Ислам діні – барлық адамзаттың бірлігі және татулығын мақсат ететін ұлы дін. Қасиетті Құранда және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадистерінде адамзаттың әртүрлі ұлттардан, тілдерден, түстерден болуы – Алланың қалауы, құдіретінің көрінісі әрі өзіндік бір сынақ екені айтылады.
Мәселен, Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінде былай делінеді: «Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық, сосын сендерді түрлі халықтар мен ұлттар еттік, бір-бірлеріңментанысуларың үшін. Расында, Алла құзырында ең абзалдарың – ең тақуаларың» («Хужрат», 13-аят). Мұнда Құдай жаратқан әрбір адам баласы бір-біріне бауыр екендігі, сондықтан бір ата, бір анадан тараған бауырлар ретінде танысып-білісіп, түсінісіп, бір-біріне құрмет көрсету қажеттігі меңзелген. Бұл аят адамзаттың жаратылысы бір, қасиеттері ортақ екендігін ескертіп, ұлттар арасындағы бірлікті, татулықты дәріптеп, адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақырады.
Ардақты Пайғамбарымыз да (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өз хадистерінде ұлттар арасындағы бауырластықты және бірлікті үнемі дәріптеген. Мына бір хадисінде Ол кісі былай деп айтқан: «Адамдар – бір отбасының мүшелері сияқты. Сондықтан бір-біріңе зиян тигізбеңдер, бір-біріңді құрметтеңдер» (Тирмизи, Ибн Мәжәһ, Әбу Дәуд). Бұл өсиетте өзара қарым-қатынасты нығайту, қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты сақтаудың маңыздылығы анық, айқын түрде білдірілген. Түбіне үңілген адам Пайғамбарымыздың ﷺ бүкіл өсиеттерінде адамдардың бір-біріне зиян келтірмеуін, бір-біріне құрметпен қарауын насихаттағанын көре алады.
Тарихқа жүгінсек: Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Мәдинаға көшіп келген кезінде жасаған әйгілі «Медина келісімі» де ұлттар арасындағы құқықтық теңдік пен татулықты қамтамасыз ететін құжат ретінде сақталған. Мұнда «әртүрлі ұлттар мен қауымдар бір мемлекет ретінде өмір сүріп, бір-бірін қорғап, ынтымақтастықта болады» деген принципті басты орынға шығарған.
Ұлттар арасындағы татулықты қалай қамтамасыз етуге болады? Ислам ұлттар арасындағы татулықты сақтау үшін бірнеше маңызды қағидаларды ұсынады:
– Мейірім, төзімділік және құрмет: Исламда әрбір ұлттың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау талап етіледі. Әрбір адам өз ұлтының, тілі мен мәдениетінің ерекшеліктерін бағалап, басқа ұлттарға да құрметпен қарауға міндетті. «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды» (Бухари риуаят еткен).
– Әділеттілік: Құранда және хадистерде әділеттілікке ерекше көңіл бөлінген. Әділетсіздік ұлттар арасындағы алауыздықты, дұшпандықты туғызады, ал әділет өзара сенімділікті нығайтып, татулыққа әкеледі. «Ей, мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер! Сол тақуалыққа жақынырақ. Әрі Алладан қорқыңдар. Күдіксіз, Алла – не істегендеріңнен толық Хабар алушы» (Мәида сүресі, 8-аят).
– Бауырыңды құрметтеу, достық пейілде болу: Мұсылмандар үшін ең үлкен құндылықтардың бірі – бауырлас болу. Бұған дәлел: Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадисі: «Сендердің маған ең сүйіктілерің – ахлақта жақсы, кішіпейіл болғандарың, адамдарды дос тұта білгендерің және адамдар жағынан дос тұтылғандарың. Сендердің маған ең жеккөрініштілерің – өсек тасығандарың, достардың арасын айырғандарың, жақсыларды қаралағандарың» (Табарани, Бәззар жеткізген).
Ұлттар арасындағы татулық тек жеке адамдар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін де өте маңызды. Татулық пен бірлік болған қоғамда әділеттілік орнап, адамдар арасында түсіністік пен сүйіспеншілік орнайды. Білген адамға Ислам діні адамдарды ортақ биік құндылықтарға, ортақ мақсаттарға ұмтылуға, бір-біріне көмек көрсетуге шақырады. Өйткені бірлік пен татулық арқылы қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайы жақсарады, адамдар өзара құрмет пен тыныштықта өмір сүреді.
Қорыта айтқанда: Ислам діні барлық ұлттарды, халықтарды бауырластырып, оларды бірлікке, татулыққа шақырады. Әрбір мұсылман өзінің ұлтына, тіліне, түсіне қарамастан, басқа адамдарға құрметпен қарап, өзара түсіністік пен бейбітшілікті сақтауы керек; бір-бірімен сыйластық, бауырластық негізінде қарым-қатынас жасап өмір сүруге міндетті.
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