Кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Мемлекеттік саясатты орнықтырудың нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру түрі, белгілі бір конфессиялармен келіссөздер жасау түрі, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты заңнамада арнайы нормалардың бекітілуінен бастап, барлық діни бірлестіктерге либеральды көзқараспен қарауды формалды түрде жариялау түріне дейін әр түрлі болуы мүмкін.
Шетелдердің дін саласындағы мемлекеттік саясатын талдайтын болсақ, олар заңдарды қабылдаумен ғана шектеліп қоймайды. Оларда бірнеше кофессиялармен конкордат немесе келісім-шарттардың жасалуы секілді дінге идеологиялық тұрғыда қарауды жүзеге асырудың арнайы технологиялары бар. 1998 жылы АҚШ-та «Religious Persecution Act» заңының қабылдануын да осындай жайттар қатарына жатқызуға болады.
Зайырлы режимдегі шет елдер заңдамаларын талдайтын болсақ, олардың діни бірлестіктермен қарым-қатынас мәселесінде қатаң түрде бір жақты ретке салудан бастап (Франция), тек таңдаулы конфессияларға ғана ерекше құқықтардың берілуіне дейін (Италия, Бельгия, Австрия) әрқайсысының өзіндік моделі бар екендігін көруге болады.
Адам құқықтарын қорғау саласында өзара іс-қимыл тұрғысынан алып қарағанда Еуропа елдері мен АҚШ тәжірибесі тартымдырақ болып көрінеді.
Қазақстандағы тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторлар тек өзіне тән діни ахуалды қалыптастыратындығына байланысты, оның басқа елдермен, халықаралық ұйымдармен үн қатысуды жүзеге асыруы тек мемлекеттерге өз елінің мәдени, тарихи мұрасына сәйкес заңдар қабылдап, саясат ұстануына белгілі дәрежеде мүмкіндік беретін ұстаным ескерілгенде ғана мүмкін болады. Бұл ұстаным Халықаралық құқықта қолданылып, ОБСЕ мен басқа да құрылымдар тарапынан ескеріліп жүр (атап айтқанда, 2004 жылы ОБСЕ-нің Венеция комиссиясы бекітілген «Діндер немесе сенімдер туралы заңнамаға талдау жасау нұсқамаларында» осыған сілтеме жасалады),
Еуропада дәстүрлі конфессиялар, атап айтқанда, католиктік, лютерандық, православие, протестантизм сенімдері кеңінен таралған. Сонымен қатар, «жаңа» деп атауға боларлық (яғни соңғы кездері пайда болған) американдық протестанттық ұйымдар, дәстүрлі емес сенімдер және ислам белсенділік танытып келеді.
Дін саласындағы Еуропа елдерінің мемлекеттік саясатын талдайтын болсақ, олардың жаңадан пайда болған діндермен бәсекелестік күресте өздерінің дәстүрлі христиан конфессияларына қолдау білдіретіні байқалады.
Еуропа елдерін шартты түрде зайырлы және ресми дінге ие елдер деп бөлуге болады. Ресми дінге ие елдерде шіркеулерге мемлекеттік қолдау, ал бірқатар елдерде қаржылай қолдау көрсетіледі. Мұндай мемлекеттерге Ұлыбритания, Дания, Греция, Болгария жатады.
Алайда, зайырлы сипаттағы елдер де (Германия, Франция, Испания, Автрия, Италия) дәстүрлі конфессияларды қолдау мақсатында әр түрлі конфессиялардың ережелерін қатаң түрде регламенттейді және жіктейді. Бұл үшін төменде көрсетілген жолдар таңдалған:
І. Діни қауымдарды шіркеулер мен азаматтардың қоғамдық бірлестіктеріне (қауымдастықтар) бөлу (бұл базалық деңгей деп аталады). Азаматтардың бірлестіктері өздерінің бастамалары бойынша тіркелуі мүмкін, міндетті түрде тіркелудің қажеті жоқ. Мұндай бірлестіктер ешқандай жеңілдік алмайды. Мысалы, Германияда, Австрияда және Ұлыбританияда саентологтар діни ұйым ретінде тіркелмеген және сол елдердегі жеңілдіктерді пайдалану, бюджетік қаржыландыру мүмкіншіліктері жоқ.
Бұл жағдайда тек белгілі бір конфессиялар ғана шіркеу мәртебесін алады (діни бірлестіктер деп танылады) және олардың өздерін қауымдастықтардан өзгешелейтін төмендегідей артықшылықтары болады:
1.Жұмыстарын қаржыландыру (Германия, Румыния, Бельгия, Чехия);
2.Мектептерде діни білім беру (Бельгия, Германия);
3.Христиандық-демократиялық партиялардың жұмыстары (Италия, Бельгия, Нидерландия, Австрия);
4.Әскерде дін қызметкерлерінің болуы (Германия, Греция, Польша, Италия);
5.ғибадатханаларда қиылған некелердің заңды күшінің болуы (Испания, Чехия, Словакия);
6.Діни қоғам мүшелері үшін жылжымайтын мүлік салығын төлеуге байланысты жеңілдіктер, салық шегерімдері (Испания).
Осылайша, Еуропа елдерінің басым бөлігінде саясатта конфессия мүдделерінің жақталуы, жастар мен әскери қызметкерлерге діни тәрбие берілуі саласында дәстүрлі діндердің ықпалы сезіледі. Бұл іс-шаралар жаңа діни ұйымдармен, әсіресе американдық ұйымдармен болып жатқан қиын бәсекелестік шарттарында дәстүрлі діни құрылымды ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда шіркеулердің қаржыландырылуы маңызды роль ойнайды.
(Тіркеуден өту арқылы) Шіркеу мәртебесін алу үшін мемлекет арнайы талаптар қояды:
1.Мүшелерінің саны (Бельгия – ондаған мың; Австрия – 16 мың адам; Румыния – 20 мың адам; Чехия – 10 мың адам).
2.Сенімді дәстүрлі ұғымда қабылдау (Германия – аталмыш мәртебеге талапкер ұйымның евангелиялық/інжілдік немесе католиктік шіркеумен салыстырылуы).
3.Жұмыс жүргізген уақыты – (Бельгия – ондаған жыл, Румыния – 12 жыл).
4.Қоғамға әлеуметтік пайдасы (деструктивті секта болып саналмауы және жұмыстары арқылы жалпыға бірдей мораль нормаларына қайшы келмеуі тиіс – Бельгия).
ІІ. Ынтымақтастық немесе қандай да бір жеңілдіктердің берілуі турасында конкордаттардың (римдік католик шіркеуімен Италия, Австрия және тағы басқаларының) және белгілі бір конфессиялармен арнайы келісімдердің жасалуы (Италия – 6 конфессия, Бельгия – 6 конфессия). Конфессиялармен конкордаттардың немесе келісімдердің жасалуы діни рәсімдерді (тіпті түрмелер мен ауруханаларда) еркін өткізу құқын, сондай-ақ өздерінің жеке балабақша, мектеп және ЖОО-ларына, медициналық және әлеуметтік мекемелеріне ие болу құқын береді (осы секілді конкордат 1998 жылы Қазақстан мен Ватикан арасында жасалған). Сондай-ақ балабақшалар мен мектептерде мемлекет есебінен дінді оқыту мәселесі, шіркеу некесі мен мемлекеттік (ресми) некені тең деп санау мәселесі орнықтырылады.
ІІІ. Табынушылықпен күрес жөніндегі мемлекеттік ведмоствоаралық комиссияның (Бельгия), Сектанттық ағымдарды бақылау және оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі министрлікаралық миссияның құрылуы (Франция). Бұл жағдайда арнайы комиссиялар «жаңа» ұйымдардың, дәстүрлі емес сенімдер мен секталардың жұмыстарын қарайды, жалпы ахуал туралы талдау жасап, ұсыныстар дайындайды. Бельгияда комиссияның ұсыныстары негізінде заңнама қатаңдандырылған. Франция Республикасының мемлекеттік қызметкерлері үшін деструктивті діни секталарға қатысты әдістемелік түсіндірме анықтамалары дайындалған.
