АСТАНА. 12 маусым. E-ISLAM.KZ – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетаймен келелі әңгіме.
– Көп адамдар «Мемлекет пен дін бөлінген, біз зайырлы елміз» деп, секта проблемалары үшін билікті емес, көбіне дін мамандарын кінәлап жатады. Зайырлы болу деген сөз – мемлекеттің дін саласына мүлдем араласпауы дегенді білдіре ме?
– Иә, біз зайырлы елміз. Бірақ, зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Ол – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлы елде мемлекеттің билігі бірінші тұрады, яғни діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек. «Дін мемлекеттен бөлінген» деген сөз де дінге қатысты батыстық шаблондар бойынша қарау көрініс тауып отыр. Ал біз бұл сөзді тікелей мағынасында қабылдамауымыз керек. Өйткені, Қазақстанның АҚШ секілді батыс елдерінен өзгешелігі – біз дәстүрлі мемлекетпіз. Ол деген не? Біздің топырағымызды ашып қарасаң, астынан бабаларымыздың рухы шығады, біздің тарихымыз, құндылықтарымыз, өркениетіміз, мәдени платформамыздың бәрі осы топырақта жатыр. Ал енді бұл платформаның үстіне құрылған мемлекет өзінің мәдениеті мен дінінен қалай бөлек болып қалады? Ол осы танымды сақтау арқылы өзінің баяндылығын қамтамасыз етеді. Сол танымды зерттеу арқылы өзінің құндылықтарын қалыптастырып, дамытады. Сол негіздерге қамқорлық жасау арқылы өз келешегін жарқын етеді. Фарабидің, Платонның анықтамасы бойынша, кез келген мемлекеттің құрылуының басты мақсаты – сол құрушыларды бақытқа жеткізу. Ал егер сен оларды діни негізінен бөліп тастайтын болсаң, қалай бақытты етпексің? Сондықтан «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді біз биліктің дінге бейтарап қарауы деп қабылдамаймыз. Біз зайырлылықты мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы деп түсіндіреміз және дін ешқашан саясатқа құрал болмайды деген мәселені негізге аламыз. Біздің ұсынып жүрген зайырлылық концепциямыз қазақтың жүріп өткен тарихымен тығыз байланысты.
– Жат ағымдардың таралуына халықтың діни сауатының төмендігі әсер етіп отырғаны жасырын емес. Әрине, айналдырған 20 жылдың ішінде халықтың бәріне дінді үйрету мүмкін емес. Дегенмен, ертең бармақ шайнап қалмас үшін, не істеу керек?
– Осыдан 20 жыл бұрын халқымыз діни тұрғыдан сауатсыз еді. Ал қазір мен халықты діни сауатсыз деп айта алмаймын. Бүгінгі адамдар, әсіресе жастар жағы өте сауатты. Қазір кез келген жастың дінге деген ұмтылысы, дінді танып-білуге деген құштарлығы өте жоғары деңгейде. Тек бізді құртып отырған жағдай – өзара жамағатқа бөлінушілік.
Мен неге жастарды айтып отырмын? Өйткені, адамның жас ерекшелігі мен дінді қажет ету ерекшелігі бірдей болады екен. Ешқандай адам 50-60 жастан асқаннан кейін діни танымға негізделген психологияның шеңберіне кірмейді. Көбіне діни танымды анықтайтындар – жастар. Өйткені адамның табиғатына тән болмыстық нақтылану үрдісі жастардың бойында жүреді. Сондықтан да, қазіргі көптеген сараптамаларды оқып отырсаң, еліміздегі негативтік тұрғыдағы дін проблемасын жастар мәселесі деп қарастырып жүр. Себебі, бомба жарып, террористік әрекеттерді жасап, Сирияға аттанып жатқандардың бәрі 15 пен 30-дың арасындағы жастар болғандықтан, олардың осы жас ерекшеліктеріне қарайды да, «жастар проблемасы» деп көрсеткісі келеді. Ал шын мәнінде адамның табиғатына зер салу керек. Адам өмірінің көктемі – ол жастық шақ. Сол көктемде не егеді – ертең соны орады. Яғни, мұны тек жастар мәселесі емес, тұтас ұлттың проблемасы деп қараған жөн. Өйткені, ұлттың келешегін, ұлттық таным мен болмысты анықтайтын бүгінгі жастар.
Жастар дінге ұмтылып жатса, оған мемлекет бағыт беру керек. Өйткені біз мемлекетті дінге бейтарап қарау, «қай жамағатқа ерсең, соған ер» деу үшін құрған жоқпыз. Дінімізді, ұлттығымызды, мәдениетімізді сақтаймыз, өзгемен терезесі тең, керегесі кең жұрт боламыз деп құрдық. Сондықтан, біз жастардың дінге ұмтылысына, діни сауатты болып келе жатқанына қуана қарау керекпіз және оның әр ағымның сойылын соғып кетуінің алдын алып, тиісті бағыт-бағдар беріп отырғанымыз абзал.
– Діни білімнің мектептер мен жоғарғы оқу орындарында оқытылуына қалай қарайсыз?
– Дін оқытылуы керек. Ол мектептерде, жоғарғы оқу орындарында оқытылмай, біз еліміздің болмыстық-ұлттық нақтылануын, бірегейленуін, тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз ете алмаймыз. Егер зайырлы елміз деп, мектептен, университеттен дінді алып тастайтын болсақ, онда мынадай дилемма пайда болар еді: бала мектепте басқа, үйде басқа, қоғамда басқа болып шығады. Қазіргі жастар діни білімді мешітте, қоғамдық ортада алып жатыр. Ал дінді оқытуды ысырып қойсақ, бір бала, яғни бір болмыстың табиғатында қайшылықтар пайда болады, бұл қайшылық билік пен қоғамның арасындағы қайшылықты тереңдете түседі. Ал мемлекет билік пен қоғамның арасындағы қатынастың үйлесімділігіне, тұтастығына, бірлігіне қызмет етуі керек. Сондықтан, қоғамның мүшесі не қажет етеді? Дін бе, діни таным ба? Ендеше, соны мемлекет қажетті мөлшерде беріп, діни біліммен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл елдің зайырлылық ұстанымына ешқандай да қайшы емес. Керісінше зайырлы мемлекеттің мақсаты сол: дінді еркіне жіберіп, не істесең, оны істе деп, көзжұмбайлық жасау емес, оны өз бақылауында ұстап, қоғам мүшелерінің сауатын тиісті деңгейде арттырып отыру.
–Дәстүрлі ислам. Қоғамда соңғы кездері осы сөз тіркесі жиі айтылып жүр. Дегенмен көпшіліктің бұған қатысты пікірлері сан алуан. Ғалым ретінде, дәстүрлі исламды қалай түсіндіріп бересіз?
–Рас, қазіргі таңда ислам және жалпы дін құбылысы туралы «таза ислам», «дәстүрлі ислам» және «байсалды ислам» ұғымдары арқылы берілген «қалыпты таңбалар» мен «қорытындылар» түрлі деңгейде, әр түрлі дәрежеде бұқаралық ақпарат құралдарында өте жиі айтылып жүр. Сосын осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе, ол — діни сенім біреу, сондықтан ислам да біреу. Оның екіншісі, үшіншісі жоқ. Мысалы: «классикалық ислам», «халықтық ислам», «радикалды ислам», «қазақы ислам», «байсалды ислам» т.б. тіркестер бұлар дінді бөлшектеуге бағытталған ориенталистік, батыстық тенденциялар. Ал діни таным көп, сондықтан мұсылмандық формалары да көп. Бұл — табиғи процесс. Діни тәжірибенің тарихи, мәдени, кеңістіктік, методологиялық және танымдық ерекшеліктер арқылы қалыптасатындығын ақылға сүйенгендерден ешкім жоққа шығарған емес.
Бүгін қоғамда тарихи құндылық көзіне айналған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы болған Иасауи мұрасын аксиологиялық қабылдау аясынан шығаруға ұмтылатын күштер немесе топтардың белсенділігі көзге түседі. Бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және дінді саяси топтардың құралына айналдыруы да негізгі фактор. Әлемдік жаҺандық құбылыспен бірге келе жатқан исламофобия, террорлық әрекеттің дінге, исламға негізделуіне көзжұмушылық, түсіне алмаушылық сияқты психологиялық кедергілердің барлығы жалпы алғанда діни танымға тіреліп отыр. Қоғамымызда сыртқы және ішкі топтардың әрекеті арқылы тарихи сабақтастыққа, санаға қарсы жұмыс жүргізіп, өткен тарихымыз бен діни тәжірибеміз туралы теріс пиғыл тудырып жатыр. Міне осындай психологиялық, саяси діни танымдық қысымдардан қашып, «дәстүрлі ислам» деген тіркес модаға айналды. Мазмұнында қазақ мұсылмандығының діни тәжірибелік сатылары мен тарихы жатыр. Сондықтан оны «дәстүрлі ислам» емес, дәстүрлі қазақ мұсылмандығы деп қарауды жөн деп білемін.
Біз кеше ғана мұсылман болған ел емеспіз. Дәстүрлі діни тіршілігіміздің, әрине, мұсылмандық негіздегі бастауы қарлұқтардың М.751 жылы арабтармен тізе қоса отырып, Сырдария мен Балхаш көлінің арасындағы Талас бойында қытайларды Ұлы Түркістан топырағынан қуып шығуымен тікелей байланысты. Міне содан бері түріктер араларынан әл-Фараби (870-950), Ибн Сина (975-1037), әл-Бухари (хадисшы), әл-Матуриди (каламшы) (944), Ахмет Иасауи (1103-1166) сияқты ғұламаларды өмірге әкеліп, білім, мәдениет, философия, өнер өкілдері ретінде ислам өркениетінен өз орындарын алды. Сол кездегі түрік даласында, яғни, Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ, Шаш, Сүткент, Жент, Весиж, Кудур, Шилжи, Отлук, Өзкент және Мауараннаһр қалаларында Х ғасырдан бастап түбегейлі исламдық ілімдердің дамуы бағытында тәлім-тәрбиелік ордалардың – медресе, теккелердің орнығуымен бірге қоғамдық, руханияттық, моральдық-этикалық принциптерімен экономиканың, сауданың дамуына негізделген жаңа мемлекеттік сипаттағы жүйелер қалыптаса бастады. Мысалы, Сайрам қаласы сол кездегі Аббасидтер халифатының шекарасы болған. Исфиджабтан исламдық фиқх (құқықтану) мектебінің ханафи мазһабының көптеген өкілдері шыққан Исфиджаб саяси, экономикалық, сауда қолөнер орталығы болумен қатар, қала Х ғасырда мұсылман дінін сол аймаққа және Дешті Қыпшаққа тарату орталығы да болған. Баласағұн, Өзкент қалаларындағы медреселер түріктер арасына исламдық ғылымдарды таратып, дінді түсіндірушілер (муфассирлер), хадисшілер (мухаддистер), исламдық құқықшылар (факихтер) тарихшылар (муаррихтер), тілшілер (мантиқ(ин)шылар) мен әдебиетшілердің (адибтердің) өсіп-жетілуіне ықпал етті. Осы дәуірлерде Құранның алғашқы аудармалары мен түсіндірмелері жасалып, әсіресе құқықтану (фикх) саласында ханафи фикхының (құқық мектебінің) Сарахси, Баздауи, Дабуси мен Марғинани сияқты өкілдерінің еңбектері түріктердің ханафи мазхабына кіруіне әсер етті.
Қазақ мәдениетінің мазмұнында ислам жатыр. Бұл културологиялық тұрғыдан, ғылыми негізде жасалған анықтама. Дәстүрлі Қазақ мұсылмандық түсінігін бүгінгі ғылыми платформада діни таным ретінде нақтылаймыз. Ал діни танымды теологиялық, культурологиялық, психологиялық, ғылыми тұрғыдан талдап қарасаңыз, оның тарихпен, діни тәжірибемен, дүниетаныммен, кеңістікпен жалпы ұлтқа қатысты кез келген құндылықтық қабаттармен байланысын көреміз. Бұл діни танымның нормалық қыры әрине діни сеніммен де діни тәжірибемен де тікелей қатысты. Діни тәжірибе мұсылмандық түсініктің тарихы. Мысалы қазақ мұсылмандық тарихында Матуриди ақидасы, Ханафи фикхы мен Иасауидің ар ілімі ұштасып, сіңіскен. Осы негіз біздің ұлттық мәдениеттің мазмұнына айналған. Оның ерекшеліктерін ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, ділімізден, әдет ғұрпымыздан, салт дәстүрімізден көруге болады.
