Білгеніңізді бақылаңыз!
Соңғы жылдары діни санамыз бен ойымыз, амалымыз бен діни рәсімдердің өмірімізге әкелген өзгерістері мен жаңашылдықтары туралы айтайын. Бұл жерде айтайын дегенмәселелерге қатысы бар кейбір оқырмандарымның көңілінен шықпауы да бек мүмкін. Алайда ақиқат ең жоғары деңгейде және оны ешкім өзгертуге күші жетпейді.
Сіз де көрген боларсыз, өйткені көрмей қалу мүмкін емес, әлеуметтік желіде немесе басқада платформалардың кез келген жерінен «өзіңді жетілдіру», «таза өмір сүр», «медитация», «йога», «рейки», «рухани қуат» немесе «өзіңді таны» деген сияқты ұғымдар алдымыздан шыға келеді. Бұл жұмыспен айналысатындар әлеуметтік желілердегі жарнамалардың басты кейіпкері деуге толық негіз бар. Бұндай адамдар, жұртшылықтың рухани мәселелерін шешу жолында бағыт-бағдар беріп, мойнындағы ауыр жүктерден арылып, жан-дүниесін өмірлік қуатқа толтырып, адаммен, табиғатпен үндестіруге уәде беріп, түрлі тренингтер, семинарлар, онлайн курстар ұйымдастырады. Менің байқауымша, консервативті ортада мұндай іс-шараларға қызығушылық танытатын, оларға қатысатын, тіпті оларды өздері үйлестіретін адамдар да табыла кетеді.
Менің ойымша, мұндай әрекеттердің негізгі проблемасы, діни сенімнің таяздығында жатыр. Бұл жерде айтылып отырған ұғымдардың көпшілігі жаңа форматқа енгізілген ежелгі Қиыр Шығыс наным-сенімдерінің (буддизм, индуизм, конфуцийшілдік, даосизм) модернизацияланған формаларының шеңберінде ғана. Тақырыпқа қатысты зерттеулер мен басылымдардың барлығы дерлік бұл ұғымдардың Қиыр Шығыс наным-сенімдерімен қандай да бір түрде байланысты екені айтылады. Бұл Қиыр Шығыс нанымдары Құдайға негізделмеген, бірақ адамдар тарапынан шығарылған ақылға негізделген әрекеттер.
Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуә бөлімінің ұйғарымында: «Медитация, бұл жағдайда, бақытқа жетудің жалғыз жолы ретінде ұсынылады. Йога мен медитация – индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері, олардың барлық элементтері реинкарнация сенімімен сусындаған. Бұл көзқарас исламдық танымға қайшы. Йогамен айналысудың дұрыс еместігі туралы «Әл-йуға фи мизан әл-нақд әл-ғилми» кітабынан дәлелдер айтылған. Өйткені йога мен медитация – индуизм мен буддизм діндерінде діни рәсім ретінде жасалатын амалдар.
Осыған сәйкес, мұсылман адамға йогамен айналысуы оның басқа діннің сенімі мен әдет-ғұрыптарына негізделгенін біле тұра, рұқсат етілмейді. Өйткені өзін мұсылманмын деп, исламның негізгі сенімдері мен қағидаларын елемей, басқа діндердің нанымдарды мен рәсімдері арқылы құлшылық етіп, Құдайдан көмек сұрау дұрыс емес. Бүгінгі таңда, көптеген адамдар аты мұсылман болғанымен діни рәсімдерден бейхабар және рухани әлсіз, ождан руһы әлсіз және сенім бақытынан айырылған адамдар саны басым. Бұл адамдар барлығына дерлік, табиғаттың қажеттіліктерін шынымен қанағаттандыра алатын жалғыз сенім мен өмір салты болып табылатын Исламды ұсынудың орнына, Қиыр Шығыс наным-сенімдері жаңа пішінде ұсынылды. Бұл әрекеттерді жасап жүрген амалдарды, мұсылмандық түсінігі таяз адамдаржасауда деуге толық негіз бар.
Алланың діні болған Исламнан басқа ешбір сенімнің, амалдың, рәсімнің, йоганың немесе медитацияның адамдардың рухани және физикалық қажеттіліктерін өтеуге күші жетпейді. Бұл жөнінде Раббымыз былай дейді: «Жүзіңді ханиф ретінде дінге бұр. Алла адамзатты қалай жаратқан болса, жаратқан жаратылысына бетін бұрады. Алланың жаратылысында ешбір өзгеріс жоқ. Бұл тура дін…»
Қорытынды: Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла, адамды жаратқанда өзіне сенетін, бақыттың кеңістігінің соңы өзіне баратынын және тәннің де жанныңда рахатын діни сенімге негіздеген. Исламды дұрыс тану, амал ете білу мен сену біздің салауатты өмір сүруіміздің кепілі.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
PhD,
«Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы