Имам әт-Тирмизи һижра жыл санауы бойынша 200 жылы (кей деректерде 209 жылы) Тирмиз (қазіргі Өзбекстанда орналасқан) қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Әбу Иса Мухаммед ибн Иса ибн Сәура ибн Муса ибн әд-Даххак әс-Сәләми әт-Тирмизи, асылы Мәру қаласынан. Атасы Мәру қаласынан Тирмиз қаласына қоныс аударған. Имам әт-Тирмизидің қартайған шағында көзі көрмей қалған. Һижраның 279 жылы ражаб айының 13 күні Тирмиз қаласындағы Буғ деген ауылда дүние салған [1, 9 б.].
Имам әл-Хафиз Ибн Хажар әл-Асқаләни «Тәһзибу әт-тәһзиб» атты кітапта имам әт-Тирмизи туралы: «Ол – имамдардың бірі. Елді мекендерді аралап, хорасандық, ирақтық және хижаздық көптеген ғалымдардан хадистерді естіген», – деген [2, 344 б.]. Өзі өмір сүрген ғасырдағы Шам мен Мысыр елінен басқа Ислам әлемінің барлық ғылым орталықтарына сапар шеккен.
Имам әт-Тирмизидің ғылымдағы алғашқы ұстаздарының бірі – Әбу Жағфар Мухаммад ибн Жағфар әс-Симнәни (һижраның 220 жылы қайтыс болған). Сонымен қатар Тирмиз қаласындағы басқа да ғалымдардан тәлім алған. Одан кейін Ислам мемлекетінің Бағдад, Куфа, Басра, Мекке мен Мәдина сияқты ғылыми орталықтарын аралап, білімін жетілдірген, хадистер жинақтаған.
Имам әт-Тирмизидің ұстаздары:
Имам әт-Тирмизи өз заманындағы көптеген ғалымдардан тәлім алған және хадис жинақтаған. Мысалы, Қутайба ибн Сағид әс-Сәқафи, Исхақ ибн Муса, Махмуд ибн Ғайлян, Сағид ибн Абдур-Рахман, Мухаммад ибн Башшар, Али ибн Хужр, Ахмад ибн Маниғ, Мухаммад ибн әл-Мусәннә, Суфиян ибн Уакиғ, Мухаммад ибн Исмағил әл-Бухари, Исхақ ибн Раһауайһи, Мухаммад ибн Амр әл-Бәлхи және басқа да көптеген ғалымдардан тәлім алған. Оның атақты ұстаздары ретінде имам әл-Бұхариді, имам Муслимді, имам Әбу Даудты және Исхақ ибн Раһауайһиді атауға болады.
Имам әт-Тирмизидің шәкірттері:
Ал имам әт-Тирмизидің өзінен Мухаммад ибн Ахмад ибн Махбуб әл-Мәруази, Әбу Бәкір Ахмад ибн Исмағил әс-Самарқанди, Али ибн Омар әс-Самарқанди, Ахмад ибн Юсуф ән-Нәсәфи, Әсәд ибн Хумәйда ән-Нәсәфи, Әбу Жағфар Мухаммад ибн Ахмад ән-Нәсәфи, Дауд ибн Наср әл-Бәздәуи, Һәйсәм ибн Куләйб әш-Шәши және басқа көптеген ғалымдар тәлім алған, хадис риуаят еткен.
Имам әт-Тирмизи туралы ғалымдардың көзқарастары:
Имам әт-Тирмизидің «Жәмиғ әт-Тирмизи» және «Сунән әт-Тирмизи» деген атпен танымал болған хадистер жинағы туралы ғалымдардың жағымды пікірлері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталсақ.
Имам әт-Тирмизи өзінің бұл кітабы туралы: «Бұл кітапты құрастырып шыққаннан кейін оны Хижаздың ғалымдарына ұсындым, олар бұған разы болды. Ирақтық ғалымдарға ұсындым, олар да разы болды. Хорасан ғұламаларына ұсындым, олар да разы болды. Кімде кімнің үйінде осы кітап бар болса, оның үйінде сөйлеп тұрған Пайғамбар бар дай болады», – деген [3, 154 б.].
Ибн Әсир «Жәмиғ әл-усул» атты еңбегінде: «Оның Сахихы – ең жақсы, ең пайдалы, ең жақсы реттелген әрі хадистері ең аз қайталанған кітап. Бұл кітапта басқа кітаптарға қарағанда мазһабтардың пікірлері мен дәлелдері, хадистердің сахихтық, дағифтық, ғарибтық дәрежесін анықтаулары және жарх пен тағдил де көбірек қамтылған», – деген [4, 27 б.].
Мухаммад ибн Исмағил әл-Бұхари: «Сенің менен алған пайдаңа қарағанда мен сенен көбірек пайда алдым», – деген [2, 345 б.].
