Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген философиясы терең сөз бар. Шахабаладай асқар таудай асқақ әкеге деген сағыныш Дәуірбаевтар әулетінде жыл өткен сайын жаңғырып, оның азамат ретінде артында қалдырған жақсы істері бүгінде аңыз болып айтыла бастады. Әулеттің асқақ шыңы Шахабаланың көзі тірісінде елге болсын деп қолға алған бастамалары бүгінде жұртшылықтың игілігіне жарап тұр.
Мектеп директорлары Ә.Жылқыайдаров, Т.Ысқақов (Сарысу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі), Қ.Илясов, Ш.Дәуірбаев, Т.Әубакіров, Ж.Уызбаев, Б.Бекмағанбетов.
Біз сөз еткелі отырған Шахабала Дәуірбаев 1921 жылы Сарысу ауданында, Шабақты өзенінің бойындағы Жамантас деген шағын ауылда Дәуірбайдың шаңырағында дүниеге келген. Осы жерде сәл артқа шегініп, алдымен Шахабаланың әкесі Дәуірбай Наурызбаев жайында аз-кем дерек келтіре кетсек.
Кезінде ескіше хат танып, сауатын арттырған Дәуірбай Талас өзені алабындағы, Қаратау беткейлеріндегі бұлақтардан басталатын Ақтоғай, Талдыбұлақ, Шабақты өзендерінің бойындағы ауылдардың балаларын сол маңдағы өзі ашқан алғашқы білім ұясына жинап, шамамен 1928 жылға дейін оқытқан екен. Ал оған жергілікті байлар қаржылай да, малмен де көмек беріп отырған.
Төңіректегі шолақ белсенділердің кесірінен Дәуірбай Наурызбаев өкіметтің көзіне түсіп, қуғынға ұшырапты. Ауыл балаларын оқытуға кірісіп, ел мен жерді қорғауға үндеген отаншылдық, қазақи рухта тәрбие бергені үшін оны органдағылар «халық жауларының» қатарына қосып, соңынан шам алып түскен. Жендеттердің жолға суыт шығып, өзін алып кетуге келе жатқанын Дәуірбай күн ілгері біліп қойып, іргедегі қырғызға қашуға мәжбүр болыпты. Өзімен бірге екі баласын міңгестіре ала шығып, атқа сыймаған ортаншы ұлы Шахабала ауылда қалып қойған екен. Кейін ашаршылық қатты қысып бара жатқан соң оны Дәуірбайдың інісі көрші елге кеткен әкесіне жеткізіпті. Дәуірбай ол кезде қырғыз жерінде ауыл-ауылды аралап, бала оқытып, жасырын жаназа шығарып күнелтіп жүрген екен. Өзімен ала келген екі баласы сияқты Шахабаланы да кейін Жиенбек деген қырғыз танысына тапсырып, өзі жол жүріп кетеді. Сол сапардан оралмаған әкесін сарғая күткен Шахабаланы өмір ерте есейтіпті…
ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары халқымыздың басына нәубет болып келген қанқұйлы кезең еді ғой. Ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылық, саяси репрессия сынды өзегімізге балта шапқан қасіретті шақ талай тағдырдың түбіне жетті емес пе? Тұтас ұлттың басына төнген ауыр кезең сегіз-тоғыз жастағы Шахабаланы да аямады. 1929 жылы әкесін күте-күте жат жұртта жетімсіреп, жырақта қалды. Кейін белгілі болғаны, елде қалған шешесі де сол кездегі аштықтан ажал құшқан екен. Қазақ жерінде Голощекиннің геноциді ойран салған ол күнде Қырғыздың да тұрмысы қайбір оңды дейсің. Қиыншылық қысып, жағдайы нашарлаған Жиенбек те құдай айдап әкелген баланы айдаладағы жапан түзге жалғыз қалдырып, құдайдың өзіне қайта тапсырады. Онсыз да туған жерінде тағдырдың тепкісін аз көрмеген Шахабала жат жұртта да тірі жетім қалады. Сөйтіп екі жыл бойы көше кезіп жүрген жерінен жұрт оны жетімдер үйіне өткізген. Тумысынан зерек бала интернаттағы екі сыныпты үздік бітіріп, төртінші сыныпқа бірден секіреді, яғни 1932–1935 жылы Қырғыз елінің Покровка ауылындағы «Баласары» жетімдер үйінде 4 жылдық мектепті үш жылдың ішінде үздік үлгеріммен оқып шығады. Орта мектепте де сыныптан-сыныпқа өтіп, 1937 жылы бес жылдық біліммен он бес жасында ұстаздық жолын бастайды.
Күндіз өзі оқиды, ал кешкісін әкесімен жасты адамдарға қалам ұстатып, қара танытады, сауатын ашады. Көп ұзамай, 1939 жылы алты жылдық біліммен Бішкектегі орыс тілі пәнінен мұғалім даярлайтын курсқа қабылданып, оны үздік оқып шығады. Сөйтіп сол жылы-ақ өкіметтің жолдамасымен Қырғызстанның Жалал-Абад облысына қарасты Кетментөбе ауданындағы Жаңарық ауылдық бастауыш мектебіне жұмысқа орналасып, келесі жылы қатарынан екі бірдей мектепте – «Жаңажол», «Арал» ұжымшарларындағы бастауыш білім ордаларында орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын жалғастырады. Ал соғыс оты тұтанар тұста, 1940 жылы ол Жаңажол бастауыш мектебінің меңгерушісі болып қызметі жоғарылады. Себебі сол жылы мектеп меңгерушілері әскерге алынып, кейбірі сырқаттанып, кадр тапшылығы туындапты. Небәрі 20 жастағы сауатты да білікті, елгезек ер жігіттің майданға жіберілмей елде қалғаны да түсінікті. Тылға да тірек, ауылдағы тұрмысқа да ие болар азамат елде қалу керек шығар. Мектеп меңгерушілігі мен ұстаздықты қатар алып жүрген Шахабала Дәуірбайұлы 1943 жылдың 22 шілдесіне дейін «Жаңажол» ұжымшарында оқушылар бригадасын басқарды.
Сол күні ол Жалалабадтағы әскери комиссариатқа барып, өзі сұранып, Отан қорғау үшін әскер қатарына алынды. Алғашында әскери училищеде курсант болды, кейін майдандағы атқыштар полкына түсті, 1945 жылдың маусымына дейін 156-ерекше конвой батальонда әскери міндетін өтеді. Жеңістен кейін де Қарулы күштер қатарында әскери міндеттен бөлек, кеңсе қызметтерін де тиянақты атқарды. Шахабала Дәуірбайұлы Қарулы күштер қатарына қажет болған соң, әскерден тоғыз ай кешіктіріліп босатылыпты.
Сөйтіп, 1946 жылы қыста партия қатарына кандидат болып қабылданды. 1947 жылы елге оралып, «Коммунар» ұжымшарында мұғалімдік еңбек жолын қайта жалғады. 1950 жылы Шымкенттегі пединститутқа түсіп, 1953 жылдан бастап Сарысу ауданындағы бірқатар мектепте мұғалім, оқу меңгерушісі, директор болған. 1954–1983 жылдар аралығында Ақтоғай ауылындағы С.Орджоникидзе атындағы мектептің директоры қызметін атқарып, сол жерден 1983 жылы зейнетке шығады.
Десе де зейнетке шықтым екен деп қарап отырмай, Шахабала Дәуірбайұлы 1993 жылға дейін ұстаздығын жалғастырып, ауыл мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен білім беріп келген.
Жас ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі демеушілік, қамқоршылық жасап отырған. Ақтоғайдағы мектептің бақшасын тал-дараққа, жеміс ағашына толтырып, алманың түр-түрін ектіріпті. Жемісін балаларға жинатып, Жаңатас қаласына саудалап, түскен қаржыға мектептің жыртығын жамап, жөндеу жұмыстарына жаратып отырған.
1993 жылы педагогикалық мансабын ресми түрде тәмамдаса да, тағы екі жылдай мектепке ара-тұра көмек қолын созып тұрған, яғни декреттік демалысқа шығып, я болмаса әлдебір жағдаймен, не ұзақ уақыт ауырып, жұмыстан қол үзіп қалған ұстаздардың орнын жоқтатпай, арасында оқушыларға сабағын беріп келіпті. Көзін көргендер ол кісінің еңбекқорлығымен, адалдығын, адамгершілігімен қасықтап жинаған абырой-беделі аудан асып, аймаққа тарағанын үнемі айтып жүреді. Бір сөзбен айтқанда, Шахабала Дәуірбаевтың ауылдың қамы үшін мектептің отымен кіріп, күлімен шығуға жанын аямай еңбек еткен перзент екенін ұқтық.
Марапаттары да – бір төбе. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озат қызметкерінен бастап, педагогтердің есіл еңбегін елеп, ынталандырып, қанаттандырып тұратын төсбелгі, марапат атаулының әр жылдары талайын еншілеген. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде де, одан кейінгі еңбек майданында да кеудесіне таққан орден, медальдары да елдікінен кем емес. 2001 жылы 2 қазанда Шахабала Дәуірбайұлына жерлестері «Ақтоғай ауылының құрметті азаматы» атағын беріпті. Бәрінен жоғары тұратыны – ауылдастарының ұстазға деген шынайы алғысы, айрықша құрметі. «Алаш баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп, алаш қайраткерлері Шахабаладай атпал азаматқа қарап айтса керек. Ал ауылдас ел-жұрт та Шахабала десе жаны қалмай, қолға алған тірлігінің төңірегіне топтасып, қашанда қасынан табылған. Айтпақшы, Шахабаланы көпшілік негізінен атын атамай, асқақтатып «ағай» деп атап кеткен екен.
Сарысу ауданының құрметті азаматы, Тараз қалалық ардагер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова Шахабала Дәуірбайұлының ашаршылық пен соғыстан кейінгі азапқа толы ауыртпалықпен арпалыса жүріп өрілген өмір жолы, саналы ғұмыры кейінгі толқынға үлгі де, өнеге де боларлық айтулы азамат екенін риясыз көңілмен жеткізді.
«Ұлт даналығын жадына түйіп, терең ойлы тұлғалар қатарынан өзіне лайықты орын тапқан, талабы таудай, көкірегі ояу, өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге боларлық азаматтар өмірден өтсе де, соңында өшпейтін із қалдырады. Сондай жанның бірі де бірегейі – Сарысу топырағында туып-өскен, соғыс және еңбек ардагері, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, кесек мінезді, болмысы бөлек, еңбегі ерен, халықтың, ағайын-туғанның, дос-жаранның жүрегінде жарқын істерімен сақталып қалған асыл азамат Шахабала аға Дәуірбаев десем, қателеспес едім.
Мен Шахабала ағаймен 1970 жылдан бастап қызмет бабында араласа бастадым. Сонда байқағаным Шахабала ағай өмірде көргені, көкейге тоқығаны көп, өте кішпейіл, еңбекшіл, мейірімді, адамгершілік, іскерлік қасиеттерімен ерекшеленіп тұрушы еді», дейді К.Әбдікешова.
Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Ақділда Диханбай да кезінде өзіне сабақ берген ағайымен, Шахабаладай атпал азаматпен кейінірек әріптес болғанын үлкен бақытқа балап, үнемі мақтан етіп айтып жүреді. Ол 1982–1983 оқу жылында С.Орджоникидзе атындағы сегіз жылдық мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрған екен.
«Мектеп басшысы ретінде Шахабала ағайымыз көпке үлгі боларлық дәрежеде еңбек етті. Ауыл мектебін отыз жылға жуық басқарды. Мектеп аудандағы білім ордалары арасында тәлім мен тәрбие беру сапасы бойынша үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Өйткені Шахабала ағай басшы ретінде өте талапшыл, жауапкершілігі мол, батыр Бауыржан өсиет еткен «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағиданы қатаң ұстанды. Тапсырылған істі орындалғанға дейін тыным таппай қадағалап, ақыл-кеңесін аямайтын. Ағай жұмыс аптасының қай күні, қай уақыты болсын мектептен табылатын», деп еске алды еңбек ардагері Ақділда Диханбай.
Өмірінің 60 жылын білім саласына арнаған Шахабала Дәуірбайұлының арманы ауыл мектебіне үш қабатты жаңа ғимарат тұрғызу болған екен. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тоқырауға тап келген тұралаған тұрмыс енді ғана басталған мектеп құрылысына да соққы болып тиген. Әйтеуір ел еңсесін тіктеген 2000 жылдары мектеп құрылысы қайта жанданып, 2003 жылдың қара күзінде есігін елге айқара ашыпты. Онда да Шахабала ағайдың әкімшіліктің табалдырығын тоздырып, аудан, облыс әкімдеріне өтініп, ақыр аяғы Президентке қайта-қайта хат жазуының нәтижесінде құрылысқа жан біткен екен. Сол күннің куәгерлері жаңа мектептің лентасы қиылған сәтте Шахабала ағайдың қатты толқып, жүрегі қарс айрылардай қуанғанын көріп, қосыла шаттаныпты. Бұл оның ұстаздық ғұмырындағы ақтық арманы болған екен.
Шахабала Дәуірбаев 2005 жылы 5 шілдеде 84 жасында дүние салды. Өзінен тараған ұрпағы бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырағын жайып, өсіп-өніп отыр. Аяулы жары Маржанкүл әже екеуі 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеген үлгілі отбасы болды. Олардан өрбіген ұрпақ – жоғары оқу орындарын бітіріп, бірі инженер, дәрігер, бірі мұғалім мамандықтарын игерген елге, халыққа сыйлы азаматтар.
Ақтоғайлықтардың ендігі мақсат-мұраты – елге қадірлі тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру. Сарысу ауданы Ақтоғай ауылындағы орта мектеп Шахабала Дәуірбайұлының атымен аталса, нағыз әділетті, сауапты іс болар еді деген ақтоғайлықтардың бастамасы расында қолдауға тұрарлық. Ол мектеп – ауылда «Ағай» аталып кеткен азаматтың таза еңбегімен, перзенттік пейілімен аялаған алтын ұясы.
Жасұлан БАҚЫТБЕК