Лаңкестіктің құқықтық, саяси-әдеуметтік, экономикалық, идеологиялық қоғамдық, халықаралық, ұлттық, діни т.б. көптеген қырлары бар. Сондай-ақ оның түрлі мен тәсілдерінің де әрдайым өзгеріп, жаңарып отыруы да нақты бір анықтама жасауға кедергі келтіруде. Түрлі анықтамалардың болуы әр елдің өз мемлекеттік құрылым ерекшелігіне, ұлттық және тарихи дәстүрлеріне қатысты көрініс табуда.
Десе де қандай да бір топтың, ұйымның, қозғалыстың көздеген саяи, идеологиялық, экономикалық, діни т.б. мақсаттарына қол жеткізу үшін күш қолдану арқылы, қоғамда үрей туғыза отырып, тұрақсыздыққа жол аша отырып азаматтардың санасында мемлекеттік құрылымдарға деген сенімдеріне селкеу түсіру мақсатында іс-қимылдарға баруын терроризм деп атауға болады. Бұған көбіне соғыс және дипломатиялық жолдар арқылы шеше алмаған мақсаттарға жету жолында жасалған іс-қимылдар жатады.
Жалпы лаңкестік әрекеттер Батыс елдерінде жиі орын алып жатқанына қарамастан, сыртқа жабықтығымен ерекшеленген Кеңестік кеңістікте алаңдатушылық туғызған негізгі тақырыптардың біріне айналмаған-ды. Алайда 2001 жылы Америка Құрама Штаттарында орын алып, әлемді дүр сілкіндірген 11-қыркүйек оқиғасынан кейін терроризм көптеген мемлекеттердің күн тәртібінегі бірінші кезектегі мәселесі айнала бастады. Тіпті қауіпсіздік жүйелері ең берік деген Еуропа елдерінің өзінде көптеген қанды оқиғалардың орын алуы күллі әлемде алаңдаушылықтың артуына себеп болды. Осылайша лаңкестік 21-ғасырдың әлем жұртшылығының ең негізгі бас ауруына айналып шыға келді. Әрине бұған жахандану құбылысының да ықпалы бар.
Жалпы алғанда лаңестіктің белгілі бір ұлты, діні, түсі, шегарасы жоқ екенін баса айту керек. Сондықтан оны қандайда бір ұлтқа немесе дінге таңу – өрескел қателік. Бұған көз жеткізу үшін лаңкестік тарихына қысқаша ғана шолу жасап өте кеткен жөн.
Негізі лаңкестік – бүгін ғана туындаған мәселе емес, тамыры тереңде жатқан құбылыс. Тарихта лаңкестік әдістері түрлі мемлекеттер, діни топтар, саяси құрылымдар және криминалдық қағамдастықтар тарапынан қолданыла келген. Ең алғашқы көріністері б.з.д. 83 жылы Ежелгі Римде байқалса, І ғасырда иудеилік фанатиктерден бөлініп шыққан сикарилердің Римдіктермен ауызжаласқан июдейлерді тұтқынға алып, жауыздықпен өлтірулері алғашқы террорлық актілер қатарында аталады.
Лаңкестік тарихын жазушылар XI-XIII ғасырда орын алған шииттік бағыттағы исмаилиттердің Сирия елінің билік өкілдерін қырғынға ұшыратуын және де XII-XIII рим католик шіркеуінің қарсыластарын өлтіртулерін де лаңкестік үлгілерінің қатарында атап өтеді. Негізінен бұл термин Француз төңкерілісінен (1793-1794) кейін кең қолданысқа ене бастады. Француз төңкерілісі кезеңіндегі қанды қақтығыстар нәтижесінде шамамен 40 000 адам өлім құшқан.
1820 жылдары Италияда Бурбон монархтарын тақтан тайдыруды көздеген карбонари бауырластығы құрылып, көздеген мақсаттарына жету жолында лаңкестік әдістерді қолданған. ХІХ ғасырда Франция, Австрия, Германия елдерінде де лаңкестік әрекеттер кең тарала бастады. Лаңкестік идеологиясы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейін қалыптаса бастап, артынша Ресей империясына да келіп жетті.
1880-1890-жылдар аралығында Еуропа мен АҚШ-та анархиялық тероризм кең етек алды. Мәселен 1894 жылы Франция республикасының басшысы С.Карно өлтіріліп, 1881 жылы АҚШ президенті Дж. Гарфилд ауыр жарақаттанса, 1901 жылы АҚШ президенті У. Мак-Кинли лаңкестік әрекеттің нәтижесінде көз жұмды. Осылайша лаңкестік ХІХ ғасырда саясаттың басты факторына айналды.
XX ғасырда лаңкестік барлық аймақтарда кең тарап, жоғары сапалы сатыға көтерілді. Оның халықаралық байланыстары қалыптасты. Лаңкестік Латын Америкасы мен Азия елдерін де шарпыды. Сонымен қатар мемлекеттер аралық қақтығыстардың қозғаушы күшіне айналды. Лаңкестік қозғалыстар кейбір мемелекеттер тарапынан өзге ел билігін құлату мақсатында қолдау тапты. XX ғасырда жахандық мүдделерді көздеген лаңкестік тәсілдерді қолданатын саяси қозғалыстар пайда болды. Бұған халықаралық коммунистік, фашистік, діни-радикал қозғалыстарды жатқызуға болады.
XX ғасырда лаңкестік әдістерге көбіне Ресей, Осман, Британия империясындағы ұлт-азаттық және төңкерісшіл қозғалыстар жүгінді. І Дүниежүзідік соғыстан бұрын Ресейде белсенділік танытқан эсерлер партиясы, польшалық және грузин ұлтшылдары Жапония мен Австрия елдерінен үлкен мөлшерде қаражаттық қолдау алса, Германия Британ армиясына қарсы күресте ирландиялық сепаратистерді қолдады. Өз кезегінде Ресей өкіметі Түркиядағы армян «Дашнакцутюн» («Бірлік») партиясына қолдау көрсетті. Міне осындай халықаралық күштер тарапынан қолдау тапқан лаңкестік әрекеттер нәтижесінде осы үш имприя күйреуге ұшыраған-ды.
І және ІІ дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде лаңкестіктің түрі мен аймағы өзгерді. Белгілі бір елдердегі лаңкестік әрекеттер сыртқы күштердің қолдауы нәтижесінде жүзеге асып отырды. Лаңкестікті мемлекеттірдің қолдауы басқыншы тоталитарлық режидердің саясатының негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Осы кезеңнен бастап лаңкестіктің аумағы кеңейіп Шығыс елдерінде ошақтары пайда бола бастады. Фашистік Германия Австрия, Хорватиядағы лаңкестік қйымдарды тікелей қолдап отырды.
ІІ дүниежүзілік соғыс лаңкестік құбылысының дамуының тағы бір сатысын құрады. 1939 жылға дейін лаңкестіктің басты нысандарын көбіне бейбіт халық емес, билік басындағылар, әскерилер, билікпен тығыз қарым-қатынас жасайтын жеке тұлғалар құрады. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстағы фашистік Германияның басқынлшылығы, 1945 жылы АҚШ-тың Хиросима мен Нагасакиге бомба тастауы лаңкестіктің бағытын өзгертті. Осы кезден бастап жаһандық көлемдегі жаңа лаңкестік пішін қалыптасты. Ол лаңкестікті қолдаушы мемлекеттерге негізделген, күшті кәсіби түрде ұйымдасқан лаңкестік формасы еді.
ІІ Дүниежүзілік соғыстан соң лаңкестік Шығыс пен Оңтүстікке ойысты.
1945-1948 жылдардан бастап АҚШ мемлекеттік лаңкестік деңгейіне өтті. Олардың түпкі мақсаты өздерінің қарсыласы болып табылатын ең негізгі дұшпаны Кеңес Одағын құрту болды. Психологиялық лаңкестік тәсілдерін қолдану арқылы ақыры 1991 жылы Кеңес Одағын құлатуға қол жеткізді.
ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа елдерінде бірқатар сепаратистік қозғалыстар пайда болды. Олардың ең ірілерінің бірі – Ирландияда құрылған ИРА. Олар Ұлыбританияға кіретін Солтүстік Ирландияны өздеріне қосу үшін күрес жүргізуде. 1959 жылы Испанияда құрылып, Басконияның тәуелсіздігі үшін күрескен ЭТА ұйымын, сондай-ақ Франциядағы британдық және корсикалық және Бельгиядағы валлондық сепаратистерді атай кетуге болады.
Бұл кезеңдерде Батыста «солшыл» лаңкестік бой көрсетіп, Испания, Франция, Португалия, Италия, ФРГ, Жапония мен АҚШ-ты жәйлады.
1960 жылдың орталарында Испанияда промаоистік «Испанияның коммунистік партиясы» құрылды. Бұл партияның әскери құрылымы ретінде 1970 жылдары (ФРАП) «Төңкерісшіл патриоттық және халықтық майдан» мен (ГРАПО) «бірінші қазан антифашистік патриоттық қарсылық тобы» ұйымдары жұмыс істеді.
1970 жылдары Италияда маркстік түсініктегі «Қызыл бригадалар» ұйымы құрылды.
ГФР -дағы (ФРГ) солшыл лаңкестік студенттік баскөтеруден туындаған (РАФ) «Қызыл әскерлер фракциясы» ұймынан бастау алды.
1960 жылдардың соңында АҚШ-та «Weathermen» тобы пайда болды, Одан кейін «Бірлескен азаттық әскері» ұйымы құрылды. 1960 жылдары Жапонияда «Жапония қызыл әскерлері» ұйымы лаңкестік әрекеттер жүзеге асырды.
1960 жылдары солшыл лаңкестіктің жаңа қарқыны Латын Америкасында бой көрсетті. Оған Кубадағы революция серпін берді.
1960 жылдан бастап XXI ғасырдың басына дейін шығыстық лаңкестік кең етек алды. Ол Палестина мәселесіне қатысты туындады. 1950 жылдары Мысырда құрылған «Фатх» ұйымы өзінің Израильді құдатып, Палестина мемлекетін құрғанға дейін күресетінін жариялады. 1968 жылы «Палестинаны азт ету ұйымы» құрылып, оның төрағасы ретінде «Фатх» ұйымының жетекшісі Ясир Арафат сайланады. «Палестинаны азт ету ұйымының» толассыз күресі нәтижесінде 1993 жылы Палестина автономиясы құрылды. Сонда-ақ Палестинада «Хамас», «Исламдық жихад» секілді лаңкесік құрылымдар пайда болды.
1970 жылдары батыс әлемінде лаңкестік әрекеттер шыңына жетті. Осы кезеңнен бастап халықаралық лаңкестік жүйесі қалыптаса бастады. 1970 жылдардың соңында ислам әлемінде зайырлылықтан ислами құндылықтарға бетбұру үрдісі басталды.
80-91 жылдары арасында Үндістанда да лаңкестік үнді қоғамының саяси өмірінің бір бөлігіне айналды. Ол кезеңдегі ірі лаңкестік әрекеттерге фундаменталист-үндістердің Үндістанның премьер-министрі Индира Ганди (1984) және Шри-Ланкалық «Тамил-иламды азат ету жолбарыстары» ұйымы өкілдері тарапынан премьер-министр Раджив Гандидің (1991) өлтіріліуін жатқызуға болады.
XX ғасырдың соңғы онжылдығында Ауғаныстанда, Югослаия Шешшеністанда бірқатар соғыстар орын алды. Бұл аймақтарда да лаңкестік ұйымдар көбейіп, лаңкестердің кәсіби біліктіліктері артып, жихдшылардың халықаралық ұйымдары қалыптасты.
Кеңес Одағының құлауымен солшыл лаңкестік күйреуге ұшырады. Алайда батыс тарапынан қаржыландырылып отырған араб-мұсылман лаңкестігі әлі күнге дейін сақталуда. Сондай-ақ Еуропа, Үндістан мен Шри-Ланка және т.б. бірқатар елдерде дәстүрлі сепаратистік лаңкестік жалғасын табуда.
1988 исламдық фундаменалистердің халқыралық ұйымы «әл-Кәида» құрылып, күллі әлем бойынша әскери операциялар жүргізді. Негізі оны АҚШ Кеңес Одағын Ауғаныстаннан ығыстырып шығару мақсатында құрған болатын. 1998 Усама бен Ладен «Еврейлер мен христиандарға қарсы әлемдік исламдық жихад шебін» құрғандығын жариялап, оның құрамына Ауғаныстан, Алжир, Шешеністан, Косово, Пәкістан, Сомали, Тәжікістан, Йемен елдеріннің лаңкестік ұйымдары қосылды.
20 ғасырдың 70-80 жылдары дүние жүзінде 5500-ден астам Лаңкестік акт жасалды. Бұл кезеңде лаңкестер ұйымдасқан арнаулы топтарға біріге бастады. Бірақ 1980 жылдарда дін саяси қысымның өте маңызды қозғаушы күшіне айналды. Хоффман (2006) 1995 жылдарда 56 террористік топ болса, соның жартысына жуығы діни бағытта көрініс тапқандығын айтады. Исламдық деп анықталған әл-Кәида ұйымы мұның үлгілерінің бірі. Алайда жалғыз үлгісі емес еді. Негізінен қалыптасқан жүйелерге қатысты наразы топтардың жүзеге асырған қорқыту шараларының бәрін осы аяда қарастырсақ, мұның тарихтың барлық кезеңінде, түрлі қоғамдарда көрініс тапқандығын байқау қиын емес.
Терроризм ұлттық, саяси, идеологиялық, территориялқы тұрғыдан алғанда түрлі түрлі болып келеді. Оны белгілі бір ұлтпен, мемлекетпен, дінмен шектуге мүлдем келмейтіндігіне тарих куә. Осы шындыққа қарамастан, өкінішке орай, 2001 жылдан кейін әлемде «исламдық терроризм» деген тіркесті кең қолдану үрдіске айналды. Мұның шындыққа жанаспайтынын, астарында саяси себеп жатқандығын қысқаша баяндай кетсек.
Совет одағы құлаған Еуропа мен Америка үшін жаңа дұшпан табу қажет болды. Өздерінен тыс дүшпанның болуы – империалистік Америка үшін біріктіруші негізгі фактор. Сондықтан З. Бжезинский және С. Хантингтон секілді идеологтар сыртқы дұшпан ретінде қолдан жасалған «исламдық терроризмді» таңдады. Хантингтон бұл дұшпанды: «Америка үшін ең лайық жау – идеологиялық тұрғыдан қас, мәдениет және ұлт ретінде бөлек және Американың қауіпсіздігіне қарсы екеніне қауіп төндіре алатын әскери күш иесі болуы қажет»,– деп анықтаған екен. 1991 жылдары осы анықтамаға Ирак сай келіп тұрған еді. Әрине Таяу Шығыс аймағындағы жалғыз қауіп Ирак емес еді. Ирандағы революция, аймақтарды күшейіп келе жатқан ислами қозғалыстар Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі жау ретінде жетерлік еді.
1990 Алжирде билік басына исламшыл топтардың келуінен кейін «Жасыл қауіп» әдебиеті қалыптасты. Б. Льюистің «Қасиетті ашу-ызаның тамырлары» кітабынан кейін Хантингтонның шығармасы жарық көрді. 1994 жылы бұрынғы Орталық Барлау Басқармасы (ЦРУ) басшыларының бірі Джеймс Вули исламды комунизмнен кейін Батысқа төнген негізгі қауіп деп анықтаған екен. Демек бұл үрдіс 2001 жылы кенеттен шыға қалған жоқ. Ол – 1990 жылдардан бері жалғасып келе жатқан исламға қарсы насихат нәтижесі. Иә, бұл ислам және мұсылмандар жайлы қоғамда жағымсыз пікірлердің мығым орнығып, әлемдік саясатта Батыстың соғыс әрекеттерін заңды етіп көрсетуге жақсы платформа қалыптастыруда.
Әрине бұл үрдістің көптеген геосаяси, идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық т.б. себептері жетерлік. Басты себептердің бірі – Батыстың бір ғана мәдениетке негізделген секуляристік ұстанымы. Ол қарсы күреске негізделген. Сондықтан исламды жауға айналдырып, онымен күресу керек. Еуропа көбіне көптүрлі мәдениетке үйрене алмаған. Олар мұсылмандарды қоғамға бейімделуге келмейді деп айыптауда. Алайда, ол жақта басқа да толып жатқан мәдениеттер баршылық. Ол қоғамда өз мәдени ерекшеліктеріне берік өзге ел өкілдері көтеріле бастаса, осы секуляристік мәдениеттің шабуылына тап болуда. Бұған үлгі ретінде Еуропадағы басқа мәдениет өкілі ретінде танылған еврейлердің ғасырлар бойы қорлануларын көрсетуге болады.
Әсілінде Еуропаның бүкіл діни құндылықтары осы секуляризмнің құрбанына айналуда. Сондықтан христиандардың діни қажеттіліктеріне жауап бере алмауда. Соның салдарынан көптеген еуропалықтар ислам дініне өтуде. Шіркеулердің көбі мешітке айналдырылуда. Бұл да өз кезегінде Еуропаға үлкен қауіп тудыруда.
Батыс елдеріндегі демографиялық жағдай да исламофобияның туындауына себеп болуда. 2013 жылғы санақ бойынша Еуропада 17 миллион этникалық мұсылман тұрады екен. Мұсылмандар саны онымен тоқтап қалмай, жылдан-жылға көбеюде. Қарт құрлық тұрғындары үшін өз жерлерінде тұрып, азшылыққа айналып кету қаупі төнуде. Бұл да өз кезегінде үлкен алаңдаушылыққа жол ашуда. Мәселен, Еуропадағы «PEGIDA» қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Еуропалық паториоттар Еуропадағы исламдануға қарсы» деммонстрациясына 17 мыңнан астам адам қатысып, мұсылмандардың көбеюіне қарсы наразылық танытқан.
Соңғы жылдардағы экономикалық кризистен ЕО елдері көп зардап шегіп отыр. Еуропалықтар көбіне жұмысшы күшін сырттан қабылдайтын мигранттардың есебінен толықтырып отыратын. Ал әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыс, жергілікті халықтың өзін жұмыспен қамтмасыз етуде кәдімгідей қиындық тудыруда. Ал бұрындары қарапайым жұмысшы ретінде барған мұсылмандардың кейінгі ұрпақтары, сол қоғамда өсіп, қажетті білім-біліктілігін көтеру нәтижесінде тұрғылықты еуропалықпен бәсекелесетін жағдайға келген. Міне исламофобия еуропалықтардың экономикалық тығырыққа тірелгенін жасыру жолында таптырмас құрал ретінде қолданылуда.
Түптеп келгенде қазіргі таңда исламды құбыжық ретінде көрсету мақсатында қолдынылып жүрген Талибан, Хизб ат-тахрир, әл-Каида және ИШИМ-нің американың жүргізіп отырған саясатының жемісі екенін Ресей зерттеушілерінің көпшілігі ашық айтуда. Міне, сонау 90 жылдардан бері мұсылмандарды «артта қалған, жабайы экстремист, террорист» ретінде көрсету мақсатында жүргізіліп келе жатқан күрес өз жемісін беріп, АҚШ пен Еуропалықтардың жүргізіп отырған агрессияшыл саясатын ақтап алуға тиімді жағдай туғызып отыр.
Әсіресе, тарих сахнасына шығарылған жаңа ойыншы ИШИМ-нің 2014 жылдың екінші жартысынан бастап белсенді түрде жасай бастаған қанды қырғындарының бәрін исламға теліген теріс пиғылды бұқаралық ақпарат құралдары Еуропадағы исламофобияның отын одан сайын маздата түсті. Олар ИШИМ-ді желеу ету арқылы қоғам санасында «мұсылмандар келе жатыр, қашыңдар» деген ой салуға тырысты.
Жалпы әлемде болып жатқан соғыстардың себебінің жаһандық капитализм екенін айтуға негіз бар. Негізінен соғыстардың астарында экономикалық себептер жатыр.
Сонымен қатар мұсылман елдерінде бүлік шығарып, іріткі салып жүрген «исламдық» топтардың орталықтарының батыс елдерінде орналасуы да ойсаларлық мәселе.
Негізінен лаңкестіктің басты ошақтарына айналған Таяу Шығыстағы мұсылман елдерінің Батыс әлеміне күмәнмен қарауының тарихи тамырлары тереңде. Мысалы:
– Батыс әлемінің отарлау саясаты;
– Тәңір атынан жасалған қанды кресшілер жорығы;
– Ислам дінінің азаттық жолындағы күресте басты қозғаушы күш болуы және христиандық батыс әлеміндегі исламның бұрмаланған образы;
– Батыстың екі ұшты саясаты; Ирактағы қаншама зардап шегіп жатқан балалардың қайғылы тағдырына көз жұмуы, Израиль мен Үндістанның қарулануына қарсылық танытпай, Пакистан, Иранға жасалып жатқан қысымдар, Босниядағы этникалық тазалау кезінде үнсіздік танытуы, деспоттық режимдерге қолдау көрсету, 1999 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі террористік ұйымдарды жариялаған кезде ескі совет одағында іс-шараларын жүргізіп жатқан экстремистік ұйымдардың және Ирландия республикалық армиясының осы тізімге кірмей қалуы, кезінде Усама бен Ладенді Ауғаныстан соғысы кезінде Кеңес Одағына қарсы ұолдап, кейін ө мүдделеріне қарсы шыққан кезде оны 1-кезектегі дұшпан ретінде жариялауы, кезінде Шамиль Басаевты халықаралық лаңкестер тізіміне кіргізгеніне қарамастан Ресей өкімітіне қарсы лаңкестікке шақыруы үшін телевизия каналдарының эфирінен орын беруі т.б. секілді толып жатқан жағдайларды тізбектей беруге болады. Сонымен қатар Лондонның қала әкімі Кен Ливингстон ағылшын жастарының көпшілігінің АҚШ-тың Израилді қолдауы және Гуантанамодағы ешқандай қылмыстары анықталмаған жүздеген кісінің тұтқында ұсталуы ретінде пайда болған Батыстық екі ұшты саясатты жақтамайтындығын айтуда. Бұған Әбу Гирейб және басқа да түрмелердегі зорлық-зомбылықтармен қатар АҚШ қорғаныс министирлігінің ресми түрде мойындаған Құран-Кәрімге қарсы жасалған масқаралық әрекетті де қосады.
Негізінен қандыбалақ террорлық әрекеттерге итермелеген негізі факторларға мұсылман әлемінің соңғы бір ғасырдағы басынан өткерген бөлінушілік, Батыс әлемінің өзгелерден оларды төмен санауы, алалау, отарлау саясаты, мемлекеттік террор, геноцид, жаппай қырып-жою, мұсылман елдеріндегі кең өріс алған білімсіздік пен жұмыссыздық, ел басшыларының зұлымдыққа негізделген биліктері, негізгі басшылық буынның шетелдіктерге бағыныштылығы, табыстың әділетсіз бөлінісі, ел мүддесіне құрылған саясаттың болмауы, демократиялық даму жолдарының жабық болуы сияқты себептерді де қосу керек.
Жаһандану кезеңінде кейбір трансұлттық концерндер мен дамыған елдердің өз мүдделерін өзгелерге қабылдатуға тырысулары да қарсы реакция ретінде лаңкестікті тудыруда.
Әрине, бұл себептердің ешқайсысы бейбіт адамдардың өліміне жол ашқан оқиғаларды ақтап ала алмайды. Бірақ бұл лаңкестікке бастайтын факторлар екендігі шындық. Қандай мақсатта жүзеге асса да терроризм ешбір елге пайда алып келген емес.
Жоғарыда келтірілген дәйектердің бәрі бүкіл террористік ұйымдардың басты мақсаттарының діни емес саяси екенін, алайда оған барынша діни рең беруге күш жұмсалып, христиан Батыс пен мұсылман Шығыстың арасындағы «өркениеттер қақтығысы» сценарийінің ойналып жатқандығын көрсетеді.
Қазіргі уақытта лаңкестік даму, таралу қарқыны мен салдары жағынан адамзаттың ең қауіпті қоғамдық-саяси және моральдік мәселелердің біріне айналып отыр. Лаңкестердің ядролық, бактериологиялық, химиялық уытты қаруларды қолдану мүмкіндігі ғаламдық қауіпсіздікке үлкен қатер туғызуда.
Демек қазіргі таңдағы халықаралық лаікестік негізі діндердің, ұлттардың және өркениеттірдің қақтығысының емес әлемде орын алып отырған әлеуметтік теңсіздіктердің нәтижесі. Өркениеттер мен діндерді, бір ұлт пен екінші ұлтты қарсы қоюдың орны толмас қасіреттерге жол ашары белгілі. Сондықтан ондай әрекеттерге жол берілмеуі керек.
Негізінен лаңкестік ағзадағы ауру секілді. Сондықтан ауырмай тұрып ем ізде демекші, оның себептерін жою арқылы жүзеге асыруға болады.
Лаңкестікке қарсы күресте халықаралық құрылымдардың біріге ұйымдасуы өте маңызды орынға ие. Шекаралардың мәні қалмаған қазіргі жаһандану кезеңінде арнайы бір елдер үшін лаңкестікпен күрес жалғыз шешуге келмейтіндей саяси мәселеге айналуда. Сондықтан кез келшген мемлекет лаңкестікке қарсы күресте ортақтаса жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдіруде. БҰҰ және халықаралық ұйымдардың барлық бас қосуларында лаңкестікке қарсы күресте ортақ шешімдер қабылдануда.
Терроризм мәселесін тек кұшпен ғана шешу мүмкін емес. Алайда ол ұлғайып кетпей тұрғанда алдын алу шараларын тыңғылықты түрде жүргізу қажет. Лаңкестікке қарсы күрес мемлекеттік құрылымдардың негізі міндеті болумен қатар оның азаматтық борыш екенін де біле жүріп, ата-ана баласының тәрбиесіне кішкентайынан ерекше мән бере отырып қарауы қажет. Лаңкестікті тудыратын факторлардың бәрін дұрыс анықтап, соларды жаю жолында бүкіл қоғамы жұмыла әрекет етуі қажет. Өкінішке орай кейбір радикалды діни топтар елімізде жастардың исламға деген ынта-ықыластарын теріс бағытқа бұрып, лаңкестік әрекеттер жасауға итермелеуде. Бұрынғы ТМД кеңістігінде орын алған лаңкестік әрекеттердің көпшілігі сырт елдердің қолдау алып отырған «псевдо-сәләфилер» тарапынан жүзеге асырылуда. Әрине оның астарында жастардың ислам негіздерін дұрыс білмеуі жатқаны мәлім. Сондықтан да лаңкестікке итермелеп отырған діни сауатсыздық пен радикалды түсініктерді түбірміен жою үшін мемлекеттік мекемелер мен дін қызметкерлері және теолог мамандар кешенді шараларды әрдайым ортақтас отырып жүргізуі тиіс.
Ислам дініне ықылас қойған жастарға айтарымыз, лаңкестікке қарсы күрес жүргізу – бейбітшілік пен мейірімділікке негізделген ислам діні өкілдерінің міндеті. Діннің ешқашанда соғыспен жайылмағанын және жайыла да алмайтынын, қазіргі таңда әлемде орын алып отырған жағдайлардан мұсылмандардың ешнәрсе де ұтпайтындығын, қайта керісінше саясаттың ойыншығына айналып, исламның таза келбетіне күйе жағатынын, әр нәрсені сабырлықпен, парасаттылықпен шешу қажеттігін айтуымыз қажет.
Ислам – бейбітшілік пен рақым діні. Мұсылман – жер бетіндегі тыныштық пен сенімділіктің шынайы өкілі. Ислам тарихына үңілген кезде Пайғамбарымыздың (саллалаху әлехи уә сәлләм) қай жағдайда да қоғам бірлігі мен тыныштықтың сақталуына баса мән беріп, кез келген дін өкілдерімен келіссөз жасап, ымыраластыққа қол жеткізіп, ислам дінінің бейбіт түрде дамуына жағдай жасағанын көреміз.
Қазіргі таңда адамзат соғысқа емес, бейбітшілікке, зұлымдыққа емес, мейірімділікке зәру. Ислам діні адамзатқа тек рақымдылық пен мейрімділікті, адалдық пен шынайылықты, әділдік пен адамгершілікті насихаттайды. Адамның екі дүние бақытын көздеп, ешкімді түріне-түсіне, дініне-сеніміне, ұлтына қарай алаламайды. Мұсылман баласы – күллі адамзатқа ортақ асыл құндылықтардың жаршысы. Адамзаттың асылы айтқандай «Ол –қолымен де, тілімен де ешкімге зиян бермейтін адам» болуы тиіс.
Дайындаған Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