Адамдар арасына тез таралатын рух кеміргіш өсек пен өтірік тәрізді, мына ашкөз індет жүйткіген бойда әлемді әп-сәтте орап, төрткүл дүниенің төрінен орын алды. Адамзаттан ала алмай қалған өші бардай, жан-жағын жалмап, қарсы келгенді қармап, жолындағыны жайпап, әлдінің құтын қашырды, әлсіздің үнін өшірді. Әлі де арамызға мысқыл уын шашқысы келеді.
Дегенмен, бүгінгі әлемнің ойында не бар? Үрей мен үміттің арасында ма, қорқыныштың панасында ма әлде ертеңіне сенімді ме?
Адамзатпен арпалысқан бұл індет санамызды түбегейлі жүз сексен градусқа бұрмағанымен, ағын суды тоқтатқандай, көбіміздің көп дүниемізге тосқауыл болғаны хақ. «Көп асқанға – бір тосқан» демекші, кімнің болмасын екпінін бәсеңдетті, есін жиғызды, санасын састырды.
Әу баста бұл тажалға көбісі мән бермеді, сене алмады, сенгісі келмеді. Халық себептерін сан-сақтан іздесе, ғалымдар жан-жақтан зерттеді, даналар өткенді, сарапшылар кеткенді ақтарды. Шер-ағаның бір кем дүниесіндей, өмірдің жарқ-жұрқ еткен жарқын сәттерін қуалап жүргенде, басымыздағы бағымыз тажалдың тәжіне айналғанын аңғармай қалған сияқтымыз.
Денсаулық – жанымызға Алладан берілетін Алатаудай бақ! Науқас адам сау адамның басынан тәж көргендей, деніміз сау кезінде өмір жап-жарқын, ап-ашық, ғажап, керемет, арман, өлімнің өзі алыс көрінеді. Десек те, бұ тажалдың кешегі таяғын жеген біздер не түйдік?
Тарихта Мұса (ғ.с) пайғамбардың Алламен тілдескен ғибраттары ішінде «Адамға ауруды не үшін бердің?» – деген сұрағына «Пендем Мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім» атты жауабы бар. Кей бейбақтар әлі күнге кімге сеніп, неге сүйенетінін, қайдан келіп, қайда бара жатқанынан хабарсыз, білмейді, білгісі келмейді, ойсыз, қамсыз.
«Түбінде бәрібір өлеміз» деген қағидамен санасын нүктелей салады. Негізінде, өзін жаратқан Жаратушыны, өзін өмірге әкелген ата-ананы, өзін ұмытқан адамның ақыры құрдым.
Ал, «Ауру, кесел, дерт деген нелер, қайдан және қалай пайда болды, кім ойлап тапты, не үшін, қандай мақсатта?» деген сұрақтарға «Ағзаның өсіп-өну қабілетінің бұзылуынан» деген уикипедия анықтамасы жауап бола ала ма? Не болмаса ежелгі батыс медицинасы мен шығыстың ибн Синасы көмек бере алды ма? Әлбетте қай-қайсысы болмасын, материалистік тұрғыда сыртқы ортаның әсері немесе басқа дәйектер келтіруі мүмкін.
Алайда, ойланайықшы, Алла Тағала адамзатқа ауруды неліктен жібереді? Бұған ғасырлар бойғы ғылыми зерттеулер қажет емес. Себебі, жауабын Алланың Өзі «Пендем Мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім» деп айтып тұр. Зерделесек, «әлсін-әлсін». Ал, біздер тым болмағанда анда-санда еске аламыз ба? Міне, біздің бірінші жіберіп алған тұсымыз осы!
Дерт – күнәміз бен қателігімізге жаза немесе тағдырға берілген сынақ. Өйткені, көзге көрінбейтін кез келген кесел адамзатқа даналық пен түйсік әкелуші құбылыс. Мәселен, науқас нені ойлайды?
Әрине, үш күндік өмірді, өткенін, бүгінін, ертеңін. Қандай іс жасадым, жасамадым дегендей, өкініш, сағыныш. «Өліп қалсам не болады?» деген сұраққа жүрегі діріл қағады. Одан да Жаратушысына именіп, тәкаппарлығын сындырсын, шүкір етіп, тәубесіне келсін, қалғанын Алланың Өзі реттейді.
Дерт тоқсан тоғыз десеңіз, оның тоқсан тоғыз емі бар. Онымен күресу – құлшылық, емделу – парыз. Дертке көңіл бөлмеу, бетімен жіберу, салғырт қарау, дер кезінде қаралмау, айығуға ниеттенбеу, жанды дауаламау – күнәнің ауыры.
Міне, осылайша Алла Тағала пендесінің рухын жаңарту үшін, көлемі тозаңнан да ұсақ зәредей дертті төрт періштесімен жібереді. Ол төртеу адамнан қуатты, реңді, тәбетті және күнәсін алып қояды. Егер пенде жүрегіндегі сеніммен емнің шипасын Алладан күтсе, үш періште қуатын, реңін, тәбетін қайырады. Ал, сабырмен тәубесіне келсе, күнәсі қайтарылмайды, яғни кешіріледі.