– Қай сала болмасын, ең алдымен ондағы мамандардың біліктілігі алдыңғы орында тұратыны белгілі. Дін саласында білімі терең, біліктілігі жоғары мамандардың жетіспейтіні ащы да болса шындық. Қазірдің өзінде мәселені шешу үшін бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Сіз дін саласы мамандарының – ғалымдардың, дін қызметкерлері мен имамдардың дайындық деңгейі мен білімін қалай бағалар едіңіз?
– Кеше кеңестік кезеңде осы сала дамымай қалды. Сондықтан дінтану да, теология да елімізде кенже сала. Әсіресе, теолог мамандарға тапшымыз. Себебі қазіргі қоғамдағы діни проблемалардың дені теологиялық, діни танымдық қабаттармен көмкерілген. Теология өз алдына сала ретінде діни танымды дамытуды, тануды, оның негізгі канондарын күшейтуді мақсат етеді. Ең алғаш еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, Түркістанда «теология және еркін ойшылдық» мамандығы ашылып, сол стандарт бойынша бітіріп шыққан алғашқы түлектеріміз. Кейіннен бұл мамандық жабылып қалды да елімізде жаппай дінтану мамандықтары ашылды. Бүгінгі дінтану мамандық стандарттары еліміздің діни танымдық мәселелерін жан жақты шешуге жауап бере алмайды. Сондықтан осыдан алты жыл бұрын елімізде Білім және Ғылым министрлігі қосымша теология шифры бойынша мамандар даярлауды қолға ала бастады. Соның негізінде теология мамандығының білім беру стандарты дайындалды. Қазір теология мамандығы елімізде тек Қ. А. Иасауи атындағы халықаралық қазақ түрік университетінде ғана дайындалып жатыр. Оның өзінде білім гранттары шектеулі. Орыс тобына он, қазақ тобына он орын бөлінген. Биыл алғашқы түлектерін шығарады. Енді магистратура, докторантура деңгейлеріне де аса үлкен дайындық қажет. Елімізде осы саланың ғалымдары мен докторлары жетіспейді. Қазір еліміздегі академиялық дәрежесі бар теологтар Иасауи университетінің алғашқы түлектері. Олар еліміздің әр түкпірі және әр саласында қызмет атқарғанымен, министрлік жанындағы теология оқу әдістемелік тобының мүшелері ретінде үнемі байланыста жұмыс атқаруда. Бұл тек білім беру саласы бойынша айтып отырмыз. Ал дін құбылысының білім беру саласынан тыс қабаттарда теолог маман жоқтың қасы.
Имам туралы кешегі коммунизмнен қалған түсініктер байқалып қалады. Негізі имамдар біздің тәуелсіздігіміздің бір ұстындары. Олар туралы ерекше көзқарас қалыптастыру да уақыт еншісінде. Дегенмен, имамдарымыз да сол атқа лайық болуды мақсат еткен азаматтардан тағайындалмаса болмайды. Имамға қарап исламға баға беретін заманда бұл жағы өте жауапты мәселе. Имам ел алдындағы айна. Ол жан жақты үлгі, жан жақты білім көзі де болу керек. Рас имамның сауатын көтеру дегенде кеше тек діни мәселелер, оның ішінде ислам шариғаты төңірегінде айттық. Себебі, кей жерлерде имам жоқ болатын, сауаттысы былай тұрсын. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Мұсылмандар Дін басқармасының да тәжірибесі артып келеді, дегенмен осы кадр тапшылығы әлі де өзекті болып қала беретін түрі бар. Себебі қоғам қажеттілігіне сай мамандарды дер кезінде дайындау бұл ешбір елде шешімін таба қойған мәселе емес. Алғашқы жылдары имамдарымыздың діни ислам төңірегінде сауатты болуын талап еттік. Қазір бұл деңгей біздің имамдарда бар. Оған кешегі Ерсін мен Октамның теологиялық пікірталасы мысал бола алады. Екеуі екі бөлек платформалық таным өкілдері болса да, Ерсін Октамды сол салафилік таным шеңберінде сауатты тықсырып, қоғамда теологиялық, діни танымдық білімнің даму потенциалы бар екендігін көрсетті. Енді бұл деңгей де жетпейді. Себебі қоғам орта ғасырлық шаблондардың жеке басына тіршілік ете алатын шарттарымен қанағаттана алмайды. Имам бүгін ел алдында тек шариғи білім ғана емес, жалпы дін құбылысының адамдық танымдық қабаттармен байланысу ерекшелігін, уақыт пен кеңістіктегі үдерістерді дінмен сабақтастыра алу керек. Ол үшін имамның білімі тек шариғат қана емес, бүгінгі ғылымдардың оның ішінде де тарих, медицина, биология, мәдениет, дүниетаным, әдебиет, өнер, социология, азаматтық құқық, саясат сияқты салалардан да хабары болуы шарт. Нақты айтқанда біз қазір зайырлы, демократиялы, республикалық жүйедегі мемлекетпіз. Бұл жүйеде діни таным мен ғылыми таным өзара үйлесімді, үндестікте, бірін бірі толықтырып тұруы қажеттілік. Сонда ғана дін басқа танымдарға әсер етіп, олар да діни түсіндірмелер мен танымның дамуына ықпал етеді. Діни таным мен ғылыми таным қабыса дамыса, онда діни сана түлейді де, қоғамда мәдениет, дүниетаным, құндылықтар да жанданып, ұлттық бірегейлік артады. Жалпы имамдардың қоғамдағы лайықты орындарын алуы табиғи жайт. Ол үшін сауаттарын қоғам қажеттілігіне сай ұдайы, үнемі арттырып отыру шарт. Бұл айтып отырғаным болуы тиісті мәселелер. Ал нақты діни білім беруде, нақтырақ айтқанда имамдар дайындап жатқан оқу ордаларымыздың стандарттарында осы мен айтқан қажеттіліктерді негізге алмайынша одан талапқа сай имамдар дайындау кешіге беретінін несіне жасырамыз.
– Қазақтан аумағында бірнеше жыл бойы ондаған діни ағымдар еш кедергісіз қызмет атқарып келген еді. Олардың арасында деструктивті діни ағымдар да болды. Нәтижесінде ел азаматтары жүз-жүздеп, тіпті мың-мыңдап аталмыш теріс пиғылды ағымның жетегінде кетіп, өздерінің басты әлеуметтік бағдарларынан айныды. Қазір республикада деструктивті ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың қалыптасқан жағдайды өзгертуге байланысты пайдасы қандай және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының қабылдануы жалған діни ағымдар қаупінен құтқара ала ма?
– Құдайға шүкір, дін туралы заңымызға да өзгерістер енгізе алатын халге де жеттік. Өзгерттік. Бұл да жеткіліксіз. Заңнамадағы кемшіліктер өзгерістер арқылы толығып отырады деп сенеміз. Ең алдымен мемлекет пен дін арасындағы қатынас нақтылануы тиіс. Бұл қатынас зайырлылық арқылы нақтыланған. Бірақ, бұл жерде мемлекеттің дінге деген тарапсыздығы, дін ісіне араласпайтындығы ғана паш етілген. Ал дін феномені мен мемлекет арасында ешқандай байланыс көрсетілмеген. Кез келген демократиялық елдің заңнамасына назар аударсаңыз, дін бабы өз алдына бөлек қаралады. Содан кейін барып, діни бірлестіктер, тіркеу және бақылау принциптері және олардың түсіндірмелері орын алады. Секуляризм ұстанымындағы, ғылыми атеизмді негізге алған кешегі кеңестік жүйе заңы үшін дін жеке феномен ретінде қабылданбағандықтан, жеке дін бабының қажеті болмады. Олар тек қоғамдағы діни көріністерді, мінез-құлықты ғана есепке алды. Біздің бүгінге дейін қолданып келген заңымыз да кешегі кеңестік жүйеден қалған мирас болатын. Дін құбылысының – қоғамдық, мәдени, тарихи, саяси және психологиялық-танымдық болмыс-бітімі мен шарттары қоғамдық тіршілікте көріне бастады. Бүгін бізде кеңестік құндылықтар жүйесінің орнына дәстүрлі, тарихи, мәдени және рухани құндылықтар бой көтере бастады. Бірақ біз бұл құндылықтарды толығымен құқықтық негізде қорғаудың басты принциптері мен идеяларын толық қамти алмадық. Оның бірінші себебі, тәуелсіз елдің конституциясын дайындау үшін уақыттың тығыздығы, дайын еместігімізді бүркемелеу үшін өзгелердің дайын тұрған тақырыптық, салалық, құқықтық жүйелерін өз конституциямызға “сырттан” әкеліп қоя салдық. Бұл әрекетіміз жаңа мемлекетіміздің негізгі тұғырлары мен формасын анықтауға жарағанмен, мемлекетке негіз болып отырған мәдениет пен қоғам өкілдеріне зиянын тигізерін ол кезде сезіну былай тұрсын, біле де алмадық. Қазір де бұл мәселеде жағдай мәз емес.
– Дінге қатысты қоғамда белгілі бір стереотиптер қалыптасып, орныққан. Мәселен, дінді берік ұстанатын мұсылман – діни фанат, дін жолын қуушы – бақытсыз жан немесе бойындағы күш-жігерін рухани шыңдалуға бағыттаған адам, сақал қою – уахабиліктің белгісі және т.с.с. Есті, сана сезімі мен ойлау жүйесі түзу адам үшін бұл, әрине, бар болғаны стереотип қана, бірақ бұлардың қоғам санасына әсері де зор. Қоғам ішінде орныққан осындай жалған ұғымдарды жоюға бола ма әлде қажет емес пе?
–Рас, қазіргі таңда ислам дегенде «сақал», «хижаб», «қысқа балақ», «калашников автоматы» сияқты шаблондар елестетіледі. Бұл санада да БАҚ беттерінде де солай қалыптасып қалды. Бұл негізінен ислам дінін сыртқы саяси жаһандық қуаттардың шартты шаблондары, «исламофобияға» қызмет етеді. Енді қараңыз ислам біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Ислам діні – қазақ мәдениетінің мазмұны. Бейнелеп айтсақ, дін анамыз, мәдениет атамыз. Соған қарамастан біз өз дініміз туралы суық ақылмен, шарттанған санамызбен ой таразысына тартуды ойланбастан, сырттан келген исламофобияға өзіміз қосылып шаба береміз. Бұл біздегі кешегі нигилизмнің, мәңгүрттіктің салдары. Өз анасын ата салатын.
Енді бұл мәселенің екінші қыры бар. Біздегі ислам туралы діни танымдық деңгей жоқтығынан, исламның формасына ғана ендеп жатырмыз. Бұл да өтпелі кезең. Кешегі коммунизм идеологиясынан біз мәдениетіміздің мазмұны туралы ғылым, білім беру, құндылықтық салмағы туралы хабарсыз қалдық. Яғни ислам діні бізде діни сана деңгейінде қалды. Қазір сол діни сана деңгейі діни таным сатысына көтеріліп келеді. Діни таным да ғылыми таныммен ұштаспағандықтан ислам туралы деңгейіміз енді қайта қалпына келіп жатқанда, қоғамда психологиялық үрейді де қоса қабат алып келді. Бұл жағынан біз бір ғасырға басқа елдерден артта қалдық. Тәуелсіздік алысымен бұл үдеріс шапшаң жүріп жатыр. Бұл жылдамдық исламның мәніне емес, формасын иемденумен бағаланып жатыр. Бұл да өтпелі кезең. Негізінен Қазақ топырағы ислам дін ғылымдарының дамуына ең қолайлы топырақ. Бүкіл ислами ғылымдардың эпистемиолгиялық белесі осы топырақтан бастау алатындығына сеніммен қараймын. Сондықтан стеоретиптер табиғаты мәңгі емес, ол да өзгереді. Оған уақыт пен білім, діни танымдық деңгей қажет. Қазақ өзін ислам дінінде бүгін тапқан халық емес, қазақтықты сол исламмен анықтаған ел. Тарихи сабақтастық санасы жаңғырып, діни тәжірибемізбен, дәстүрлі мұсылмандық қалыбызды ғылыми тұрғыдан нақтылағанымызда бәрі өз ағысымен кетеді деп ойлаймын.
