немесе көбелек неге өзін отқа тастайды
Адамның бойында бірнеше күш пен табиғи қасиеттер бас қосқан. Осы әрбір күш пен қасиеттің өз ләззаты бар екенін өзіңе үңілсең түсінесің. Яғни олардың әрқайсысы ләззатына жеткенше ұмтылады екен.
Адамның бес сезім мүшесінің (құлақ, көз, мұрын, дәм сезу, сипау (қол) жеке жеке ләззаты бар. Мысалы, құлақ иірімді музыка тыңдағанда, дәм тәтті тағам жегенде ләззат таппақ. Ішкі нәпсі сыртқы осы бес сезім мүшесін ыңғайына пайдаланады екен (жаман жаққа тартып, мөлшерінен артыққа алып ұшады).
Пенде байғұс осылардың арасында шыр көбелек айналып, мың құбылады.
Бірақ, адамға осылардың бәрін реттеп, өз өмірін басқару үшін ақыл берілген. Дегенмен, ақыл – рационалды (суық). Құмарлықтың артының не боларын адамға ұқтырса да, құмарлықты тоқтатуға күші жетпейді. Уақытша қой деп тоқтатса да, құмарлық артынан күш алады. Себебі құмарлықты жүрек сезімі ғана тоқтататынын даналар тарихта айтып кеткен.
Нәпсінің (тәннің қалаулары) құмарлығын орта жолда реттеу үшін пендеге жүрек көзі, гауһар таза рух берілген.
Алайда, адам надан болса, осылардың бәрін өз қолына алатындай күші қалмайды екен. Жаратушымыздың: «Өзіңді танымай, құдайыңды танымайсың» деуі, көп нәрсені аңғартады (Құранда).
Надандық адамды көрсоқыр етеді
Осы жерде надан адамды көбелекпен салыстырсақ.
Көбелектің көру қабілеті нашар болғандықтан (адам надан болса, ішкі көкірек көзі нашар көреді), өзін жарыққа соға береді. Кеш мезгілінде жарықты іздеп, жарыққа қарай ұшады. Шаршамай, қайта-қайта жарыққа соғылады. Сен оны ақымақ болғандықтан, осылай істейді деп ойлауың мүмкін. Олай емес.
Ал адамның надандығы бұдан да асып түседі екен. Адамның құмарға берілуі көбелектің лаулап жанған отқа келіп түсуіне ұқсайтын көрінеді. Себебі адам қалау мен құмардың жалт-жұлт еткен сыртқы нұрлы жарығын ғана көреді де, оның астында өмірге қауіпті удың (мысалға қызық үшін кішкене дәмін алайын деп нашақорлыққа ұрынғаны секілді, себебі ішкі нәпсі жұта түс деп адамды итермелейді) бар екенінен бейхабар. Сондықтан ол өзін-өзі құмар теңізіне лақтырады да, оған қатты беріліп, нәтижесінде мәңгілік құрдымға кетеді екен.
Осыдан кейін адам мен көбелектің надандығын салыстырып көр. Көбелек оттың жарығына алданып, сол мезетте отқа жанып кетті. Ал адам не болады?
Ежелгі грек ойшылы Сократ: «Ақпараттың бәрі – білім емес, білімнің бәрі – ақыл емес», – дейді.
Білімді ілімсіз алудың сор болатынын ойшылдар осылай тұспалдап кеткен. Ілім тәрбие арқылы келеді, білім арқылы емес. Өзіңді өзің тәрбиелеумен көкірек көзің ашылмақ.
Қазақ «көрсоқырсың», «надансың» деп сөгуі білімсіздіктен туған наданды емес, тәрбиесіздіктен ішкі құштарлықты тоқтататын ілім көзі ашылмаған (көкірек көзі ашылмаған) жанды атаған. Себебі білімнен туған ақыл (себебі ақыл суық, ақылда жиіркеніш туғызатын сезім қуаты жоқ) іштегі құмарлық күшті басқаруға шамасы келмейді. Тоқтататын жүрек!
Жарас АХАН,
тарихшы