Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде осы жарысты көру үшін Қытайдан арнайы келген қандасымызды кездестіріп қалдық. Есімі – Қайсар Қалмұратұлы. Онымен аз-кем шүйіркелесіп, алған әсері туралы пікірін білген едік.
– Алдымен өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.
– Мен Үрімші қаласында туып-өскен қазақтың баласымын. Әлі күнге сол қалада тұрамын. Саудамен айналысамын. Бұрыннан бокс жанкүйерімін. Астанада осындай қызықты кеш өтеді деген соң, арнайы келіп отырмын.
– Ұнап жатыр ма? Елордамыз қалай екен?
– Мен Астанаға бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Әрине, бәрі ұнап жатыр. Бүгінгі бокс кеші жақсы ұйымдастырылған. Тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Кіре-берісте тұрған қыз-жігіттерге «Қонақпыз, Үрімшіден келдік» деп айтсам, ерекше ілтипат білдіріп, құрметтеп жатыр. Бәріне ризамын.
– Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жектерін бұрыннан көресіз бе?
– Иә, біз Қытайда қазақтың боксшылары шаршы алаңға шығып жатса, үнемі қалдырмай тамашалап, жанкүйер болып отырамыз. Өзіме, әсіресе, Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахмедов секілді боксшылар қатты ұнайды. Олардан бөлек те қаншама талантты ұлдарымыз жетерлік қой. Бүгін шаршы алаңға қадамын енді бастаған жас боксшылар да шығып жатыр. Аяқ алыстары жаман емес.
Мен жалпы жас кезімнен қазақ спортшыларына жанкүйермін. Бұрын Жақсылық Үшкемпіров, Аманжол Бұғыбаев секілді балуан ағалардың өнерін тамашалайтын едік. Қазір боксшыларды көреміз. Қытайда арнайы спорт телеарналары бар. Әлемде болып жатқан кәсіпқой бокс кештерін көрсетеді.
– Ал қытай намысын қорғап жүрген қандай қазақ боксшылары бар?
– Тоқтарбек Таңатқан деген боксшыны бәріңіз білесіздер деген ойдамын. Қазір жарқылдап көрініп жүрген дарынды спортшымыз. Соңғы әлем чемпионатында екінші орын алды. Финалда Нұрбек Оралбайдан ұтылған болатын. Одан бөлек Данабек Байғазы есімді боксшымыз бар. Аса ауыр салмақта Қытай құрамасының негізгі боксшыларының бірі. 2023 жылы Азия ойындарында финалға дейін жетіп, бүгін Астанада өнер көрсетіп жатқан өзбекстандық Бахадүр Жалоловтан ұтылды.
– Өмірге келгеннен Үрімші қаласында тұрып жатсаңыз да, қазақшаны ұмытпаған екенсіз?
– Неге ұмытайық? Бұл – біздің ана тіліміз ғой. Бойымызға ананың сүтімен дарыған нәрсе ешқашан ұмытылмайды.
– Рахмет!
Әңгімелескен Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