Имам әз-Зәһәби «Сиәр әл-ағләм ән-нубәлә» атты еңбегінде имам әт-Тирмизи туралы: «Хафиз, ілімді сақтаушы, білікті имам» және «Жәмиғ» кітабы оның имамдығының, есте сақтау қабілетінің, дінді терең түсінетіндігінің дәлелі», – деген [5, 270 б.]. Омар ибн Ахмад ибн Аллак әл-Мәруази: «әл-Бұхари қайтыс болғанда оның артында Хорасанда ілім мен зуһдте Әбу Иса секілді адам қалмаған еді», – деген [6, 154 б.].
Сунән кітабын бізге жеткізуші рауилер:
Әбу Жағфар ибн әз-Зубайр «Барнамиж» атты кітапта Сунан әт-Тирмизиді одан алты адамның риуаят еткенін айтқан. Олар: «Әбу әл-Аббас Мухаммад ибн Ахмад Махбуб, Әбу Сағид әл-Һәйсәм ибн Куләйб әш-Шәши, Әбу Зәр Мухаммад ибн Ибраһим, Әбу Мухаммад әл-Хасан ибн Ибраһим әл-Қаттан, Әбу Хамид Ахмад ибн Абдуллаһ әт-Тәжир және Әбу әл-Хасан әл-Фәззәри.
Имам әт-Тирмизидің еңбектері:
1. Имам әт-Тирмизидің ең атақты еңбегі – «Сунан әт-Тирмизи» немесе «Жәмиғ әт-Тирмизи» деген атпен танымал хадистер жинағы. Бұл еңбек тек қана хадис саласында емес, сонымен қатар ислам дініндегі ең негізгі кітаптардың бірі. Ол хадис жинақтарының арасындағы ең танымал алты жинақтың қатарына кіреді. Имам әт-Тирмизи бұл кітаптағы хадистерді фиқһ ғылымының тараулары негізінде жинақтаған және хадистердің дәрежелерін де баяндап кеткен. Бұл хадис жинағында 3956 хадис бар. Ибн Хажардың имам әт-Тирмизиден жеткізген риуаятында имам әт-Тирмизидің Жамиғ әт-Тирмизи кітабын һижраның 270 жылы құрбан айт күні (зул-хижжа айының 10 күні) аяқтаған [2, 389 б.].
2. Әш-Шәмәйл әл-мухаммадия. Имам әт-Тирмизи бұл кітапта Мұхаммед пайғамбардың () мінез-құлқына, әдебіне, жүріс-тұрысына, күнделікті жасайтын амалдарына қатысты 397 хадисті жинақтаған және оларды 55 тарауға бөлген. Бұл еңбек сира (Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны) кітаптарының қатарына жатады.
3. Иләл әт-Тирмизи әл-кәбир. Имам әт-Тирмизи бұл еңбекте хадистерді иснәдтарымен келтіріп, әр сәнәдке қатысты талдау жасап, өзінің және өзінің ұстаздарының пікірлерін келтіріп отырады. Имам әт-Тирмизи бұл еңбегінде басқа ғалымдардың пікірлеріне қарағанда ұстазы имам әл-Бұхаридің пікірлеріне көбірек сілтеме жасайды. Бұл еңбекте 484 мәтін қамтылған.
4. Иләл әт-Тирмизи әс-сағир. Имам әт-Тирмизидің бұл еңбегі Сунан кітабының қосымшасы болып табылады. Бұл кітапта имам муғалла хадистерді фиқһи тарауларға сай реттеп, әр хадистің илләсін баяндайды.
Имам әт-Тирмизидің осы аталған төрт кітабынан басқа да кітаптары болған. Олардың кейбіреулері, өкінішке орай, бізге жетпей қалған. Мысалы, Зуһд, Китәб әт-тәфсир, Китәб әт-тарих, Китәб әл-әсмә уа әл-кунә.
Имам әт-Тирмизидің Сунән кітабындағы қолданған әдісі
1. Имам әт-Тирмизи кітабын 51 тарауға бөлген. Кітап «Таһарат» (тазалық) тарауымен басталып, «Манақиб» (қадір-қасиет) тарауымен аяқталған. Әр тарау іштей бірнеше баптардан тұрады. Әр бапта бірнеше хадистер келген. «Таһарат» тарауында бір бапта екі-үш, кейде бір хадис келетін болса, соңғы тарауларда бір баптың құрамында келетін хадистердің саны көп болады.
2. Имам әт-Тирмизи тарауларды сол тарауда келетін хадистердің ортақ тақырыбымен атаған. Мысалы, намазға қатысты хадистерді «Намаз» тарауында, некеге қатысты хадистерді «Никах» (неке) тарауында жинақтаған.
