– Рахмет Разбекұлы, алғашқы сауалым облыстың діни ахуалына тоқталып өтсеңіз?
– Сауалға жауап берместен бұрын, әуелі әлем мұсылмандарының қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын деймін. Елімізде Құрбан айт секілді діни мерекелер халықтың достығын, конфессияаралық татулық нығайтуға өз септігін тигізуде.
Ал сауалыңызға келсек жалпы облыста діни ахуал тұрақты. Қазақстан халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын ұстануы, конфессиялар мен этностардың оң диалогтары, дін саласындағы мемлекеттік саясатының нәтижесі.
– Діни ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аймақта мемлекеттік саясатты іске асыру 2 бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншіден, облыстағы діни ахуалға сапалы талдау, зерделеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру болса, екіншіден, деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу мен теріс ағымдарды ұстанушы азаматтармен нүктелі оңалту жұмыстарын атқару.
Осы бағыттар аясында деструктивті діни идеялардың таралуына төтеп бере алмайтын халықтың нысаналы топтары арасында нақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Облыс, қала, аудан әкімдері жанынан бекітілген 365 белсенді мамандардан құралған 21 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ, облыста дәстүрлі діни бірлестік жетекшілерінің Клуб отырысы жолға қойылған.
Діни саланы жүйелі түрде талдау, болжау, туындаған мәселелерге жедел әрекет ету және стратегиялық жоспарлау мақсатында зерттеудің жаңа әдістері жолға қойылды. Бұл тұста қолданыстағы «Kazdream Media» жүйелі-мониторингтік бағдарламасының көмегі арқылы интернет-кеңістігінде жалған діни идеяларды таратушылар мен ұстанушыларды және қатерлі аймақтарды анықтауға, қарсы шара қолдануға жасалып жатқан жұмыстарды айта кетуге болады.
Аталған мониторингтік бағдарлама арқылы зерттеу жүргізу нәтижесінде облыс аумағында дәстүрден тыс діни идеологияға қызығушылық танытып жүрген 45141 ғаламтор қолданушылары анықталып, ID мекенжайлары мен тізімі облыстық полиция департаментіне, аудан, қала әкімдіктеріне анықтау әрі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жолданады.
Қазіргі кезде 2477 дінді насихаттау көздері (бірлестіктер, топтар, видеоканалдар, мессенджерлер және сайттар) зерттеліп, олардың 564-на Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға шектеу қойылып, бұғатталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
– Облыста қанша конфессия тіркелген?
– Алматы облысы Республикадағы 18 конфессиясының 12-сі қоныстанған көп конфессиялы аймақ. Республика деңгейіндегі заңды қызмет атқаратын 3738 діни бірлестіктердің бүгінгі күнге 623-і облыс аумағында тіркелген. Оның: 458-і ислам мешіті, 52-сі орыс православ, 11-і рим-католик шіркеулері, 101-і протестанттық, 2-і дәстүрлі емес діни бірлестіктер. Аталған діни ғибадат орындарында 563 имам ұстаз, 305 христиан діни қызметшілері қызмет етеді. Өңірдегі халық санының өсуімен қатар діни бірлестіктердің де өсу үрдісі байқалады.
– Зайырлы ұстанымды халыққа қалай түсіндіріп жатырсыздар?
– Мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын түсіндіру, түрлі сенім мен діндерді ұстанушылар арасында конфессияаралық және дінаралық диалог пен келісімді сақтау және нығайту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр ұштастығы» облыстық дінтанушылар және діни бірлестіктер жетекшілерінің форумы, Клуб отырыстары, кездесулер мен ашық алаңдар өткізіліп келеді.
Сонымен қатар, жыл сайын ауылдық округ әкімдері, учаскелік полицейлер мен «Зайырлық және дінтану негіздері» пән мұғалімдеріне арналған аймақтық оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Өңірдегі діни ахуалды зерделеу мақсатында қазіргі таңда терроризм идеологиясының өршуін ескере отырып, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігі үшін діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың қазіргі мемлекеттік жүйесін жетілдіру турасында пікір алмасып, тұшымды ойлармен бөлісетін. «Фокус топ» белсенді жұмыс істеуде. Фокус топ нәтижесінде сарапшылардың пайымдауынша зайырлы даму қағидаттарын халықтың қолдауының өсу деңгейі жоғарлағандығы байқалады.
– Заңсыз діни қызметпен, мәселен тіркеуден өтпей миссионерлікпен айналысқандар болды ма?
– Бүгінде облыста заңды түрде тіркелген 29 миссионерлер жұмыс атқаруда. Оның 19-ы католицизмді, 4-і протестантизмді (пресвитериан) 3-і исламды ұстанса, 3 дәстүрлі емес (кришнаиттер) діни бірлестік өкілдері болып табылады. Аталған 29 миссионер төмендегі мемлекеттің өкілдері болып табылады. Оңтүстік Корея–6, Литва–1, Польшадан–6, Италиядан–2, Қазақстандық–3, Испаниядан–5, Мысырдан – 1, Түркиядан – 2, АҚШ –1, Ресей Федерациясынан – 2.
Шетел азаматтарының миссионерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы негізінде басқарма тарапынан қатаң бақылауда.
Миссионерлік қызметті жүзеге асырушы кез келген азамат Басқармаға арнайы құжаттарды өткізу арқылы тиісті сертификатты алады.
Облыстағы миссионерлер тарапынан бүгінгі күнге дейын ҚР заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген.
Жыл басынан жүргізілген мониторинг жұмыстары көрсеткендей облыс аумағындағы діни бірлестіктер тарапынан орын алған құқық бұзушылық әрекеттерінің көпшілігі діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға қатысты құқық бұзушылықтар болып табылады.
Жоғары айтылған құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында дін істері басқармасының құрылымдық бөлімшесі «Дін саласындағы мәселерді зерттеу орталығы» қызметкерлері «Ореn Air» форматында тұрақты түрде халық тығыз орналасқан (сауда үлерде, базарларда, вокзалдарда) діни рәсімдерді атқару үшін арнайы белгіленген орындардың болуы, діни әдебиеттерді арнайы белгіленген орындарда ғана таратуға (сатуға) рұқсат екендігі жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылып тұрады.
– Облыста дін мамандарын даярлайтын қанша діни оқу орындары бар?
– Облыс аумағында діни бағытта білім беретін, дін мамандарын даярлайтын 1 оқу орны бар. Ол – Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылында орналасқан «Үш Қоңыр» медрессе-колледжі. Аталған оқу орны мемлекеттік стандарттарға сай білім беру жүйесімен шәкірттер тәрбиелеуде.
«Үш Қоңыр» медрессе-колледжін тәмәмдаған шәкірттер бүгінде өз білімдерін шыңдау мақсатында еліміздегі «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне және шет елдің теологиялық білім беретін оқу орындарында оқуларын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде дін мамандарының, діни сауатты азаматтардың қалыптасуына жасалып жатқан игі жұмыстар деуге болады.
– Басқармаға қарасты екі орталық бар екен? Жұмыс бағыттары қалай? Бірін бірі қайталап отырған жоқ па?
– Расымен де басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселерді зерттеу» және «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту» орталықтары қызмет атқарады.
«Дін саласындағы мәселерді зерттеу орталығының» қызметіне елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау. Тұрғындардың толеранттық санасын қалыптастыру. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, дін саласына қатысты әлеуметтік зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. игі шараларды атқарады.
Ал, «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» қызметіне оңалту жұмыстарын жүргізу, радикалды және деструктивтік діни ағымдарға ұшыраған адамдарды психологиялық түзету мен әлеуметтік бейімдеумен, ҚАЖ департаментінің мекемелерінде экстремистік және террористік қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан және өтеп шыққан адамдармен қайта әлеуметтендірумен, діни себептер бойынша вакцинациядан, қан құюдан, білім беру мекемелерінде бірыңғай форманы сақтаудан бас тартқан азаматтармен жұмыстар жүргізіледі.
Жоғарыда аталған екі орталықтардың әрқайссының өзіндік атқаратын функциялары бар. Бірін бірі қайталап отыр дегеннен гөрі керісінше толықтырып отыр деп айтқаным дұрыс болар еді.
– Теріс ағымның жетегіне түскен азаматтарды қоғамға бейімдеудің арнайы әдістері бар ма?
– Бүгінде деструктивті діни ағым ұстанушылардың санын азайту бойынша мақсатты индикаторына қол жеткізу бірнеше әдістер бойынша жұмыс жүргізілуде.
Біріншіден, РеРеамобиль – облыстың шалғай нүктелері мен ауылдық округтеріне шұғыл шығуға мүмкіндік беретін, нүктелі ақпараттық-түсіндіру, оңалту және психокоррекциялық жұмыстарды жүргізу үшін арнайы жабдықталған көлік қолданылуда.
PeРeaмобильда жұмыс істеу үшін ол мультимедиялық құралдармен, жұмыс үстелімен, тарату сөрелерімен жабдықталған.
PеРеамобильдің діни мәселелерге қатысты облыс аумағында болған барлық оқиғаларға жедел әрекет ету мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар облыстың барлық шалғай нүктелеріне және шекара маңындағы елді мекендерге шұғыл жету, діни экстремизм құрбандарымен және деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен мәжбүрсіз жеке оңалту әңгімелерін өткізу артықшылықтары бар.
Екіншіден, орталықта Әлеуметтік бейімдеу және корекция кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинет теріс ағым өкілдерімен оңалту жұмысы кезінде нәтижелі психологиялық климат құру үшін белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталған. Кабинет оңалту процесіндегі тұлғалар үшін демалыс кезеңдерін қарастыратын үздіксіз режимде оңалту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы жиһазбен (трансформер) жабдықталған.
– Бұлардан басқа өзіңіз басқарып отырған Басқарманың биылғы жылға қандай жоспары бар?
– Бұл тұста халық мүддесіне бағытталған «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерді арттыру мақсатында түрлі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Сондай ірі жобалардың бірі «Рухани керуен» жобасы. Жабаның мақсаты бабаларымыздың әрбір түйінді сөзін, ұшан-теңіз әуенін, фольклорын, ой ұшқырлығын, адамгершілік асыл мұраттарға негізделген дәстүр-салтын, жеті атаға жеткенше некелеспейтін тек тазалығын, қасиет тұтқан жүректегі иманын қайта түлету мақсат етуде.
Алматы облысында елге танымал, белгілі зиялылардың құрамында бастау алған бұл жоба діни саладағы өзекті мәселелердің күрмеулі шешімін тарқатқан, әрі Республикалық реестрге енген 40 жобаның бірегейіне айналды.
Сондай-ақ, өткен жылы «Ғибратты қазына» телевизиялық рухани кештер жобасы бастау алды. Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы тұруды, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің қажеттілігін танытуды мақсат етеді. Жоба «Жетісу» телеарнасында ерекше сипатқа иеленді.
Ал, биылғы жылы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша «Дін және мәдениет-руханият әлемі» атты жобамызда ерекше сипатқа иеленіп өмірге келді. Жобаның бір бағыты осы айдармен шыққан газетіміз болса, екінші бағыты халық зиярат ететін сакралды ғибадат орындарды жүйелеу және терең зерттеу, түрлі діни әдет-ғұрыптар мен халық аңыздарымен байланысты бірегей діни ғибадатханалар, өңіріміздегі қасиетті жерлерді, әсіресе ежелгі тұрғындардың діни рәсімдерін өтеуге арналған нысандарды анықтап, оның құндылығын саралау арқылы бүгінгі ұрпақтың өткенді тануы мен ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етуге мүмкіндік берді.
Жұмыстың ең бір ауқымды сәті ретінде өңірде атқарылған іс-тәжірибені көрсету мақсатында «Діни-дәлелді экстремизмнің алдын алу өзекті мәселелері: пәнаралық анализ» (Алматы облысының контекстінде) ақпараттық-әдістемелік нұсқаулық тұңғыш рет шығарылып, тұсаукесері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясында атқарылды.
Аталмыш кітапта Алматы облысындағы діни ахуалдың негізгі бағыттары мен құқықтық, дінтанулық, психологиялық, әлеуметтік-саяси аспектілерімен дін істері басқармасының жұмысы елімізге танымал РАНТ мүшелері, заңгер, теолог, психолог, дінтанушы, исламтанушы ғалымдардың зерттеулерімен ұсынылды.
Сонымен қатар, биылғы жылдың шілде айынан бастап діннің асыл құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтың өткенді тануы мен ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етіп, ұлттық мүддемізді қорғауға бейімдеу, үйлесімді салт-дәстүрлерді күнделікті өмір салтында қолдану, осы арқылы отансүйгіштікті қалыптастыру, елжандылықты дәріптеу, тағылымы мол тарихымызды қастерлеу Алматы облысы аумағындағы діни ахуалды таныту, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы Ұлы даланың құндылығын ұрпақ санасына сіңіру, елімізде қалыптасқан мемлекеттік конфессияаралық келісімнің заңдылығын сақтап, халықтың діни сауаттылығын нығайтуға бағытталған «Дін және мәдениет – руханият әлемі» қоғамдық-саяси газеті жарыққа шығып, қалың оқырман назарына ұсынылды.
Облыс көлемінде жалпы атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.