Әлқисса, қазақ сахарасының әлі де қуаты қайтпаған еңселі күндерінің бірінде Қоңырат Төлебай батыр бірнеше би, ақсүйек сұлтандармен бірге ата-баба дәстүрін ұстанып, қасиетті орын – Баба Түкті Шашты Әзиз басына зияратқа аттанады. Бұл аттаныс тек рухани тәуап қана емес, бір-бірін көптен бері көрмей, өзара мәміле жасағалы жүргендердің, елдің бағы мен бірлігін ойлаған ерлердің елеулі жиынына себеп еді.
Бұл хабар көп ұзамай Кенесары ордасына да жетеді. Жасынан алдаспандай жарқылдаған, қаны қайнап тұрған Наурызбай батыр да бұл басқосудан қалмайтынын айтып, хан ағасынан рұқсат сұрайды. Қасына Тараз шаһарының білім ордасынан шыққан бас хазірет Үрмет алымды ертіп, біраз аламан серіктерімен жолға шығады. Таң намазына дейін жетіп, зияратшылардың ортасына қосылады.
Ел-жұрт «Баба Түкті Шашты Әзиз» деп бүгін бір жүйеге келтіріп айтады ғой. Ол замандарда «Түкті Баба Шашты Әз-ізім» деп те атаған. Мұндағы «Әз-ізім» атының өзі тектілік пен тереңдіктің нышаны. Шежірешілерге сүйенсек, бұл сөздің түпкі мағынасы «ғұлама, ғалымдардың ісін, жолын, өсиетін жалғастырушы» деген ұғымды білдіреді.
Құран оқылып, құрбан шалынып, жүректердегі ниет пен шындықтар айтылып болған соң, ел ет жеп, қымыз ішуге жайғасқанда, Наурызбай батыр Төлебайға қарап ұрымтал сөздің тиегін ағытады.
– Ее, жиен батыр! Хазіреттер, әжілер, молдалар ілімін айтады. Біз тілеуіне қосыламыз, сонда бізден не үрмет. Біз бас қосылған жерде не айтуымыз керек? Не көрсетуіміз керек? Бізден де ұмытылмайтын бір жол қалуын – ата-бабамыздан ізгі мұрат деп түсінемін.
Бұл сөзді естіген Қоңырат батыры, қырық жеті жастағы сақа ер, қою мұртын сипап, жиырма бір жастағы жас батырдың ішкі жан-дүниесін ұға кетеді.
– Ойлауыңа – толғауың сай екен, енді байламыңды айт! – дейді.
Наурызбай батыр бір сәтте серпіліп:
– Күш сынасамыз, анау тұрған Қаранарды кім, қанша жерге дейін көтеріп барады?! Байлауым осы, – деп қолқа салады.
Төлебай батыр да бірден келіседі:
– Көңілдегің осы болса, келістім! – дейді.
Сол сәтте араларындағы дана кісі – бас хазірет Үрмет алым:
– Батырлар, баталы жерде байламға келісіңдер. Түйінін мен шешпеймін, бірақ түйе киелі жануар. Әз-ізім әулиенің басында жанын азапқа салмай-ақ қойыңдар. Енді тоқтамайсыңдар, оған көзім жетіп тұр. Одан да анау тұрған түйенің салмағынан асып түспесе кем түсе қоймас «Қызыл тасты» көтеріп, өнерлеріңді көрсетіңдіер. Осыған тоқталайық, – деп тоқтау айтады.
Төлебай батыр Наурызбайдың нағашылығына мойынсұнып:
– «Анасын сыйлағанға Алланың нұры жауар» деген дана халқымыз. Нағашымсың, үлкен де болсам жолымды бердім, – дейді.
Наурызбай батыр орнынан ұшып тұрып:
– Жиен жолын бергенде, желкем нені болса да көтереді! – деп, қызыл тасқа бет алады. «Уа, әруақ, тектілердің пірі қолда» деп ұрандап, зіл батпанды жерден жұлқи көтеріп, желкесіне өңгеріп, бес жүз қадам жерге дейін тастамай апарып барып, «Аһ!» деп тастап жібереді.
Одан кейін Төлебай батыр кезек алады. Екі алақанымен тасты оң иығына салып, ауырсынбастан үш жүз жетпіс қадам жүріп барған сәтте, сол аяғы тайып, тас жерге сылқ етіп түсіп кетеді. Елдің бәрі у-шу болып, тасқа қайта ұмтылған оны тоқтатуға тырысады.
Осы кезде жеңісіне масаттанған Наурызбай көкірек керіп:
– Жиен, жеті әулие аузыңа түкірсе де нағашыларына жету қайда? – деп артық сөйлеп қалады.
Сол тұста ел ағасы жасына шамалап қалған, батырлармен үзеңгілес азамат Нарбота би шыдай алмай:
– Текке күлесің, төре! Сол жамбасын «Сауылым – жайлауда» еліңе жау берген, – деп салмақпен тоқтау айтады.
Бұл сөз ел ішіне жайылып кеткен ертеректегі ерлік оқиғаны еске түсіреді. Сауылым жайлауында ордаға жау шабуыл жасағанда, Наурызбай төрт жасар сәби екен. Дәл сол қанды оқиғада Төлебай батыр Наурызбайды түйреп тастаймын деп ұмтылған қаныпезердің найзасын қағып жібергенде, сүңгісі мұның сол қара санына тайқып кіріп, жараланып қалады. Алайда Төлебай найзасын баскесердің қос өкпесіне қадап, аспанға көтеріп, лақтырып тастайды. Сөйтіп баланы аман алып қалады. Бірақ жарасы жазылса да, бір аяғын сылтып басатын да болып қалады.
Сөздің нарқын ұққан Наурызбай батыр өкінген кейіппен Төлебайдан кешірім сұрап, артынша Кенесары ханның алдына ертіп барып, айыбын өтеп, үш күн бойы жанында жүреді.
Бұл – есімі Қоңыратқа ғана емес, жалпы қазақтың айбынына айналған, сол замандағы жұтаған қараша елдің қайсар ұлы, айбынды Төлебай батырдың ерен ерлігі мен кең жүректілігінен қалған шежіре еді. Оның заманында Қоқан алымшылары Түркістан төңірегіне аттап басуға бата алмаған. Батырдың болмысы – тек күште емес, әділет пен арда да жатқанын дәлелдеген осы бір балуан тас көтеру оқиғасы ел есінде ұмытылмастай сақталып қалды.
Қоңырат Төлебай батыр дегенде де, оның ішіндегі Құлшығаштың Лепесінен тараған. «Оңтай Төлебай» деген де лақабы болғанын ұмытпау керек. Туған жері – Отырар-Арыс арасындағы Үш үйрек. Балалық шағы Мұрынқарақта (Қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы аумағы) өткен. Анасы Зия төренің қызы. Әкесі момын, бірақ асқан палуан кісі болған деседі.
Төлебай жеті жасында Ерсей әжінің медресесіне қабылданады. Онда алты-жеті жыл оқып, он үш жасынан бастап ел билігіне араласқан.
Батыр шолақ жеңді сауыт киген, иығы еңкіш келген, өте сіңірлі, сүйегі ірі адам болған.
Ерлік пен өрлікке толы ғұмыр кешіп, уақыты келгенде абыроймен дүниеден өтіп, сол шақтары руы мекен қылған Жызақ жеріндегі Пістелі әулие басына жерленген.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ
Qazaq kuresi ассоциациясы