3. Имам әт-Тирмизидің әр хадистен кейін сол хадис қамтыған мәселеге қатысты фақиһтердің пікірлерін келтіріп отырған. Оқырмандар үшін бұл өте пайдалы тәсіл болып табылады.
4. Имам әт-Тирмизи әр хадистен кейін сол хадистің сахихтық дәрежесін анықтап, иснадқа, иснадтағы келген рауилерге қатысты ғалымдардың көзқарастарын және хадистің дағиф болу себебін баяндап отырған.
5. Хадиспен қаншалықты амал етілетіндігін түсіндіреді.
6. Хадистің жету жолдарын айтып кетеді.
Біз атап көрсеткен әдістерді имам әт-Тирмизи әрқашан қолдана бермейді. Сонымен қатар имам әт-Тирмизи төмендегі әдістерді де қолданып отырған.
1. Имам әт-Тирмизи көп жағдайда хадистің сәнәдінде келген белгісіз рауилерді анықтап отырады.
2. Сәнәдта келген айырмашылықтарды көрсетіп отырады.
3. Рауилердің риуаяттарында келген тіркестердің айырмашылығын баяндап отырады.
4. Хадис мәтінінде келген мағынасы көмескі (ғариб) сөздердің мағынасын түсіндіріп кетеді.
5. Куниясымен аталғандардың өз аттарын атап өтеді.
Имам әт-Тирмизи қолданған терминдер:
1. Имам әт-Тирмизи مكروه «макруһ», كراهة «караһа» терминдерін алғашқы кездегі ғалымдар сияқты көп жағдайда «харам», «тахрим» мағыналарында қолданады.
2. مرسل «Мурсал» терминін منقطع «мунқатиғ» мағынасында қолданады.
3. «وبه قال أصحابنا» (Біздің серіктеріміз осы пікірді қолдайды) деген тіркестегі «серіктеріміз» деп мухаддис ғалымдарды меңзеген.
4. «وهذا أصح» (бұл ең сахих) немесе «هذا أصح ما في الباب» (осы баптағы ең сахих) деген тіркестерді имам әт-Тирмизи сол бапта келген хадистердің арасындағы ең сахих анықтау үшін қолданады. Бұл жерде сол хадис сахих, басқасы дағиф деген түсінік тумау керек. Себебі кейде ол бапта келген хадистердің барлығы дағиф немесе барлығы сахих болуы да мүмкін. Тек имам әт-Тирмизи сол сахих немесе дағиф хадистердің арасындағы сахихтық дәрежесі ең жоғарғы хадисті көрсету үшін осы терминді қолданған.
5. Имам әт-Тирмизи кейде علة «иллә» сөзін نسخ «насх» мағынасында қолданады.
6. Имам әт-Тирмизи حديث حسن «хадис хасан» (хасан хадис) терминін иснадында өтірікпен айыпталған рауи жоқ және басқа да жолмен жеткен және шәз болмаған хадиске қолданған. Қазіргі кезде бұл анықтама «хасан лиғайриһи» деген терминнің анықтамасы ретінде қолданылады.
7. غريب «Ғариб» термині Сунән әт-Тирмизиде төрт түрлі мағынада қолданылған. Олар:
а. Сәнәдтің бір немесе бірнеше сатыларында тек бір ғана рауи риуаят еткен хадис. Бұл غريب مطلق «ғариб мутлақ» деп аталады.
ә. Бір адамға немесе елді мекенге қатысты жалғыз дараланған хадис. Бұл غريب نسبي «ғариб нисби» деп аталады.
б. Егер имам әт-Тирмизи حديث غريب «хадис ғариб» деп қана қолданса, хадистің дағиф екендігін меңзейді.
8. Ғалымдар арасында имам әт-Тирмизидіңحديث غريب «хасан-ғариб» терминін қай мағынада қолданғандығына қатысты ортақ пікір жоқ.
а. Бір ғалымдар оны жалпы غريب مطلق «ғариб мутлақ» хадис, бұл жердегі «хасан» (жақсы) термині тілдік мағында ғана келген деп түсіндіреді.
ә. Екінші бір ғалымдар оны حسن لذاته «хасан лизәтиһи» және «ғариб мутлақ» хадис деп түсіндіреді.
9. حسن صحيح «Хасан-сахих» термині. Ғалымдар имам әт-Тирмизидің бұл терминді қай мағынада қолданғандығына қатысты бірнеше көзқараста болған. Олар:
а. Имам Ибн Салахтың және ән-Нәуәуидің пікірінше, имам әт-Тирмизи бұл терминді бір иснәді хасан, екінші иснады сахих хадиске қолғанған. Бірақ Сунән кітабында бір ғана сәнәдпен келген хасан-сахих хадистер де кездеседі. Бұл пікірді имам әл-Ирақи айтқан.
ә. Имам әз-Зәһәбидің және Ибн Салахтың екініші пікірінде, «хасан» (жақсы) сөзі бұл жерде тілдік мағынада қолданылған.
б. Ибн Дақиқ әл-Ид пен Сәбәһ ибн әл-Маууақтың пікірінше, жақын сипатқа, мысалы, «шындық» сипатына қатысты «хасан», ал жоғары сипатқа, мысалы, есте сақтау, шебер меңгеру сипаттарына қатысты «сахих» термині қолданылады.
в. Кейбір ғалымдардың көзқарас бойынша, «хасан-сахих» термині хасан дәрежесінен жоғары, сахих дәрежесінен төмен дәрежеде келген хадистерге қолданылады. Бірақ имам әл-Ирақи бұл пікірдің нақты дәлелі жоқ екендігін алған тарқан.
г. Имам әс-Суютидің пікірінше, имам әт-Тирмизи «хасан-сахих» терминін حسن لذاته хасан лизәтиһи (өздігінен хасан), صحيح لغيره сахих лиғайриһи (өзгемен сахих) хадисіне қолданған.
ғ. Имам әс-Суютидің екінші пікірінше, имам әт-Тирмизи «хасан-сахих» терминін сол бапта келген иснады ең сахих хадиске қолданған.
д. Имам әл-Асқаланидің пікірінше, имам әт-Тирмизи «хасан-сахих» терминін ғалымдар арасында сахих не хасан екендігіне пікір талас туған хадистерге қолданған.
ж. Кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша, «хасан-сахих» термині онымен амал етілетін сахих хадиске, ал тек қана «сахих» термині амал етілмейтін сахих хадиске қолданылған.
Сунән әт-Тирмизидің шархтары (түсініктемелері):
1. Ән-Нафх әш-Шаззи. Ибн Сәид ән-Нәс бастағанмен аяқтал алмаған. Одан кейін оны әл-Ирақи, одан кейін ұлы аяқтаған.
2. Ибн әл-Араби әл-Мәлики. Аридату әл-ахуази. Ол мәтінге ғана шарх жасаған.
3. Әл-Хафиз ибн әл-Мулқин. Шарх әл-Хафиз ибн әл-Мулқин. Ол да мәтін мен имам әт-Тирмизидің қосымшаларына шарх жасаған, сәнәдына тоқталмаған.
4. Имам Ибн Хажар да Сунән кітабына шарх жасауды бастағанмен, аяқтамаған.
5. Тарихи деректерде Ибн Ражабтың да Сунән әт-Тирмизи кітабына шарх жасалғандығы айтылады. Алайда ол шархтың тек қана «Иләл» (әлсіздік себептері) және «Либәс» (киім) тарауларының кейбір баптары ғана қалған.
6. Имам Жәләлуддин әс-Суюти. Қуту әл-муғаззи.
7. Мухаммад Абдур-Рахман әл-Мубаракфури. Тухфату әл-ахуази. Ол мәтінмен қоса санадқа да шарх жасаған.
8. Мухаммад Ануаршаһ әл-Кишмири. Әл-Арф әш-шәззи.
9. Мухаммад Юсуф әл-Баннури. Мағари әс-сунән.
Мақаланы қорыта келе, имам әт-Тирмизи тек қана ислам мәдениетіне ғана емес, барша әлемге дереккөзбен жұмыс жасаудың, оның шынайылық дәрежесін анықтаудың талай тың тәсілдерін ұсынған және осы тәсілдерді өзі қолданып, іс жүзінде көрсете білген.
Р.С. Мухитдинов,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ
және ӘТУ доценті, филол.ғ.к.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 Нуруддин Итр. Әл-Имам әт-Тирмизи уа әл-муазана бәйн жамиғиһи уа байна әс-сахихайн. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1997 ж. – 450 б.
2 Ибн Хажар әл-Асқалани. Тәһзиб әт-тәһзиб. – Бейрут: Дәр әл-фикр. 1997. 9 том. – 670 б.
3 Имам Мухаммед ибн Ахмад ибн Осман әз-Зәһәби. Тәзкирату әл-Хуффаз. Баспаға әзірлеген Зәкәрия Умайрат. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1998 ж. 2 том. – 245 б.
4 Имам Ибн Әсир. Жәмиғ әл-усул фи ахадис әр-расул. Баспаға әзірлеген Абдул-Қадир әл-Арнаут. Мактәбәту әл-халауан.
5 Имам әз-Зәһәби. Сияр ағләм ән-нубәлә. 13 том, – 486 б.
6 Мухаммад ибн Ахмад әз-Зәһәби. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 2 том, – 540 б.