Ана тілімізде ризық мағынасын беретін нәпақа, нәсіп, несібе, салым, ырыс деген сөздер бар. Разақа – беру, сыйлау болса, ризық сөзі пайдалануға жарамды нәрсе деп аударылады. Ұлы Жаратушымыздың Ар-Разақ есімі де – бүкіл тірі жандылардың ризығын беруші; материалдық және рухани алуан түрлі ризығы мол; жаратқандарына қолданатын нәрселерді беріп жақсылық жасаушы; берекесі мен ризық-несібесін көл-көсір етіп берушілердің ең қайырлысы деп сипатталады. Яғни ризық пайдалануға жарамды нәрсе ғана емес, адамзаттың әлеммен рухани, мәдени байланысының маңызды нышаны.
Ризық сөзінің түп-тамыры түркі тіліне ұштасады, тек қазақ тілінде емес, өзбек, түркімен және қырғыз тілдерінде де кездесіп, қарапайым азық-түліктен бастап табыс, кіріс, байлық тіпті сәттілік тәрізді жалпы ұғымның бәрін қамтиды.
Сонымен ризық сөзін естігенде біздің санамыз әдеттегідей материалдық құндылықтардың, соның ішінде тікелей ақшалай байлықты елестетеді. Жалпы біздің барлық мұқтаждықтарымыз, дүние-мүлік, сапар, оқу мен оқыту, яғни барлық ой-жоспарымыз осы ақшаға келіп тіреледі. Ортамызға сай еңбек етіп, лайықты киім киіп, лайықты дүниеге ие болып, еш мұқтаждықсыз, уайымсыз өмір сүру кім-кімге де арман емес пе? Қолымызға қолданысқа деп жаратылып жатқан барлық озық техниканы меңгеру, қолдану, соған қол жеткізу үшін табанды түрде еңбек ету, яғни тұтас экономиканың бір бөлшегі болу адамзат үшін қалыпты жай. Сол қол жеткізген байлығымызға орай – жүрегіміз де тынышталып, байи түсті ме, әлде керісінше материалдық құндылық артқан сайын уайым көбейіп кетті ме, міне осы жерде келіп ризықтың толық, нағыз мәні ашыла түседі. Әдемі де сапалы киіну, заманауи дағдыда барлық мүлікке ие болу да құптарлық іс. Мұсылманның өзі де сауатты, бай, сөзі өтімді, өзгелердің мұқтаждығын қамтамасыз ететіндей болғаны жақсы. Тәнін азықтандырып, құлшылығын жасап отырып қана қоймай, өзгелерден ешнәрсе сұрап қол жаймайтындай деңгейде болуы қажет.
Алла елшісі (с.ғ.с) хадисінде: «Ешбір жан өзінің ризық-несібесін алмай бұл дүниеден қайтпайды. О, Алланың құлдары! Алладан қорқыңдар, дүниелік игілікті іздегенде орташа болыңдар» дейді. Дана қазақ мұны қысқаша «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» дейді. Бала өз несібесін ала туады деген де біздің ата-бабалармыз.
Имандылық жолындағы ұстаздарымыздың уағыз-ілімдеріне назар аударсақ, дініміз пендесін мал-мүлікті болудан ешқашан тоқтатпайды, керісінше тіпті қалай ризықты арттыруға болады деушілерге оңай жолдарын да көрсетіп отырады.
Соның бірі – тәубеге келіп шүкіршілік ету, кешірім сұрау. Бірде Хасан әл-Басриге бір диxаншы келіп, жерінің құнарсыз әрі өнімсіздігіне шағымданады. Сонда ол кісі «Алладан кешірім сұра» деп насиxат айтады. Келесі кісі өзінің кедейлігін айтып шағымданады. Хасан әл-Басри оған да «Алладан кешірім сұра» дейді. Үшінші кісі өзінің перзентсіз екенін айтып шағым түсіреді. Сонда ғалым оған да: «Алладан кешірім сұра» дейді де артынан «Нұx» сүресінің мына аяттарын оқиды: «…Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді, сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды…» («Нұx» сүресі,10-12 аяттар) (Фатх аль-Бари). «Шүкіршілік етсеңдер, арттырамын» деп уәде бере отырып, мән берген жанға пендесін жиған дүниесіне сай саналы болуына, дандайсып, мақтаншақтықтан ада болуына тәрбеиелеп отыр.
Имандылық, руханилық, құлшылық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланың сөзін жеткізіп: «Ей, адам, маған құлшылық етуге уақыт бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал егер бұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын» (Тирмизи).
Тәуекел ету. Мақсатқа, нәтижеге қол жеткізуде уайымға салынып, ойланып-толғанып жүре бермей, барлық қажетті амалдарды жасай отырып, Аллаға сеніп тапсыру, күту. «…Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші…» («Талақ» сүресі, 3-аят).