– «Ислам кемел, адам пенде» деген пікірмен келісесіз бе? Ислам дінін кейбір мұсылман адамдардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына теңестіруге болмайды деген ұйғарым осының айғағы ма? Адамды сыртынан пішіп, діндарлы келбетіне қарап, бағалау орынды ма?
– Мені де осы ой мазалайды… Абайдың аузына «Шығысым Батыс болып кетті» деген сөзді салдырған бір ішкі шындық бар… Ол мынада, Ислам ақиқатын мұсылмандар біледі. Ал Батыс оны сезеді. Бірақ оны дін ретінде сыртқа шығармайды. Батыс, ислам өркениеттік негізін сезінген, өзінің бұрынғы батыстық негіздерін жылан қабығындай сыпырып тастай білген өркениет. Олардан да бірақ исламды тек өркениет ретінде емес, дін ретінде қабылдағандар да шықты. Сорлы мұсылмандар соларды жазып әлек, «о керемет ананы қара өз дінін тастап исламды қабылдады» деп… Неткен балалық… Біздің «қазақшылық» мінез де сондай ғой… «О анау біздің рудан екен» деген сияқты… Мұсылмандар батыстың өркениетінің мазмұнына үңіліп зерттесе, өздерін табар еді. Қайдағы, олар формаға әуес. Оңайға қашады. Эпистемиологиядан жұрдай. Ол деген сөз өз дінін (исламды) уақытқа сай комментарии жасау қабілеті жоқ деген сөз. Ал Батыс ше, өзінің бұрынғы христиан дініне негізделген өркениеттен бас тартып, орнына Исламды лайық көрді. Себебі онда Алланың ақиқаты сақталған болатын.. Осылайша олар өздерінің дінін де, өркениетті де мәдениетті де саясатты да, құқықты да сақтап отыр. Бәрін бағып отыр. Ал мұсылмандар болса форманың өзін тоз тозын шығарды. Исламның өркениеттік қабатын ұмытты, ұмыттырды. Осылай кете берсе, обал ақ… Алланың рақымы түсіп жіберген исламды тани алмаса, ұстай алмаса, ол әрине «құбыжыққа» айналып, рақым емес, террор, үрейге айналады. Бұл жерде айтайын дегенім басқа мәселе: «Білу мен сезіну», «болу мен көріну». Бар мәселе осы жерден басталады. Алланың ақиқатын өркениетіне негіздей білген ел ғана бүгінгі уақыт пен түрлі қысымдардан шынығып шығады. Бұлар әрі ақиқатты біліп, әрі сезінгендер. Ал Алланы тек діни шеңберде «сағызша догмаға» айналдырғандар әрдайым жоғарыдағы қысымдардан өлімші болып шығады. Онда дабарынан айрылып, астында алтын басып отырса да құл болғаны болған. Бұлар Алланың ақиқатын біледі. бірақ сезінбейтіндер… Бүгінгі ислам әлемі. Алланың ақиқатын тану Фараби заманында ислам әлемінде үлкен құбылыс болған. Тарих болып қалатын түрі бар. Бүгін Қарағанды мұсылмандары басқармасы сайтында Фарабиді еретик ретінде танытуға тырысыпты. Сол кезде де ислам әлемінде Фарабилік платформаны мұсылман «білетіндер» жоққа шығарған. Мұсылман «сезетіндерді» тыңдағандар болмады. Бүгін де сол жағдай елімізде қайталанып жатыр. Алланың ақиқатын тану Алланы дұрыс Құрандық негізде танудан басталады. Ал Алланың сөзін Алламен өлшемейінше, Алланың ақиқаты қалай сезіледі, қалай танылады? Бізде Алланың ақиқатын Алламен тану тәжірибесі бар. Ол Матуриди ілімінде жатыр. Кітаптарда көміліп… Ислам арға негізделген, сананы түзеуге бағытталған, адамның өзін тануы арқылы Хақиқатты тануға шақыратын дін, өркениет. Сондықтан адамды сыртына қарап емес, оның адамдық мәніне қарап бағалау қазақтың дүниетанымынң өзегі.
Сұхбаттасқан Назира САЙЛАУҚЫЗЫ, арнайы «E-islam.kz» үшін.