Дін дегеніміз – Жол, Өмір жолы. Хақ діннің немесе тура Жолдың белгісі сол – ол Жол ізгілікке, адамшылыққа, Ақиқатқа, бақытқа бастайды. Ол Жол адам өмірінің бар саласын қамтуы керек: тұрмысын, тәнін, ақылын, жан-дүниесін, салт-дәстүрін, қарым-қатынасын тұтас қамтуы тиіс және кез келген жағдай мен заман талабына жауап бере алатын қағидалар мен ережелер, ұстанымдар мен іс-амалдарды өз ішіне алуы тиіс.
Ол Жолдың хақтығының тағы бір өлшемі – адам баласына ортақ шындықтар мен ақиқатты; адам табиғатына сай, болмысымен үндес дүниелерді насихаттауы, ұсынуы тиіс. Енді осы тұрғыдан асыл дініміз Исламға бір назар салайық, шариғатымызға көз тігейік.
Ең әуелі Исламның басты ерекшелігі немесе негізгі тұғыры – таухид мәселесіне келейік: сау ақыл Құдайдың: Жалғыз-Дара-Бір екенін бұлталақсыз мойындайды және ғибадат-құлшылықтың да тек Оған ғана лайық екенін қабылдайды. Өйткені Жаратушы Құдірет те, әлемді басқарып тұрған Мейір-Махаббат та, дұға-тілекке жауап беруші Қамқор Ие де, қалағаны мүлтіксіз орындалатын Патша да, сынақ өмірдің жауабын алатын әділ Қазы да – тек Бір Алла екенін Жүрек түйсінеді, Ақыл біледі (табады)…
Екінші үкім – ата-ананы құрметтеу, ол кісілерге тіпті «түһ/уф» деп те айтпау талабына келсек: бұл да – таза табиғи, яғни адам баласының табиғатына-жан-дүниесіне үйлесімді үкім! Сенің мына өмірге келуіңе себепкер болған, бар тілеуі сенің амандығың мен адамдығыңа байланған, сен үшін ойланбастан құрбан болуға бар, өзінен бұрын сенің қамыңды жеп, сенің бағыңды тілейтін асыл жандарды құрметтеу – жаныңның рахаты, көңіліңнің шаттығы емес пе?! Олардың жан жылуы – қуатың, батасы – қорғаның, олардың разылығы – Алла разылығының кепілі емес пе?! Олардан алған тәлімің – тұғырың, айтқан ақылы – азығың, оларға жасаған қызметің – өлшеусіз сауабың, тіпті олардың ұрысқаны – әдебіңнің ұстаханасы емес пе?!..
Енді шариғаттың туыстық байланысты еш үзбеу, татулықты нығайту, қамқорлық-құрметті күшейту талабына келсек: шыр етіп дүниеге келгенің мен «қыр» етіп қайтқаныңа куә болған, жарылып қуанып, шын жылаған қаны бір туыстарыңды қадірлеу, оларға қамқор болу, қолыңда-жаныңда бармен бөлісу, қайғысы мен қуанышына ортақтасу, абыройы мен айбарына үлес қосу – өмірдің қызуын арттырмай ма, көңілдің жылуын тасытпай ма, жаныңды жадыратпай ма?! Ағайының араз, абысының дүрдараз, балаң бақталас, қатынасың ит пен мысықтай болса – тірлігіңде береке, тіршілігіңде мереке бола ма?!..
Тура осы секілді жұбайыңа адал, бала-шағаңа қамқор, көршіңмен тату, өзіңе талапшыл, өзгеге кешірімшіл, досыңа пейілді, дұшпаныңа әділ, жұмысыңа жауапкершіл, сөзіңе бекем, мінезде көркем, қателікте тәубешіл, сынақта сабырлы, харекетте тәуекелшіл, қарым-қатынаста кішіпейіл һәм көңілге қарағыш, ниетте таза, құлшылықта ықыласты, хақ Жолында қайсар, жасампаздықта белсенді, жақсылық жолында асыққыш болмасаң – өмірде мән, тіршілікте сән бола ма?! Адамдығың-Мұсылмандығың-Қазақылығың қайсы?!..
Осылайша хақ Дінімізде айтылған барлық үкім-талаптарға ынсапты көзбен зер салсаңыз – Жүрек таразысына, Парасат пайымына салсаңыз: шариғат үкімі, тариқат талабы – тек Ізгілікке бастайтынын, Адамшылыққа жетелеп, Ақиқатқа жақындататынын, Бақытқа бөлейтінін мойындайсыз! Діннің – Жол екенін, Шариғат пен Ізгілік – егіз ұғым екенін, Бақыт – Адамшылықта, мақсат – Кемелдікке ұмтылуда екенін, Мұрат – Адам болу екенін мойындайсыз! Мойындау нәсіп болсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