Елдік мүддені жүзеге асыруға елеулі үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Осы орайда ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілхановпен сұхбаттасқан едік.
– Марат Алмасұлы, биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі белесі. Осы орайда ҚХА-ның елдікті нығайтудағы рөліне тоқталсаңыз.
– Иә, наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осынау жылдар ішінде Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік ету құқығы бар конституциялық институтқа айналды. Өзіне жүктелген негізгі миссияны орындап, қоғамда этносаралық тұрақтылық негізін құраушы фактордың бірі екенін дәлелдеді. Бұл елімізге әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді салиқалы, дәйекті және үйлесімді жүзеге асыруға, елдіктің тұғырын нығайтуға құруға мүмкіндік берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды», деп атап өтті.
Осы жылдар ішінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саясаты инклюзивті сипатта болды және қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. ҚХА қызметінің негізгі нәтижесінің бірі – этностардың біртұтас Қазақстан халқы ретінде үйлесімді интеграциялану үдерісі.
Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттілікті қалыптастырып, нығайтудың, дамытудың маңызды тетігі. Мұны татулық пен келісім саясаты дәлелдеді. Ассамблея құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдарда ел этностарының мүдделерін білдіруді көздесе, қазір ол мақсат пен міндет тұтастығын көздейтін азаматтық қағидатында, сондай-ақ ортақ біріктіруші құндылықтар негізінде этностарды біртұтас халық ретінде одан әрі интеграциялау жұмысын жалғастырып келеді. Конституциямыздың «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып…», деп басталатын кіріспесіне сәйкес этносаралық қатынастарды үйлестіру жетістігі – ҚХА қызметінің елеулі үлесі.
– Әңгіме басында ассамблеяның алғаш құрылғаннан кейінгі бағыты қоғам дамуына сай жетіле түскенін атадыңыз. Кезең-кезеңімен жүзеге асқан осы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Жалпы, елімізде татулық пен келісім саясатын іске асыруға ассамблеямен қатар барлық орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес бірлестіктер тартылған. Осы жылдар ішінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың заңнамалық, мемлекеттік-басқарушылық, қоғамдық және басқа да институционалдық тетіктері құрылды.
Бұл күрделі эволюция Ел бірлігі доктринасында, ҚХА-ның даму тұжырымдамасында және қоғамның даму үдерісінде бірнеше рет жаңартылған басқа да құжаттарда көрініс тапты.
Елімізде этносаралық келісім мен бірліктің бірегей моделін қалыптастыру мен дамытуды негізгі бес кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең (1989-1995 жылдар) 1995 жылы Конституцияның қабылдануы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қалануы аясында этномәдени бірлестіктер құрудан бастап, ел бірлігін нығайтудың Қазақстан моделін заңнамалық және институционалдық ресімдеу іс-шараларын қамтиды.
Екінші кезеңде (1995-2002 жылдар) азаматтық қағидаты мен еліміздегі этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау құндылықтарының үйлесімді жарасымы негізінде бірегейліктің негізгі параметрлері айқындалды. «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» тұжырымдамасын (1993 жыл) және Қазақстан Республикасы мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру тұжырымдамасын (1996 жыл) жүзеге асыру негізінде қоғамды мемлекет құрушы халықтың – егемендіктің, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің иесі және ел тағдыры үшін тарихи жауапкершілік жүктелген қазақ халқының айналасына топтастыру қамтамасыз етілді.
Қоғамда этностық және конфессионалдық қатынастарды саясиландырудан бас тартуға қатысты түбегейлі азаматтық-саяси консенсусқа қол жеткізілді.
Үшінші кезең (2002-2007 жылдар) этносаралық қатынастардың Қазақстан моделін қалыптастыру жөніндегі нысаналы саясатқа негізделді. Бірқатар бағдарламалық құжаттар – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2011 жылға дейінгі стратегиясы, Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Этносаралық және конфессияаралық келісімнің 2006-2008 жылдарға арналған қазақстандық моделін жетілдіру бағдарламасы әзірленіп, қабылданды.
Төртінші кезең (2007-2019 жылдар) қоғамның интеграциясы мен мемлекеттік этносаясаттың Қазақстан халқының ұлттық бірлігін нығайту саясатына көшуін қамтиды. Осы кезеңде, 2007 жылы «халықтар ассамблеясы» атауынан «халық Ассамблеясына» ауысты. Бұл – еліміздің этностық ландшафындағы түбегейлі өзгеріс. 2010 жылы Ел бірлігі доктринасы қабылданып, ол барлық азамат үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануға негізделген ұлттық бірлікке қол жеткізуді стратегиялық басымдық ретінде анықтады.
2020 жылдан бесінші кезең басталды. Бұл белесте этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру саласы институционалдық және талдамалық тұрғыдан нығайды, сондай-ақ ҚХА қоғамдық құрылымдары жан-жақты дамыды.
Бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. «Қоғамдық келісім» РММ министрлік қарамағына берілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа даму тұжырымдамасы бекітілді. Осынау маңызды құжат этностарды интеграциялау, бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті дамыту, елдегі татулық пен келісімді қамтамасыз ету салаларындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын қоғамда іске асыру жұмысын ұйымдастыруға бағытталған. ҚХА-ның алуан түрлі қоғамдық құрылымдары ауқымды әлеуметтік және ақпараттық алаңдарға қолжетімді тиімді коммуникацияны қамтамасыз етіп отыр.
– ҚХА-ның жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Өзіңіз атап өткендей, қазір оның аясында бірнеше құрылым бар. Олардың атқаратын қызметі қандай?
– ҚХА-ның мыңнан аса этномәдени бірлестіктері, институттары және бірқатар қоғамдық құрылымдары мен жобалары бар. Тарқатып айтсақ, бір жарым мыңнан астам Аналар кеңесі, мыңнан астам Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі, елдегі қайырымдылықты дамытуға белсенді жәрдемдесетін меценаттар мен қайырымдылық жасаушыларды, волонтерлерді біріктіретін «Жомарт жан» орталықтары, ҚХА медиация кеңестері, Жас ғалымдар клубы, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі және ЖОО мен ҒЗИ-да жұмыс істейтін ҚХА-ның жиырмаға жуық ғылыми-сарапшылық топтары, Кафедралар қауымдастығы, Шығармашылық ұжымдар қауымдастығы, еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін 34 Достық үйі Ассамблея институты аясында елдік мақсатқа қызмет етіп келеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өзгерістердің маңызды бағыты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту. Қоғамда әділеттілікті орнықтыру идеологиясын ілгерілету мен жүзеге асыру – елдің барлық қоғамдық күштерінің, оның ішінде ассамблеяның аса маңызды міндеті. ҚХА-ның әрбір құрылымдық бөлімшелері осы маңызды іске жан-жақты үлес қосып отыр.
Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық бірегейліктің мәнін жан-жақты ашып, оны бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік сияқты құндылықтар негіз болатын жаңа қоғамдық этика призмасы арқылы айқындады. Азаматтық бірегейліктің дәл осылай тұжырымдалып, Президент бастаған ауқымды саяси реформаларда айшықталуының маңызы ерекше.
– Еліміздегі саяси реформаларда ҚХА қызметі де қамтылғаны белгілі. Осы өзгеріс пен жаңашылдықтың нәтижесін білсек…
– Қазақстанда қысқа мерзімде жүргізілген ауқымды реформалар негізінде саяси жүйемізде үлкен өзгерістер болғаны белгілі. Елдегі басқару жүйесі қоғамның сұранысына бағдарланып, азаматтардың елдік шешімдерге тікелей қатысуына мүмкіндіктер ашты.
Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіндегі сұхбатында: «Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар – азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия. Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты» деп атап өтті.
Дамудың жаңа кезеңінде саяси институттар мен мемлекеттік басқаруды реформалаудан – қоғамның өзін, қоғамдық құндылықтар жүйесін және жалпы қоғамдық сананы реформалауға көшу жүріп жатыр. Бұл тұрғыда еліміздегі барлық этностардың, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, ассамблеяның осы тарихи өзгерістерге белсене атсалысуы маңызды.
Реформалар парламенттік өкілдіктің жаңа құралына ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясына да әсер етті. Бүгінгі таңда ҚХА ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы тағайындайтын Парламент Сенатының 5 депутаты заңнамалық деңгейде байланысты қамтамасыз етуге, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға және ассамблеяны этностар мүдделерінің жиынтығы ретінде ұсынуға шақырылды.
Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел – бір мүдде» атты жаңа депутаттық бірлестік құрылды. Оның ерекшелігі – бұл топ палатааралық. Бұрынғыдай тек Мәжілісте жұмыс істемейді. «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының құрамына Парламенттің 30 депутаты кіреді. 10 депутат – Сенаттан, 20 депутат – Мәжілістен.
Ассамблея депутаттарының заң шығару қызметіне қатысуы этносаралық және конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтуға, этностық факторды, қоғамдағы экстремизм мен радикализм көріністерін саясиландыруға жол бермеуге көмектеседі. Қазақ халқының мәдениеті мен тілін дәріптейтін азаматтық және рухани-мәдени қоғамдастық негізінде Қазақстан этностарын шоғырландыру жолымен патриотизм мен бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Тағы бір ілкімді қадам – ҚХА мүшелері Ұлттық құрылтай құрамында да белсенді жұмыс істейді. Реформаларды іске асыруда Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары», этномәдени бірлестіктер, ҚХА-ның барлық мүшелері белсенді рөл атқарады.
– Ассамблеяны жұртшылық қоғамды жұмылдырушы тетік деп санайды. «Бір жағадан бас шығаратын» кезеңдерде ҚХА-ны іздейді. Қазір ұйым осы миссияны лайықты атқарып отыр ма?
– Әрине, ассамблея – үлкен күш. Қоғамдық келісім мәселесін құндылық ретінде қарастыратын жанның бәрін бір мақсатқа жұмылдырып отырған ұйым. Көпшілікті ортақ іске бастау, ілкімді іс шараларға ұйытқы болуы – негізгі бағытымыздың бірі. Осы тұрғыда жаңа қоғамдық этиканы және «Бірлік пен ынтымақ» басымдығын ілгерілету шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық қызметіне ерекше назар аударылады. Барлық өңірлерде ҚХА құрылымдарының қайырымдылық саласындағы жұмысын үйлестіретін «Жомарт жан» орталықтары құрылды. Олар көмекке аса мұқтаж жандарға қолдан келген көмегін беріп жатыр.
Мысалы, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету және қолдау бойынша ҚХА ауқымды жұмыс жүргізді. Біздің «Жүректен – жүрекке» жалпыреспубликалық жобамыздың аясында барлық Достық үйінде ҚХА штабтары, волонтерлер орталықтары, гуманитарлық көмек қабылдау пункттері құрылды. Зардап шеккен өңірлерге 1 700 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және қажетті тауарлар жіберілді. Көлік және арнайы техника тартылды. Көрсетілген гуманитарлық көмек көлемі 805 млн теңгеден асты, гуманитарлық акциялар мен қалпына келтіру жұмыстарына 12 мыңнан астам ҚХА волонтері тартылды. ҚХА мүшелері мен меценаттар қаражатына су тасқынынан зардап шеккен өңірлер отбасыларының меншігіне 90 млн теңгеге жуық сомаға дайын тұрғын үйлер сатып әперілді. Ассамблея мүшелері зардап шеккен отандастарға айрықша жанашырлықпен қолдау көрсетті. Бұл – барша халқымыздың бірлігі мен ынтымағы қағидатын жүзеге асырудың нақты көрінісі.
Ассамблея жұмысының жаңа тұжырымдамасы елімізде азаматтық саяси ұлтты интеграциялау және қалыптастыру үдерісіне этностар мен олардың қоғамдық бірлестіктерін белсенді қатыстыруға бағытталған. Бүгінгі басты міндет – этносаралық өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу, оның негізін қоғамның азаматтық мүдделері құрауға тиіс.
Ассамблеяның миссиясы – бүкіл елмен бірге үйлесімді, әділетті, тұрақты қоғам құру. ҚХА осы мақсатты кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
– Мерейлі жыл аясында қандай ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылады?
– 30 жылдық мерейтойдың Алғыс айту күнімен үйлесуінің символдық мәні бар. Көктемнің алғашқы күнін халқымыз дәстүр бойынша «Рахмет» деген тамаша сөзбен қарсы алады. Бұл күні көптеген іс-шаралар, түрлі акциялар, фестивальдер, көрмелер, концерттер өткізу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында ҚХА-ның рөлі мен тәжірибесін, Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастық саясатының келешегін сараптамалық деңгейде талқылайтын іс-шаралар топтамасы өтіп жатыр.
Негізгі мерейтойлық іс-шара, әрине, сәуір айында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы болады. Ассамблея Кеңесінің отырысы қарсаңында ҚХА жұмысының, оның барлық құрылымдары мен жобаларының қорытындылары шығарылады.
Жалпы, ҚХА-ның қоғамдық құрылымдары мен республикалық этномәдени бірлестіктерінің жоспарында 400-ден астам түрлі іс-шара – республикалық және өңірлік форумдар, этномәдени фестивальдер, ірі спорттық сайыстар мен турнирлер, театр қойылымдары, шығармашылық кештер, экспедициялар, жастар мен балаларға арналған лагерьлер ұйымдастыру көзделген.
Ассамблеяның мерейтойы этносаралық келісім және жалпыұлттық бірлік саясатының бірегей институтының отыз жылдық тарихына тереңірек үңілуге, оның қалыптасуы мен даму үдерісін түсінуге, ынтымақ пен бірегейлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес болып қосылады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»