«Өзім жазыламын» деген жалаң сенім құр әншейін бос сөз болып қалады әрі өтпеуі мүмкін, өйткені рухтың иесі Алла! Сондықтан болар, бабаларымыз науқас адамды күнәсіз санап, бата алатыны. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз таң білінерде «Араларыңда науқастың көңілін сұраған жан бар ма?» деп, сахабаларына қайырылып отырған.
Үш тарапқа бағыт алған адамның әрбір қадамына сауап жазылады, күнәлары кешіріледі. Бұл ұлы жолдағы, яғни білім алуға аттанған, мешітке қарай беттеген, науқастың көңілін сұрауға шыққан адамның әрбір аяқ алысына періштелер қанатын төсейді.
Шығыс медицинасының атасы Әбу Әли ибн Синаның «Ауырған адам, емдеуші адам және ауру бар. Қайсысы қайсысымен бірігеді, солар жеңеді» дегенін де ұмытпаған жөн. Есімізде болсын, рухты шаң басса, дерт ұялайды.
Өткеніміз отыз жыл – санай салатын отыз күн емес. Ал, осы отызда өзіміз не тындырдық? Кеше ғана төтеннен келген тосын індетке бір өзіміз қасқайып қарсы тұра алдық па? Менің ойымша, тәж-тажал сиқымызды сындырып тұрып көрсетті.
Ала жаздай ән салып, той тойлап жүре берген екенбіз. Ең болмаса бір жапырақ бетпердені өзіміз шығаратын елден болмағанымызға өртсіз өртенуге болады. Өзгеден алып, өзімізге сатылған бөтеннің бетпердесі шынайы келбетімізді ашып берді. Өзгенің емес, өзіміздің отыз нәтижемізге өз көзімізді жеткізейікші, оған кешегі қайғылы күндер дәлел.
Дерт өршігенде иіс дегенді сезбедік, дәм дегенді ұмыттық, ауруханалар толды, жете алмай талықсыдық, тыныстар тарылды, бір жұтым ауа, бір түйір дәріге тәуелді болдық. Бір орында үйелеген қойдай айналшықтап қалдық, тыпырлап іздене бердік, айқайлап жүріп таппадық, шуласақ та жеңбедік, әбіржіп қиналдық, жылап шаршадық, соңында амалдың жоқтығын түсіндік.
Ақырында еліміздің елеулі азаматтарын, көрікті көз моншақтарын, ғылымның жауһарларын, ілімнің гауһарларын, шаңырақтың қазыналарын, әркімнің сүйеніштерін қара жерге көміп тындық, өзегіміз өртенді, азалы күйде қалдық. Баршылықта таршылықпен, тоқшылықта жоқшылықпен өтеміз деп ойламады олар. Бір күнге бұл аз емес, алдағы толқын не дейді, оны бір Алла біледі?
Бас күректі жерге тіреп, ақтық сапардың үйін үйлейтін көрқауды жәй күндері менсінбейтіндер сол ауыр сәттерде оларды жер-көктен таппай қапы болды. Еліміздегі әрбір мешіттің имам-молдасы күллі мұсылман әлемімен бірге Отанымыздағы барша науқас жандардың дертінен айығуына жұма сайын дұға жасайды, бұған ұйыған жамағат «Әумин!» деп алақан жаяды.
Міне, сол имамдарды нұқып, молдаларды шұқитындар жақындарын жер қойнына жаназалап тапсыруға жабық мешіттерден бет сипатар адам таппай дал болды. Сырқаттана қалса, дәрігердің біліктісін іздейтіндер ине салдыру үшін, ешқашан көзіне ілмеген медбикелерге зар болды. Ғылым мен білімді ұмытқанымыз сонша, арамыздағы азын-аулақ ғалымдарымызды теріп алып кеткенде, олардың барын біліп, қадірін түсіндік. Ал, бүгінгі зәруіміз не?
Бақыт қайда барады? Әлбетте, татулығы ұйыған елге, бірлігі тасыған жерге. Бағымызды індет кеміре бастағанда, бірін-бірі кінәлаған, әрі-бері тартысқан емес, тыныштық сақтаған бейбіт ел болуымыз керек.
Тыныштық кімге барады? Әрине, жүрегі мейірімге, рухы иманға толы, көкірегі ояу адамға. Жанымыз кірлегенде, мешіттерден қашқан, Жаратушысын ұмытқан емес, иманын иірген, Құдайын таныған білімді ел болуымыз қажет.
Ал, білім кімде болады? Арманы асқақ, талабы таудай, ғылымға құштар өскелең жаста. Сондықтан кешегі қасіреттен аман қалып, айыққан біздер бүгінгі демімізге шүкір етіп, өмірімізге өзгеріс енгізейік.
Ойын-сауыққа отыз жылымызды аямай беріп келдік, аз емес шығар, ағайын? Алдағы толқыннан аман шығуға нық сенімде болайық. Ендігі жерде өрбіген ұрпағымызды иманның нәрімен суарайық, қадамын мешіт пен медреседен бастатайық, ғылым және білімге бағыттайық, еліміздің келешегіне даярлайық.
Өйткені, олардың келешегін кешегі мұңлы күндер болжап берді. Шындап келгенде, біздің ел қашаннан иманға, бірлікке, татулыққа зәру. Ал, біз бір-бірімізге, ағайыншылығымызға, болашақ ғалымға, дәрігерге, ұстазға зәруміз!
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы