Жастық шақ – әрбір адамның өміріндегі ең бақытты кезеңі. Өйткені бұл балғын кезеңді асуларды алып, белестерді бағындыратын мүмкіндік деп білген жөн. Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзетін күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең.
Жастардың дұрыс жолда болуы – үмбеттің саулығы. Кез келген халықтың болашағын жастарына қарап білуге болады. Егер жастар ғылым-білім, имандылық, салауатты өмір салтын ұстану жолында болса, онда ол елдің болашағы бар. Ал жастары нәпсі жетегінде кетіп, азғындыққа белшесінен батса, ондай елдің болашағы жоқ.
«Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ, ал қалғаны қисық таяқ болады». Яғни қазақтың әрбір жас жеткіншегі қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен ұмтылуы керек.
Құранда Алла жастық шақты екі әлсіздіктің арасындағы кезең деп сипаттайды. Екі әлсіздік деп балалық шақ пен адамның кәрілік кезеңін меңзейді. Құран Кәрімде: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң (буындарынды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – делінген («Рум» сүресі, 54-аят). Балалық шақ әлі жетілмеген кезеңі болса, кәрілік – адамның жетілген және қуаты кеткен кезеңі. Адамның негізгі өмірі – осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де – осы екі әлсіздіктің ортасындағы куатты кезең.
Жастық шақты ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың тілімен айтсақ, «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» болатын уақыт. Иә, қарап отырсақ, бойына имандылықты сіңірген бабаларымыз ерте есейіп, елдің ертеңін ойлады. Бірін-бірі жігерлендіріп, жақсылықтың жаршысы бола білді. Сол бабаларымыздың жастық шағы құр ойын, бос күлкімен емес, естіліктің үлгісімен қалыптасты. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық, – деп заманындағы жастарды арсыздықтан сақ болуға шақыруда. Міне, бабаларымыздың мұншалықты жалынды жастық шаққа мұқият көңіл бөлуі бекер емес.
ХХ ғасырдың басында ерекше белсенділігімен тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының басым бөлігі жастар болатын. Олар ғасырлар бойы бодандықта болып келген елдің жағдайына жайбарақат қарамай, біліммен қаруланып, азаттық үшін күресті. Алғашқы қазақ жастар ұйымының жетекшілерінің бірі Смағұл Сәдуақасұлы былай деп жазады: «Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірліктің» мақсаты оның бағдарламасында айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтжандылық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау».
Жастар – қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші. «Асыл тастан, ақыл жастан» дегендей, қай қоғамда да жастар жаңаруға, жақсаруға ұмтылып, негізгі қозғаушы күшке айналған. Асыл дініміз Ислам да жастарға ерекше маңыз береді.
Жаратқан Жаббар Хақтан уахи түскенде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасы қырықта болатын. Ал насихатына еріп, иманға келгендердің басым бөлігі жастар еді. Алғаш иман келтірген кезде Әлидің (оған Алла разы болсын) жасы 8-де, Талха ибн Убайдулла 11-де, Абдулла ибн Масғұд 14-те, Сағыд ибн Әбу Уаққас 17-де, Зубайр ибн Аууам 18-де еді. Бұлардың барлығы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мектебінің парасатты да, алғыр түлектері болатын. Әуелі Алланың қалауымен, сосын сол жастардың жұмыла күш салуымен Хақтың қасиетті сөзі, яғни Құран Кәрім кітабымыз шартарапқа жайылды.
Асыл дінімізді насихаттаған кезде де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастардың орнын ерекше бағалаған. Бір хадисінде: «Жастар маған көмектесті…» деп ерекше атаған. Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе талқылағанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойы жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған.
Сондай-ақ жастықтың ең қайталанбас кезі – бос уақыт. Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен жаратылған. Әрбір іс белгілі бір өлшеммен белгіленеді. Сол өлшемнің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған сәтте қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырындағы мәселе. «Ең ізгі амал қандай?», – деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақыты кірісімен оқылған намаз», – деп жауап берген екен. Бұл Ислам дінінде құлшылықты орындауда уақыттың басты негіз етіп алынатынын аңғартады. Уақыт кірмейінше, намаз оқылмайды. Уақытында үлгермесе, намаздың қазасы өтеледі. Уақтылы оқылған намаздың сауабы өте мол.
Белгілі бір іспен айналысу – адам баласы үшін аса қажетті дүние. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай хәкім айтпақшы, адамның бос отыруы – лағынеттелген шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. «Өмірің әлі алда, уақытың болса жеткілікті, еш асықпа» деп күнде құлағыңызға неше келіп сыбырлап, түрлі ойлар салумен, іске аспас армандармен алдандырады, азғырады. Сондықтан баршамыз мұндай азғырудан сақ болуымыз керек. Жалпы, мұсылманның өмірінде бос уақытқа орын қалмауы тиіс. Қожа Ахмет Ясауи: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген. Негізінде жұмысы көп адамның жамандықты жасамақ тұрмақ, ойлауға да мұршасы келмесі анық.
Байқасаңыз, дәстүрлі дініміз Исламда ұзақ уақыт демалыс жариялау кездеспейді. Тіпті мейрамдардың өзі де санаулы ғана. Мереке күндері де бос қарап жату жоқ. Таң атысымен мешітке барып, айт намазын оқиды. Мұндай күндері айттау, құрбандық шалып, етін тарату, туған-туыс, көрші-қолаңның хал-жағдайын білу, мерекемен құттықтау істері, т.б. жүзеге асырылады. Біле білгенге бұлардың қай-қайсысы болмасын, үлкен
сауапты іске жатады. Қазіргі жастарға ең қауіпті нәрсе – айналысатын ісінің болмауы, уақытын босқа кетіруі. Адам баласына сынақ ретінде берілген уақытты бос және пайдасыз істермен өткізбеуіміз керек. Керісінше оны тиімді пайдалану – мұсылманның басты міндеті. Сөзі мен ісі қабысқан шынайы мұсылманның пайдасыз істерден аулақ жүретіні анық. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Мүминун» сүресінің 3-аятында: «Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді», – делінген. Осы сүре арқылы Алла Тағала мұсылман адамды өзі үшін де, қоғам үшін де пайдалы істермен айналысуға шақырады.
Шынында, Асыл дінімізден бос уақыт ұғымын кездестіре алмайсың. Қасиетті Құранда мұсылманға бос уақытқа орын қалдырмау, Аллаға ұдайы құлшылық жасау туралы көптеп айтылған. Құранның «Шарх» сүресінің 7-8 аяттарында: «Босағаныңда дереу қайта жұмысқа кіріс. Раббыңа құлшылық жаса», – делінген. Имам Шафиғи өзінің бір сөзінде: «Уақыт – қылыш. Егер сен оны кеспейтін болсаң, ол сені кеседі», – деген екен. Демек, кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі қауіпті жағдайларға ұласуы мүмкін. Өйткені, зерттеу нәтижелерінің көрсетуінше, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, жаман қылықтарға үйір болу, қылмыс жасау, моралдық азғындау мәселелері адамның не істерін білмей, бос жүрген кезінде көп кездеседі екен. Ұзақмерзімді жазғы демалыс кезінде жастар мен жасөспірімдердің бос уақытында оларға үлкендер тарапынан қадағалау күшейтілмесе, айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін.
Түрлі жамандықтан сақтанудың жолдары ретінде мұсылман адамға кітап оқып, білімін арттыру, аят, хадис, дұға жаттау, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындау, туыстарын зиярат ету, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесу, жақсылық жасау, мамандығын жақсы игеру, намазының қазалары мен қарыздарын өтеу, араз адамдардың арасын татуластыру, т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсау ұсынылуы керек. Өйткені, өмір − шектеулі, уақыт − қысқа. Ибн Ақил ешқашан уақытын бос жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кезімде аяқты созып құр жатқаннан гөрі, терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналысам. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»… Айтқанындай, осыншалықты ынтасының арқасында ол ғылымның 20 шақты саласында өте құнды еңбектер қалдырды.
Біле білгенге уақыт – мүмкіндік. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: мүмкіндік және денсаулық» деп ескерткен (Бұхари). Жаратқан Алла Тағала жастарымызды екі дүниені тең ұстай білетін, өмірін игі істерге арнайтын және айналасына жақсылық нұрын шаша білетін пенделер қатарынан болуды нәсіп еткей!
Бағыжан КҮЗЕКБАЙ,
ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл