Мұсылман қоғамында ешқандай медреседе оқытылмайтын «Илмул Фироса» (физиогномика, пайымшылдық, сезімталдық, көрегендік, сұңғылалық) деген ілім бар. Бұл ілімді психолог ғалымдар «физиогномика ілімі» деп атап: «Физиогномика – өткен ғасырлардың 20-жылдарында ғылыми білімдерде өріс алған адамтану ғылымының практикалық мәні бар саласы. Адамның сыртқы табиғи қимыл-қозғалыстарына тұлғаның жеке ерекшілігін, мінезін – адамның сыртқы келбетімен байланыстырып зерттейтін сала» деген анықтама береді.
Ал, мұсылман ғұламалары оның екі түрі бар деп анықтаған:
1) Оқиғаның болуын алдын ала пайымдау
2) Сұраққа дереу жауап бере білу.
Бұл қабілет адам баласына не Алла Тағаладан сыйлық ретінде беріліп, не көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасады.
Кезінде осы ілімді игеріп, сол жөнінде кітап жазу үшін имам әл-Шафиғи Йеменге барып, біршама жыл қалған деген дерек бар. Сол сапарынан келе жатып, өз білімін тексеріп көру үшін, жолай бір адамның үйіне қонақ болып түседі.
Үй иесін көре сала: «Мына адам өте сараң, ақшақұмар болу керек» деп пайымдайды. Үй иесі болса, мұның атын оттыққа байлап, өзіне жақсылап кешкі асын дайындайды.
Мұны көрген әл-Шафиғи: «Мен қателесіп қалған сияқтымын» деп, тағы да ойлайды. Кешкі астан кейін, сол жерге жата салайын десе, үй иесі: «Сізге бұл жер жайсыз болады, төр үйге төсек салып қойдым» дегенде, тіпті өзін қателескен екенмін деп өкінеді.
Ертеңінде қайтатын болып үй иесіне: «Сізге көп рахмет, қонақ еткеніңізге» десе, үй иесі: «Ал, есебін кім төлейді? Атқа шөп бергенім 2 динар, кешкі ас 3 динар, жатар орын пәленше» деп, жиыны 15 динар төлейсіз дегенде, имам әл-Шафиғи іштей қатты қуанып кетіп: «Менің қаншама жылғы алған ілімім зая кетті ме деп, бекерге қорыққам екенмін» деп, он бес динарын қуана-қуана берген екен.
Кешегі өткен қазақ даласындағы әділ билеріміз де сөзсіз бұл ілімді меңгергені анық. Әйтпесе, қайдан дұрыс билік айта алсын? Қазір ұлтымыз жоғалтып алған асыл қазынамыздың бірі осы ма дейсіз.
Тағы да айта кететін нәрсе, бұл ілім жайдан-жай адамға беріле бермейді. Ғұламалар ол үшін, адам бойында үш қасиет табылу қажет екенін:
1) шыншылдық;
2) үнемі Алланы зікір етіп жүру;
3) тамақ жегенде, күмәнді астан тыйылу, деп көрсеткен екен.
Алла халқымызға жоғын жоқтап, жоғалтқанын табуын нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА