Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы бүгін бүкіл әлем назарын өзіне аударып отыр. 40 жылдан бері жалғасып келе жатқан қырғын тіпті ушыға түскен тәрізді. АҚШ әскері ауған елінен шығарылады дегеннен бастап «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) әскері шабуылды күшейтті. Адам жаны суша сорғалаған азаматтық соғыс Қазнетте де қызу талқылануда. Солардың біразына шолу жасаған едік.
«ОА жағдай өте күрделі» деген саясаттанушы Ерлан Сайыров Ауғанстандағы жағдайдан біз де сабақ алуымыз керектігін алға тартты. Ол Қазақстанға, ең бірінші, діни экстремизм идеологиясының экспансиясынан сақ болу керек деп отыр. Яғни (әсіресе) жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді арттыру қажет. Дін мәселесі күрделеніп, өзектілігі артады. Оның айтуынша, елімізде жалпы дін, ғылыми-техникалық прогресс, қоғамдық даму мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу өте өзекті.
Ерлан Сайыров, саясаттанушы:
«Талибан» (экстремистік) қозғалысы Ауғанстанда өзінің толық өктемін жүргізуге жақын қалды. Кабулдан басқа барлық ірі қалалар солардың бақылауына өтті. Сол «Талибан» (экстремистік) қозғалысын кезінде АҚШ пен Пәкістан мемлекеттері бірігіп құрған деген (тексерілмеген) ақпарат бар.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстан атын «Мұсылман Эмираты» деп өзгертеді деген ақпарат тарап жатыр. Олай болса, Орталық Азияның басқа да елдеріне діни және әскери экспансия жасауға тырысуы ықтимал. Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі мүмкін.
1. Босқындар проблемасы.
2. ОА мемлекеттері ішінде діни экстремизм мәселесі өрши түсу мәселесі өзекті.
Ауғанстанды б.э.д. А. Македонский әскері, 19-ғасырда ағылшындар, 20-ғасырда КСРО, 21- ғасырда АҚШ әскерлері тізе бүктіре алмаған.
Тек Шыңғысхан әскері ғана бұл өңірді бағындырып, ұзақ мерзімді басқара білген.
Бүгін де бұл мемлекеттің ішкі істеріне араласпаған жөн. Бірақ Ауғанстаннан басқа елдерге қауіп төнбеуі керек.
Түйіні өте көп мәселе…
Босқындармен бірге барлық елге экстремизм идеясы экспорт жасауы ықтимал.
Экстремизм идеологиясы біздің елге үшінші елдерден де кіруі мүмкін.
Осы есте болуы тиіс.
Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесе отырып Ауғанстанмен шекараны күшейту проблемасын қолға алу маңызды.
Бұл – Қазақстанның да мәселесі.
Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин де үнсіз қала алмады. Фейсбук әлеуметтік желісінде пікірін білдірген ол соңғы рет ауған еліне барған сапарын еске алды.
Ерлан Қарин, Президенттің көмекшісі, саясаттанушы:
Соңғы рет Ауғанстанға біздің сол елдегі бұрынғы елшіміз және Сыртқы барлау қызметін бір кездері басқарған Өміртай Бітімов мырзамен бірге барған едік. Сапардың алдында Ауғанстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Масум Станикзаймен кездесуге уәделескен едік. Бірақ біз келген күні тәліптер Фарьяб провинциясында үлкен шабуыл жасап, қаланы қоршауға алған еді, сондықтан барлық басшы сол жаққа ұшып кетіп, Кабулде бірнеше күн тосып қалдық. Елдегі әскери жағдайдың күрделене түсуі содан-ақ байқалып еді, өйткені оған дейін тәліптер негізінен жасырын әрекеттер (түрлі диверсия, терактілер) ұйымдастыратын.
