Маған бір адам келіп, қоғамдағы мұсылмандарды ерекшелендіретін қандай амалдар екенін қысқаша айтып беруімді сұраса, Пайғамбарымыздың мына бір хадисімен айтар едім.
Бір күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларына: «Менде бес сөйлем (үкімім) бар, олармен амал ететін немесе амал ететіндерді үйрететін кім бар?» – деп сұрады. Әбу Хурайра (р.а.) дереу алға шығып: «Мен! Уа, Алланың Елшісі», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) оның қолынан ұстап былай деді:
- Алланың харам еткен (тыйым салған) нәрселерінен сақ бол, сонда сен Аллаға ең көп құлшылық ететін адам боласың;
- Алланың (бөліп) бергеніне қанағат ет, сонда сен адамдардың ең байы боласың;
- Жақыныңа (көршіңе) жақсылық жаса, сонда сен нағыз мүмін боласың;
- Өзің үшін қалаған нәрселерді өзгеге де қалайтын болсаң, нағыз мұсылман боласың;
- Күлуді асыра шектен шығарып алмаңыз, өйткені көп күлу жүректі өлтіреді (қарайтады). (Тирмизи, Зухд бабы, 2- хадис)
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қысқа әрі нұсқа болған осы сөзімен әр-бір мұсылманның бұл өмірде жасауы керек болған ең маңызды қағиданы тізбектеп бес сөйлемге сыйғызып берді. Мұсылман өміріндегі маңызды деген бұл бес қағиданы қысқаша ашықтап түсіндіріп көрейік.
- Алланың тыйым салған (харам) нәрселерінен аулақ болу дегеніміз ол – тақуалық.
Біздің жаратылудағы мақсатымыз – Құдайға қызмет ету. Бұл қызмет Құдайдың тыйым салған нәрселерінен бас тарту, бұйрығын орындаудан тұрады. Ал бұл бұйрықтарды орындамау мен тыйымдарынан бас тартпайтын болсақ, Құдайдың пенделеріне сызған шеңберінің сыртына шығып кететін болсақ, жазалануға лайық боламыз. Ендеше, баршамыз Құдайдың сызған шеңберінен шықпауға тырысатын болсақ, әмірлерін орындайтын болсақ, тыйымдарынан бас тартатын болсақ, жаратылуымыздың мақсатына лайықты әрекет еткен адам боламыз. Үш күндік дүние үшін жаратылу мақсатына қайшы әрекет етіп, одан ләззат алу – даналық емес.
2. Алланың (бөліп) бергеніне қанағат ету.
Құдай пендесін жаратқанда жынысын, ата-анасын, дене ерекшеліктерін және ризық-несібесі сынды т.б. өзі таңдауы – біздің ең негізгі сынақтарымыздың бірі. Кейбіреулер бұл тағдырымыз деп бойсұнып, өзгенің мүлкіне көз салмай, Құдайдың бергеніне қанағат етіп, шүкіршілік етуді де ұмытпайды. Бұндай адамның жүрегі бай, пейлі кең болып келеді. Ал, кейбір адамдар тағдырына бойсұнбай әрқашан басқаларының қолындағы мүмкіндіктерді, өзінен жоғары тұрғандарға қарап қолындағы барына шүкірлік етпейді. Мұндай адамның кедейлігі созылмалы, тұрақты, экзистенциалды кедейлік болып келеді. Өйткені оның қолында не болса да, одан жақсы/көрікті/бағалы әрқашан біреу болады, оған қарасаң «неге менде жоқ?» деген ой оны әрдайым мазалайды да тұрады.
Алланың бергеніне қанағат ету дегеніміз, өзгертуге болатын мәселелерде күш салудан тыйылу дегенді білдірмейді. Әрине, күн көрісімізді табуға күш саламыз, еңбек етеміз, маңдай терімізбен рызқымызды табамыз, тапқанымызға қанағат етеміз, ұрламаймыз, зұлымдық жасамаймыз және «анаау менен неге артық?», «осы менде неге жоқ?» деп ешқашан Құдайға арыз айтпаймыз және бұндай сөздерден аулақ боламыз.
3. Жақыныңа (көршіңе) жақсылық жасау.
Мүмін сөзінің бір мағынасы да «сенім» дегенді білдіреді. Бір қоғамда тұратын жақындарымыз бен көршілеріміз сізді сенімді деп санаса, онда сізде иманның ең негізгі сипаттамаларының бірі бар. Егер «Пәленше деген адамға шартсыз сенуге болады, одан саған зиян келмейді, мүлкіңді және жаныңды оған аманат етуіңе болады» деп айтқыза алсаң, жамандықтан аулақ болып қана қоймай, жақсылық жасайтын болсаң, міне бұл сенің шынайы сеніміңнің белгісі. Сенімің мен амалыңды жақсы жағынан бойыңнан көрсете алу әрбір мұсылманның бойында болуы керек болған қасиеттерден.
4. Өзі үшін қалаған нәрселерді өзгеге де қалау
Адамның Аллаға мойынсұнуының және оның мұсылмандық сипатының бір белгісі де «Өзіне қалағанын басқа мүмін бауырына да қалауы». Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сендердің біреулерің өзі үшін қалағанын мүмін бауырына да тілемейінше мүмін бола алмайды» деген (Бұхари, «Иман» бабы, 6-хадис).
Бір мұсылман адам дүние мен ақырет бақыты үшін нені өзі үшін қаласа, неден қорықса, барша діндес бауыры үшін де сол тілек пен қамқорлықты сезіне білуі керек. Осындай ойлай білген, осындай ойға еріксіз баратын адамның бойындағы бұндай қасиет – шынайы мұсылмандықтың белгісі. Егер адам өзімшіл болса, дүниелік істерде басқалармен жарысса, олардан қызғанып, нығметтерінің кетуін қаласа, сәттілік пен бақыт тек қана өзімде ғана болса десе, бұл кісінің мұсылмандығы пісіп-жетілмеген.
5. Күлуді асыра шектен шығарып алмау
Күлу, күлкі – адам өмірдегі табиғи құбылыстардың бірі. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Нәжім» сүресінің 43-аятында «Күлдірген де, жылатқан да тек ол (Алла)» деп айтылған. Алла Елшісі кейде «тістері азға көрінетіндей» күлетін. Дегенмен, кез келген нәрсенің артық болуы зиян. Сіздің денеңізге қуат беретін тағамды шамадан тыс жесеңіз, ол сіздің кесел болуыңызға, тіпті бақилық да болуып кетуіңізге әкеп соқтыруы мүмкін. Күлу мен жылау сияқты эмоциялар осындай. Сынақта болған бұл өмірде жеңімпаз болуымыз байыппен қарауымызға байланысты. Көңілді, әзілді атмосферада өмір сүру және үнемі әзілдер, анекдоттар мен күлкілермен уақыт өткізу мүміннің уақыт өте байыптылығын эрозияға әкеледі.
Әлемдерге рахмет болған сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан бұл хадисі жайында бір кітап жазуға да болады. Алайда біз ұзақ сөзді осы жерде дұғамен аяқтағанды жөн көрдім:
Жоқтан бар етіп жаратқан Раббымыз бізді Өзіне шынайы құлшылық ететін, берген рызық-несібесіне разы болатын, иман мен мойынсұнушылықтың тұрақтылығына, өзі үшін жақсы көргенін мүмин бауырына да жақсы көретін және қалайтын пенделерінің қатарынан болуды баршамызға нәсіп етсін.
PhD. Доктор, Исатай БЕРДАЛИЕВ










