Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің инспекторы, дінтанушы Алмас Құлымбетов арнайы оңалту орталығына шақыртылып, «Жусан» операциясы бойынша оралған азаматтарымызды райынан қайтару жұмыстарына атсалысқан болатын. Біз дінтанушы маманмен оңалту жұмыстары туралы сұхбаттасқан едік.
–Сәлеметсіз бе, Алмас мырза! Ақтау қаласындағы іс-сапарыңыз қанша уақытқа созылды?
–Сәлеметсіз! Мен үш аптадай Жусанмен оралған азаматтарымызбен жұмыс жүргіздім. Біздің барғанымыздағы мақсат – Сирия мен Ирактағы соғысқа кетудің себебін және діни ұстанымдарын анықтауымыз керек болды. Жұмыс барысында жеке бес әйелмен тілдестім. Тек Жамбыл облысы ғана емес, басқа да облыстарымыздағы азаматтармен де сөйлестік. Қызылорда және Алматы облысындағы әйелдер де болды. Бесеуі де Шам жеріне өз еріктерімен барған. Төртеуі барғаннан кейін өкініпті.
Алайда, біреуі әзірге райынан қайтатын емес. Және осы әйелдің білім жайлы ақпараттарды қосымша білген едік. Жоғарғы білімі жоқ. Орта мектепті де толықтай аяқтамаған. Діни тұрғыдағы мәселелерді ақылына толықтай салмайтындығы, санасы арқылы сүзгіден өткізбейтіндігі белгілі болды.
–«Жусан» операциясынан кейін еліміздің дінтанушы мамандарының біліктілігі мен білімділігі сынға түскені анық. Мамандарымыз азаматтардың көзқарастарынан қайтара алса, мемлекет үшін үлкен жетістік болмақ. Алайда, радикалды ойларынан қайтпаса, болашақта елімізге қандай қауіп-қатерлер төнуі мүмкін? Қалай ойлайсыз?
–Мұндай соғыс ортасын көрген жандар, басқа елде ислам жолында соғыс болып жатыр деп ұран тастаса, тек бұлар ғана емес, соғыс ошағына бармаған жандардың да кету қаупі бар. Себебі, әр адамның діни танымы дұрыс қалыптаспаса, лаңкестік ұйымдардың шырмауына оңай түсіп қалады. Кез келген ғимараттың іргетасы болмаса, оны су мен жаңбыр да шайып кетеді. Адам да тура сондай, оның бастапқы түсінігі мен діни сауаты болуы керек.
–Ақтаудағы оңалту жұмыстары кезінде дәстүрлі исламға өтіп, өз қателіктерін түсінгендері болды ма?
–Ол жақта еліміздің әрбір өңірінен дінтанушы және психолог мамандары шақырылды. Жұмыс барысында өз райларынан қайтқандары да бар. Тіпті, Атырау облысында «Жусан» операциясымен оралған бір азаматша АТТ мүшесі болып тағайындалды. Қазіргі таңда «ДАИШ» ұйымының қателіктері мен қауіп-қатерлерін қоғамға түсіндіріп жүр.
–Жамбыл облысындағы жергілікті «Jambyl» телеарнасынан сіздерге оралған әйелдер мен балалар туралы ақпарат айтылды. Оның ішінде алтауы әйел және 14 кәмелет жасқа толмаған балалар екен. Осы жандармен жұмыс жүргізіп жатырсыздар ма?
–Әрине! Біздің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» мамандары азаматтарымызды кезең-кезеңімен райларынан қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл кісілерге арнайы дәрістер де өтіп жүр.
Ескеретін нәрсеміздің бірі – балаларының төлқұжаттары жоқ. Біз жергілікті билік өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, осы мәселеге де атсалысып жатырмыз. Құжат мәселесінің шешілуіне ұсыныс жасадық. Және де олардың материалдық жағдайлары төмен. Қайырымдылық акциялары арқылы көмектер де берілуде. Жұмысқа орналасу мәселелері де қарастырылып жатыр.
–Қазір бұл азаматтарымыз өздерінің үйлеріне немесе туыстарының жанына орналастырылды. Бастапқы кезде айналасындағы жандардан оқшауланулары әбден мүмкін. Қоғамның бұл азаматтарға деген көзқарасы қандай болуы керек?
–Көршілері немесе туыстары болсын, барша азаматтарымыз қарым-қатынас жасаған кезде аса сақтық танытқаны дұрыс. Себебі, арасында дәстүрлі исламды мойындамайтындары да бар. Ол кісілерден діни мазмұндағы насихаттарды тыңдамауға және кеңестер алмауға шақырамыз. Қажетті сауалдарды дінтанушы мамандардан сұрау қажет.
–Осы азаматтарымыздың кімдердің уағызын тыңдағанын біле алдыңыз ба?
– Сириядан оралғандардың ешқайсысы да діни еңбектерді оқымаған. Әйелдердің барлығы дерлік күйеулеріне бойұсынып, бірге ілесіп кеткен. Күйеулері күні бойы ұялы телефоннан уағыз тыңдап, әйелдеріне түнде ғана Шам еліне кету туралы айтады екен.
Сонымен қатар, олардың барлығы дерлік шетелдіктерден Саид Бурятский, Қазақстан бойынша – Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдағанын айтады.
Өз тарапымнан оларға: «Неге Дарын Мубаровты тыңдап кеттіңіздер? Шам өлкесіндегі соғысты қасиетті соғыс, шынайы жихад екендігін Дарын білсе, неге өзі де барып соғыспайды?» деп сұрақ қойған едім. Олар:
«Дарын біздің елдегі азаматтардың көзін ашып соғысқа жіберуде, өзі де сонда барғысы келеді дейді. Әзірге өзі бармаса да, жүрегі арқылы Сирияда соғысуда» деп жауап берді.
Барғандар ол жақта өте көп қиындық көрген. Соғыс басталысымен жағдайлары күрт нашарлаған. Халифалары болып жүрген Әбу Бәкір әл-Бағдадиді ешқайсысы көздерімен көрмеген. Күйеулерінің тапқан қаражатына кебек сатып алып талғажау еткен. Көшбасшы болып бастап барғандары соңына қарай мүлдем көрінбей кетіпті. Біздің әскерлер келіссөз жүргізіп, қайтармақшы болғанда қатты қуанғандарын жеткізді. Ешқайсысын күштеп алып келмеген.
–Әйел кісілердің кетуіне көбінесе күйеулерінің ықпалы болды. Ислам дінінде де әйел заты күйеуіне бағыну керек деген. Күйеуінің қателігін айтса, ажырасып тастап кетеді деп қорқатындары да бар. Тіпті, әйелін тозақы етіп үкімге шығаратындары қоғамымызда кездесіп жатыр. Осындай жағдайда әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?
–Бұл жердегі формула өте қарапайым. Күйеуінің қателігі байқалып, бойынан өзгерістер көрінсе сақтық танытулары керек. Тозақысың деп үкім кесетіндей ол – Жаратушы емес! Әйел адамдар бұл тұрғыда еш қорықпасын. Қайта құзырлы орындарға дер кезінде шағымданып, күйеуін радикалды жолға түсуден сақтауға ертерек шара қолданғаны дұрыс.
–Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Қадірәлі Сарыпбек