Һижра жыл санауының енгізілуі
Һижраның он жетінші жылы Омар ибн Хаттаб (р.а.) Басра қаласының әкімі Әбу Мұса әл-Ашғариге (р.а.) хат жазады. Онда хаттың шағбан айында жазылғандығы айтылған.
Әбу Мұса (р.а.) Омарға (р.а.) былай деп жауап қайтарады: «Шағбанда жазылған хатты алдым. Бірақ сол қазір біздегі шағбан айы ма, әлде өткен жылғы шағбан айы ма, біле алмадым».
Мұны оқыған Омар (р.а.) бірегей Ислам жыл санауын бекітудің қажеттілігін түсінеді. Сөйтіп, көзі тірі сахабаларды жинап алып, осы мәселені талқыға салады. Бұл һижрамен есептегенде 17 жылдың жумада ахир айының 20-сы күні болатын. Ал миләди жыл санауымен есептегенде 638 жылдың шілде айының 8-і еді.
Сосын сахабалар жыл санаудың қай кезден бастау керектігі жайында пікір таластырады. Кейбірі Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған кезінен бастауды жөн деп тапса, енді бірі һижра оқиғасынан бастау керектігін алға тартады. Өйткені һижраның уақыты сахабалардың бәріне мәлім мерзім еді. Ал Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жылы, күні жайында олар әртүрлі көзқараста болатын.
Жыл санауды һижра оқиғасынан бастауды құптағандардың арасында Омар, Осман, Әлилер (р.а.) болды. Ақырында халифа Омар (р.а.): «Һижра ақ пен қараның арасын ажыратты. Ендеше сол кезден бастаңдар. Бірінші айы мұхаррам болсын, өйткені ол адамдардың қажылықтан қайтатын шағы», – деп кесімді шешімін айтады. Барлық сахабалар осы пікірге тоқталады.
Риуаят бойынша, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға мұхаррам айынан кейін келетін сафар айының соңғы күндерінде аттанған болатын. Сосын Әбу Бәкір (р.а.) екеуі Сәуір үңгірінде үш түн қонды. Раби әууәл айының алғашқы түнінде ол жерден шығып, Ясрибті (Мәдина шаһарын) бетке алды. Сол айдың сегізі күні Ясрибтен он шақырым жердегі Құбаға түсті. Онда төрт күн болды. Сол жерде Ислам дініндегі ең алғашқы мешіттің негізін қалады. Раби әууәл айының 12-сі күні Мәдинаға жетті.
Демек, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударуы раби әууәл айының 8-і күні болған. Бұл миләди бойынша 622 жыл 20 қыркүйекке сәйкес келеді.
Ал һижра жыл санауының алғашқы күні мұхаррамның бірінші күнімен есептеледі. Бұл Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоныс аударған күнінен 67 күн ертерек. Яғни, миләди 622 жылдың 15 шілдесінен басталады. Дей тұрғанмен, сахабалар мұхаррам айын һижраның басы етіп екі себепке байланысты белгілеген:
1. Мұхаррам айы бұрындары арабтардың күнтізбесінде бірінші ай болатын. Оны өзгерту талай заманнан бері келе жатқан жылнама жүйесін өзгерту дегенді білдіреді.
Тарихқа зер салып қарасақ, христиандар да өз жыл санауларын дәл сондай негізде жасаған. Иса пайғамбардың (ғ.с.) туған күні желтоқсанның 25-ші күн бола тұра жыл санауларын келесі ай – қаңтардан бастаған. Себебі, римдіктердің талай ғасырлардан бері қолданып келе жатқан жыл санауы қаңтар айынан басталатын.
2. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен Ясрибтен келген топтың арасында келісілген Ақаба серті қоныс аударудың алдындағы қажылық маусымында, зул-хижжа айында жүзеге асқан-ды. Содан кейін Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі сахабаларына Мәдинаға қоныс аударуға бұйырған болатын. Сосын алғашқы мұсылмандар Мәдинаға қарай қопарыла көше бастады. Ал бұл науқан мұхаррам айында басталды. Демек, һижра жыл санауын мұхаррам айынан бастаудың негізі осында.
Мұсылман күнтізбесі Ай қозғалысына негізделген
Алла Тағала былай дейді: «Ол (Алла) күнді сәуле, айды нұр етіп жасаған. Сендердің жылдарды санау мен есепті білулерің үшін оның (айдың) кезеңдерін мөлшерлеген. Соның бәрін Алла тек ақиқатпен ғана жаратқан. Ол аяттарын білетін қауым үшін жай-жапсарлы түсіндіреді» («Жүніс» сүресі, 5-аят);
«Расында Алланың құзырындағы айлардың саны он екі. Көктер мен жерді жаратқан күні Алланың Кітабында солай жазылған. Олардың төртеуі қасиетті айлар. Міне, осы тұп-тура дін» («Тәубе» сүресі, 36-аят).
Алғашқы аятта Айдың адамдар үшін жылнамалық, күнтізбелік есептеудің өлшемі екендігі нақтыланған. Демек, мұсылман күнтізбесі Айдың қозғалысына негізделген. Һижраның бір жылы 12 айдан тұрады. Бір айдың мерзімі 29 тәулік 12 сағат 44 минут. Әдетте һижра жылы 354 күннен, ал кібісе жылы 355 күннен тұрады. Он бір кібісе жылы 30 жылдық циклды құрайды.
Күнге байланысты жүйеленген қолданыстағы григориан күнтізбесі 365 күннен тұрады. Сондықтан һижра жылы григориан күнтізбесіндегі жылдан 11 күн кем.
Жаратқан Ие жыл санаудағы осынау өзгешіліктер жайлы Құран Кәрімде былай дейді: «Олар үңгірлерінде үш жүз жыл жатты да, тағы тоғыз жыл қосты» («Кәһф» сүресі, 25-аят). Мұнда Құдайдың бір екендігіне иман келтіріп, залым патшадан қашып, үңгірді паналаған жастар туралы айтылады.
Аятта аталған заманды былайша есептеуге болады. Аталған 300 жыл ай күнтізбесі негізінде айтылған. Біз оған 11 күнді көбейтеміз. Сонда 3300 күн шығады. Егер де Күннің жүрісіне негізделген григориан күнтізбесін алып қарайтын болсақ, ол 365 күн 5 сағат 48 минут 45.5 секундқа тең.
Енді аталған 3300 күнді 365.24 күнге бөлсек, 9 жыл шығады. Демек, үңгірде қалғандар үңгірдің ішінде ай күнтізбесі бойынша 300 жыл, ал күн күнтізбесі бойынша 309 жыл жатқан болып шығады. Аятта айтылған қосынды 9 жылдың сыры осындай. Бұл Құран Кәрімдегі ғылыми сырлардың бір сынығы ғана.
Қазіргі қолданыстағы Күн қозғалысына негізделген григориан күнтізбесіндегі айлар 30-31 күннен тұрады. Ол табиғаттағы жүйелі үдерістерге сәйкес келмейді. Ал Айдың қозғалысына негізделген һижра жылының айлары орташа есеппен 29,5 күннен тұрады. Ол Жер бетіндегі табиғат құбылыстарымен бір жүретін табиғи кезең.
Һижра жылындағы айларда теңіздер мен мұхиттарда судың көтерілу, азаю құбылыстары орын алады. Әрі ол құбылыстар айдың фазаларына қарай өзгеріп отырады. Атмосфера жағдайы да Айдың Жерге қатыстылығына қарай ауысып тұрады.
Сондай-ақ, Айдың бетіне түскен Күн сәулесі әр уақытта әркелкі болып тұрады. Бұл Жер бетіндегі жан-жануарларға әсер етеді. Қазіргі заманғы ғылым Айдың адамға әсер ететінін анықтады. Туылған және толысқан кезеңдерінде Ай Жердің сыртқы қабатына әсер етіп, ондағы ылғалдылық, атмосфералық қысым, ауа температурасы, электрлік және магниттік өрістер өзгерістерге ұшырайды. Ал бұл құбылыстар өз кезегінде адам ағзасына да әсерін тигізеді.
Мұсылмандар жыл басын қалай атап өтеді?
Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Бұл ай мұсылман күнтізбесіндегі қасиетті айлардың бірі.
Осы айда Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аудару оқиғасы аталып өтеді. Мұсылман әлеміндегі мешіттерде һижраның мән-мағынасы, тарихы жайлы тағылымды үгіт-насихаттар айтылады. Әрбір мұсылман білуі тиіс ұлы оқиғаның желісі баяндалады.
Мұсылман үмбеті жаңа жылдың басталуын осылайша атаулы тарихи оқиғаны еске алып, ғибраттанумен өткізеді. Басқа халықтардың жаңа жылды қарсы алғанындай ұлықтамайды. Себебі, Ислам дініндегі ең басты мейрамдар – Құрбан және Ораза айттары.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласын алған соң сахабаларына: «Бұдан былай һижра болмайды. Бірақ жиһад пен ниет қалады», – деген екен. Яғни мұсылмандар басым күшке ие болғаннан бастап һижра, қоныс аудару тоқтатылып, барша мұсылмандар үшін үлкен жиһад – өз нәпсісін тәрбиелеп, шынайы мүмін-мұсылманға айналу мақсаты алдыға шығады.
Һижраның екінші мағынасы – Алланың разылығы үшін күнә-қателіктер мен теріс істерді һижра қылу, яғни тәрк ету. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүһәжір (қоныс аударушы) – Алланың тыйым салған нәрселерін тастаған адам, мұсылман – басқа мұсылмандар тілі мен қолынан аман-сау болған адам», – деген.
Сәбит ИБАДУЛЛАЕВ