Кейінгі 20 жыл ішінде шетелдіктер елімізден 10 мыңға жуық бала асырап алған. Отанынан отбасын таппаған балдырғандардың жартысынан көбі АҚШ асқан көрінеді. Солардың бірі – 1999 жылы Тараз қаласында туып, 2000 жылы америкалық отбасы асырап алған Пол Сардар Бабкок есімді қандасымыз.
Оның туған кездегі толық аты-жөні – Сардар Бекнұрұлы Баймаханов. Америкадан келген ерлі-зайыпты Брюс пен Сюзан Бабкоктар оны бауырына басқанда сәбиге өз тектерін және жаңадан Пол есімін берген. Баланың өз атын екінші есім ретінде қалдырыпты. Міне, сол сәби бүгінде 24 жаста. Ол Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында тұрады, осы штаттағы университетте білім алады.
2020 жылы еліміздің бірқатар ақпарат құралында Пол Сардар есімді қазақ баласы өзінің биологиялық ата-анасын іздеп жүргені туралы ақпараттар тараған болатын. «Ол кезде 21 жаста едім. Мені асырап алып, бағып-қағып өсірген әке-шешем кішкентай кезімде қазақ екенімді, Қазақстаннан келгенімді айтатын. Бала күнімде оған аса мән бермедім. Алайда есейе келе өзімнің түр-әлпетім отбасымдағы басқа балалардан өзгеше екенін аңғара бастадым. Сөйтіп, 2020 жылы Facebook-тегі америкалық қазақтардың тобына өзімнің қазақ ата-анамды тапқым келетінін айтып, жазба жарияладым», дейді ол. Содан бері арада 3 жыл өтсе де, өкінішке қарай, Пол Сардар ата-анасын әлі таба алмапты. Біз АҚШ-тағы қандасымызбен байланысқа шығып, өзінің өмірі және қазақ ата-анасы туралы толығырақ мәлімет алдық.
«Америкалық әке-шешем менімен бірге Қазақстаннан тағы екі қызды асырап алыпты. Розали және Энни есімді екі әпкем бар. Үшеуіміз 2000 жылы Тараз қаласынан АҚШ-қа жаңа отбасына қоныс аударғанбыз. Әке-шешем Брюс пен Сюзанның өздерінің 5 баласы бар және Тайваньнан тағы 2 баланы асырап алған. Бәрімізді қосқанда 10 бала бір отбасында өсіп-өндік», дейді кейіпкеріміз.
Әке-шешесі ол өмірге келгенде берілген бірқатар құжатын сақтап қойыпты. Туу туралы куәлігіндегі мәлімет бойынша, туған әкесінің есімі – Бекнұр Баймаханов, анасы – Эльмира Қалмаханбетқызы Баймаханова. Анасы оны 1999 жылы 16 қыркүйекте Тараз қаласына қарасты Құмшағал стансасындағы перзентханада өмірге әкелгеннен кейін сол жерде тастап кеткен. Кейін ол қаладағы «Бөбек» сәбилер үйіне берілген. Америкалық ерлі-зайыпты оны сол жерден 2000 жылдың
8 ақпанында асырап алыпты.
«Қазіргі күні Америкадағы өміріме ешқандай шағымым жоқ. Тамағым тоқ, киімім көк. Жағдайым жақсы. Осындағы әке-шешем өте мейірімді тамаша адамдар, отбасындағы бауырларыммен де бала күнімізден тату-тәтті өстік. Шамамен 3-4 жасқа келгенімде әке-шешем мені асырап алғандарын айтты. 2020 жылы туған ата-анамды табуға бел буып, әке-шешем сақтап жүрген құжаттарымды әлеуметтік желі арқылы көптеген ұйымдарға, журналистерге, маған көмектескісі келген қарапайым азаматтарға жіберді. Олар Қазақстандағы біраз жерге хат жазып, іздеуге атсалысты, бірақ әзірге нәтиже жоқ», дейді Пол Сардар.
Биыл мамыр айында ол екі досымен бірге тұңғыш рет тарихи Отанына келіп қайтыпты. «Қасымдағы достарым да мен секілді кішкентай кезінде америкалықтар асырап алған қазақтың балалары. Үшеуміз Отанымызды көру үшін сапарға шықтық. Ең алдымен, Астананы араладық. Өмірімде осынша көп қазақты алғаш рет көріп, таң-тамаша болдым. Астанадан кейін біз Тайлер (қазақша аты – Талғат) досымыздың туған қаласы – Павлодарға бардық. Сол жерде ол өзінің биологиялық ата-анасын тауып, кездесті. Бұл бір ұмытылмас сәт болды. Осыдан соң бір досымыз Америкаға қайтты да, біз Тайлер екеуміз алдымен Алматыға, сосын менің туған қалам – Таразға сапарладық. Маған ең қатты әсер еткен осы жер. Өйткені өзім өмір есігін ашқан перзентхананы да көріп қайттым. Бірақ өкінішке қарай, ата-анамды таба алмадым. Соған қарамастан, маған қазақ мәдениеті мен тағамдары, Қазақстанның өзі де қатты ұнады. Осы сапарым барысында тарихи Отаным туралы көп ақпаратқа қанықтым», дейді қандасымыз.
Пол Сардар Солт-Лейк-Ситиде тұратын досы Нейт (қазақша аты – Руслан) екеуі Facebook-те асырап алынған қазақтардың тобын ашқан. Олар өздері секілді тарихи атажұртынан жырақта өмір кешіп жатқан қандастардың басын қосуды қалайды. «Өзім өмір сүретін Юта штатынан 13 қазақты таптым. Біз шын мәнінде көп екенбіз. Солардың бәрін бір жерге топтастырып, аралас-құралас болып, бір-бірімізді қолдап отырғымыз келеді», дейді.
2020 жылы Пол Сардар Қазақстандағы ата-анасын іздеуді бастағанда бірқатар жаны жайсаң азаматтар оған көмектескісі келіп, мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде халықты құжаттандыру ісіне жауапты Ішкі істер министрлігіне хат жолдапты. Алайда министрлік көмектесе алмайтынын айтып, оларды Жамбыл облысының әкімдігіне өтініш жасауға кеңес берген. Бірақ ол жақтан да мардымды жауап болмапты. Пол Сардардың ата-анасының аты-жөндері белгілі болса да, оларды тауып алуға әзірге мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан америкалық қандасымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшіліктен көмек сұрайды және бір күні ата-анасымен кездесетініне сенеді.
«Анаңмен кездессең, оған ең бірінші не айтар едің?» деп сауал тастадық. «Мен, ең алдымен, оны құшақтайтын едім, мені де құшақтауын өтінер едім. Сосын мен оның Қазақстандағы өмірі қалай екенін сұраймын, өзімнің де Америкада қалай өмір сүріп жатқанымды айтып беремін. Содан кейін мені перзентханада тастап кетуіне не себеп болғанын білгім келетінін айтар едім», дейді ол. «Анаңа деген ренішің бар ма?» деген сауалымызға: «Ешқандай ренішім жоқ. Мен сол жылдары Қазақстанда қандай қиын жағдай болғанын білемін. Бәлкім, ол мені бағып-қаға алмайтынын түсінген соң, жақсырақ өмір сүрсін деп шетелдіктердің асырап алуына жағдай жасаған шығар деп ойлаймын», деп жауап берді.
Пол Сардар ана тілінде сөйлей алмайды. Сондықтан онымен ағылшын тілінде әңгімелесуге тура келді. Ол өзінің ана тілін, ұлттық мәдениетін тереңнен танып білгісі келеді. Сондықтан болашақта тарихи Отанына көшіп келуге де қарсы емес. «Біржола көшіп келмесем де, уақытша атажұртымда тұрып, тілімді, мәдениетімді, салт-дәстүрімді үйренсем деген мақсатым бар. Ал егер қазақ қызына үйленіп жатсам, бәлкім, жоспарым өзгеріп, атажұртқа түбегейлі қоныс аударып қалуым да ғажап емес. Алайда Америкада отбасын құру үшін қазақ қызын табу қиын ғой», деп ағынан жарылды.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