағаланың Кітабын (Құранды) оқудан кейін, тілмен орындалатын құлшылықтың ішіндегі ең абзалы – Ұлы Алланы зікір ету және Оған шынайы дұғалар арқылы қажеттіліктерді сұрау», – деген.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
…ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ…
«… Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін…», – деген («Ғафир» сүресі, 60-аят).
Сол секілді екінші бір аятта:
ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ
«Раббыларыңа іштей (яғни, бәсең дауыспен) жалбарынып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Ол шектен шыққандарды ұнатпайды», – деген («Ағраф» сүресі, 55-аят).
Тағы бір аятта:
قُلِ ادْعُوا اللَّهَ أَوِ ادْعُوا الرَّحْمَنَ أَيًّا مَّا تَدْعُوا فَلَهُ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَى
«(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Оған дұға еткендеріңде, қаласаңдар, «Алла» деп атаңдар, қаласаңдар «Рахман» деп атаңдар. Қай есімін атап, дұға етсеңдер де, ең көркем есімдер Оған ғана тән!», – деп айт», – деген («Исра» сүресі, 110-аят).
Екінші: дұға тілеудің әдептері
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің әйгілі «Ихия улум әд-дин» атты еңбегінде дұға тілеудің бірнеше әдептерін айтып өтеді. Оларға қысқаша тоқтап өтейік:
Бірінші әдеп: берекелі әрі қасиетті күндерде дұға тілеу
Мәселен, жыл ішіндегі – Арафа күні, айлардың ішіндегі – Рамазан, апта ішіндегі – жұма күні, ал тәулік сағаттарының ішіндегі – сәресі уақытын атауға болады. Бұл жайында Құранда:
وَبِالْأَسْحَارِ هُمْ يَسْتَغْفِرُونَ
«Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін», – деген («Зәриат» сүресі, 18-аят).
Екінші әдеп: белгілі бір сәтте дұға ету дұға ету
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
الدُّعَاءُ لَا يُرَدُّ بَيْنَ الْأَذَانِ وَالْإِقَامَةِ
«Азан мен қамат арасында жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген (имам Термизи).
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Шын мәнінде, мына жағдайларда аспан есіктері ашылады: Алла жолындағы шайқас шебінде (жаумен бетпе-бет келгенде), жаңбыр жауғанда және парыз намаздарына қамат айтылғанда. Ендеше, осы сәттерде дұға ету мүмкіндігін олжа деп біліңдер (пайдаланып қалыңдар)» – деген.
Ораза ұстаған адамның дұғасы қабыл болатындығы жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
ثَلَاثَةٌ لَا تُرَدُّ دَعْوَتُهُمْ: الصَّائِمُ حَتَّى يُفْطِرَ، وَالْإِمَامُ الْعَادِلُ، وَدَعْوَةُ الْمَظْلُومِ
«Үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды, олар: ораза ұстаған адамның ауыз ашқанға дейінгі тілегі, әділ басшының дұғасы және зұлымдық көрушінің (мазлұмның) дұғасы», – деген (имам Термизи).
Ал тағы бір хадисте сәжде уақытында дұға тілеуге қатысты:
أَقْرَبُ مَا يَكُونُ العَبْدُ مِن رَبِّهِ، وَهُوَ سَاجِدٌ، فَأَكْثِرُوا الدُّعاءَ
«Пенденің өз Раббысына ең жақын болатын сәті – сәждедегі кезі. Ендеше, (сәждеде) дұғаны көбейтіңдер», – деген (имам Мүслим).
Сәжде сәтінің маңыздылығы, мәні мен мағынасы турасында Хакім Абай атамыз өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Сәжделер – әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі – және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты», – деп түсіндірген.
Үшінші әдеп: Құбылаға қарап дұға ету және бет сипау
Жәбір ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арафадағы тұрғанда құбылаға бет түзеді де, күн батқанға дейін тоқтаусыз дұға етті», – деп риуаят етеді.
Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғада қолын жайған болса, оларды бетіне сипамайынша төмен түсірмейтін еді», – деген.
