АЛМАТЫ. 18 маусым. E-ISLAM.KZ – Қоғамда имам Матуридиге қатысты пікірлер елең-алаң естіліп жүр. Ол кім? Оның ислам дініндегі рөлі қандай? Оның тұлғалық қасиетін қалай және қандай еңбегі арқылы тануға болады? Ислам ғалымдарының Матуриди ілімі туралы көзқарастары қандай? Міне осы және өзге де сұрақтардың тиегін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, белгілі ислам зерттеушісі, ғалым, Қалмахан Ержан ағытты. Оқи отырыңыз!..
–Қалмахан мырза, елімізде дін саласы бойынша білім алған алғашқы мамандардың бірісіз. Өзіңізге мәлім, соңғы кездері Әбу Ханифа мәзхабымен қатар Матуридилік сенім жөнінде жиі айтылып жүр. Сізден сұрайын дегенім, көбі біле бермейтін имам Матуриди кім?
–Имам Матуриди – Ислам ақидасы мен кәлам саласында ақыл-ойға басты мән берген, Матуриди деп аталатын үлкен теологиялық мектептің құрушысы. Әһли-сүннет мектебі бойынша екі ғалымның бірі. Имам матрудидің толық аты-жөні әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари. Өз есімімен қоса Шейх, Самарқанд шейхтерінің басшысы, Әһли сүннәт имамы және кәламшылар имамы деген сияқты лақап аттармен де кеңінен танылған. Сондай-ақ, кейбір деректерде оның аты көбіне «Әбу Мансур әл-Матуриди», «Әбу Мансур ас-Самарқанди», «Әбу Мансур әл-Матуриди ас-Самарқанди» және «аш-Шейх Әбу Мансур» деп те кездеседі.
Имам Матуриди Самарқанд қаласының Матурид деген ауылында дүниеге келген. Имамның туған жылы туралы нақты деректер жоқ. Кей зерттеушілер оның Имам Ағзам Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң дүниеге келгендігін айтады.
Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүние салып, «Чакардиз» атты ғалымдарға арналған зиратында жерленді. Алайда 1940-1950 жылдар аралығында зират жермен-жексен етілген. Кейіннен зират толықтай қайта қалпына келтіріліп, көпшілікке ашылды.
–Сонда оның есімі туған жеріне байланысты берілген болып тұр ғой?
–Иә, «Матуриди» деген есім оның туған жеріне байланысты берілген. Оның туып өскен жері Бұхара, Термез секілді «білім орталығы» деген атаққа ие болған маңызды мәдени қалаларды қамтыған Мауараннаһр аймағы еді. «Мауараннаһр» сөзі араб тілінде «Екі өзеннің арасындағы өлке» деген мағынаны білдіреді. Бұл Орта Азияда Амудария өзенінің арғы жағындағы түркілер қоныстанған территорияға берілген жеке географиялық атау. Бір кездері КСРО-ның құрамына кірген бұл аймақ қазір Өзбекстанды, Қарақалпақстанның шығыс бөлігін, Тәжікстанды, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен Қазақстанның бір бөлігін алып жатыр.
–Имам Матуридидің ұлты туралы тарихшылар арасында пікірталас жиі кездеседі. Сіз қалай ойлайсыз?
–Дұрыс айтасыз, ұлты туралы ғалымдар екі түрлі көзқараста. Бір деректер оны түркі тектес халықтарға жатқызса, Сәмани, Зәбиди еңбектерінде араб яғни, Мәдиналық атақты Әбу Әйюб әл-Ансари әулетінен шыққан деп тұжырымдалған. Кейбір отбасылардың Мәдинадан Самарқандқа келіп қоныстанғаны туралы мағлұмат осы пікірді қуаттайды. Имамның есімі кей деректерде «әл-Имам Әбу-Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари» деп берілуі де осыдан.
Десе де Матуридидің еңбектеріне үңілер болсақ екінші көзқарастың дұрыс емес екендігіне көз жеткізуге болады. Өйткені алғашқы қайнар көздерінен оның араб екені туралы еш кездестірмейміз.
–Имам Матуридидің тұлғалық қасиетін танытатын қандай да бір дереккөздер бар ма?
–Әрине, бар. Кейбір деректерде имам Матуридидің тұлғалық қасиеті жайлы қиссалар баяндалады. Бартольд, Әбу Хафс ән-Нәсафидің «Китабул қанд фи тарихи Самарқанд» атты еңбегінің қолжазба нұсқасында Матуриди жайлы былай дегендігін айтады: Шейх Әбу Мансур әл-Матуриди мен Шейх Әбул Қасым Хаким Самарқанди теккеде дәріс беретін. Шииттер мәзһаб тақырыбында осы екі ғалыммен көп пікірталастырады. Сол кезде шейх Әбу Мансур теккеде Қызырды (а.с.) көріп, одан көмек сұрайды. Қызыр (а.с.) дұға етеді. Дұғасы қабыл болып, Аллаһ Тағала имам Матуридиге хикмет ілімін нәсіп етеді. Осылайша, имам Матуриди бұрыс мәзһабтарды жеңеді.
