Түркі елдерінің түпкі төрі атанған Түркістанда арақ-шарап сатуға тыйым салына ма? Kazinform тілшісі мәселені зерттеп көрді.
Депутат ұсынысы
Түркістанды арақсыз қалаға айналдыру мәселесі біршама уақыттан бері күн тәртібінен түспей келеді.
Бірінші болып облыстық ақсақалдар алқасы қолға алған мәселе жуырда Парламент Мәжілісінде де көтерілді. Депутат Ардақ Назаров Түркістанды арақсыз қалаға айналдырсақ деген ұсынысын жеткізді.
Халық қалаулысының бұл бастамасына қолдау білдірушілер де, қырын қараушылар да болды.
Әрине қоғам болған соң түрлі көзқарас болары анық. Ал шын мәнінде ерекше мәртебесі бар рухани астана халал қала атағын иелене ала ма?
Түркістан облыстық кәсіпкерлік палатасы ұсынған мәліметке сүйенсек, қалада 180-ге жуық тамақтану орны бар.
131 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі арақ-шарап сатуға рұқсат алған.
Сондай-ақ, қалада 38 тойхана жұмыс істейді. Түркістандағы кей тойханаларда аптаның жеті күнінде де той өтеді. Ал тойдың арақ-шарапсыз өтпесі анық.
Ішімдікке тәуелді түркістандықтардың саны 2 есе артқан
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында 2023 жылы 1314 тұрғын емделген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1403-ке дейін өскен.
Ал, Түркістан қаласы бойынша 2023 жылы 19 адам есепке алынса, 2024 жылы 43 түркістандық тіркелген.
Есепте тұратын қала тұрғындарының саны да өсіп отыр. Яғни, 2023 жылы 179 жергілікті тұрғын есепте тұрса, 2024 жылы олардың саны 213-ке жетті.
Бұл Түркістанда ішімдікке сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Сондай-ақ облыста жыл сайын 1 мыңға жуық адам мас болып көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылады. 2023 жылы осындай тұрғындардың саны 969-ға жетсе, былтыр 936 болған. Бәрі де сот шешімімен 7 жыл бойы көлік жүргізе алмайды.
Жалпы қаланы арақсыз қалаға айналдырудың тиімді және тиімсіз тұстары қандай? Бұл бойынша зиялы қауым мен сала мамандарының пікірін тыңдап көрдік.
7 жылдан бері осы бастаманы көтеріп келеміз — ақсақал
Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов келешекте Түркістан арақ-шарапсыз қалаға айналуы керек деп біледі.
— Біз Түркістанды арақ-шараптан ада қалаға айналдырайық деген мақсатпен 2018 жылы және 2022 жылы облыс халқына үндеу тастап, бастама көтердік. Үндеуіміз газеттерге жарияланды. Парламентке де жаздық. Өзіміз де қарап отырмай осы бағытта жұмыс жүргіздік. Нәтиже ақырындап шыға бастады. Өткен жылы облыс аумағында арақтан бас тартқан елді мекендер саны еселеп артты. Ол ауылдарда той-жиындар ішімдіксіз өтеді. Түркістандағы 3 супермаркет пен 25 дүкен арақ-шарап сатпайтын болды. Сауран ауданына қарасты 11 ауыл арақсыз ауыл статусына ие болды. Қазір де кей дүкен иелері арақ сатпайтын болдық деп хабарласып жатыр. Ал, кейбір кафе-тойханалар халалға айналды, — дейді Жарылқасын Әзіретбергенов.
Жуырда облыс және қала әкімдерінің қатысуымен ақсақалдар алқасының жиыны өтеді деп жоспарланып отыр.
Сол жиынның да күн тәртібіне Түркістанды арақсыз қалаға айналдыру мәселесі қойылмақ.
Ал, Түркістан қаласының бас имамы Талғат Сейдалиев ақсақалдар көтерген бастамаға имамдар да қолдау көрсетіп отырғанын айтты.
— Әрине Түркістан арақсыз қалаға айналса дейміз. Біз де бұл бағытта жұма күнгі уағыздарымызда жиі айтып отырамыз. Арақ ішудің, сатудың, алып келген адамның үлкен күнәға бататынын түрлі мысалдармен түсіндіреміз. Жастарға жаман жолға түспеу керектігін айтып ақыл-кеңес береміз. Қазірдің өзінде облысымызда көп ауылдар арақтан бас тартып жатыр. Түркістанның да арақсыз қалаға айналуы қиын емес деп ойлаймын. Бұл жерде тек ниетті дұрыстасақ көп іс тындыруға болады, — дейді бас имам.
Түркістанға ағылған туристер легі азайып кетпей ме?
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті менеджмент және туризм кафедрасының профессоры, PhD доктор Дінмұхамед Келесбаев мұсылман екенмін деп біржақты эмоцияға берілмеу керектігін айтады.
— Мұның көптеген әлеуметтік, экономикалық салдары бар. Бүгінде қоғамда рухани туризм деген сала дамып жатыр. Мәселен, Түркиядағы Конияға, Еуропадағы Ватиканға, Үндістандағы мүсіндерге, Қытайдағы храмдарға халық тек сыйыну үшін бармайды, туристер сол руханиятты көру үшін барады. Сол жердегі мүсіндер мен ғимараттарды, діни танымдық нысандарды, сәулет өнерлерін тамашалайды. Бұл да туризм. Ең бастысы жергілікті халықтың экономикалық жағдайына оң септігі тиіп жатыр. Түркістанның да сондай тұсы бар. Түркістан — қазақ халқы мен түркі әлемі үшін үлкен рухани орталық. Тіпті Екінші Мекке деп атайтындар бар. Сонымен бірге бұл туристік шаһар. Қазақстанның ішкі туризмін дамытып отыр. Қала берді Орта Азия, Түркі дүниесінің туризм орталығы саналады, — дейді ғалым.
Оның айтуынша, бүгінде Түркістан туризм орталығы ретінде өте жақсы дамып келеді. Ал егер ішімдікке тосқауыл қойылса, қала таза діни жабық орталық секілді болып қалады. Бұл турист тартуға өте үлкен кедергі.
— Сонымен қатар, бюджеттің экономикалық түсімін де азайтады. Бүгінгі күнге дейін Меккеге тек қажылық визасы берілетін. Бұл Меккеге барушыларды шектейтін. Діни талаптары болғандықтан виза алу қиын еді. Қазір оны араб мемлекеттері түсінді де, туристік визаны енгізді. Яғни, қазір туристік визамен де кіші қажылыққа барып-келуге болады. Жалпы Түркістан қаласының тұрғыны, экономист маман ретінде Түркістанда ішімдікке шектеу енгізуге әлі ерте деп ойлаймын. Халықтың менталитеті, қаланың экономикалық жағдайы бар, шағын және орта кәсіпкерлік саласы, ішкі және сыртқы туризм жайын, жалпы барлығын елеп-ескеріп, жан-жақты қарау керек, — дейді экономист-ғалым.
Арақ-шарапты жасырып сататындар көбейеді — кәсіпкер
Түркістандық кәсіпкер Индира Қуатова адами тұрғыдан алғанда мұны дұрыс мәселе деп санайды. Дегенмен, кәсіпкерлік тұрғыдан қарағанда екінші жағын көреміз.
— Арақ-шарап сатылмасын дегенмен оны тығып сатушылар көбейеді. Себебі жұмысшыларға жалақы береміз, салық төлейміз, жалпы шығын көп. Ал, біздегі табыстың басым бөлігі ішімдіктен түседі. Сондықтан бұл біріншіден салықтың түсуіне кері әсер етеді. Соңында көлеңкелі экономика дамып, сыбайлас жемқорлыққа ұрындырады. Жалпы, Конституцияда елдегі барлық адам тең құқылы деп көрсетілген. Сол себептен бұл адам құқығын, кәсіпкерлердің құқығын бұзушылық деп айтсақ та болады. Сондықтан, кәсіпкерлер Түркістанды арақсыз қалаға айналдыруға қарсы деп ойлаймын, — дейді Индира Қуатова.
Бүгінде Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі кезде облыста 30-ға жуық ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартқан.
Мәселен, бір ғана Сайрам ауданында мұндай ауылдардың саны 10-ға жетіп отыр. Олардың қатарында Шіркін, Ошақты, Құрлық, Таскешу, Әсіларық, Сарыарық, Тоған, Теспе, Ханқорған, Құтарыс ауылдары бар.
Мұнда орналасқан дүкендерде арақ-шарап сатылмайды. Жиын-тойлар халал өтеді.
Сондықтан болар, жыл бойы бір де бір қылмыс тіркелмеген. Тың идеяға жергілікті ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері ұйытқы болып отыр.
Түркістандық қариялардың бастамасы іске асса, Түркістан еліміздегі тұңғыш арақсыз қала болары анық.