90-жылдарға дейін бір діни басқарманың құрамында болған көрші Өзбекстанның бас мүфтиі Нұриддин Холикназаров киім кию, сақал өсіру және қажылық секілді қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген өткір мәселе туралы сөз қозғап, халықты артық кетпеуге шақырды.
Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта діни киім кию мен сыртқы түр-әлпетке қатысты қатып қалған қағидалар жоқ екенін алға тартып, кейбір азаматтардың жасап жүрген әрекеті дінге қиғаш болатынын айтады. «Дінге сай киінеміз деп біз кейде артық кетіп қалып жатырмыз. Қоғамда ислам діні белгілі бір киімді ғана киюге шақырады деген пікір қалыптасып қалған. Пайғамбардың бізге қалдырған ережесі бар. Бірақ исламда киімнің қандай да бір формасы туралы ештеңе айтылмаған, ол мүмкін де емес, өйткені ислам бір ұлттың және бір климаттың ғана діні емес» деген ол пайғамбардың «Алла сендердің түрлеріңе, дүниелеріңе қарамайды…» деген хадисін келтіреді.
Оның айтуынша, егер сен ислам дінін қабылдасаң, бұдан былай белгілі бір киіммен жүруің керек деген талап жоқ. Өйткені бұл дін бүкіл адамзатқа түскен, ал әр халықтың өз ұлттық киімдері бар. «Ислам бізді сабырлылық пен ұстамдылыққа шақырады, киім киюде де сол нәрсе қажет. Біз әлемге әбүйірімізді ашатын жартылай жалаңаш киімді де, арабтың қап-қара киімін де кимеуіміз керек. Жауып жүру талап етілмеген дене бөліктерін бүркемелеу дұрыс емес», деді ол.
Сонымен қатар ол ерлердің сақал қою мәселесіне де тоқталды. «Сақал қою – сүннет, оны ешкім жоққа шығармайды. Алайда сахабалар да, ғалымдарымыз да сақалдың ұзындығы бір қабзадан (шамамен төрт елі) артық болмауы және ұқыпты қойылуы туралы айтып кеткен», деді Нұриддин Холикназаров.
Өзбекстан мүфтиінің осы және өзге де бірқатар діни мәселені қозғағаны көрші мемлекетте де дінге қатысты пікірталас барын білдірсе керек. Қазіргі күні интернеттің қазақтілді сегментін, соның ішінде әлеуметтік желі қолданушыларын қатты толғандырып тұрған тақырыптардың бірі – дін десек, қателесе қоймаспыз. Жаңа оқу жылы басталар алдында әдеттегідей хиджаб тақырыбы көтеріліп, қызу пікірталас легі әлі де жалғасып жатыр. Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өз пікірін білдіріп, мемлекет дін ұстану бостандығына кепілдік бергендігін, алайда біз зайырлы ел болғандықтан, мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттелетінін айтқан болатын. «Мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», деді министр.
Таяу күндері еліміздегі жалғыз ислами діни бірлестік ретінде мүфтият та бұл мәселеден тыс қалмай, оқушы қыздардың мектепке хиджаб тартып баруына қатысты өз мәлімдемесін жариялады. Онда айтылғандай, тек балиғат жасына толған қыздарға ғана орамал тағу – парыз. Сол секілді дінімізде білім алудың да үкімі – парыз. «Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуге тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек», деген ҚМДБ өз құзыреті аясында осы мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныс берілгендігін жеткізді.
Айта кетейік, хиджаб мәселесінен бөлек, жуырда әлеуметтік желілерде әлдебір қыздың «домбыра – харам» деген видеосы тарап, ол да қызу талқыға түсіп, тіпті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы оқиғаға орай пікір білдіргені белгілі. Әрине, елімізде теріс діни ағымды ұстанатын азаматтар қатары әлі де көп. Олар ұлтымыздың салт-дәстүрін, музыкалық аспаптарын, бір сөзбен айтқанда, дінде жоқ нәрсенің бәрін харам деп айтып қалып жүр. Ондай қате көзқарасқа қарсы тегеурінді тойтарыс берілгені дұрыс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған назар аударып: «Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз», деді.
Орайы келгенде айтарымыз, «домбыра – харам» деген сөздің елге танымал тұлғаның емес, ешкімге белгісіз қарапайым тұрғынның аузынан шыққанына қарамастан, осынша қоғамдық дүмпу туғызуына TikTok секілді таралымы жылдам желілердің де әсері болғаны көрініп тұр. Бұл әдейі жасалған арандату әрекеті болуы да ғажап емес. Діни сауаты төмен желі қолданушысының бір теріс сөзі үшін бүкіл қоғамның дүрлігіп, жаппай шулауы қаншалықты орынды? Мұны көрген жат ағым өкілдері мен қоғам тыныштығын шайқалтқысы келетін арам пиғылдылар дәмеленіп алып, ертеңгі күні осындай арандату мақсатындағы видеолар жариялауды әдетке айналдырмасына кім кепіл? Мұндай кезде дін саласындағы уәкілетті орган – Дін істері комитеті мен мүфтият тарапынан дер кезінде пікір білдіріліп, желіні шулатқан теріс пікірлерге уақтылы тойтарыс берілуі керек. Ал өзге жұрт мәселені сан-саққа жүгіртпей, мамандардың түсініктемесіне құлақ асса құба-құп.
Өкінішке қарай, елімізде ресми орындар тарапынан қоғам дүрлікпей тұрып, ресми мәлімдеме беру жағы баяу екенін мойындауға тура келеді. Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген жиында: «Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», деген болатын. Бұл тапсырма қаншалықты талапқа сай орындалып жатқанын айту қиын.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