Жұма, 5 Желтоқсан, 2025
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Терроризм – белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін жасалатын іс-әрекеттер стратегиясы

03.04.2014
- Ағымдар ақиқаты
0
663
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Қазақстандағы терроризм қаупі қандай? Осы сауалға жан-жақты жауап табу үшін 2013 жылдың қарашасынан бастап 2014 жылғы наурыздың 16-сына дейін қазақстандық сарапшылар кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Ондай зерттеу барысында мамандар Қазақстанда соңғы жылдардағы «терроризм» бабымен қозғалған қылмыстық істердің әрқайсысын бастан-аяқ ақтарудан бастап, дәл осы баппен сотталғандармен сөйлесе отырып, біршама жайтқа көз жеткізіпті. 

Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстанда бұрын-соңды болмаған құбылыстың бірі –террористік әрекеттер бой көрсетіп, жұртшылық біршама дүрліккен. Ақтөбе, Атырау, Тараздағы жағдайларға сарапшылар тарапынан түрлі баға да берілді. Бір жағынан жан түршіктірген терроризм әрекеттері Қазақстанның арнайы органдары үшін көп істе кешігіп қалу¬дың салдарын көрсетсе, енді бір жағынан мемлекеттік жастар саясатының солқылдақтығын да алға тартқандар болды. Әрине, айтылғандарды салмақтасақ, қарама-қайшылықтар аз емес еді. Осының өзі замана қатеріне жан-жақты баға берудің қажеттілігін арттырып, екінші жағынан Қазақстанда орын алған оқиғаларға нендей факторлар әсер еткеніне сарапшылар ден қоя бастады. Терроризмге ішкі және сыртқы факторлардың әсерін айқындау мақсаты да арнайы зерттеудің қажеттілігіне жүгіндірген еді. Осы зерттеудің алғашқы қорытындысы жақында Орталық коммуникациялар қызметінде таныстырылды.
«Бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы, яғни бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі кешенді түрде қолға алынған бірден бір алғашқы зерттеу болып табылады. Себебі көптеген елдер Қазақстаннан да күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырса да, азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік бірлесе отырып, осындай деңгейде зерттеу ұйымдастыра алған емес», – дейді зерттеуге жетекшілік жасаған саясаттанушы Ерлан Қарин. Ендеше, ауқымды зерттеудің нәтижелеріне үңілсек.

2005 жылдан бері әлемдік деңгейдегі терроризм қатері 10 есеге дейін артып отыр 

Жаһандық терроризм қаупіне келсек, қазақстандық зерттеушілер 2005 жылдан бері әлем бойынша лаңкестік пен экстремизм қатері 10 есеге дейін артып отырғанын алға тартады.

Жат діни ағымдардың қоғамға қаупі

Жат ағымның зардабы – қоғамға төнген қатер

24.11.2025
Жат ағымға тән негізгі белгілер

Деструктивті діни ағымдардың зардабы

18.11.2025

«Соңғы 10-12 жылда терроризмнің қауіп-қатерлері жаһандық деңгейде өсіп келе жатқаны байқалады. Әсіресе, 2005 жылдан бері бұл құбылыстың артуы 10 есеге дейін жетіп отыр. Егер 2005 жылға дейін жылына әлем бойынша 200-300 ары кеткенде 500-600 террористік актілер орын алған болса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш күрт өсіп, жылына 10 мыңнан астам оқиғалар тіркеліп жатыр. Бұл әлем бойынша белең алып отырған құбылыс», – дейді Ерлан Қарин.

Сөйтіп, бүгінгі терроризм әлемнің барлық мемлекеттеріне қауіп төндіріп отырған жаһандық факторлардың біріне айналған. Ал 2005 жылдан бастап осындай қатерлердің қаулап өсуіне басты себепті зерттеушілер Ауғанстандағы, Ирак пен Таяу Шығыстағы мемлекеттер арасындағы секілді жаңа қауіп-қатер ошақтарының, қақтығыс нүктелерінің пайда болуымен байланыстырады. Бұл ғана емес, сарапшылардың пікірінше, бүгінгі уақытта терроризмнің қауіп-қатері жаңа формаға ие болып, жаңа форматқа қарай өтіп жатыр.