Сондай-ақ, өзгелермен көркем қатынаста болу, адал, сенімді болу. Имандылық сабақтары үйрететін көркем мінез бен іскерлік қарым-қатынас бүгінде психология саласының трендіне айналып, өміріміздің барлық жағын қамтып, жан-жақты зерттеліп, айтылып жүрген тұлғалық дамудың басты бағыттардың бірі екенін баршамыз жақсы білеміз. Халық даналығы да «Болса, данам, көңіл тура, тіл майда, ризығың таусылмайды ондайда» дейді бізге.
Енді осы ризықтың толық мәні – қол жеткізген байлығымызға орай жүрегіміз де тынышталып, байи түсті ме, әлде керсінше материалдық құндылық артқан сайын уайым көбейіп кетті ме, міне осы жерде келіп ашылады деп едім. Сіздің тапқан табысыңыз өзгелерге арман, бірнеше миллиондаған көлемде шотыңызға түсіп жатыр, алайда сіздің ем-шараңызға сол тапқан қаражаттың 80 пайызын төлеп отырсыз делік…
Немесе сіздің табысыңыз ең аз айлық көрсеткіш көлемінде, алайда отбасыңыздағы жайлылық пен ұрпағыңыздың зеректігі сізді таң қалдырып, қуантады делік…
Тапқан табысыңыз мол, бірақ жұмыс істеп жүрген мекемеңізде алауыздық көп, бірінің сыртынан бірі бағып, әңгіме тасыған орта, өз ортаңызды таппай шаршап жүрсіз делік…
Жалақысы шағын болса да, сізді түсінетін рухани ортасы бар тамаша әріптестеріңіздің арқасында арқа-жарқа боп, жаныңыз тыныштықта делік…
Ризық сізге жанашыр жандардың қолдауы мен күтпеген сәттерде туындап отыратын сәтті мүмкіндіктер түрінде де келуі мүмкін.
Айтпағым, ризық сізге мүлдем ақшалай емес, басқа байлық боп та үзбей келіп тұрғанын байқайсыз ба? Таңертең оянғаннан өз аяқ-қолыңызды сермеп, қозғала алсаңыз, өзіңіз тұрып-жүре алсаңыз, еш жеріңіз ауырмай, шағымсыз өз асыңызды өзіңіз даярлап, немесе отбасыңызбен мәре-сәре боп таңғы ас ішіп жан-жақққа мектепке, жұмысқа асығып, жан-жаққа тарап, ал кешкісін бірге бас қосып жадырайтын болсаңыз, бұл да үлкен ризық емес пе?
Шаруаңыз біткенде аяңдап тынығуға бет алғанда, баратын өз баспанаңыз, жайлы орныңыз болса, бұл да сізге нәсіп еткен ырысыңыз, біле білсеңіз. Қай елге барамын, қай жерде білім аламын, қай қалада демаламын деп кезекті еңбек демалысыңызды жоспарлап отырғаныңыздың өзі де сіз мән бере қоймайтын несібеңіз. Тіпті ауа да, жадыраған күн де, айнала қоршаған жарқын табиғат та бізге берілген берекелі мекеніміз – ризығымыз. Ал осы көзге көрінбейтін, еленбейтін ризықтардың бәрін пенде иман байлығына ие болса бағалай түседі, шүкіршілік етеді, қанағат тұтады. Ең үлкен ризық сондықтан да имандылық десек жарасады.
Себебі шарықтап, шаттанып, жүректің тыныштығы келген сайын, басқа байлық, дүние байлығы сізге өзі де тартылады. Байқасақ, білімнің ризығы, көңілдің ризығы, мал-мүлік ризығы, мансап ризығы, бала-шаға, ұрпақ, отбасы ризығы, денсаулық ризығы, азық-түлік ризығы мен адамдық, адамгершілік ризығы, ең бастысы иман ризығы барлық пендеге әу баста берілген екен. Ризыққа кепіл бола отырып, Жаратушымыз баршамызға еңбектенуді әмір еткен. Халқымыз мұны, еңбекқорлықты «Әркім өз несібесін теріп жейді» деп әдемі жеткізген.
Аш кезінде немесе ораза тұтқанда Ар-Разақ есімін қайталаған адам зерек болады және жаттау қабілеті жақсара түседі деген де ұстаным бар. Яғни сіздің бойыңыздағы жасырын потенциалды, күш-қуатыңызды арттыру да ризыққа теңеліп тұр емес пе? Сіздің бойыңыздағы ерекше қабілет-қасиеттеріңіз де сізге берілген ризық. Сол қабілетіңіз жетіліп, дами түссе, демек ризығыңыздың да арта түскені. Осылайша, ризықты терең түсініп қарасақ, ол қолымыздағы дүние мен ақша ғана емес, жақсы дос, адал жар, жүрек тыныштығы мен перзентеріңіздің амандығы, жұмыс орныңыздың жайлылығы да болуы мүмкін. Бір нәрсе келесі басқа бір нәрсенің орнын толықтырып тұруы мүмкін. Алла байлықты қалаған адамына береді, ал имандылықты таңдаған адамына береді, сондықтан ризық сұрағанда иман беруін де дұғамыздан тоқтатпайық. Ғұмырымыз жарқын да берекелі болсын.
АйШаНұр
Орал қаласы