2022 жылдың басы, өкініштісі, қаламызға да, жалпы елімізге де қайғы мен қасірет әкелді. Сол бір сын сәтте «Алматы» телеарнасының жаңалықтар қызметі 4 қаңтардың түнінен бастап бүкіл республика үшін тікелей эфирде хабар таратып, қаладағы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып, қала тұрғындарын айдап салушылардың арандатушылық әрекеттеріне бой алдырмауға шақырды.
Бүкіл елде төтенше жағдай режимі енгізіліп, терроризмге қарсы операция жүріп жатқандығына қарамастан, біз басымызды бәйгеге тігіп, жұмыс орнынан табылдық, шындыққа сәйкес келетін ресми дереккөздерге сүйене отырып, бірқатар ақпараттық материалдар дайындауды өзіміздің кәсіби және азаматтық парызымыз деп санадық, өйткені сол кезде уақиғалар тез дамып, кез-келген жаңалық таза ауамен тыныстағандай құнды және қажет нәрсеге айналды. Жаңалық кешіктірілген жағдайда ақпарат көзін кез-келген түрде бұрмалау және дұрыс түсіндірмеу қауіпі туындады, ал жеке адамдар қиын жағдайды пайдаланып, азаматтардың санасын сапырылыстырып, қоғамда шиеленіс пен араздық отын одан әрі өршітуге тырысты.
Осы аралықта арна редакциясына не нәрсеге де бей-жай қарай алмайтын қала тұрғындарынан – уақиғаларға куәгер болған бейбіт тұрғындардан, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен көптеген бейнематериалдар келіп түскен. «Алаңдағы» жұмыс кезінде арна тілшілері әрдайым уақиға орнынан алдыңғы қатардан табылды. Олар арнайы операциядан эксклюзивті кадрлар түсіріп, Қаңтароқиғасын көзбен көрген адамдармен сұхбаттар жасады – оларға жаппай тәртіпсіздік, талап-тонау және зардап шеккендерді құтқару, сондай-ақ қиратып-бүлдірулер мен әскери қимылдарының салдарлары арқау болды. Жалпы, бұл күндері no comments жанрындағы роликтер сериясын, уақиғалар туралы екі жоба дайындады.
Сондай-ақ, Алматыдағы қанды оқиғалар: қаланы басып алу әрекеті, террористерге қарсы іс-қимыл және Президенттің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі мәлімдемесі туралы «Қаңтар қасіреті» және «Алматинская трагедиясы» деректі фильмдерін жасау қолға алынды. Онда 4-12 қаңтар аралығындағы оқиғалардың бейбіт митингілер мен наразылықтардан бастап тәртіпсіздіктерге, тонау мен террористік шабуылдарға дейінгі толық хронологиясы көрсетілген. Бұл фильмдер фактілер мен ресми мәлімдемелерге сүйене отырып, сондай-ақ адамдардың тарихы арқылы нақты көріністі көрсетуге тырысады: жақындарынан айырылған жай адамдардың, қаланы, тұрғындарды қорғау жолында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бастан кешкендерін көрсету әрекеті.
Бұл фильмдерде өмір мен өлімнің арасында жатқан жаралыларды аман алып қалуды парызы деп білген «жедел жәрдем» медбикесі Ғалия Алмабаева жайында әңгімеледі. Телеарна қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының фельдшері Серғазы Аблаевты да көрсеттік ол қаланың ең аласапыран жерлеріне медициналық көмек көрсету үшін барған дәрігерлер туралы айтып берді. Оның айтуынша, бандиттер жедел жәрдем бригадаларына бірнеше рет шабуыл жасаған, бірақ бұл дәрігерлердің өздерін көмекке шақырғандарды алып шығуға ұмтылған шешімталдығынан тайдыра алмады.
Арна тілшілері жапа шеккен өрт сөндірушілер тап болған жағдайларды анықтаған. Лаңкестік шабуыл кезінде 18 арнаулы техника бүлініп, 6-ы қолға түсіп, бес көлік құралы түгі қалмастан өртенген. Шабуыл барысында Төтенше жағдай департаменті бастығының қызмет көлігі және оның жүргізушісі Серікбол Жүсіп бораған оқтың астында қалған. «Қаңтар қасіреті» және «Алматинская трагедия» фильмдерінде арна сөздің толық мағынасында қоғамның бірлігі мен тұтастығы сияқты ұғымдардың, сондай-ақ біздің егемендігімізге қарсы топтанған баскесерлер өршітуге тырысқан жаңа лаңкестік қатер төндіру өрісіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық ұғымдарының қаншалық баға жетпес құндылығын көрсетуге тырысты. Көрермендер тілшілер жұмысына объективті бағаларын береді деп үміттенеміз.
Жалпы алғанда, сындарлығымызға сын болған 10 күн бойы «Алматы» телеарнасының журналистері, операторлары мен жүргізушілері өртке оранып, оқ атылып жатқан бүлік эпицентрінде өз жұмыстарын атқарды. Әсіресе 4-5 қаңтарға қараған түні арнамыздың жаңалықтар қызметі сағат сайын эфирге шығып отырды. Қалған күндері ақпараттық бағдарламалар департаментінің 20-ға жуық қызметкері жаңалықтармен қатар қазақ және орыс тілдерінде 10-нан астам арнайы шығарылым әзірледі, олардың барысында қалыптасқан сыни жағдай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен талқыланды.
Осы уақыт ішінде эфирде, сайтта және әлеуметтік желілерде барлығы 2000-нан астам тақырыптық материалдар, оның ішінде 563-і – жаңалықтар, сондай-ақ азаматтардың жүгінулері, жедел әрекет штабы отырыстарының жұмысы туралы ақпарат жарияланды. Сонымен қатар, қайғылы оқиға туралы түсінік берген танымал тұлғалардың қатысуымен 55 бейнеролик сериясы дайындалып, эфирге шықты. Бұған қоса, төтенше жағдай кезінде түсірілген бейнекадрлардан топтастырылған 37 бейнежазба (бейнекесінділер) әлеуметтік желілерге салынды, сайтта орналастырылды, телеарна эфирінде таратылды.
Айта кету керек, «Алматы TV» еліміздің басқа арналарының өтініші бойынша телеарна операторлары оқиға орнында түсірген түрлі бейнематериалдармен бөлісті. Бұл факт өте қиын жағдайлардағы серіктестік ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып саналады.
Елордадағы тілшілер қосынындағы әріптестер мемлекеттік органдар таратқан ақпарат пен баспасөз хабарламаларын жедел жеткізіп отырды (жалпы саны 20). Осы күндері арна қызметкерлері қиындықтарға қарамастан, өз жұмыс орындарынан тапжылмай, кәсіби міндеттерін мінсіз атқарды.
Өкініштісі, қасірет аталмыш телеарнаны да айналып өтпеді. Өздеріңіз білетіндей, кортеж құрамында келе жатқан түсірілім тобы лаңкестер тарапынан бораған оқтың астында қалды. Назарбаев даңғылымен төмен қарай бет алған көлікте біздің үш әріптесіміз бар еді. Олардың біреуі – жүргізуші Мұратхан Базарбаев оқ тиіп, қайтыс болды.
Өз кәсібіне адал Мұратхан Әбдіұлының жарқын бейнесі жүрегімізде әрдайым сақталады. 54 жастағы әріптесіміз пандемия кезінде де адал қызмет еткен еді. Кеше елбасына күн туғанда ол өзінің қызметтік борышын абыроймен атқарып, батырлықпен қаза тапты.
14 қаңтарда қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Алматы» телеарнасына барып, ұжыммен кездесті, оның кіреберісінде террористердің қолынан қаза тапқан Мұратхан Базарбаевтың отбасына көңіл айтты. Сонымен қатар, әкім жарақат алған Диаскен Бәйтібаевқа және түсіру тобын бораған оқ астынан аман-есен алып шыққан Арсен Сандыбаевтың отбасына моральдық және материалдық қолдау көрсетті.
Сондай-ақ, 4 қаңтардан бастап ақпараттық майданда үздіксіз еңбек еткен арна қызметкерлерінің бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бақытжан Әбдірұлы «Алматы» телеарнасының техникалық-материалдық жабдықталуын одан әрі күшейтуді тапсырды.
22 жылдық тарихы бар «Алматы» телеарнасының ұжымы алдағы уақытта да бейбітшілік, елдің тұтастығы мен бірлігі, ұлттың жарқын болашағы үшін еңбек ете беретін болады.
Тарихқа «Алматы қасіреті» деген атпен енген 2022 жылдың алғашқы күндерінде өз өмірін қатерге тіккен бейбіт адамдардың ерлігі әрқашан біздің жадымызда болады.