Хакім Абай атамыз өзінің отыз сегізінші қара сөзінде құбылаға қарай бет бұрудың мәні мен мағынасы турасында: «Құбылаға қарамақ – әрине, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты», – деп түсіндірген.
Төртінші әдеп: Алладан шынайы тілеп, мейірімділігінен үміт етіп сұрау
Алла Тағала қасиетті Құранда:
كَانُوا يُسَارِعُونَ فِي الْخَيْرَاتِ وَيَدْعُونَنَا رَغَبًا وَرَهَبًا وَكَانُوا لَنَا خَاشِعِينَ
«Расында, олар (Зәкәрия, жұбайы және ұлдары Яхия) жақсылық жасауда бір-бірімен асыға жарысатын, сондай-ақ (рақымымыздан) үміт еткен, әрі (қаһарымыздан) қорыққан күйде Бізге жалбарынатын», – («Анбия» сүресі, 90-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
إِذَا أَحَبَّ اللهُ عَبْدًا ابْتَلَاهُ لِيَسْمَعَ تَضَرُّعَهُ
«Алла Тағала бір пендесін жақсы көрсе, оның жалбарынған (дұға еткен) дауысын есту үшін оған сынақ береді», – деген (имам Бәйһақи).
Қисса
Бірде хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етеді. Қабірдің қасында бір бәдәуи (түздің адамы) дұға етіп тұр екен. Оны көріп, артында тұрып, дұғасын тыңдайды. Содан әлгі бәдәуи: «Уа, Раббым! Бұл сенің сүйіктің, мен де Сенің құлыңмын. Шайтан дұшпаның. Егер мені кешірсең сүйіктің қуанады, құлың табысқа жетеді, дұшпаның қайғырады. Егер мені кешірмесең сүйіктің қайғырады, дұшапның қуанады, құлың құрдымға кетеді. Уа, Раббым! Сен сүйіктіңді ренжітуден, дұшпаныңды қуандырудан, құлыңды құрдымға ұшыратудан да артық жомартсың. Уа, Раббым! Арабтар арасында текті адамдар қайтыс болғанда қабірінің басында құлын азат ету дәстүрі бар. Міне барша ғаламның мырзасы қайтыс болды. Қабірі басында мені тозақтан азат ет» – деп жалбарынады.
Оны естіген хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Раббым! Мына бәдәуидің Сенен сұрағанын мен де сұраймын» деп сақалы суланғанша өкіріп жылайды. Оны көрген бәдәуи шыдай алмай: «Уа, мүминердің әміршісі! Сен де жылап жатырсың ба?» – деген екен.
Бесінші әдеп: нақты сұрау, оның қабыл болатынына кәміл сену және шынайы үміт ету.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер қайсы біріңіз дұға ететін болса, тілегін нық сеніммен (нақты шешіммен) сұрасын. Және: «Раббым, егер қаласаң маған бер», – деп айтпасын», – деген (имам Бұхари).
Бұл – дұға еткенде «берсең бер, бермесең қой» дегендей селқостық танытпай, «иә, Раббым, тек Сен бересің!» деген нақтылықпен сұрау.
Пенде дұға жасап жатқан сәтте жүрегінде «дұғам қабыл бола ма, болмай ма?» деген титтей де күмәннің, екіұшты ойдың болмауы. Алланың уәдесіне деген шексіз сенімде болу.
Алтыншы әдеп: дұғаны үш реттен қайталап сұрау және табандылық таныту
Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға етсе, үш рет қайталап дұға ететін, егер (бір нәрсе) сұраса, үш рет қайталап сұрайтын еді», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
يُسْتَجابُ لأحَدِكُمْ مَا لَمْ يَعْجَلْ، يَقُولُ: دَعَوْتُ فَلَمْ يُسْتَجَبْ لِي
«Қайсы бірің «Дұға еттім, бірақ дұғам қабыл болмады» деп асығыстық танытпаса, тілеген дұғасы қабыл болады», – деген (имам Бұхари).
Жетінші әдеп: дұғаны Ұлы Алла Тағаланы ұлықтаумен (зікірмен) бастау
Дұғаны бірден қажеттілікті сұраудан бастамау керек. Сәләмә ибн әл-Әкуағ (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғаны әрдайым «Сүбхәнә Робби әл-’Алийй әл-Ә’лә әл-Уаһһәб» (Өте Жоғары, Ең Биік әрі Шексіз Сый беруші Раббым Пәк!) деп бастайтын еді», – деген.
Сегізінші әдеп: Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту
Әбу Сүлеймен әд-Дарани (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Кімде-кем Алладан бір қажетін сұрағысы келсе, әуелі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудан бастасын, сосын өз қажетін сұрасын, содан кейін дұғасын тағы да Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен аяқтасын. Шын мәнінде, Алла Тағала екі салауатты да қабыл етеді (өйткені салауат – қайтарылмайтын дұға). Ал Алла Тағала аса Жомарт, сол екі салауаттың арасындағы (пенденің өз тілегін) тастап кетпейді (қабыл етеді), – деген.
Хакім Абай атамыз өзінің 38 қара сөзінде осы жоғарыда айтылған дұға тілеудің жетінші және сегізінші әдебінің маңыздылығы турасында: «Қағадат ул-ахир – дұғаның ақырында Аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, Пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни Алла Тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз. Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?» – деп қорытынды жасаған екен.
Қисса
Күндердің бір күні ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте сахабаларымен бірге отырған еді. Айнала тып-тыныш, жанға шуақ сыйлаған берекелі сәт. Сол мезетте мешіттің бір бұрышында намазын аяқтап, екі қолын көкке жайып, Раббысына жалбарына бастаған бір кісінің даусы естіледі. Ол адам ішіндегі мұңын айтып, Алладан қажетін сұрап, тілегін тілей бастайды.
Алайда, ол кісі дұғасын бастаған бетте-ақ бірден өз мұқтаждығын айтып, асығыс қажеттіліктерін сұрай жөнеледі. Мұны естіген ардақты Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінде байсалдылықпен, айналасындағыларға қарап:
- Мына адам асығыстық қылды – деді жәй ғана.
Иә, ол кісі Раббысының құзырына келіп тұрып, сарайдың есігін қақпай жатып, төрге озғысы келген жолаушыдай еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі адамды қасына шақырып алды. Оның жүрегіндегі дұғаға деген ықыласын өшірмей, керісінше сол дұғаның аспан есіктерін қалай айқара ашатынын үйреткісі келді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған және қасындағы барша үмбетіне қарап, дұғаның әдебін былайша үйретті:
- Егер қайсы біріңіз Раббысына дұға ететін болса, әуелі дұғасын Алла Тағалаға лайықты мадақ айтудан бастасын! Оның шексіз ұлылығын, көркем есімдерін атап, мақтау айтсын. Содан кейін Маған (Пайғамбарына) салауат жолдасын. Міне, содан соң ғана барып жүрегіндегі қалаған тілегін сұрасын, – деген екен.
Тоғызыншы әдеп: ішкі әдеп
Бұл дұғаның қабыл болуының негізгі өзегі. Ол – күнәларға тәубе ету, кісі ақысын қайтару және бүкіл болмысыңмен, зор ынта-жігеріңмен Алла Тағалаға бет бұру. Міне, осылар дұғаның қабыл болуы себептерінің бірі әрі бірегейі.
Қисса
Күндердің бір күні аты аңызға айналған ұлы ғұлама Абдулла ибн әл-Мүбәрак қасиетті Мәдина шаһарына келеді. Сол жылы қалаға ауыр сынақ келген еді. Аспаннан тамшы тамбай, жерден көк шықпай, қуаңшылық халықты әбден қажытқан шақ болатын. Күннің аптабынан құрғаған топырақ шаң қауып, тіршілік атаулы бір жұтым суға зар болады.
Мәдина халқы үлкен-кішісі жиналып, қала сыртына жаңбыр тілеп, «истисқа» дұғасына шығады. Абдулла ибн әл-Мүбәрак та солардың арасында еді. Мыңдаған адам қол жайып, Алладан жәрдем тіледі, алайда аспан әлі де аптап ыстығынан қайтпай, бір түйір бұлт та көрінбеді.
Дәл осы сәтте жұпыны киінген, үстіне кенеп матаның екі кесіндісін ғана жамылған қара нәсілді бір жас жігіт келіп, Абдулла ибн әл-Мүбәрактың қасына тізе бүгеді. Оның түріне қараған адам, дүниеден баз кешкен бейшара жан ба деп ойлар еді. Бірақ ол еріндері күбірлеп, Раббысымен сырласа бастағанда, айнала өзгеріп сала береді. Абдулла ибн әл-Мүбәрак құлақ түріп, оның мына сөздерін естиді:
– Уа, Раббым! Күнәларымыздың кесірінен, жаман амалдарымыздың бетпердесінен Сенің алдыңда жүзіміз жер болды. Сен құлдарыңды есін жисын деп аспанның есігін жауып, жаңбырды тоқтатып қойдың… Бірақ, уа, Халим[1] болған, пендесіне ашулануға асықпайтын Жұмсақ Ием! Өз құлдары Сенен тек қана көркемдік пен жақсылық көріп үйреніп еді ғой… Солардың құрметі үшін, дәл қазір, дәл осы сағатта жаңбыр бере көр! Дәл осы сағатта… – дейді.
Ол «дәл осы сағатта» деп тілегін қайталай бергені сол еді, көкжиектен кенеттен пайда болған қара бұлттар күннің көзін жауып, аспан күркіреп қоя береді. Көп ұзамай Мәдинаның шөлдеген топырағына нөсер жаңбыр құя жөнеледі. Халық қуанышқа бөленіп, Аллаға шүкір айтып жатқанда, әлгі жас жігіт ешкімге байқалмай, келіп кеткен көлеңкедей ғайып болады.
Бұл көріністен есеңгіреп қалған Абдулла ибн әл-Мүбәрак досы Фудайл ибн Иядқа келеді. Жүзінде мұң, жанарында жас толы. Фудайл таңданып:
- Досым, саған не болды? Неге сонша мұңлысың? – деп сұрайды.
Сонда Ибн әл-Мүбәрак күрсініп:
- Бізден басқалар озып кетіпті… Біз жетпеген дәрежеге басқалар ие болыпты – деп, болған жайтты баяндап береді.
Оқиғаны естіген Фудайл ибн Иядтың да жүрегі шыдамай, еңіреп жылап жібереді де, есінен танып құлап қалған екен.
Құрметті жамағат!
Шын мәнінде, дұғаның қабыл болуы – Алланың алдында қаншалықты дәрменсіздігімізді сезініп, Соған ғана мұқтаж екенімізді мойындауымызда. Сондықтан, алақан жайып тілек тілегенде, үмітімізді үзбейік, күмәнді жүректен шығарайық. Алла Тағала ешбір құлын құр қол қайтаруды қаламайды, тек бізден шынайылық пен сабыр күтеді.
Дұғаның қабыл болуына қатысты айтылған осы әдептерді бабаларымыз терең ұғынып, оны өмірлік тілектеріне арқау еткен. Бұхар жырау бабамыздың «Он бір тілегіне» зер салсақ, мұнда адам баласына ең қажетті дүние мен ақыреттің игіліктері түгел қамтылған.
Бұхар жырау бабамыз «Бірінші тілек тілеңіз – бір Аллаға жазбасқа» деп, барлық тілектің басын имандылықпен бастаған. Одан кейін бес намаздың қаза болмауын, денсаулықтың амандығын, елдің тыныштығын тілеген. Ең соңында ақ сүт берген ананың аңырап қалмауын, аяулы жарының жесір қалмауын сұрап, дұғаның шынайылығын отбасы мен жақындарына деген мейіріммен түйіндеген.
Ендеше, біз де дұға еткенде бабалардай кең пішіп, иманымыздың беріктігін, еліміздің тыныштығын, ата-анамыз бен жақындарымыздың амандығын сұрайық. Жүрегімізден шыққан осы он бір тілек Алланың құзырында қабыл болып, екі дүниенің бақытына кенелуді нәсіп етсін!
Алла Тағала баршамызға таусылмас сабыр, нық иман және дұғасы қабыл болатын көркем мінез нәсіп етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жасаған әрбір игі тілегіміз қабыл болсын!