Ал белгілі журналист Амангелді Құрметұлы «Талибан» қарулы топтарының Ауғанстандағы блицкригі 2014 жылғы ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ирактағы жорығына ұқсап барады деп отыр. Талибан күштері қаншалықты жедел әрекет еткенін ірі қалаларды, Мазари-Шарифті, Герат, Кандагарды алғанынан байқауға болады деп атап өтті ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Амангелді Құрметұлы, журналист:
Ал қалаларды ауған армиясының қорғай алмауы 2014 жылғы Ирактағы оқиғаларды еске түсіреді.
Меніңше, Ауғанстанда мобильді топтардың ұрыс салуының жаңа тәсілдері сынақтан өтіп жатқанға ұқсайды. Шамасы тәліптердің әскери консультанттары заманауи соғыс тәсілдерінің тез өзгеретінін аңғарған тәрізді. Әрі тәліптердің әскери «ғұламалары» Ирактағыдай Ауғанстанда да моральдық-психологиялық қысым тәсілін қолданып, оны жетілдіре түскен сыңайлы. Тәліптердің түрлі тілдегі медиа ресурстары бар екен. Орыс тілінде де хабар тарататын ресурстарын кездестірдім. Мұның бәрі қазіргі соғыстың жан-жақты екенін көрсетеді (бұрын да солай еді. Геббелстің «Правданың», Левитанның ықпалын айтам). Ал ірі күштер тәліптерге біраз еркіндік беріп, аймақта жаңа ойын жүргізетін шығар. Мұндай саясаттың зардабы тұтас Орталық Азияға тиеді. Тәліптерге сеніп аймақтағы түрлі террористік топтар жандана бастауы мүмкін. Тәліптердің өздері қаламаса да, оларға жағынуды көздеген радикалдар теракт ұйымдастыруы ғажап емес. Кезінде «Халифат сарбаздары» дейтін топ пайда болған. Оны құрғандар Әл-Каида тәрізді халықаралық террорлық ұйымдардың назарына ілігуді мақсат тұтса керек. Әрі бірқатар терактлерге қатысы да болған. Сол тәрізді топтар қайтадан сахнаға шығуы ғажап емес. Өйткені ел ішінде радикалдар әлі бар.
Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Асхат Қасенғали оқиғаның хронологиясына тоқталып, ауған әскерлерінің біразы содырлар жағына шығып кететіні анық дейді. Сондай-ақ ауған президентінің тағдырына да болжамын білдіріпті.
Асхат Қасенғали, әлеуметтік желі қолданушысы:
Талибан үшін астананы қантөгіссіз алу маңызды. Себебі сол арқылы олар сыртқы күштермен келіссөз жүргізе алады, өз билігін легитимді етуді ойлайды. Бұл маңызды. Әне-міне олар Кабулды алады. Қазір АҚШ сарбаздары Кабулдағы құпия құжаттар мен құралдарды жойып, Батысқа көмектескен ауғандықтарды эвакуациялап жатыр. Сол үшін Байден көмекке 5 мың сарбаз жіберді. Олар алдағы 4-5 күнде жұмыстарын бітіріп, кері шығады.
Менің ойымша, Ауғанстан басшысы Ашраф Гани сыртқа кетуі мүмкін. Сыртқа кетпеген күннің өзінде тәліптер оны өлтірмейді. Олар Наджибулланы өлтіргеннен кейінгі халықаралық жеккөрінішті образды қайта алғысы келмейді. Оның үстіне президентті өлтіріп тастау арқылы талай келіссөз көпірін өртеп жібереді. Сондықтан оған тимейді. Милары істесе, тимеуі тиіс.
Қазір Кабулдан өзге елдер жанталаса елшіліктерін, өз азаматтарын шығарып жатыр. Президент Тоқаев та бұл бойынша тапсырма берді.
Сонымен, ауған билігінің де дәуірі бітті дей беруге болады.
Редакциядан: Материал дайындалып жатқан сәтте Талибан Кабулға басып кірді және Ауғанстан президенті отставкаға кетті деген ақпарат тарады.