Францияның ІІМ-нің мемлекеттік қауіпсіздіктің ең маңызды мәселелерімен, атап айтқанда секталарды бақылаумен айналысатын арнайы қызмет бөлімі «Рансеньеман Женеро» тоталитарлық немесе деструктивтік ұйымға тән он критерийді белгілеген:
-сананың тұрақсыздануы;
-шамадан тыс қаржылық талаптар (алым-салықтар);
-бұрынғы ортасынан бөліну пікірін тықпалау;
-физикалық денсаулығына қастандық;
-балаларды өздеріне тарту;
-қоғамға қарсы пікірлер білдіру;
-қоғамдық тәртіпті бұзу;
-маңызды айыптаулармен сотқа немесе тергеуге тартылу;
-экономикалық жұмыстарында нормаларды бұзу (қаржыларын жасыру);
-билік құрылымдарының ішіне ену әрекеттері.
ІҮ. Қоғамда діни дәстүрлерді қолдау. Бұл елдерде діни дәстүрлерге отбасындағы тәрбие арқылы қоғамдық қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта Бельгия үлгісін атап айтуға болады. Бұл елде келешекте басқа дінге өтіп кетудің алдын-алу шарасы ретінде мектепте балаларға өз ата-аналарының діні оқытылады. Екіншіден, Еуропада белді діни дәстүрлерге оларға байланысты салтанатты діни мерекелерді өткізу арқылы да қолдау көрсетіледі.
Дін туралы заңнама. Еуропада діни бірлестіктерге арналған жеке заңдар бар. Мысалы, Францияның «Зайырлылық туралы» Заңы. Сондай-ақ 2001 жылы Францияда деструктивті ұйымдардың жұмыстарына қарсы бағытталған заңның қабылданғанын да ескере кеткен жөн.
Еуросоттың дін саласындағы құқық қорғау жұмыстары негізінен дін ұстанушы қауымдардың жеке мүшелерінің емес, жалпы осы қауымдардың мүддесіне құрылады.
Дәстүрлі емес конфессияларға көзқарас. Жаңа секталардың арандатуымен болған көптеген қақтығыстар мен қайғылы оқиғалар (соның ішінде 1995 жылы Веркордағы сектанттардың өлімі) мемлекеттік деңгейдегі шаралармен қатар (арнайы министрліктер аралық комиссиялар), Еуропадағы халықаралық ұйымдар деңгейінде де шаралардың қолға алынуына себеп болды. Мәселен, Еуропарламент 1996 жылғы ақпанның 12 жұлдызында Еуропадағы секталар туралы Қаулы қабылдады. Бұл қаулыда ол (Еуропарламент) мүше-мемлекеттерді өздерінінің қолданыстағы салық, қылмыстық және соттық-процессуальдық заңдарының осындай топтардың заңға қайшы әрекеттерінің алдын-алуға жеткілікті ме, жеткіліксіз бе тексеруге шақырады; мүше-елдердің үкіметтерін діни ұйым мәртебесін бірден бере салмауға; ал заңсыз немесе қылмыстық істерге араласқан секталарды салық жеңілдіктері мен белгілі бір дәрежеде құқықтық қорғауды қамтамасыз ететін діни ұйым мәртебесінен айыру мәселелерін ойластыруға шақырады.
Будан, дәстүрлі конфессияларға қолдау көрсету мен тоталитарлық секталармен күрестің еуропалық тәжірибесі оны қолдану қажеттілігі туған жағдайда жете зерттеп барып, қолдануды керек екендігін көрсетеді деген корытынды шыгаруга болады.
Қазақстандағы діни ахуал. Қазақстан үшін дәстүрлі әрі мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын едәуір ірі конфессиялар – исламның суниттік ағымына жататын ханафи мазхабы мен орыс православие сенімі болып табылады (оларды бірінші кезекте тарихи фактор айқындаған). Ислам Қазақстан территориясында 10-ғасырдың өзінде-ақ (Қарахандықтар кезеңінде), ал православие болса, 18-ғасырда (Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейін) ресми дін болып танылған.
Сонымен қатар Қазақстан территориясында бірнеше топқа бөліп қарауға болатын басқа конфессиялар да бар. Бірінші топқа иудаизм, буддизм, лютерандық және тб. ұлттық белгілерімен сипатталатын конфессияларды жатқызуға болады. Ал екінші топқа «жаңа», дәстүрлі емес деп атауға болатын діни бірлестіктерді жатқызуға болады. Ал оларды өз кезегінде екі топқа бөлуге болады. Бұлар – 19-20-ғасырларда негізінен АҚШ-та пайда болған діни бірлестіктер (Жетінші күн адвентистері, Иегова куәгерлері, мормондар, саентологтар және тб) және Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін пайда болғандары (Алля Аят, Ата жол тб).
Діни ахуалды айқындайтын екі басты фактор – Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи масхабын күшейту есебінен діни деңгейдің күннен күнге көтеріліп келе жатқаны және «жаңа» протестанттық бірлестіктер тарапынан белсенді түрде жүргізіліп жатқан інжілдендіру әрекеттері болып табылады. Исламдандыру табиғи себептердің ықпалымен жүзеге асуда. Бұл ең алдымен, қазақтар мен басқа түркі халықтарының исламмен тығыз байланысты ұлттық мәдениет бастауына қайта бет бұрулары болып табылады. БАҚ-тардың исламның рухани құндылықтарын насихаттауға байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен бірге жүргізетін жұмыстары белсенді сипат алды. Сонымен қатар, аталмыш бағыт мемлекет пен исламдық діни бірлестіктердің (бәрінен бұрын Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының) Қазақстанда исламның рухани күшін нығайтуға арналған серіктестік қарым-қатынастарының әлі қолданылмаған күшіне ие. Мұнымен қоса исламдандыру процесінің жаңа басталғанын, әлі аяқтауға алыс екендігі факторын ескергенде, бұл мәселеге мемлекеттің тұрақты өсу тұрғысынан ықпал етуі тиіс.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан інжілдендіру ісі нақты жоспарланған және жақсы ұйымдастырылған сипатқа ие. Бұл тұрғыда дінді өзіне жат жерге орнықтырудың әлемдік (мысалы, Оңтүстік Кореядағы секілді) тәжірибесі қолданылуда. Барлық протестанттық ұйымдардың шетелдік орталықтары бар және дәл солар адептердің қажетті санын белгілейді. Мысалы, Сунн Бок Ым шіркеуінің алдына қойған міндеті – 2010 жылға дейін Қазақстан Республикасында 700 шіркеу ашу болып табылды. Қазақстанның інжілдендірілуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, жақсы қаржыландыру, діни әдебиеттің көп мөлшерде әкелінуі мәселелері жолға қойылған, миссиологияның әдіс-тәсілдері дайындалып, дамытылуда, халықаралық және құқық қорғау ұйымдары, елшіліктер тарапынан қолдау көрсетілуде. «Жаңа» шіркеулердің өзіне келушілерді немесе өздерінің жолын ұстанушыларды айқын белгілеп, бөліп алуына (мәселен, олардың басым бөлігі кәсіпкерлер, орта мектеп мұғалімдері, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік шенеуніктер, үй шаруасындағы әйелдер, ғылыми қоғамдастықтар, әлеуметтік қорғансыздар секілді тб. нақты әлеуметтік топтармен жұмыс істейді) және бір-біріне қарсы прозелитизм жұмыстарын жүргізбеу сияқты жарияланбаған ережелерге бағынуына қатысты дәйектер Қазақстанды інжілдендірудің біртұтас жоспары бар екендігін көрсетеді. Протестанттық ұйымдар алдында міндет секілді тұрған Қазақстанды інжілдендіру мәселесі ауқымды талдауды қажет етеді, сонымен қоса бұл мәселеде шетелдік барлау қызметтерімен, сыртқы саясат ведмостволарымен байланыс жасау мүмкіндіктері де қарастырылуы керек. Бұл бірлестіктердің шетелдегі жұмыстарына да, соның ішінде олардың тарихы, догмалары, тұрған еліндегі мемлекетпен қарым-қатынасы секілді мәселелерге жете талдау жасалынуы керек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға мұндай ұйымдардың жағымсыз әсерін шектеуге бағытталған ықпалды технологияларды қолдану мүмкіндігін береді.
Аталмыш факторлар ашық және жабық сипаттағы діни бірлестіктер туралы мәліметтер қорын (банкасын) құруды қажет етеді. Мәліметтер қорымен тиімді жұмыс атқару үшін қазіргі кезде де, келешекте де идеология тұрғысымен қатар, әр түрлі жағдайларда әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырып, болжау тұрғысынан да діни бірлестіктерге баға беру критерийлері жүйесінің жасалынуы керек.
Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдармен салыстырғанда қоғамдағы діни дәстүрлердің тұрақты бола бастауына қарамастан, бұдан бұрынғы атеистік кезеңнің ықпалы салдарынан көптеген қазақстандықтардың дінге қатысты ой-санасы тұрақтанбаған. Ал бұл жайт халықтың дінтанушылық деңгейінің көтерілуі мен тіпті теологиялық тұрғыда хабардар болуы мәселесіне қатысты ойластырылған, болжанылған жоспары жасалынуы керектігін көрсетеді.
Сонымен қатар, діни ахуалды қалыптастырудың маңызды факторларының бірі ретінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығын мойындау керек. Бірінші жағдайда, яғни, дәстүрлі діндерге деген қызығушылық мәселесінде жастарға отбасындағы тәрбие әсер етеді (өз халқының дәстүрлеріне деген құрмет), ал екінші жағдайда бәрінен бұрын жаңа ұйымдардың өз ілімдерін әсіресе жастарға арналған арнайы әдістермен (шет тілдірді үйретудің тегін курстары, түрлі салаларға қызығушыларға байланысты клубтар тб.) агрессивті түрде жаюы болып табылады.
Қазақстанда дау-жанжал туғызуға жақын факторлар да кездеседі. Оларға дәстүрлі емес жаңа ағымдардың жұмыстарын (Иегова куәгерлері, харизматикалық шіркеулер, елуіншілер ең алдымен дәстүрлі түрде қалыптасқан қоғамға да, мемлекетке де оппозиция болып табылады), дәстүрлі емес конфессиялардың мемлекетке қарсы тұруы, олардың ислам мен православиенің ролін мүлдем қабылдамауы, жалпы алғанда бәсекелес ұйымдар ретінде конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ конфессия ішіндегі бәсекелестік жайттарын жатқызуға болады.
Қазақстандағы діни ахуалдың дамуына шетелдерде болып жатқан процестер де үлкен әсер етеді. Мәселен, исламның қазір толықтай антагонистік болып табылатын әр түрлі ағымдарға бөлінуіне байланысты, біздің елімізде де ұқсас ағымдар жұмыс істей бастады. Дінді жаюдың шетелде дайындалған барлық жаңа әдістері Қазақстанға да ауысып келуде. Діндерге де байланысты жалпы әлемдік тенденциялардың ықпал ету саласы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді. Ал бұл болса, белгілі бір уақыт бұрын ҚР-дағы ахуалдың даму болжамын жасау мүмкіндігін береді.
Мемлекеттік саясаттың принциптері. Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттік құрылымның өзіндік моделі құрылған. Бұл тәжірибені Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы әлемдік қоғамдастыққа көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері дін саласындағы мемлекеттік саясат дінді терістеу мен онымен күресуден бастап, ірі конфессиялармен серіктестік байланыстарға дейін апаратын өзгерістерді бастан өткерді.
Біріншіден, діни бірлестіктер азаматтық қоғамның институттары ретінде қоғамның рухани өмірін дамыту мәселесінде мемлекеттің серіктестері болып табылады (бұл Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында көрініс тапқан). Сонымен қатар мемлекет пен діни бірлестіктер әу бастан тең емес дәрежеде тұрғандықтан бұл серіктестік тек әлеуметтік-рухани салада ғана көрініс тапқан. Өйткені мемлекет дін ұстанушылардың белгілі бір қауымдарын ғана емес, бүкіл азаматтарды өз ішіне қамтиды; мемлекет шығарған заңдар барлығы үшін міндетті болады; ал діни бірлестіктер бекіткен қағидалар тек олардың мүшелері үшін ғана және олардың қалауы бойынша міндетті болады. Қазақстандағы діни бірлестіктер қоғамдағы азаматтық тыныштық пен рухани келісімді беркітуге бағытталған мәдени-әлеуметтік іс-шараларға белсене араласады. Ірі діни орталықтар мен бірлестіктердің басшылары Қазақстан халықтарының республикалық және кіші Ассамблеясының құрамына кіреді.
Орталық және аймақтық деңгейлерде ҚР Үкіметі жанындағы кеңес беру-ақылдасу органдары ретінде діни бірлестіктермен байланыс кеңестері, аймақ басшыларының кеңестері, дамудың мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық даму бағдарламаларын құруға қатысатын комиссиялар мен жұмыс топтары түріндегі ықпалды ынтымақтастық механизмдері күннен-күнге дамып келеді.
Екіншіден, діни дәстүрлердің белсенді түрде қайта өрлеу процесі жүруде, діни ағарту орталықтары пайда болуда.
Үшіншіден, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимыл проблемаларын шешуге, өзара іс-қимыл мен серіктестік артықшылықтарын белгілеуге арналған жалпы ұлттық тиімді үн қатысу алаңына айналған азаматтық форумдар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Дін саласындағы басты мемлекеттік саясат – конфессияның рухани роліне құрмет көрсету болып табылады. Дәстүрлі Исламның суниттік ағымындағы ханафи масхабы мен орыс православиесінің мәдениет құраушы ролі басқаларынан гөрі көбірек мойындалады. Осы себепті оларды мемлекеттің конфессиялық саясатының екі қанаты деп белгілеуге болады. Бұл мұсылмандар мен православие сеніміндегілерді Елбасы атынан құттықтау дәстүрге айналған Құрбан айттың 1-күні мен Рождество мерекесін ҚР Президентінің демалыс күндері деп жариялауында айқын көрінді.
Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты төмендегі құқықтық ұстанымдарға негізделеді:
Біріншіден, барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында тең дәрежеде, заңнама олар үшін бірдей құқықтар мен міндеттіліктер бекітеді. Екіншіден, діни бірлестіктер қандай да бір мемлекеттік функцияларды атқармайды және мемлекет те егер заңға қайшы келмесе, діни бірлестіктердің жұмыстарына араласпайды. Үшіншіден, діни бірлестіктер мемлекеттік билік пен басқару органдарының сайлауларына қатыспайды. Төртіншіден, Діни сипаттағы партиялар мен басқа да саяси құрылымдардың құрылуына, сондай-ақ діни бірлестіктердің саяси партиялар жұмысына араласуына немесе оларға қаржылық қолдау көрсетуіне жол берілмейді. Бесіншіден, мемлекет дінді ұстанушы азаматтар мен дінді ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ түрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен сыйластық қарым-қатынастарын орнатуға бағытталған белсенді саясат жүргізеді.
Алтыншыдан, мақсаттары мен әрекеттері мемлекетте бір діннің үстем болуын орнықтыруға, діни араздық пен алауыздықты өршітуге, соның ішінде діни зорлықшылдық пен зорлық-зомбылыққа шақыратын істерге бағытталған діни бірлестіктердің құрылуы мен жұмыс жасауына тиым салынады. Діни экстремизмді насихаттауға, сондай-ақ конфессиялар арасындағы айырмашылықтарды саяси мақсаттарда қолдануға бағытталған әрекеттерге рұқсат берілмейді.
Сонымен бірге, мемлекеттің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар саласындағы саясатында басты артықшылықтар ең алдымен Қазақстан Ата заңы кепілдік беретін әрбір адам мен азаматтың ар-ұждан бостандығы және еліміздің ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттіліктерінен туындайтын дін ұстану еркіндігі болып табылады.
Қазақстан құқық қолдану тәжірибесінде Адам құқықтарының жалпы декларациясы, Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт, Дін немесе сенімдер негізінде төзімсіздік пен кемсітушіліктің (дискриминация) барлық түрлерін жою декларациясы, Еуропа адам құқықтары мен басты бостандықтарды қорғау конвенциясы, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы Кеңесіне мүше-мемлекеттердің 1989 жылғы Вена кездесуінің қорытынды құжаты секілді халықаралық адам құқықтары және ар-ұждан бостандығы актілеріне сүйенеді.
Елдегі мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың қазіргі жағдайына баға берген кезде Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан бері діни бірлестіктердің жұмыстары үшін құқықтық, идеологиялық және қоғамдық жағдайдың жасалғанын айтуға толықтай негіз бар. Азаматтардың дін ұстану бостандығы құқы бұрынғы кездердегідей тек қана мәлімделіп қоймайды, сонымен қатар іс жүзінде жүзеге асуда.
Қазіргі уақытта діни бірлестіктер мен зайырлы мемлекеттің серіктестігі серпінді түрде дамуда. Қазақстанның мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасында адам құқықтары мен бостандығын құрметтеудің демократиялық ұстанымдарына, қоғамдық және діни мүдделердің теңгеріміне негізделген өзіндік моделі бар.
Дін саласындағы мемлекет саясатын өз өкілеттіктері шеңберінде бір қатар органдар жүзеге асырады. 2006 жылдан бастап бұл мәселедегі құзырлы орган – Әділет министрлігінің Дін істері Комитеті жұмыс істсе, 2011 жылынан бастап ҚР Дін істері агенттігі құрылды. Сондай-ақ 2000 жылдан бері Үкімет жанындағы кеңес беру-ақылдасу органы болып табылатын Діни бірлестіктермен байланыс кеңесі жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар, ОБСЕ-нің белсенді түрде қолдауымен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар (Халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы, Алматы Хельсинки Комитеті), ғалымдар (з.ғ.д. Р.А.Подопригора, ф.ғ.д. А.И.Артемьев. п.ғ.к. И.Б.Цепкова) тарапынан ҚР-да діни бірлестіктердің жұмыстарын реттеуді тоқтату және бұл саладағы барлық шектеулердің алынып тасталуы үшін мемлекеттік саясатты өзгертуге бағытталған белсенді әрекеттер жасалуда. 2007 жылғы мамырдың 27- жұлдызында ОБСЕ-нің қамқорлығы аясында Алматы Хельсинки Комитетінің тапсырысымен Р.А.Подопригора және А.И.Артемьев тарапынан дайындалған дін саласындағы «Мемлекеттік саясат тұжырымдамасының» тұсау кесері өткен. Мұнда мемлекетке аталмыш саланы реттеуде «кеңестік» әдістерден бас тартып, дінге «бет бұру» ұсынысы жасалған. Ислам экстремизм діні ретінде, ал православие ҚР территориясында жойылып бара жатқан конфессия ретінде көрсетілген. Аталмыш сарапшылардың пікірінше, осы себепті ислам мен православие арасында «православтардың жаны» үшін бәсекелестік жүруде. Сонымен қоса протестанттық мүлдем жанжалсыз, бейбіт, проблемасыз конфессия ретінде көрсетілген. Әділет министрлігінің Дін істері комитетінің белсенді араласуымен бұл тұжырымдаманы келешекте де талқылау іс-шараларын өткізудің алды алынды.
ОБСЕ-нің бұл мәселедегі белсенді ұстанымы протестанттық ұйымдардың мүдделерін жақтауды және дәстүрлі ислам мен православие шептерінің күшеюіне жол бермеуді көздейтін «екі жақты стандарт» сипатында. Сондай-ақ Еуропа елдерінде бұрын да айтылып өтілгендей, тек дәстүрлі конфессияларды қолдау, солармен ғана ынтымақтасу саясаты байқалады. Бұл жайт тек соларды ғана заңнамада (қаржылық және басқалай жеңілдіктер беретін) ерекше мәртебедегі діни конфессия деп тану, келісмдер мен конкордаттар жасасу, теледидарда эфирлік уақыт беру, мектептерде, әскер арасында жұмыс жүргізуге рұқсат беру секілді тб. жайттар арқылы көрініс тапқан.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қандай да бір тұрғыдан қайта қарау стратегиялық маңызға ие. Құқық қорғау ұйымдары мен жоғарыда аталған сарапшылардың жұмыстарының астарында Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың америкалық моделін қалыптастыру мақсаты байқалады. Ал бұл моделде саясатта, соның ішінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты мәселелерінде өз көзқарастырының жақталуына бағытталған істермен белсенді түрде айналысатын протестанттық шіркеулер айқындаушы роль атқарады.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзі үш құрамдас бөліктен тұратынын атап айту керек: бұл идеология, заңнама және арнайы әдіс-тәсілдердің/технологиялардың құрылуын керек ететін идеология мен заңнаманы жүзеге асыру тәжірибесі. Діни ахуалды талдау нәтижелері діни жағдайға қолдау көрсету үшін халықтың тұрақтылығы мен бірлігін әрі қарай сақтауға мүмкіндік беретін толық іс-шаралар кешенін дайындау қажеттілігін көрсетеді. Мұндай іс-шараларға прозелитизмге қарсы көзқарасты қалыптастыруға қатысты жұмыстар кешенін жатқызуға болады. Өйткені протестанттардың миссионерлік жұмыстары осы істермен ерекшеленеді(дәстүрлі конфессияларды ұстанушыларды өз діни сенімдеріне тарту).
