Бүгінде діни экстремизм мен терроризм қаупі бүкіл әлемге жантүршігерлік қауіп төндіріп тұр. Лаңкестік әрекеттерді қазіргі уақытта Европадан да, Азиядан да, АҚШ тан да кез келген аймақтан көре отырып, оның құрлық таңдамайтын тажал екенін түсінудеміз. Күні кеше ғана Мысыр елінде мешіт ішінде орын алған жарылыс салдарынан үш жүзден астам жазықсыз жандардың өмірі қиылғаны мәлім. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, Phd докторы, белгілі дінтанушы Құдайберді Бағашарды әңгімеге тартқан едік.
Құдайберді Сабыржанұлы, кеше ғана Мысыр еліндегі жарылыс әлемде талай адамға жаға ұстатты. Лаңкестер бұған не үшін барды? Бұл туралы ойларыңыз қандай?
Мысырда адамдар құлшылық ниетімен Жұма намазына көп жиналған уақытта лаңкестердің сол мешітке бомба тастап, артынша автоматпен оқ жаудыруы эктремистердің ештеңені қасиет тұтпайтын, өте қатігез екендігін көрсетті. Екі үші жыл бұрын Синай түбегіндегі экстремистік ұйымдардың ДАИШке қосылған хабары тараған болатын. Экстремизм мен терроризммен күрес аймақтық емес жаһандық сипат алып кеткені қашан. Елбасымыз да Астанада өткен бір жиында экстремизм мен терроризмнің қаупіне қатты алаңдап: «Халықаралық терроризм апатты ауқымға жетті. Ол үшін шекара қалмады. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесі жойқын соққы объектісіне айнала алады. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері терактілер мен қаза болғандар саны он есеге өсті. 2016 жылы 104 елде теракт болды – бұл әлемнің жартысынан көбі. Яғни география және ауқымдылық тұрғысынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрмыз деуге болады. Террорға қарсы соғыста…» деген болатын.
Экстремизм ұғымын осы арада тарқата кетсеңіз?
Экстремизм – «әсірелікке, зорлық-зомбылыққа үндейтін, дiни өшпендiлiкті жандандырушы және азаматтардың қауіпсіздіктеріне, өміріне, денсаулығына, көзқарасына немесе құқықтары мен бостандықтарын қатер туғызатын кез келген діни тәжірибені» өз мақсатына пайдалануды көздейтін іс-әрекет. Немесе қалыптан тыс шетін көзқарастар.
Дін түсінігіндегі экстремизмді – дінге сыймайтын шектен тыс көзқарастар мен іс-әрекеттер құрайды. Мұндай экстремизмның соңы зорлық-зомбылыққа, агрессияға апарады. Экстремизмнің кең және нақтылы өлшемдеріне бағаны берген Ресейлік эксперт М. Краснов. Оның ойынша экстремизмге мынадай идеяларды, бағыттарды, доктриналарды таратуға бағытталған әрекеттерді жатқызуға болады: адамдарды таптық, меншіктік, нәсілдік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне байланысты бөлу; адам құқығын конституциялық құндылық ретінде жоққа шығару; ашық плюрализм мүмкіндігін, идеяларды еркін тарату және айырбастауды жою; бір идеологияны мемлекеттік ретінде орнату.
Сонда экстремизмнің пайда болуы себебі неде деуге болады?
Зерттеушілердің түсіндіруінше, экстремизмнің пайда болу себебі әр қоғамда әр түрлі болады және сол қоғамдағы объективтік және субъективтік жағдайға байланысты. Әйтсе де экстремизмнің пайда болуы мен таралуының кез-келген қоғам мен мемлекетке тән ортақ жағдайлары бар. Қазіргі кезеңде экстремизмнің пайда болуының негізгі факторлары ретінде эксперттер мыналарды ұсынады: әлеуметтік экономикалық тоқырау; жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сұру деңгейінің кұрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдық дамудың пісіп тұрған мәселелерін шешуге қабілеті жетпеу; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; биліктегілердің оппозицияны басып тастауы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; ұлттық қанау; жеке топтардың өз міндеттерін шешуін жеделдетуі; лидерлердің саяси амбициялары және т.б. Бұл негізгі факторлармен қоса ғалымдар экстремизмнің пайда болуы және дамуына әсер ететін қосымша факторларды атап көрсетеді. Оларға халықаралық немесе мемлекеттік жүйеде экстремизм көріністеріне қарсы күрестің осалдығы, тұрғындардың, жеке топтардың саяси және құқықтық мәдениетінің төмендігі, мемлекетаралық қатынастың әлсіреуі, әлеуметтік шиеленістің өсуі т.б.
Біздің елде заң тұрғысынан экстремизмге қандай тосқауыл қойылған?
Республика басшылығы діни экстремизм және терроризмге қарсы елдегі билік органдарын тегіс жұмылдыра отырып, мемлекеттік деңгейде күрес жүргізіп келеді. Заңдық негіздерге қарар болсақ, 1999 жылдың 13 Шілдесінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл» туралы заң қабылданды. 2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заң қабылданды. Бұдан бөлек, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде №648 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сол бағытта қызу жұмыстар жүргізілді.
Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде экстремизмнен сақтандыруға бағытталған қандай шараларға міндетті?
2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы қабылданған заңның 6 бабына сай мемлекеттiк органдар мынадай алдын алу шараларын iске асырады: діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен миссионерлердiң қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасының бұзылуына қатысты мәселелердi қарайды, Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасын бұзатын дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу туралы ұсыныстар енгiзедi.
БАҚ қа, білім беру саласына жүктелген қандай міндеттер бар?
Бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнде экстремизмдi насихаттауға және ақтауға жол бермеуі тиіс. Олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тұрғысында оларға мониторинг жүргiзедi, мемлекеттiк тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайту мәселелерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi. Бiлiм саласындағы орталық атқарушы орган бiлiм беру ұйымдарында оқушылардың экстремизм идеяларын қабылдамауын, халықаралық құқық пен iзгiлiктiң көпшілік таныған принциптерiн құрметтеуiн қалыптастыруға бағытталған тәрбиелiк бағдарламалардың бекiтiлуiн және iске асырылуын қамтамасыз етедi, оқу орындарының студенттер алмасу мәселелерi бойынша халықаралық шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Ұлттық қауіпсіздік пен ішкі істер органдарының, басқа да мемлекеттік мекемелердің құзіреті туралы не айтуға болады?
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары жедел-iздестiру, қарсы барлау iс-шараларын жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдардың уәждi қорытындылары бойынша өздерiнiң әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына кiруiне жол бермеу жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. ҚР iшкi iстер органдары жедел-iздестiру қызметiн, қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде атқарушылық және өкiмдiк функцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауіпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан шығарып жiберудi жүзеге асырады. Ал облыстардың, аудандардың жергілiктi атқарушы органдары қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады, тиiстi аумақтарда құрылған діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметiн зерделеудi жүзеге асырады, олар туралы деректер банкiн жасайды, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша өңiрлiк деңгейде ақпараттық-насихат iс-шараларын жүзеге асырады, өңiрдегi дiни ахуалға зерделеу мен талдау жүргізедi. Сыртқы барлау субъектілеріне келсек, олар өз iс-әрекеттерiмен қоғамның және мемлекеттің қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шет мемлекеттердің ұйымдарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын хабардар етуді жүзеге асырады.
Сонымен, қорыта келгенде не айтуға болады?
Қорыта келгенде, бүгінде елдегі тұрақтылық пен тыныштық баршаға ортақ құндылық. Оны қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті болмауы тиіс, оған әрбір Қазақстан азаматы өзінің жауапкершілігін терең сезініп, экстремистерге жол бермеуге әрекет жасауы тиіс.
Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет айтамыз!
Дайындаған А.Алтынбекұлы