Әбу-л Хасан ар-Рустуғфани «Фауаид» атты еңбегінде имам Матуридиді жасаған дұғасы кері қайтарылмай, қабыл болатын тұлға деп сипаттайды. Оған мына қисса дәлел: Бірде Самарқанда патша қызметкерлерінің бірі күш қолданып, Имам Матуридидің шәкірттерінің бірінің үйін тартып алады. Мұндай жағдайға тап болған шәкірт имам Матуридиге шағымданады. Имам Матуриди қызметкердің әлімжеттігін айтып патшаға кісі салады. Алайда, патша Матуридидің бұл сөзіне құлақ аспайды. Имам Матуриди патшаның бұл қылығана қатты ашуланса да, ашық наразылық білдірмейді. Халықты патшаға қарсы айдап салмайды. Тіпті, бұл амалдың әділетсіз екендігін білген патшаға теріс бата да жасамайды. Бірақ қол ұшын беру мақсатында шәкіртіне қысым жасап үйін тартып алған қызметкерге амалсыз теріс батасын береді. Көп ұзамай патша қызметкері ауруға шалдығады. Аурудың себебін түсінген қызметкер үйді иесіне босатып берген екен.
Бұхаралы Әбу Мұхаммед ар-Риғдамунидің (IV/Xғ.) айтуына қарағанда, билікпен қарым-қатынасы түзу болған Әбу Ахмед әл-Ийади, сол дәуірдегі саяси жағдайға аса риза болмаған ұстазы имам Матуридиді бір қызметкердің үйіне қонаққа алып барады. Үйге кірісімен үй иесі ғалияны (Егер де үйге бай дәулетті адам қонаққа келе қалса, «Ғалия» атты хош иісті ұсыну Самарқандықтардың дәстүрі болған.) ұсынады. Имам Матуриди қатты ашуланып, бұл хош иісті қолданудан бас тартады. Бұған қарамастан үй иесі имам Матуридидің рұқсатынсыз атының құйрық-жалына хош иісті ғалияны жағады. Үйіне қайтпақ болған имам Матуриди атының құйрық-жалынынан ғалияның иісін байқап қалады. Бұған ашуланған имам аттың құйрық-жалын жудыртады. Тіпті, жалыннан ғалияның иісі кеткенше орнынан тапжылмаған екен.
–Яғни, сіз айтып отырған қиссалардан имам Матуридидің өмір сүрген дәуірінде құрметті, абыройлы және беделді тұлға болғаны ғой…
– Тарихи деректер солай дейді. Басқа бір қиссада имам Матуридидің Ислам әлемінде беделді, ғұлама екендігімен қатар қарапайым көппен бірге өмір кешкендігі баяндалады.
Бірде Бағдат халифасы Имам Матуридиден пәтуа сұрау үшін Самарқандқа елші жібереді. Елші пәтуаға жауап алу үшін (Имам Матуридидің) бау-бақшасына барады. Беліне жүзім сабағын байлаған, басында қамыстан қайық-кескінді бас киімі бар, жұпыны киінген, қарияны көреді, оған:
–Біздің Мәулана (қолдаушы) қайда екен? – деп сұрайды. Қария:
–Біздің қолдаушымыз Аллаһ, – дейді. Сонда елші:
–Ал қожамыз (жол көрсетушіміз) қайда екен?
–Қожамыз – Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.), – дейді әлгі ақсақал.
–Әбу Мансур (Матуриди) қайда екен? – деп сұрады елші.
–Ол кісіңіз алдыңызда тұр, – деп жауап береді.
Елші алып келген пәтуаның жауабын ақсақалдан алған кейін, өз жөніне кеткен екен.
Сондай-ақ, Әбул Муин ән-Насафи имам Матуриди жайлы былай дейді: Ол пікірталастарда қарсыластарын уәжге жығып, бар сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беретін. Оның пікірлеріне сүйсінген ұстазы Шейх Әбу Насыр әл-Ийади: «Раббың қалағанын жаратады да, таңдау жасайды» («Қасас» сүресі, 68) деген аятты оқып, Матуридиді мақтайтын. Тіпті ұстазы Әбу Мансур әл-Матуриди келмей дәрісін бастамайтын.
Кейінгі дәуір ғұламалары да «Матуриди алдыңғы қатарлы имамдардан. Ол хақ дінді тура түсіндіру жолында ерекше қызмет еткен тұлға» деп мақтан еткен.
–Имам Матуридидің бізге жеткен қандай еңбектері бар?
–Имам Матуриди өз кезегінде сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған. Өз дәуірінің кемеңгер ойшылы Әбу Мансур әл-Матуриди артына бірнеше кітап жазып қалдырған. Олардың бірі «Китабу Тәуилати Әһли Сунна» (немесе «Тәуилату-л Қуран»). Бұл еңбек Құран кәрімнің тәпсірі. Оның бірнеше нұсқасы бар. Көпшілігі әлем кітапханаларында қолжазба ретінде сақталған. Олардың бірқатары Түркия, Германия, Британия, Египет, Өзбекстан және Дамаск кітапханалары.
Бұл − Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты жазған ең құнды еңбегі, өз сөзімен айтқанда, «Құран тәуилі». Мұнда имам, орайы келгенде ақида мәселелеріне тоқталып, бидғатшылардың пікірлеріне жауап беріп, оларға қарсы өз ойын айтып отырған. Өзге классик ғалымдардан өзгеше әр аятты жеке бөліп, ақылдық тұрғыда түсіндіре білген. Әһли сүннетті қорғай отырып, мүшәббиһа (мүжәссима (Сөздің тура мағынасын негізге алып, Аллаһты басқа жаратылғандарға ұқсататын ақидадағы жаңсақ ағым.), мұғтазиланы сынға алған.
Имам Матуриди өзінің Құран Кәрімге жасаған түсіндірмелерінде (тәпсір) бұл тәсілді өмірлік ұстаным етті. Десекте, имам Матуриди Құран Кәрімге түсіндірме жасағанда, мутәшаббих (мағынасы құпия) аяттарға мұхкам (мағынасы анық) аяттардың негізінде жорамал (тәуил) жасады. Оның пікірінше, егер, мүміннің ақылы тәуил жасауға күші жетпесе, ол мәселені Аллаһқа қалдырған жөн. Имам Матуриди мүмкіндігінше Құран Кәрім аяттарының мәнін ашуға тырысты. Сондықтан да, бұл маңызды еңбекті көптеген ғалымдар зерттеген.
–Зерттеуші ғалымдар қандай баға берген?
–Әбул Муин ән-Нәсафи, Әбул Йуср әл-Бәздауи, Ибн Әбил Уафа, Хаджи Халифа, Муртада әз-Зәбиди секілді ғалымдар Матуридидің бұл еңбегін жоғары бағалаған. Матуриди бұл еңбегінде семантикалық тәсілді қолданған. Құранды Құран аяттарымен түсіндірген. Екінші қайнар ретінде хадисті (тек сахих болған хадистерді) пайдаланған.
Имам Матуридидің фиқһ әдістемесіне қатысты бірқатар еңбектері де бар. Олар: «Китабу мәһази-ш шарай фи усули-д-дин», «Китабу мәһази-ш шарай фи усули-л фиқһ», «Китабу-л жәдал фи усули-л фиқһ», «Китабу-л усул» немесе «Усулу-л фиқһ» және «әт-Тәһзиб фи шәрхи-л жамии-с сағир».
Кәлам ғылымына қатысты еңбектері: «Китабу-т таухид» (таухид – Аллаһты бір деп тану кітабы), «Китабу-л мақалат» (мақалалар кітабы), «Китабу-р әр-Рәдду әла-л Қарамита» (Қарамиттерге қарсы жауап), «Китабу-р рәдд әла-л усули-л карамита» (Қарамиттердің әдістемесіне қарсы жауап), «Рәдду-л усули-л хамса ли Әби Мухаммад әл-Баһили» (Әбу Мухаммад әл-Баһилидің «Бес негіз (принцип)» атты кітабына қарсы жауап), «Китабу-л рәдди әуаилил-Әдилла ли-л Каъби» (Кағбидің «Дәлелдердің әуелгісі» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы), «Китабу рәдди тахзиби-л жәдал ли-л Каъби» (Кағбидің «Тартысты түзету» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы), «Рәдду китаб уаиди-л фуссақ ли-л Каъби» (Кағбидің «Пасықтардың барар орны» атты кітабына қарсы жауап), «Рәдду Китаби-л Имәма ли Бадир Рауафид» (Бадир Рауафидтің имамдық кітабына қарсы жауап), «Китабу бәяни уәһми-л – муътазилә» (Мұғтазилердің қиялын баяндау кітабы).
Матуридидің ақидаға байланысты сақталып қалған кітабы – «Китабу-т Таухид». Бұл еңбектің негізгі нұсқасы қазір Англияда қолжазба қорында сақталған. «Китаб-ут Таухид» кітабын алғаш рет 1970 жылы Бейрутта басылып шыққан.
Аталмыш еңбек кәлам ілімінің қайнар көзі болғандықтан зерттеушілер оған ерекше мән берген. Еңбекті тіпті әл-Матуриди ілімінің негізгі жиынтығы деп атауға болады. Автор көптеген еңбектерге сүйенген және оларды жүйелі түрде меңгерген. Сондай-ақ, онда сол кездегі пікірталастар мен талқыланған күрделі мәселелер қамтылған. Имам Матуридидің күнімізге дейін жеткен осы еңбегінен-ақ, оның кәлам, тәпсір, мәзһабтар тарихы, құқық және құқық әдістемесі ғылымдары бойынша терең білім игергендігін байқауға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Назира Байырбек, арнайы «E-islam.kz» үшін.