1901 жылдың өріндегі іс. Шығыс атырапты мекендеген Мырза руының ішіндегі ауқатты, елге сөзі өтетін Байбосын есімді кісісі Меккеге қажылық сапар шекпек ниетпен дайындала бастайды. Онысы Алланың аманатын, діннің бес парызының бірін атқару-тын.
Сөйтіп, ел аузында «данышпан», «хәкім», «төре сөздің иесі» деген атақтарға ие болған ұлы Абайға келіп, рұқсат пен ризалық алмақ болады. Ақынның Шыңғыстаудағы үйіне дөй мырзалықпен атқосшыларын ертіп арнайы ат артып жеткен Байбосын, түнімен қонақ болып, таңғы шайдан соң келгендегі тілегін айтады.
Абайекең Байбосынның қажыға барамын деген лепесін естіген соң, ұзақ ойланып отырып, сабырлы үнімен тереңнен толғап былай депті:
– Әй, Байбосын, сенің қажыға барғандағы мақсатың не? Соны айтшы!
Байбосын кідіріп, әлі де болса жүрегінде жасырған ниетін ашық айта алмай, шын жауабын бермей күмілжи береді. Абай оның ішкі ойын өзі айтып салады:
– Бірінші, сен «қажымын» деп біреудің төріне шығып отырғың келеді. Екінші, күнәдан құтылғың келеді. Рас па?
Байбосын тағы да төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда Абай салмақты сөзін және жалғайды. Бірақ бұл енді кеңес емес, рухани сын, ғибратты пайым еді:
– Ә, олай болса, сенің туысқандарың – Мырзаның бәрі ұрлық қылады. Олар сенің атыңды мініп, малыңа ұрлықтың малын қосып жатады. Өзің ойлашы, ұрлық пен қажылық бір жерге сия ма?
Сонда Байбосын дір ете түсіп, сөз таба алмай қалады. Жан-дүниесімен сезген, әйтсе де өзі мойындай алмаған шындықты Абай ащы тілмен жарыққа алып шыққан еді. Бұл жәй ғана тыйым емес, намысты қайрап, кірлеген рухты жуатын үкім болатын.
Абай тағы да сөзін тереңнен тартып, хақиқаттың өзегін ашады:
– Інің Малбосын ұрлықпен мал көбейтсе, сен онымен қажыға барасың, одан түк шықпайды. Менің тілімді алсаң, үйіңе барып, бір бие мен он шақты қой сойып, барлық Мырза баласын жинап ал да, ұрлықтарын қоюын сұра! Малсыз нашарларына сауын мен көлік бер. Қызметке жарайтындарына Мұқыр өзенінен арық қаздырып, егін салдыр, қарекетке баулы. Сонда төрге де отырасың, кінәдан да да пәк боласың! Ол еткен ісіңнің сауабы қажыға он рет барғаннан артық.
Бұдан соң екі жақтан да үнсіздік орнады.
Абайдың бұл сөзі тек Байбосынға емес, барша елге, барша заманға айтылған киелі үн еді. Хақ діннің, шын ниеттің, адал жүректің не екенін ұғындырып тұрған бұл ғибрат Исламды сыртқы рәсіммен емес, ішкі ышықпен тану керек екенін паш еткен.
Қажылық – тігісі жоқ киім киіп, тас атып, Қағба айналып, жұртты қажекелетіп мәртебе өсіру құралы емес. Қажылық – өз ішіңдегі араммен күресу, жұрттың ақысын өтеу, елді оң жолға бастау. Абай соны айтты.
Содан сол, Байбосын үнсіз отырып, көзіне жас келіп, көңілі босаған екен дейді ел. Сол жылаған сәт – оның ішкі қажылығына алғашқы қадам болған.
Айтқандай, Ата тарих Байбосынның қажылыққа барған бармағанын айтпайды. Тегінде барса керек. Бірақ ұлы ақынның сөзін жерге тастамай, мырзаларды жөнге салғанын тәптіштеп айтады.
Ұлы Бұхар жырау:
«Мекке менен Мадина жердің ұшы,
Алыс екен дейді ғой барған кісі.
Бірлік пенен береке ұйып тұрса,
Мекке болып көрінер үйдің іші!», деп жырлаған деседі. Бұған қатысты Мәшһүр-Жүсіп әулиенің айтқандары тіптен зор.
Бұл да бекер емес. Солай!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ










