Халық арасында кейде, сендер неге Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарды әрдайым салауат-дұғаларыңда, «Адамзаттың абзалы, елшілердің қожасы» деген сөздерді қосып айтып, сонша әспектейсіңдер? Ол да өзге пайғамбарлар сияқты емес пе? деген сынды сұрақтар қойылып жатады. Әрине, ол (с.а.с) да өзге пайғамбарлар сияқты пайғамбар. Бірақ, адамзаттың асыл тәжі, пайғамбарлардың сәруәрі.
Сөзіміздің түсінікті болуы үшін пайғамбарлар туралы Құрандағы кейбір аяттарға тоқтала кетелік. Мысалы, Құранда Ибраһимды (а.с): «Алла Ибраһимді сырлас (Халилуллаһ) дос етті» (Ниса сүресі, 125-аят), Мұсаны (а.с) «Алла Мұсамен арнайы тілдесті (Кәлимуллаһ)» (Ниса сүресі, 164-аят), Исаны (а.с) «Біз оған Рухымыздан үрледік (Рухуллаһ)» (Тәхрим сүресі, 12-аят) деп, Алланың құзырында әрбір пайғамбардың құрметті орны бар екендігі айтылады.
Имам Матуриди, Құрандағы: «Алла Ибраһимді сырлас (Халилуллаһ) дос етті» (Ниса сүресі, 125-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Кейбіреулер, пайғамбарлар бойындағы ерекше қасиеттерімен халықының ішінде «Кәлимуллаһ, Рухуллаһ, Зәбихуллаһ, Халилуллаһ және Хабибуллаһ» деген лақаб есімдермен танымал, мәшһур болды дейді. Біз айтамыз, «Алла Тағала ешбір пайғамбарды бостан-бос бір есіммен (лақап атымен) атамады. Оларға (Халилуллаһ, Кәлимуллаһ, Рухуллаһ, Зәбихуллаһ және Хабибуллаһ) есімдері дәрежелеріне сай құрмет ретінде берілді. Мұндай құрмет (лақап аттың берілуі) тек уахи арқылы болады.
Сондай-ақ, пайғамбарлардың аталмыш есімдері біріне бұйырылмаған бір міндеттің екіншісіне жүктелгенін білдірмейді. Керісінше, ол есімдер Алланың кеңшілігі, мейрімін көрсетеді. Бұл біздің хамды және шүкірімізді арттырып, сол пайғамбарларға болған сүйіспеншілігімізді тереңдетуі тиіс»[1], – дейді.
Ибн Аббас жеткізген бір риуаяттта: «Бірде Алла елшісі (с.а.с) асхабынан бір тобының араларында, біреуі: «Ибраһим Халилуллаһ», – десе, енді біреуі: «Мұса Кәлимуллаһ», – дейді. Тағы біреуі: «Иса Рухуллаһ», – десе, және біреуінің: «Адам Истафаллаһу (таңдаулы құл)» деп әңгімелесіп жатқандарын естиді.
Сонда Алла елшісі (с.а.с): «Әңгімелеріңді естідім. Әлбетте, Ибраһим Халилуллаһ, Мұса Кәлимуллаһ, Иса Рухуллаһ және Истафаллаһу Адам. Ал, Мен Хабибуллаһпын (Алланың сүйіктісімін). Мен қиямет күні «Лиуәул Хәмд» (Алланы мақтау) туын ұстаған кезімде, оның астында Адам да (а.с) болады. Маған қиямет күні ең әуелгі адам болып шапағат етуге рұхсат беріледі. Және жәннаттың есігі әуелі Маған ашылып, Менімен бірге кембағал мүміндер кіреді. Мен Аллаға, бұрынғы және кейінгі жаратылған адамдардың ішіндегі ең құрметтісімін. Бұлардың ешбірі мақтанғандық емес»[2] деп, білімсіздікпен бір нәрсе жөнінде таласпауға шақырып, істің мәнін ашып түсіндіреді.
Ал енді, Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) көзі тірісінде: «Мені Юнус ибн Мәтәдан артық көрмеңдер», «Ешкім Яхия ибн Зәкәриядан абзал болуға лайық емес» және «Пайғамбарларды бір-бірінен ерекшелемеңдер» деген сияқты риуаяттарға келер болсақ, бұл жерде Мұхаммедтің (с.а.с) кішпейілдігін көруге болады.
Сонымен қатар, Алла елшісінің (с.а.с): «Пайғамбарларды бір-бірінен ерекшелемеңдер» деген сөзімен адам баласы өзара араздасып, алауыздыққа түспеуін көздеп отыр деуге болады. Оған Әбу Һурайра (р.а) жеткізген мына риуаят дәлел: «Бірде бір яһуди сатуға қойған затына берген бағаға келіспей, «Мұсаны (а.с) адамзаттың абзалы еткен Затқа ант етейін, сатпаймын», – дейді. Оның бұл сөзін естіп қалған бір ансарлық сахаба, «Арамызда Мұхаммед (с.а.с) жүрген кезде бұл сөзді қалай айтасың», – деп, жағына жұдырықпен бір қояды. Содан әлгі яһуди пайғамбарға (с.а.с) барып: «Уа, Әба Қасым! Біздің арамызда құқықтың қорғалуы жайлы келісім бар емес пе?! Пәленше не үшін менің жағыма жұдырықпен ұрады?», – дейді. Сонда Алла елшісінің (с.а.с) жүзінен реніш білініп, әлгі сахабаға: «Оның жүзіне не үшін ұрдың? Пайғамбарларды бір-бірінен ерекшелемеңдер…», – деген болатын[3].
Мұхаммедтің (с.а.с) өзге пайғамбарлардан абзалдығына күллі Құран және оның әрбір сүннеті ашық дәлел. Мысалы, қасиетті Құранда: «Алла хақ дін Исламның мерейін өзге дін атаулының барлығынан үстем ету үшін пайғамбарын тура жол болған хақ дінмен жіберді» (Тәуба сүресі, 33-аят), «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес. Ол Алланың елшісі һәм ең соңғы пайғамбар…» (Ахзаб сүресі, 40-аят) делінсе, Алла елшісі (с.а.с) бір сөзінде: «Әр пайғамбар өз қауымына жіберілді. Ал мен күллі адамзатқа жіберілдім»[4] деген.
Демек, бұрынғы пайғамбарлар белгілі бір қауымға жіберіліп, белгілі бір уақыттан кейін пайғамбарлық дәғуаты үзілген болса, Мұхаммед (с.а.с) күллі адамзатқа пайғамбар болып жіберілді әрі пайғамбарлық дәғуаты қияметке дейін жалғаспақ.
Міне, осы тұрғыдан да Мұхаммед (с.а.с) адамзаттың абзалы, пайғамбарлардың сәруәрі екендігін көруге болады. Сол себепті, үмметі Мұхаммедтің (с.а.с) салаут-дұғаларында, «Екі әлемнің сәруәрі, пайғамбарлардың абзалы, елшілердің қожасы» деген жүрек жарды сөздерін тастамай, қосып айтулары әділдік.
Асыл БЕК
[1] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, Стамбул. – 2005. 4-том, 51-бет.
[2] Термизи, Китәбу мәнәқиб, Бабу фадлен-Нәби (с.а.с), 3616-хадис.
[3] Бұхари, Китәбу хұсумат, 2280-хадис.
[4] Бұхари, Китәбут тәяммум, 328-хадис.