Имам Шафиғи (р.а.) басынан өткен мына оқиғаны баяндайды:
Бірде шәкірттері сабақ беріп отырса, бір күң әйел келіп:
«Әй, имам! Сен түнде менімен зина жасап, күндіз уағыз айтады екенсің ғой?!» деді.Шәкірттері болса, мына әйелге не деп жауап берер екен, жаладан қалай құтылар екен деп оған қарап, күтіп тұрады.
Имам Шафиғи (р.а) әйелге қарап: «Қанша ақы алдың?» дейді.
Сол сәтте шәкірттерінің бір бөлігі тоқтап қалса, бір бөлігі шыға бастайды. Сонда Имам Шафиғи (р.а.) шәкірттеріне: «Сендер маған құрма сияқты, жақсысын жеп, сүйегін тастағандай мәміле жасадыңдар ғой» дейді.
Шәкірттері бұл сөзге де тоқтамай, екі ойлы болып тұрғанда, орталарына біреу жүгіріп келіп: «Әй, әйел! Сенің үйің, ішінде балаларыңмен бірге өртеніп жатыр» дейді.
Имам Шафиғи (р.а.) шәкірттерімен бірге барлығы, әлгі үйге қарай асығады. Имам Шафиғи (р.а.) жанып жатқан үйге кіріп, балаларын аман-есен, құтқарып, алып шығады. Сонда жала жабушы әйел, ісіне өкініп:
«Мені яһудилер жалдап жіберіп еді, шәкірттері ортасында абыройыңызды төксін деп»дейді. Сонда шәкірттері ұстаздарына, өзіне жабылған жаладан қалай құтылу әдебі жайлы сұрайды.
Имам Шафиғи (р.а.): «Егер мен әйелдің алдында ақтала бастасам, сендер екіге бөлініп, бірің мені расқа шығарып, қалғандарың өтірікке шығарар едіңдер. Мен Құрандағы: «…Мен ісімді Аллаға тапсырдым» (Ғафир: 45) жолын таңдадым» деп жауап беріпті».
Расында, адам баласы өмірінде қаншама зұлымдық пен жалаға ұшырауы мүмкін, сол кезде ісін Аллаға тапсыру – ең дұрыс жол екені ақиқат, Алла Тағала адамдар білмейтін нәрсені Естуші, Білуші.
Алла Тағала бізді, әрдайым бәле-жаладан сақтасын!
Дайындаған Қуат ҚАБДОЛДА










