Кейінгі кезде беташарға бәсекелесіп ақша салу трендке айналып кеткен. Танымал блогерлер тойда сандық қойып, онда 500 мыңнан бастап 1 миллионға дейін ақша салып жатқандар да бар. Бұл салттың о бастағы мәні қандай? Оған бәсекелесіп ақша салған дұрыс па? Беташардан түскен ақшаны асаба алған дұрыс па? Massaget.kz тілшісі бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Архология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, Тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызымен сұхбаттасты.
Этнографтың айтуынша, бұрын қазақта беташарда, сәлем салып тұрған келінге құлынды бие, басқа мал түрлерін немесе үйіне қажетті бұйымдар сыйлаған. Қазір заман талабына сай беташар әдісі өзгерген.
«Жігіт жақтың ақ босағасын аттаған келіннің бетін ашу ертеден келе жатқан салтымыз екені белгілі. Келіннің бетін ашқанға дейін онымен бірге келген құрбы-құрдас, жеңгелерінен басқалар оның жүзін көре алмайтын. «Беташар» салты – жаңа түскен келінді жігіт жақтың әулетімен, туған-туыстарымен таныстыру. Екінші жағынан, өлең шумақтарымен туыстардың әрқайсысының орнын, үлкен-кішілігін аңғарту. Үшіншіден, келінге тәлім-тәрбие беру. Мұның бәрі бізге «беташар» жырынан белгілі. Беташарда әулет үлкендерінен бастап, кішісіне дейін сәлем салдырады. Ерте кезде әулеттің бақуатты туыстары сәлемге құлынды бие, не басқа да мал түрлерін немесе жастардың үйіне қажетті бұйымдар берген. Кейін келе сәлем салдырған әр адамның ортаға қойылған табаққа ақша салуы, әсіресе, оңтүстік аймақтарда кең таралды. Оны бет ашқан жыршы алып кететін, сондықтан да сәлем салдыратынның саны көп болғанын қалап, шұбыртып кішкентай қайны-қайын сіңлілерге дейін айтып жатады», – деді ол.
Маманның айтуынша, қалталылардың бәсекелесе ақша салып жататыны дұрыс емес. Бұл, бір жағынан, көз етіп, ана досы мына досынан не туысқаны мынанша тастады деген атақ қуалағаннан пайда болған сияқты.
Бибизия Кенжебекқызы беташардан түскен ақшаны асабаның алғаны қаншалық дұрыс деген сұраққа жауап берді.
«Бұрын беташардан түскен ақшаны асаба алатын, тіпті кейбір асабалардың «бәрін бермеді, менің еңбегім» деп ренжігендерін де естігенбіз. Беташардан түскен ақшаның бәрін асабаның алғанын құптамаймын. Себебі беташар өткізудің де бар шығыны той өткізгелі отырған үйге түседі. Оның үстіне, олар беташарға бір, екінші үлкен тойға тағы бір шығындалады. Бірақ кейінгі кезде үй иесі мен асаба ортақ келісімге келіп, түскен ақшаның бір бөлігін ғана алып жүр. Әрине, өлең шумақтарымен беташар айтатын жыршыға «бет ашу» – бизнес. Кейбірі оны түрлендіріп, түрлі музыка аспаптарымен айтып жатады, оның құны да сәйкесінше жоғары. Тіпті кейбір ойын-той жиындарда әнші-жыршылардың жаныңа келіп, сені не еліңді әбден мақтап қоймай жырлап тұрғанда еріксіз, ұялғаныңнан бересің. Сондықтан осындай «әсіре қызылдан» ақша дәмету сияқты әдеттерден тыйылып, салтты бизнеске айналдыру қажет емес. Үй иесімен келіскен соманы ғана алып, халықтың көңілінен шығып отырған асабалар да бар. Асаба болған соң халыққа мәдениеттіліктің үлгісін көрсете білетін жан-жақты білімді адам болуы керек», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі тарихшы, жазушы, Ұлы дала мәдениетінің насихаттаушысы Арман Нұрмұханбетов беташардың мағынасы неде екенін түсіндірді. Бұл туралы Нұрмұханбетов Dope Soz YouTube-подкасында айтты.
«Келін өзінің руынан ұзатылып кеткенде ол (тұрмысқа шыққан қыз – еск.) өз руы үшін өлген деп саналады. Оның бетін ашатын жай адам емес. Неге келіннің бетін ақын ашады? Ақын көне заманда магикалық қызметкер деп саналған. Ақын – тегін адам емес, ақында қасиет болған. Қасиеттің өзі ерекше рухани құбылыс. Қай дәстүрді алсақ та әрқайсы сиқырмен байланысты», – дейді Арман Нұрмұханбетов.