– Өзіңіз білесіз, «Діни ұйымдар мен діни қызмет туралы» заңға өзгертулер мен толықтыру енгізу жөнінде министрлік жаңа заң жобасын дайындауда.
Жалпы, осы өзгертулер нақты қандай мәселелерді шешуге арналған?
– Негізінде, заң заман талабына сай орын алған мәселелерді шешу үшін өзгертіледі. Бүгінгі таңда діни факторлар елімізде өзекті, тек біздің ғана емес, әлемдегі ахуал да сондай.
Діни мәселелердің жаңа мазмұн мен формаларға ие болуы ресми билікті осындай құқықтық, саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге алып келді деп ойлаймын. Бұл заң жобасы – діни фактордың саясилануы немесе белгілі бір мүдделердің құралына айналуының, яғни діннің деструктивті құрал ретінде пайдалануының алдын алу мақсатында қабылданатын шешім, жасалатын қадам.
Қателеспесем, осы заң жобасы аясында 12-ге жуық заңнамалық актілерге 55-тен аса өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр, бұл дегеніңіз – кешенді, жүйелі жұмыстар.
Қабылданған заңның орындалуы кейде ақсап жатады
– Ниқаб, паранжы мәселесіне қатысты өзгертулерге тоқталсақ. Әйел адамның бет-бейнесін қоғамдық орындарда анықтау үшін діни киім түрлеріне тыйым салу туралы не айтасыз? Қазіргі түсінбестік неден және қалай пайда болып жатыр?
– Бұл жерде ең негізгі мәселе – хиджаб пен ниқабтың айырмашылығы. Хиджабтағы әйел адамның бет-бейнесін көруге, анықтауға болады. Онымен суретке де түсе береді, жалпы хиджабқа ешкім тыйым салғалы жатқан жоқ.
Тыйым салуы мүмкін де емес, себебі біз – зайырлы, демократиялы елміз. Ал енді адамның бет-бейнесін анықтау мақсатында ниқаб, паранжы және тағы да басқа діни киімдерге қоғамдық орындардағы тыйым салу өзінің міндетін ақтауы керек.
Мәселен, қап-қара киіммен тұмшаланған адамдардан
аулада ойнап жүрген кішкентай балалардың өзі де қорқады ғой. Жалпы, ниқаб – араб елдерінің сырт киім үлгісі, біздің ұлтымыздың, дәстүріміздің идентификациялық белгілеріне мүлде қарама-қайшы. Қазақ ешқашан қара жамылмаған.
Ал енді қауіпсіздік мақсатында мұндай киімдерге тыйым орынды шешім болмақ. Мысалы, Сирияда және басқа да елдерде террористік ұйымдар арасында паранжының астында мүлде басқа адамдарды жасыру тәжірибесі кеңінен тараған. Кім біледі, мүмкін ер адам шығар оның астында жасырынып жүрген?! Мүмкін террорист шығар кеше ғана Сириядан келген?!
Жалпы, бұл жағдайға да діни реңк берудің қажеті жоқ, ол уақыт талабынан туындаған мәселелерді реттеуге арналған құқықтық қарым-қатынас құралы ғана. Діннің саяси факторға айналып кетпеуін қатаң назарда ұстаған жөн.
Алайда тағы да назар аударар жайт, елімізде заңдар қабылданғаннан кейін іске асу немесе орындалу кезеңдерінде ақсап жатады. Сол кезеңде науқаншыл, білімсіз басшылардың кесірінен механизм керағар ықпал етуі әбден мүмкін, ал оны пайдаланып кетуге мүдделі топтар табылатыны да рас. Сондықтан асқан сақтықпен, ұқыптылықпен жұмыс жасау керек.
Медицина мәселесіне діни факторды жапсыру – қателік
– Түсінікті. Осы заң жобасы бойынша қоғамда тағы бір талқыға түскен мәселе – «талақ» тақырыбы мен міндетті вакцинация. Өзіңіз айтқандай, қоғамдық талқыдан соң бұл тақырыптар күн тәртібінен түсті. Яғни, билік қоғаммен санасуда. Алайда «көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал» деп хакім Абай айтқандай, институционалды, болашақ маңызды шешімдер үшін кейде тәуекелге барған дұрыс деп ойлайсыз ба?
– Талқыланып жатқан заңдағы ерекше ұнағаны осы неке мәселесі болатын. Мұсылмандық неке шарттарын көптеген адамдар дұрыс интерпретацияда қолданбай немесе өзінің жеке басының сұраныстарына сай өзгертіп жіберуі – үлкен қателік.
Мұсылманша неке қиып, ажырасып, талақ болып жатқандар арасында ең бір қолайсыз жағдай – сол азаматтар өздерінің қарым-қатынастарын құқықтық құралдар арқылы қорғай алмауы және де әлеуметтік құралдарды қолдануға қауқарсыз болуы.
Мысалы, сол әйел адам ажырасқан кезде осы елдің азаматы ретінде мемлекеттік көмек алуға, күйеулерінен алимент өндіруге ешқандай амалдарының болмауы. Осы заңсыз неке жағдайынан онан әрі де әлеуметтік мәселелерге тап келіп, азамат ретінде тұлғалық қақтығыстар да пайда болуы мүмкін.
Ал енді ерте жаста некелесу білім алуға, толыққанды еліміздің азаматы болып қалыптасуға, керек болса, денсаулыққа да зияны мен кесірі көп деп білемін. Сондықтан мұндай көлеңкелі некелердің алдын алып, діни неке қию, талақ мәселесін құқықтық жағдайда реттеу қаншама адамның тағдырын аман алып қалатындай көрінеді маған.
Сондай-ақ, бүгінде біздің елімізде осындай мұсылмандық некеге отыру барысында көбіне деструктивті дәстүрлі емес діни сенім өкілдері куәгерлерін тауып алып, аз-маз діни білімі бар адамдарға үйлерінде немесе басқа орындарда, яғни мешіттен тыс орындарда некелерін қидырып жатады. «Міндетті түрде мешіттегі имам қисын» деген жоқ қой мысалы?! Негізі, неке – дін тұрғысынан да, адамдық тұрғысынан да қасиетті, киелі келісім, сол себепті оған қалай болса солай, жеңіл қарауға болмайды. Әрбір тараптың құқықтары реттелуі керек, ал реттеу тек қана мемлекеттік, заңдық нормалармен ғана жүзеге асады. Осыны халыққа түсіндіру керек. Меніңше, бұл мәселеге қайта оралған жөн. Әлі де құқықтық түсіндірме жұмыстары ақсап жатыр, қоғаммен тығыз байланыс жоқ.
Ал енді міндетті вакцинацияға әлі де дайын емеспіз деп ойлаймын. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, Құранда немесе хадисте «екпе салмаңдар, вакцина деген – харам» деген нәрсе жоқ. Бұл мәселеге діндарлар да діни аспекті беріп, діни мәселеге айналдыруы қажет емес. Менің ойлайтыным, егер екпенің сапасын арттыруға көңіл бөлінсе, екпе салдыратын ата-аналардың саны артады.
Себебі елімізде әке-шешесі баласына апарып екпе салдыртып, мүгедек, ауру болып жатқан оқиғалар көп. Менің өз басымда да осындай жағдай болды. Балам «АКДС» алғаннан соң жағдайы нашарлап, қатты ауырды. Ал екпені менің рұқсатымсыз жасаған, егер баламның денсаулығына зиян болса, оған мен де қарсымын. Міндетті екпенің заң жобасынан қалыс қалғаны – табиғи процесс.
Сондықтан бұл жерде ешқандай діни фактор жоқ, жалпы исламда «биоэтика» деген өте жақсы дамыған, қан ағызу, құю, қанды алдыру, керек десеңіз, органдарыңызды келесі рет пайдалануға рұқсат беру, екпе мәселесі барлығының шариғи үкімдері мен нормалары бар, классикалық ислам оған қарсы емес. Жалпы, медицинаның ақсап жатқан мәселелеріне діни факторды әкеліп жапсырған – үлкен қателік.
Тыйым салу, шектеу – кеңестік биліктің әдісі
– Дегенмен заң жобасы әлі де талқылануда. Көзқарастар әртүрлілігі, яғни плюрализмнің болуы – мәселені шешуге деген алғышарттардың бірегейі. Осындай құқықтық құралдарды қолдану методикасы қаншалықты өзін ақтайды деп ойлайсыз? Немесе оның орнына не ұсынуға болады?
– Жалпы, тыйым салу, мүмкіндіктерді шектеу методикасы – кеңестік заманның, кеңестік саяси биліктің құралы. Біздің уақытымызда бұл әдіс өзінің мардымсыз екендігін дәлелдеп берді. Оған мысалдар көп. Ағартушылық, идеологиялық бағытта жұмыстар жүргізу керек. Классикалық сопылықты, дәстүріміз бен тарихымызды қайта жаңғыртуымыз қажет.
Мысалы, түрік елі «Ертұғрылдың» образын қалай насихаттап, халыққа тәлім-тәрбие беріп жатыр! Нәжмеддин Кубраның моңғолдармен ел-жер үшін шайқасы сияқты бізде де осындай образдар өте көп. Соларды осы заманға проекциялаумыз қажет. Діннің тәлім-тәрбиелік жағына баса назар аударған жөн.
Мұсылман деген кім? Мұсылман тек қана бес уақыт намаз оқитын адам емес! Мұсылман, ол – жақсы хирург, ол – жақсы инженер, ол – жақсы адам. Мінеки, осындай образдарды қоғамда дамытып, санада тұрақтандыру қажет. Малайзияға қараңыз, олар мұсылманшылдықты қалай өздеріне сай, шақ етіп алды, оларда «Ислам-хадқари» дейді, яғни исламның интеллектуалдық, өркениетті қырлары мен негіздеріне басымдық бере отыра халқын, елін тәрбиелеп жатыр.
Түркия елі мұсылманшылдықты қалай біріктіруші, консолидациялық күш ретінде қолданып келеді! Бізге де осындай тарихы мен тағылымы мол елдерден, халықаралық тәжірибеден үлгі алу керек. Ал енді заңдық-құқықтық жағына келсек, мені алаңдататыны – заң қабылданғаннан кейін оның қалай орындалатыны. Себебі бізде көп жағдайда орындаушылық, яғни ортадағы атқарушы менеджменттің шикілігі байқалып жатады.
Қоғамдық талқыны қажет ететін мәселелер әлі де көп. Тақырыпты күрделендірмей, қоғамның консенсуске келетініне сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлмира Аймағанбет,
«Астана ақшамы»