Бұл бес қазына – адам бойындағы табиғи әрі руһани құндылық. Бұл құндылықты жоғалтқан кез келген адам үшін өмірдің нәрі мен қолындағы мүлкінің еш мағынасы және құны болмайды! Айтқалы отырғанымыз бұл бес құндылық мыналар: 1) Иман 2) Денсаулық 3) Ақыл 4) Ар-намыс 5) Бостандық. Егер осы Алланың берген бес нығметінің/құндылығының біреуі сенен немесе жаныңдағы кез келген бір адамның бойынан алынса, қалған нығметтердің мәні болмайды.
Ойлап қараңызшы…..
Иманы болмаған бір адам заманының ең ақылды, ең бай, ең танымал, ең әдемі әрі көріктіжәне ең ұзақ өмір сүрген адамы болса, жалған болған бұл өмірден озып, мәңгі болған арғы өмірде не пайда? Бұл өмірдегі жетістіктері қанайда бір пайдасы бар ма? Егер бұндай бір адам имансыз өлсе, оның иелігіндегі заттар оған еш пайда бермейді; керісінше, зиян келтіруі де мүмкін.
Қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аятында Аллаға сенбегендердің мал-мүлкі мен бала-шағасының оларға ешбір пайда әкелмейтіні, олардың ұзақ өмір сүруі, сәнді үйлерде тұруы, дүниедегі лауазымдары мен қызметтерінің оларға еш пайда әкелмейтіні айтылады. Нақты айтар болсақ «Әл-Имран» сүресінің оныншы аятында былай дейді: «Расында, Аллаға сенбегендердіңмалдары мен балалары Алладан құтыла алмайды. Олар тозақ отының отыны».
Екіншісі: Денсаулығынан айырылып қалған бір адамды ойлаңыз. Созылмалы дертке шалдыққан болсаңыз, үнемі ауруханада жатсаңыз, шалдыққан дертіңіз сізді мазалап жатса, жинаған дүниеңіздің немесе басқа кез келген нәрсенің пайдасы бар ма? Жаман дертке шалдыққан адам бай болса, атақты болса, не пайда? Міне сондықтан ПайғамбарымызМұхаммед (с.ғ.с.) күллі мұсылманға дұғаларында Раббысынан амандық тілеп, ауырғанда шипа тілеп отыруды насихат еткен.
Үшіншісі: Ақыл. Бұл адам баласын басқа жаратылыстардан ерекшелеп тұратын ең қасиетті құндылық. Ақыл-есі дұрыс емес адам – өзінің тірі екенін де сезбейтін адам. Өзін танымағаны сияқты Раббысын да, айналасындағы адамдарды, жаратылыстарды да танымайтыны сөзсіз.
Төртіншісі: Ар-намыс. Соңғы жылдары құндылығына зақым келген ұғымдардың бірі – ар-намыс, пәктік пен адалдық. Бұрынғылар «Адам намысы үшін өмір сүреді», «Қоянды қамыс, адамды намыс өлтіреді» деген. Бүгінгі таңда қоғамда көптеген адам үшін бұл қағидалар маңызды емес болып қалды. Пәктік, намыс, ұят сияқты ұғымдар ескі, ескірген тұрмыстық заттар ретінде көріне бастады. Әйтсе де, бұндай құнды нығметінен айырылып қалған кез келген адам, тежегіші істен шыққан көлік сияқты.
Бесіншісі: Еркіндік, азаттық пен тәуелсіздік. Елінің, жерінің және халқының еркіндігі мен егемендігі үшін қаншама батыр бақұл болған. Тәуелсіз болуды армандап кеткен қаншама бабамыз бар десеңші. Еркіндік – қоғамдық бақ береке. Игілігі мол болашаққа бет бұрған байтақ қоғамның арманы. Бұл еркіндікті бүгінде қысқаша былай түсінейікші. Абақтыда жатқан, туыстарынан бөлек, бостандығы шектелген адамды елестетіп көріңізші. Кінәлі болсын немесежазықсыз болсын, бас бостандығынан айырылып, түрмеге түсуі қандай қасірет, қуанышта, жақсылықта, жетістікте жанұясынан ұзақ әрі бұндай уақыттарына куә бола алмау қандай қиын екенін ойлаңыз.
Бұл тізімге басқа да нәрселерді қосуға болады, әрине. Мен жоғарыда санаған бес нығмет көптеген адамдарда болғанымен, бұлардан бейхабар. Хабардар болғандардың басым көпшілігі қадірін жеткілікті білмейді. Ал, қадірін білмесе, шүкірді дұрыс айтпайды. Яғни, гүлге су қандай болса, нығметке де шүкіршілік сол іспеттес. Шүкіршілік еткен сайын нығмет көбейеді. Шүкіршіліктен алыстаған сайын, нығметтерде алшақтайды.
Раббымыз осы нығметтерге ие болуды және сақтауды нәсіп етсін. Ниеттерімізді сезініп, шүкір етуді нәсіп етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
PhD