Ислам мен қазақ рухани танымында әулие деген қауым ішінде анық байқалмай, халықтың ортасында жасырын өмір сүретін қайраткер ретінде қарастырылады. Олар өздерін көзден таса ұстап, тыйым-салтқа берік қарапайым жан бейнесінде қоғамға өз ықпалын жасайды. Өзінің өмір жолы мен үлгісі, білім-дәрісімен жол көрсетеді.
Ертеде үлкен бір жиында бір кісі ортаға шығып, көпке жария етіп:
– Бір кезде есек едім, одан кейін ит болдым. Енді түйе болдым. Бө-бө… – деп боздап, даңғыл жолға түсіп жүре беріпті.
Жиналғандар таңырқап:
– Бұл кісі жынды емес пе? – деп күмәнданған екен.
Сонда бір хикметті азамат мұның мәнін көпшілікке былай деп түсіндіріп беріпті:
– Оның «есек едім» деуі – бала күнімде бейқам, уайымсыз едім деген ишара. «Ит болдым» деуі – жігіт шағымда дүние үшін таласып, әркіммен ырылдастым деген астар. Ал «түйе болдым» деуі – есейіп, өмірдің ауыр жүгін көтеретін, сабырлы да кемел жанға айналдым дегені. Ал жолға түсіп боздағаны – «енді әулиелік жолға қадам бастым» деген нышан.
Бұл сөзді естіген халық терең ойға батып, таңданысын жасыра алмапты.
Өз кезегінде, Сыр бойында айтылатын осы әңгіменің сырын жергілікті ақсақалдардың төл рухбандық руханият даму жолымен байланыстыра тәпсірлейтінін айта кеткен жөн. Ол бойынша, адам түйелік мақамға жетсе – әулиелік дәрежеге көтеріледі. Әулиеліктен асса – періштеге ұқсайды. Періштелікке жеткен жан – барша адамзатқа үлгі. Ал періштеден де жоғары көтерілсе – Адам атаның рухани болмысына жақындайды. Ал егер сол деңгейден де асып түсе алса, онда пенде Хақ Тағаланың құпияларына деңдейді.
Жалпы, Ұлы даланың ілкі де таза түсінігінде жаратылыстағы мақұлқаттың ішінде ең қадірлісі түйе саналғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Кімде-кім түйенің болмысы, сабыры мен төзімін бойына дарыта алса, ол Хақтың ерекше сыйына ие болған жан деп танылған-ды. Ондай кісіні халық бірден әулие қатарына қосқан. Тіптен, бәрі бірауыздан «Пенде түйеге ұқсаса, Құдай берді» дескен.
Айта кетерлік жайт, қазақтың өмірлік символизімінде де оның нышаны өте мол. Мысалы, төл түс жору үлгісінде түйе көру өте жақсы ишара есепті. Егер кісі түсінде түйеге мініп жүрсе, онда ол жақсы. Өйткені түйе ұлық жануар болғандықтан, игіліктерге көрінеді деп сенім артқан. «Түсінде түйеге мінген кісіні ұлы әулиелердің өзі желеп-жебейді» деген тағы бар. Тек өзін қуып немесе тістелеп жүрмесе болды. Басқадай көріністерде бәрі дұрыс.
Күнделікті тұрмыста да әдетте қазақ түйені басқа ұрмағанына куәліктер бар-ақ. Бұған себеп – түйенің басында жылды бастайтын бақыты тұрады деп жорылған. Айдаса да екі қолды артынан ұстап айдап, таяқпен ұрмаған көрінеді.
Қазақта жаңа киген киіміне байғазы беріп, түйме тағуында да сол жатқан. Онысы – түйме артынан түйе келеді деген дәме.
Бұл жерде түйе дегенде де ақ түйенің жолашарлық мәнінің тіптен зор екендігіне тоқталмай болмас. Бұрнағы көшпелі қоғамда ақ түйе Меккеге, қажылыққа жүрерде, тасаттық бергенде, ханды таққа отырғызғанда сойылған. Халқымызда «Ақ түйенің қарны жарылғанда» деген мәтел содан қалған болса керек.
Ол ол ма, көлік ретінде пайдалануда, «Түйе үстінен жығылған адамға шудасын төсейді» деген де сөз бар. Мұның мән-мағынасы мынау екен: Топан суынан кейін Нұх пайғамбар кемедегі жан-жануар, аң-құс жұптарын сыртқа шығарып жатса, маң-маң басқан Ойсылқара тұқымын да көріп:
– Пай-пай, жампозым-ай! Асықпай басып, ақырын келесің, артыңнан «сарып» (ауру түрі) келсе де асығар емессің-ау! Келең көбейіп, матауың кең болсын! – деп шуда жүнінен сипалапты да, кемеден шығарып, соңынан қимағандай ұзақ қарап тұрыпты-дүр. Жаңағысы содан екен.
Қалай дегенде де, адамдағы әулиеліктің бір белгісі – жүріс-тұрыс, мінез, болмыста түйеге ұқсауында деген ата-бабалық пайымға қосылмасқа болмайды. Ондай жандар әзір де баршылық.
«Әулиелер адамдар арасына жасырынады. Керек десеңіз, оның өзі де мұнан бейхабар болуы мүмкін. Оны қалай танимыз?» деген сауалдың да жауабы осы болса керек.
Бұл көзқараста бұрынғы дегдар қазақтың көшпелі тірлігінде арман еткен: түйеде – «жампоз», жылқыда – «тұлпар», сиырда – «тынжы», қойда – «құтпан», «кенепан» десе, итте – құмай, адамда – алып, ал мал дұшпаны қасқырда – «сырттан» дейтінінің де бірқатар сыры ашыла түседі. Қазақтың әлі күнге игі жақсылардың қасиеттілерін «жампоз» деп атауының қисыны осыда емес деп көр.
Міне, ілгерігі дала академиясының үздік түлектері – даналар мен рухбандар сөзі осылай түйінделген: адамның рухани жолы хайуандық бейқамдықтан басталып, әулиелікке, періштелікке, ақырында Адам атаның кемел болмысына ұласады. Ал ең биік шың – Хаққа жақындау. Ал бұл жолда түйеге ұқсау – руханилықтың басы деседі.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ










