ХVIII ғасырда Ресейдің отарлау саясатына қарсы шығып, асыл дініміздің сақталып қалуына зор үлесін қосқан әйгілі Марал ишанның құрметіне дастан жазылды. Көлемді поэтикалық туындының авторы белгілі ақын Қанат Сапарбай. Шығармада ишанның қайраткерлік тұлғасы тұтастай аллитирациялық көркемдікпен бейнеленеді. Осы орайда Марал ишан мазмұнында автормен сұхбаттастық.
– Қанеке, Республикалық Саттар Ерубаев атындағы жыр мүшайрасында жүлдегер атанғаныңыз бар. «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жырларыңыз жарияланып тұрады. «Дала дарыны» кітабына жинақтарыңыз енген. Ақын Әбілда Аймақ көзінің тірісінде қандай басылымға сұхбат берсе де, Қанат Сапарбайдан яғни сізден ақын ретінде үлкен үміт күтетінін аз айтпапты.
– «Құрмет» орденінің, Халықаралық Физули сыйлығының иегері ақын Әбілда Аймақ ағамыздан бастағаныңыз, көңілге жылы тиді. Бір сұхбатымызда маған ағынан жарылғаны бар. Республика деңгейінде өткен қандай мүшәйраға қатыссам да тек бас жүлде алыппын, менде бірінші, екінші орын деген жоқ екен, дегені бар-тын. Ұстазымды мақтап кетті демеңіз, ұстазымызбен мақтанамыз. «Марал ишан» поэмасын жазарда, жауапкершілікті сезінбеген денемде бір нүкте қалмаған шығар. Сыпыра жырауларымыздың жырларынан бастап Жамбыл ақынымыздың арасын жол қылдық. Ой аласың, шабытыңды шыңдап, ұлы көштің ұлылығына таңырқаудан танбайсың. Қазақ поэзиясының көкпен таласар заңғары мен түпсіз тереңдігі, тау суындай толассыз ағысын әлемге қалай танытуға болар жолдарын қарастырасың. Парсы шайыры Фирдаусидің Шахнамасын қос том қылып аударған Тұрмағанбет Ізтілеуовтің іздеріне назар аударасың. Ақындарға аңсарым қатты ауса керек, бір күні жыр алыбы Жамбыл ақынның етегінде жатырмын. Бар мейірім шапағатын төгіп қарайды. Қаламгерлерді білесіз, есіл дертім қолымда фотоаппаратым болғанда ғой деп, ең бір асыл уақытымды фотоаппарат іздеумен өткізіп алыппын.
Марал ишан поэмасы «Ж» әрпімен бастау алып, жеті қатарға жеткенде, бастан аяқ «ж» әрпінен жазып шықсам деген ой келді. Жүз жолға жеткізсем қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де дараланып тұрар туындылар қатарына енер еді деген ой пайда болды. Мақсатқа жете алсам, «Қазақ тілі» қорының байлығын әлемге көрсете алар жыр болатын еді, деген болжамымда бар. Жеті жолдан басталған жыр жорға, жүз жолдан асып тоқтады. Айтылар уақиғалар көп. Екі жүз жолға ден қойдым. Бұл белесті де бағындыра алдым. Алдағы меже бес жүз жол, бір кездері жыр арнасы жаңбырдай төгіліп кетті. Жазып үлгере алмай, шаршаған сәттер. Алты жүз, жеті жүз, мың жолдан асып барып тоқтағанын шамаладым. Тоқтағаны сол, айтамын деген ой, Марал ишанның кереметтері түгелдей дерлік қамтылды. Кейбір жерлерін кейінірек күрделірек ұйқаспен өзгертемін деп ойлағанмын. Ақиқатын айтайын, бір әрпінде орнынан қозғай алмай қалдым.
– Мың жолдан асатын Марал ишан дастаныңыз кілең «ж» әрпімен жазылып, мағынасын жоғалтып алмады ма?
–Мағынасы мен мазмұнына оқырман бағасын берер. Бәрін толықтай оқымасамда, жаңағы сұрағыңызға байланысты жырдың мағынасын өлшеткім келіп тұрғаны.
Жыр етем Марал жайында,
Жарқырар жарық ай ұлға,
Жырыммен қойған мұнара,
Жеті қат көкке жайылда,
Жеткізем жұрттың алғысын,
Жаңғырсын ісі қайыр да,
Жұрты үшін соққан жүректі,
Жұртынан Аллам айырма,
Жаран ұл бүгін жарылмақ.
Жасаңдар демеу шайырға.
– Қазақтың жақсылары мен жайсаңдарын жаныңызға жиып, баталарын алып басталған дастан болды ғой. Дастаныңыз бірыңғай сегіз буынмен жазылды ма?
–Дастан бөлімдерге бөлініп жазылды. Бірыңғай сегіз буыннан жазуға да болар еді. Олай жасамадым. Бөлімдерге бөліп, бір жерлері он буыннан, он бір буыннан да жазылды. Ақынның шеберлігі көрінсін деген ойдан туындаса керек.
– Марал ишанды қалай танығанымыз дұрыс? Шыққан тегі, балалық шағы мен ғұмырына қысқаша шолу жасап отырсақ.
– Марал ишанның әкесі Құрман Абылайханның батыры әрі емшісі. Бір жорықта қолға түскен Абылайханды Қалден Церен өлтірместен қазақ әйелінен туған қос қызын Абылайханға тарту етіп, екі ел арасын татуластырған жерлерін былай баяндадық.
Қалден Цереннің шешімі
Жасын ғұмырдың жұмбағы,
Жас Абылайдай тұлғаны,
Жайрат деп ішкі нәпсісі,
Жегідей қажап тұрғаны.
Жо, жоқ, қазақпен жауласпа,
Жүрек үнін де тыңдағың,
Жаныңды тірі қалдырмас,
Жолбарыс тектес құрбаның.
Жақынға тартсаң жақындап,
Жарқырап жанар бұл бағың.
Жүйрік ойлары дәл тапты,
Жаман да көрмес мандатты,
Жайнап та өскен қос қызын,
Жоралғы етті салмақты..
Абылайхан батыр туады деген қызды өзі алып, Әулие туады деген қызын Құрманға жар етіп қосады. Абылайхан алған қыздан Наурызбай батыр туылса, Құрман алған арудан Марал ишан туылады.
Марал баланың әкесі тоғыз жасында қайтыс болады. Хан балалары Маралға әлімжеттік жасауын тоқтатпайды.Осы сәттерде Марал бала Жам тауына дәріс алуға шақырған Жалаң аяқ ишанды үшінші рет көріп, бұл жайды анасына айтады. Анасының қасиетті адам екені жоғарыда айтылды. Көп тосылмай баласымен Өзбекстанға Жам тауына сапарға шығады. Жылдар бойы жүреді. Соңғы тоқтаған жері Сыр өңірінде Құланбай ишанның қонысы болады. Анасы үй шаруасы тірліктеріне жалданса, бала Марал қозы бағады. Түнде дәрет алуға шыққан бай көктен төгіліп тұрған нұрды көзі шалып, жақындап келіп қараса, баланың кіндігінен шашылған нұр көкті жалғапты. Шалқадан жатқан бала тәтті ұйқыда. Бөрілер қозыларды күзетіп отырған таңғажайып жағдай. Бай таңертең Марал мен анасын қонақ қылып, жағдайларын сұрайды. Жам тауында өзінің де білім алғанын айтып, бар жағдайын жасап, баланы оқуға өзі жеткізетінін айтады. Менің қызыма үйленесің деп тосын сыйын да ұсынады.
Марал баланы қарсы алған Жам тауындағы ұстаз Жалаңаяқ ишан үш жылдан бері күтіп жүрген шәкіртім де келді деп Маралға ерекше ықыласын танытады. Басқа шәкірттер кеше келген балаға ұстаздың мейірімді көзқарасына қызғанышпен қарағаны байқалып жүреді. Осындай сәттерге тосқауыл болғысы келген ұстазы, үзіліс уақытында, есіктің кіреберіс табалдырығына Құран кітапты жасыра көміп, оқушыларға қоңырау соғады. Жапырлап, жарыса келіп жатқан балалар орындарына жайғаса жатқанда, жалғыз Марал бала табалдырықта тұрып қалады. Ұстазының неге тосылып тұрсың деген сұраулы жүзіне, табалдырықта «Құран» кітапты қалай аттап өтемін? – депті.
Ұстаз да, шәкірттер де Маралдың ерекше қасиетіне тәнті болып, жас Маралдың кереметтері күннен күнге арта түседі.
Жам тауында шәкірттердің қабілетін тануға әрі ашуға бағытталған әр түрлі тапсырмалар берілетін. «Құстарыңды ешкім көрмейтін жерде сойып келіңдер» деген тапсырмада, Марал ғана Алланың көрмейтін жері жоқ деп құсын соймай тірі әкеліп, жеңімпаз атанады.
Марал жігіт оқуын тәмамдап жолдастарымен еліне шығады. Жол – жөнекей бір байдың аулына кезігеді. Байдың келіні сырқат екен. Емдетпеген емші, көрсетпеген тәуіп қалмапты. Бай жастардың киімдеріне қарап, араларыңда тәуіп бар ма? деп сұраулы жүзбен қарайды. Жолдастары Маралға арқа сүйеп:
Жаратқан қабыл алып дұғаңызды,
Жайдан жай келтірмепті мына бізді,
Жанға медет беретін әрбір демі,
Жолдапты Маралындай тірі аңызды.
Жайылған алақаны бос қайтпаған,
Жан жоқ-ау сахарада бұдан ізгі, –
деп Маралдың даралығын байға паш етеді. Салған демі кері кетпей, байдың келіні аяғына тұрып, дән риза болған бай Марал жігітке бәйге бермес сары бауыр тұлпарын сыйға тартады. Марал жігіт алған алғашқы сыйлығын ұстазы Жалаң аяқ ишанға атайды.
Марал баланың жомарттығына разы болған Жалаң аяқ ишан Сары бауыр тұлпарды Маралдың өзіне қайта мінгізіп, батасын беріп, шығарып салады.
Марал ишанның тағы бір кереметі көктем айларында Сыр суы өткел бермей қатты тасынып жатқан сәттердің бірінде, артынан ерген нөкерлеріне көздеріңді жұмып маған еріңдер деп, толқыған ағысқа жылқыларының тұяғы ғана батып желіп өтіп кетсе, екінші тасқын суда Сыр суын қақ айырып, сағымдай өтіп кеткені де жырымызға енді.
Марал ишанның атақ-даңқы аспандап кеткені, патшадан шен-шекпен алған Бектерге ұнамайды. Қалай да сүріндірудің жолдарын қарастырып, алдарына алдырып: – Сен, сиқыршы жәдігөй болсаң, жанып кетесің. Шын мәнінде әулие болсаң тірі қаласың. Астыңа қырық томар сексеуілге от қоямыз, бұл сынаққа қалай қарайсың? – деген сауал қояды. Сонда әулие саспастан оттың ішіне кіреді. Намұрұдтың отынан жанбай шыққан Ыбырайым секілді Марал ишан да халыққа құданың құдіретін, әулиенің кереметін көрсетеді.
Қатал сынақтардан сүрінбей өткен Маралдың аты жер-жерлерге желмен де тарап жатады. Арқадан арнайы байлар келіп, Маралдың үйіне қонақ болып, кереметін көрсетуін сұрайды. Марал үнсіз басын шұлғып, қояды.
Марал қонақтарын шығарып салып келе жатып, белеске жеткенде көрсет деген кереметтеріңізді көрсетейін деп жеңдерін көкке сермеп жібереді. Аспаннан көрінген аждаһалар мен адамның зәресін ұшырар дауыстардан қонақтар аттарынан құлап, Маралдан жансауға сұрайды.
Арқадан арнайы ат терлетіп келген бай манаптар Маралдың көрсеткен кереметтерін еске алудың өзінен жүрексініп өткен екен. Маралдың кереметі патшадан шекпен алған бектердің ішін қыз – қыз қайнатуын қоймайды. Көште-көш, – деп қиқу салған шекпендіге, Марал соңғы ескертуінде, – енді қоймасаң түнгі он екіде атамын, – деп жауап қайырады. Бай күзетті күшейтіп, қаперсіз жатады. Айтқанындай түнгі он екіде байдың жан-даусы шығып, төсегінен құлап түседі. Жамбасын көтере алмай, бұл істің Маралдан болғанын бірден біліп, боз биесін алып, Маралға апартады.
Бұл жерде Марал ишанның ілімнің кереметімен тылсымнан оқ атып, байды жарақаттауы, біздер үшін жұмбақ күйінде қала береді.
Патша үкіметі «Сібір қырғыздарының қазақтарының Уставы негізінде қазақтарды еріксіз шоқындыра бастағанда, Марал ишан «Ғазауат» соғысын ашып, патшаны райынан қайтаратын тұсын көрсетпуге болмас. Бүкіл қазақты күштеп шоқындырудан аман алып қалған Марал ишанның ерлігі, исі мұсылманның һас батыры деп айтсақ та лайықты.
– Қанеке шығармашылық жолындағы алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Қостанай қаласындағы «Марал ишан» бабамыздың мешітінің ашылуы салтанатына Сыр өңірінің тумасы Марал ишан медресесі мен Қал-Мұхаммед мешітін тұрғызған Мұрат қажы Тоқпанұлы екеуміз дастанды мың дана кітап қылып шығарып, асқа жиылған халыққа шашу ретінде табыстадық.
«Қазақтану» институтының директоры, «Қазақтану» журналының бас редакторы Бақтыбай мырза: «Гинестер рекорды кітабынан ойып тұрып орын алатын туынды» елу жылдық қызметімде қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде кездестірмеген тың жаңалық» деген сөздері, әлі де алда көп жұмыстар жасау қажеттігін аңғартты.
Марал ишанды жазып болғанда Сыр өңіріне аты жақсы танылған «Оқшы ата» жайында екінші дастанды бітірдім. Сексен бес шумақтан «Т» әрпімен жазылған туындымыз да, қалың оқырманын табады деген пікірдеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Әнуар ЖҰМАШБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»