«Мәселен, өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы террористік ұйымдардың іс әрекеті мен бүгінгі лаңкестік ұйымдардың іс-әрекетіндегі мазмұны да, сипаты да, сыртқы формасында да айырмашылықтар баршылық. Осының салдарынан терроризм соғыстың жаңа түріне айналып келеді және соның нәтижесінде әлем бойынша әскери мақсатқа бөлінетін қаражат та күрт артып отыр. Айталық, Стокгольмдегі халықаралық ұйымның зерттеу мәліметтеріне қарағанда, дүниежүзінде соңғы 10 жылда әскери мақсатқа бөлінген қаражат 2 есеге артқан. Мамандар бұл үрдісті терроризм қаупімен тығыз байланыстырады», – дейді Ерлан Қарин.

Тағы бір айта кетерлігі, зерттеулерге сүйенген саясаттанушы қазіргі уақытта террористік ұйымдардың құрылымы бұрынғыдай вертикалды құрылым болудан қалғанын, олар желілік принцппен құрылып, орталықтандырылмаған, орталық басқару жүйесі жоқ, бытыраңқы деңгейдегі ұйымға айналғанын алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, әлемнің әр түкпірінде бой көтеріп жатқан әрбір террорлық топ дербес формада қызмет етеді. Түптеп келгенде Ерлан Тынымбайұлы, қазіргі заманғы терроризмді алуан түрлі криминалдық қызметпен айналысатын топтардың корпорациясына жатқызады. Оның сөзіне сүйенсек, террористік ұйымдарды әртүрлі криминалдық қызметпен (мәселен есірткі саудасымен, адам саудасымен, қару-жарақ сату және т.б) айналысатын, осы қызметтің барлық саласын қамтитын үлкен корпорация деп атауға болады. «Барлық террористік ұйымдарды басқаратын бірыңғай орталық жөніндегі пайымдау бұл – қате тұжырым. Ондай орталық та, жүйе де жоқ. Әрбір өңірдегі террористік ұйымдар өз бетімен, дербес қызмет етіп келеді», – дейді саясаттанушы Е. Қарин.

Қазақстан терроризм қаупі жоғары елдердің қатарында емес

Соңғы 2-3 жыл қатарынан орын алған террористік құбылыстарға қарамастан, Қазақстан терроризм қатері барынша төмен мемлекеттер қатарында тұрған көрінеді. Бұны отандық сарапшылар емес, ең әуелі халықаралық белді де беделді ұйымдар да солай салмақтапты. «Айталық, жыл сайын түрлі халықаралық ұйымдар «терроризмнің жаһандық индексіне» қатысты көрсеткіштерді жариялап келеді. Мәселен, Халықаралық Экономика және бейбітшілік институты террористік қауіп-қатерлерге қатысты 2011 жылы соңғы зерттеулерін жарыққа шығарды. Осы зерттеулерге қарағанда, Қазақстан террористік қауіп-қатерлері өткір болып тұрған елдерге жатпайды, керісінше бұл қатерге қатысты барынша жағымды мемлекеттер қатарында тұр», – деді Ерлан Қарин.

Оның пайымынша, бұл аса маңызды мәселе, өйткені, соңғы екі-үш жылда елімізде орын алған терроризммен байланысты оқиғаларға шетелдік сарапшылар «Қазақстанды тәуекелі жоғары елдер қатарына жатқызатындай» асығыс мәлімдеме жасаған болатын.

«Шынайы жағдайға келсек, терроризм қаупін бағалаудың түрлі жаһандық индекстері бойынша Қазақстан лаңкестік қатерлер барынша төмен мемлекеттер қатарында тұрғанын көптеген әртүрлі институттардың мәліметтері растайды. АҚШ-та орналасқан аса ірі талдау-сараптамалық орталығы өз зерттеулеріне тіпті Қазақстанды қоспаған. Оның себебін өз ойымша топшылай кетсем, ондай институттар Қазақстанның аумағында орын алған оқиғаларды террористік актілер ретінде жіктемейді және террористік актілерге жатқызбайды да. Әрине, әртүрлі құрылымдар бұл оқиғаларды әртүрлі бағалайды, дегенмен олардың басым бөлігінде сарапшылардың пікірі бір-бірінен алшақ емес», – деді Е. Қарин.

Сонымен қатар, саясаттанушы Қарин мырза Қазақстанда осы уақытқа дейін болған оқиғаларды террористік акт деп тұтастай жатқызуға болмайтынын алға тартады. Оның айтуынша, «терроризмге қатысты» делінетін оқиғалардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының операцияларына қарсылық білдірудің нәтижесінде орын алған. Яғни, құқық қорғау органдарының қызметкерлері олардың ізіне түсіп, арнайы операцияларды өткізді, содан атыс та болды. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар осының барлығын террористік актілермен байланыстыра бағалап отыр.

Жалпы, зерттеушілер Қазақстандағы терроризм құбылысының пайда болуын үш кезеңге бөледі. Бірінші кезең – 2000 жылдардың басындағы шет мемлекеттердегі қақтығыстарға қатысқан «қашқын террористердің» Қазақстан аумағына орнығу кезеңі. Екінші кезең – 2006-2010 жылдар аралығындағы террористік ұйымға тарту, еліктіру кезеңі. Бұл кезеңде Қазақстан азаматтары шетелдік экстремистік ұйым мүшелерінің насихатына, ғаламтордағы түрлі материалдарға елігіп, кейіннен басқа шет елдердің аумағындағы қақтығыстарға, террористік әрекеттерге араласқан. Үшінші кезең – бұл Қазақстан аумағында террористік әрекеттер жасауға ұмтылған жекелеген топтардың пайда бола бастаған кезеңі.

Қазақстанда әрекет еткен радикалды террористік топтар бірегей орталықтан басқарылмаған

Зерттеу барысында Қазақстанда әрекет еткен 19 радикалды топқа талдау жасалыпты.

«Біз әртүрлі террористік топтардың өзара іс-әрекеттеріне қатысты схеманы анықтадық. Соған сүйене жасаған пайымымызша, көптеген радикалды топтар белгілі бір деңгейде өзара араласқанына қарамастан, олардың байланысы соншалықты тығыз болмаған. Тұтастай алғанда Қазақстанда әрекет еткен радикалды топтардың шешім қабылдайтын бірегей орталықтары болмаған. Оларда террористік актілерді жоспарлаудың да, қаржыландырудың ортақ ағымдары да қалыптаспаған. Яғни, террористік топтардың белгілі бір деңгейде байланысы болғанымен, оларда ортақ басқару құрылымы болған жоқ», – деп түйіндейді Ерлан Қарин.

Бұл ретте саясаттанушы еліміздің арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында әрекет етіп келген радикалды топтардың бірігуіне жол бермегенін де алға тартып, барлық топтар құрылу барысында-ақ жойылғанын айтады.

Жалпы, зерттеушілер талдауға тартылған 19 радикалды топты шартты түрде үш санатқа бөліп қарастырады.

«Біріншісі – диверсиялық топтар. Әрине, мұндай «терминді» қолдануға тартынып едік, дегенмен дәл осы анықтаманы қолдануға тура келіп тұр және бұл олардың бейнесін нақтырақ айқындайды. Бұл топ шетелдегі эмиссарлармен құрылды, нақты жоспарлары әрі ең басынан бастап көшбасшылары болды. Топтың әр мүшелерінің міндеттері де нақты жіктелген. Мәселен, олардың бірі қарумен қамтамасыз етумен айналысса, екіншісі құжат дайындаған, үшіншісі қаржы жағын қамтыған, баспана тауып берген. Диверсиялық топтың басқа топтан айырмашылығы олар нақты жоспармен құрылып, нақты құрылым бойынша әрекет етті», – дегенді алға тартады Ерлан Қарин.

Бұл ретте саясаттанушы дәл осындай топтың елімізде көп болмағанын, соның ішінде бір-екі осындай ұйым арқылы лаңкестік құбылыс тарала бастағанын алға тартады. Мысалы, 2004 жылы Қазақстанға Ауғанстаннан екі эмиссар жіберіліп, олар Орталық Азияда содырлар жамағатын құруға талпынған. Бұл топ мүшелері Қазақстаннан тысқары жерлердегі лаңкестік әрекеттерге қатысып, кейіннен көздері жойылды. Алайда, олардың «қалдықтары» Қазақстанда қалып, ұйымның белсенділер қатарынан көрінбеген кейбір мүшелері кейіннен өз бетінше еліміздің әр өңірінде топ құра бастаған. Сөйтіп, бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда террористік топтардың ең алғашқы құрылуы кезеңі сыртқы факторлар әсерінен болды деуге негіз бар.

«Екінші топ – бұлар өздігінен, өз ішімізден құрылған. Негізінен жастар діни мекемелерге барып жүріп, аса белсенді қатысушылардың олардың санасына әсер етуі нәтижесінде әрекет етті. Үшінші топ – бандылар. Неге? Өйткені, бұл санаттағылардың басым бөлігін қарабайыр криминалдық әрекеттермен шұғылданғандар құрды. Тонау, бопсалаумен айналысқандардан тұрды. Яғни, өз араларындағы көшбасшының әсерінен, немесе басқа факторлар әсерінен бандалық топ экстримистік топқа айналып шыға келген. Тіпті Қазақстанда әрекет еткен топтардың негізгі бөлігі осындай криминалдық топтардан тұрған болатын», – дейді Ерлан Қарин.

Қаржыландыру жағына келсек, зерттеушілер терроризмді қаржыландырудың негізгі үш көзін атайды. Бұлардың біріншісі – топ мүшелерінің жеке қорлары. Белсенді қатысушылар, лидерлер өз топтарын құра отырып, өздігінен қаржыландыру жүйелерін жасаған, тіпті террористік топтардың ортақ бизнестері болып, одан ортақ бюджетке қаражаттар аударылып тұрғаны да анықталған (Айтпақшы былтырлары бас прокурор орынбасары Иоган Меркель террористік ұйымдардың қазақстандағы мемелкеттік сатып алуларға қатысуға ұмтылғаны туралы фактіні де келтірген болатын-авт.). Бұл топтың бюджеті соншалықты ауқымды болмаса да, олар қарудың қандай да бір түрін сатып алуға соны жұмсай алатын деңгейде еді. Террористік топтарды қаржыландырған екінші қаржы ағыны – криминалдық жолмен түсетін қаражаттар.

«Жалпы, террористік топтардың басым бөлігі қылмыстық әрекеттері арқылы құқық қорғау органдарының көзіне түсіп отырған. Мәселен, бір террористік топ облыс орталығының шетінде азық-түлік дүкеніне шабуыл жасаған. Сонда иеленгендері 8 мың теңге ғана. Сөйтіп, криминалданған террористік топтар қандай болса да қылмыстық жолмен қаражат тауып, соны лаңкестік әрекеттерге жұмсамақ екен. Үшіншісі – ниеттес, тілекшілердің тарапынан жасалған қаржылық қолдаулар. Ал бұндай қаржы көздерінен құйылған қаражатты негізінен шет елдерде орналасқан радикалды топтардың мүшелері алып тұрды деуге негіз бар. Өйткені, Қазақстаннан кетіп Ауғанстанға, Пәкістанға барып соғысқа қатысушылар елдегі таныстарына қаржылық қолдау сұрап отырған және осындай жолмен «көмектер» де жасалып келген. Тіпті еліміздің бір өңірінде осындай «арна» 2-3 жыл бойы шетелге үзбестен қаржылық аударулар жүргізіп отырған», – дейді Ерлан Қарин.

Қазақстандық террористің бейнесі қандай?

Зерттеу нысанына 227 адамды қамтылған. Олардың 150-і «терроризм» бабымен сотталғандар. Бұдан бөлек, террористік қылмыстар бойынша қозғалған қылмыстық істерде аттары аталатын 77 тұлға да зерттеу нысанына ілінген. Зерттеу барысында сарапшылар қылмыстық істерде айтылған тұлғалардың басым бөлігіне талдау жасапты.

«Белгілі болғанындай, Қазақстандағы террористік қылмыстарға қатысты тергеуге тартылғандардың 55 пайызы 17-29 жастағыларды құрап отыр. Олардың 36 пайызы 25 жасқа толмаған болса, 35 пайызының жасы 30-39 аралығында. Террористік қылмыстар жасалған уақытта топ мүшелерінің ең жасы17-де, ең үлкені 48 жаста болған», – дейді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар, зерттеулерге сәйкес, лаңкестік топ мүшелерінің 56-сында орта білім бітіргендігі туралы аттестат қана болған. Ал «терроризм» бабымен сотталғанның бірі орта мектептің 4 сыныбын ғана тамамдаған. Сонымен қатар, террористік топ мүшелерінің үштен бірі арнаулы орта (16 пайызы) және жоғары (18 пайызы) білім иелері екен және олардың тек 6 пайызы арнайы діни мекемелерден сауат алған. Осының өзі радикалды террористік топқа тартылғандардың басым бөлігінде арнайы діни сауаттың болмағанын көрсетеді. Тіпті, терроризмнің жетегінде кеткендердің басым бөлігінде бұл салада толық түсінік те қалыптаспаған», – деді Е. Қарин. Бұдан бөлек, зерттеу мәліметтеріне қарағанда, террористік топтарға қатысушылардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 73 пайызы жұмыссыздар болса, тұрақты жұмысы барлар 26 пайызды құрапты.

Сөйтіп, бұдан шығатын қорытынды: қазақстандық террористтердің негізін білімсіз, жұмыссыз әрі діни сауаты жетілмеген азаматтар, соның ішінде жастар құрап отырғанын аңғаруға болады.

Зерттеудің таныстырылымы барысында Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы бейнебаян туралы да сөз болып еді. Ал саясаттанушы Ерлан Қарин мұндай бейнероликті ең алдымен «ақпараттық соғыс» қатарына жатқызады. «Қазір Сирияда немесе Ауғанстанда екі жүз, тіпті үш жүз қазақстандық азамат соғысып жатыр деген әңгімелер айтылып жүр. Әсіресе, шетелдік сарапшылар тарапынан көтеріліп, оған отандық сарапшылар да қосылып жүр. Менің ойымша, Сирияда жүрген қазақстандық азаматтардың санын әсірелетіп жіберген. Біздің зерттеуіміз бойынша, айтылып жүрген сандар шындыққа жанаспайды. Сонымен бірге, өткен жылы болған ақпаратты шын мәнісінде, Қазақстанға бағытталған ақпараттық соғыс деуге болады. Жарнаманың бір формасы болса керек. Оның негізгі мақсаты – сол аймақтарға қосымша адамдарды тарту», – деді Ерлан Қарин. Оның атап өтуінше, топ-топ болып қазақстандықтардың соғысқа аттануын көрсету арқылы қандай да бір ұйым насихаттық қызметті жүзеге асырып отыр. «Бүгінде терроризм бұл тек жарылыс пен атыс-шабыс қана емес, оны үлкен ақпараттық соғыс деп те түсіну керек. Сондықтан шынайы және жалған ақпаратты ажырата білген жөн», – деді Ерлан Қарин.

Жалпы, саясаттанушы террористік әрекеттерден қандай да бір идеология іздеудің мүлдем қате түсінік екенін алға тартады. «Терроризм – бұл идеология емес, керісінше белгілі бір мақсат пен міндетке қол жеткізу үшін жасалатын нақты іс-әрекеттер жиынтығының стратегиясы. Бұған мысал да аз емес. Мәселен, кейбір радикалды террористік топтар өздерінің идеологиялық платформасын оп-оңай-ақ ауыстырып отырған. Тіпті, мен зерттеген бір террористік топ 25 жыл ішінде өзінің идеологиялық тұжырымдамасын радикалды түрде 5 мәрте ауыстырған», – дейді Ерлан Қарин.

Қанат СОЛТАНҒҰЛ,

bnews.kz

 

 

 

 

Бөлісу16Твитерге10Бөлісу2Бөлісу

Ұқсас мақалалар

Жаңалықтар

Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

05.12.2025
«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды
Жаңалықтар

«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды

05.12.2025
Тағы жүктеу
Келесі жазба

Ерсін ӘМІРЕ: Қазақ болу мен мұсылман болу, яғни, дін мен дәстүр біріне-бірі қарама-қайшы дүниелер емес

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жарияланымдар

Жаңалықтар

Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

05.12.2025
«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды
Жаңалықтар

«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды

05.12.2025
Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар
Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар

04.12.2025
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00