Қазақстанның халықаралық имиджі. Ел Президентінің бастамасымен 1992 жылғы қазан айында әлемнің түрлі конфессиялары лидерлерінің басын қосқан Бірінші бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті. Сол кезден бері Қазақстанда жыл сайын елдің басты діндерінің өкілдері қатысатын Халықаралық рухани келісім конгресі өтеді. 2012 жылғы қазан айының 18 жұлдызында аталмыш іс-шара өзінің жиырма жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұл Қазақстанның мәдениеттераралық және дінаралық үн қатысудың маңызды халықаралық орталықтарының бірі ретінде жұмыс жүргізуге тырысып жатқанын тағы бір рет көрсетті.
Дінаралық үн қатысудың қазақстандық тәжірибесін әлемдік діндер лидерлері де мойындады және қолдау көрсетті. Астанада 2003, 2006, 2009 және 2012 жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төрт съезі өтті. Бұл іс-шараарға діни конфессиялар лидерлері ғана емес, Еуропа мен Азия елдерінің саяси қайраткерлері, ғалымдары мен сарапшылары, БҰҰ, ОБСЕ, ЮНЕСКО секілді халықаралық жетекші ұйымдардың лидердерлері мен өкілдері келді. Съездердің мақсаты – адамзат баласының рухани, саяси, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан өзекті проблемаларының шешімі үшін әлемдік діндердің қолындағы үлкен мүмкіншіліктер мен қорларды қолдану қажеттілігін көрсету. Осы себепті Қазақстан Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің жақындасуында, діндер үн қатысуында маңызды роль ойнайды. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі Қазақстанның кемсітушілікпен күрес, өзара құрмет пен түсіністікті ынталандырудың жалпы әлемдік процесіне үлесі ретінде тек республика территориясында ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдік қоғамдастыққа таралуда.
Сондай-ақ Інжілдік христиан-баптистер кеңесі, Кришна санасының қоғамы, Иегова куәгерлері тб діни бірлестіктердің және Халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы, Алматы Хельсинки Комитетінің, Сараптама қоғамдастығының кейбір өкілдерінің жұмыстарында Қазақстанның имиджін дискредиттеу менсінбеу әрекеттері көрініп қалады. Қазақстанның дінаралық келісім тұрғысынан жағымды үлгі болуын жою әрекеттеріне және әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстан туралы жағымсыз имидж қалыптастыруға жол бермеу үшін Сыртқы Істер министрлігімен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге шет елдерде ақпараттық-үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу керек. Осындай бағытта жұмыс істеуге ҚР Президентінің бастамасымен құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы да шақырылған.
Қорытынды. Қазақстанның мемлекеттік-конфессиялық саясаты дәстүрлі конфессияларға қолдау көрсетудің еуропалық тәжірибесін қолдануды ескере отырып, дамытуды қажет етеді. Діни бірлестіктермен байланыстар кеңесінің барлық атқару органдарының жұмыстарын үйлестірудегі ролі ескеріле отырып, оның (кеңестің) жұмыстары үшін ұзақ мерзімді стратегияның дайындалуы тиіс.
Сонымен қатар, тоталитарлық діни бірлестіктер жұмыстарын зерттейтін ведмостволар аралық арнайы комиссия құрылуы керек. Олардың жұмыстарының нәтижесі – тоталитарлық немесе деструктивті ұйымдардың критерийларын айқындау, мұндай ұйымдардың жұмыстарының алдын алу іс-шаралары, діни ахуалдың келешегі туралы болжам жасау болуы тиіс.
Балғабек Мырзаев