Жарқын ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ: Мәскеу қазақтарының мұңына құлақ асатын жан болса . . .
МӘСКЕУ. 17 ақпан. E-ISLAM.KZ – Жырақта жүрген ағайынның амандығына алаңдайтын атажұрты бұл жолы Мәскеу қазақтарының тыныс-тіршілігімен танысқан еді. Алып елдің саясатына жұтылып кетпей, миллиондаған халықтың ішінен мыңдап ғана саналатын ағайынның айтар мұң-мұқтажы да аз емес. Мәскеудегі қазақтың халін білмек болып «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдауға арналған «Астана» қорының Президенті Жарқын Қоңырбайқызымен сұхбаттасқан едік.
– Жарқын Қоңырбайқызы, әңгімемізді Мәскеу қазақтарының бүгінгі тынысы мен амандығынан бастасақ. Мәскеуде қазіргі уақытта қанша қазақ тұрады? Алып қаладағы ағайынның негізгі кәсібі не?
– Мәскеуге қазақтардың алғаш қоныстануы шамамен 1917 – 1930 жылдар аралығында қалыптаса бастады. Кеңес өкіметі тұсында жұмыс бабымен немесе оқуға келіп, тұрғылықты болып қалған отбасылары ұрпақтары әлі күнге жалғасын табуда. 1979 жылға дейін Мәскеуде тұрақты түрде 4400 қазақ, 1998 жылы – 8225, ал 2002 жылғы санақ бойынша 25000 қазақ болған. Әлеуметтік жағдайдың қарқынды өсуі, Ресейдегі балалы әйелдерге, жас отбасыларға жасалатын қамқорлыққа байланысты Мәскеу қазақтарының да саны көбеюде, деп ойлаймын. Қазіргі күнде Мәскеуде үш балалы отбасы көп балалы отбасы болып есептеледі. Оларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалады. Осыған байланысты біздің қазақтардың да саны әжептәуір өсіп отыр. Бүгінгі күні оқуға келіп, оқуын бітірген соң, қызметке орналасуына байланысты немесе басқа ТМД елдерінен жұмысқа келген қазақтар легі көбейіп отыр. Сонымен қатар, жоғары еңбекақы үшін Қазақстаннан гөрі Мәскеу завод, фабрикаларын қолайлы деп есептеген жастар мен ғылыми ізденушілер, аз да болса зейнеткерлер есебінен (Ресейде зейнетақы жоғары әрі зейнетке ерте шығады) қазақтар саны 35000-40000 шамасында болып отыр. Мәскеу үлкен мегаполис, соңғы есеп бойынша 11,5 млн-нан аса халық тұрады. Ресей заңы бойынша халықтың құжатында оның ұлты жазылмайды. Қазір біз құжаттары бойынша Мәскеуде қанша қазақтар барын толық анықтай алмаймыз. Біздегі мәлімет бойынша Мәскеу қазақтарының 70% жоғары білімді, көбі зияткерлік жұмыстармен айналысады. Бір қызығы, Мәскеудегі барлық жоғарғы оқу орындарынан ұлты қазақ болып табылатын академик, профессор, доценттер мен оқытушыларды кездестіресіз. Бұл біз үшін үлкен абырой!
– Мәскеу қазақтарының арасында ана тілі мен мен дінініміздің жағдайы қалай? Ұлттық дәстүрді сақтауға қаншалықты маңыз беріліп отыр?
– Мәскеу қазақтарының арасында қазақ тілінің жағдайы көңіл қуантпайды. Жастарымыз қазақ тілінде сөйлемейді. Біразы түсінеді, жауап бере алмайды. Басқалары мүлдем сөйлей алмайды. Жастар ғана емес, үлкендеріміз де ана тілін білмейді. Мәскеуде арнайы қазақ тілін оқытатын орталықтар жоқ. Болған күннің өзінде қазақ тілін оқытатын оқытушы табылмас еді.
Ал, дініміздің жағдайына келер борлсақ, бес уақыт намазын қаза етпейтін ағайындар бар, бірақ көп емес. Жұма күндері мешітке бару, діни мерекелерді қарсы алу, балаларына діни білімдер беру, ауыз бекіту, балаларын сүндетке отырғызу шаралары өткізіліп тұрады. Мұндағы татар ағайындардың жүз жылдан асатын тарихы бар орталық мешітінде өзіміздің қазақ жігіті Марат қажы жұмыс жасайды. Балаларға діни сабақтарды осы кісі өткізеді. Осы орайда Марат қажыға Мәскеу қазақтарының алғысы шексіз.
Түрлі ұлттық мерекелерімізде жиналып, ұлтымыздың дәстүрлерін қолдап отырамыз. Бірақ сол күні ғана ұлттық тағамдарымызды дайындап, ұлттық киімдерімізді киюден әрі аса алмаймыз. Бұндай жасандылық жастарымыздың жүрегінде ұлтына деген махаббатты қалыптастыра алмайды. Осының бәрін реттейтін орталық ашсақ дейміз. Белгілі бір орталық болмай, іс оңалмасы анық. Ондай орталық жоқ. Кітапхана, музей, мейрамхана ашсақ дейміз. Бірақ, бәрі қаржыға келіп тіреледі де шешілмей қалады. Өткен жылы музей ашпақ болып, «Астана» қоры атынан, әрі Мәскеудегі «Ана тілі» газетінің арнаулы тілшісі ретінде елшілікке бардым. «Елшіліктен бір кішкене бөлме беріңіз, музейге лайықты мұрағаттар бар, осынан музей ашайық» деген ойымды айттым. «Орын жоқ» деген қысқа жауап алдым. Мәскеу оқу орындарынан орын берген еді, ол жерге рұқсат қағазын алу мен музей орнының құрылысына қаражат керек болып, жұмыс тоқтап қалды. Жастарымыз барып дем алатын ұлттық дәстүрге лайық мейрамхана да жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын «Қостанай» мейрамханасы ашылған. Бағасы өте қымбат. Атауы қазақша деп Мәскеу қазақтары барғысы келеді, бірақ бағасын естіп тартынып қалады. Қанша қымбат болса да «Қостанайдың» іші бір күн бос болған емес. Қазіргі уақытта Мәскеу қазақтарына мейрамхана, музей, кітапхана тәрізді ұлттық дәстүрі мен дінін сақтап қалуға көмек беретін мәдени орындар қажет. Қазақстан жағы осыны ескерсе дейміз.
– Мәскеу қазақтарының «атамекенге оралсақ» деген ойы бар ма?
– Әрине! Әр қазақ атамекенінің бір бөлшегі. Атамекенсіз қазақ өзін бүтін деп есептемейді. Мен зейнеткермін, солай болса да Мәскеудегі «Астана» қоры атынан қолдан келгенше жұмыс жасаудамыз. Бірақ жолдасым әлі қызметте. Ресейде ғана емес, дүние жүзі бойынша ең алдыңғы қатарлы университеттердің бірі Бауман атындағы техникалық университетте 29 жыл бойы сабақ беріп, әрі басшылық қызметте істеп келеді. Әрі «Астана» қорының директоры. Құдай қалап демалысқа шыққан күні атамекенге бет бұрармыз. Қызымыз бен ұлымыз осы университетті бітіріп, қазір атамекені Қазақстанда қызмет жасап жүр. Бірақ, Мәскеу қазақтары көштің бетін елге бұрғысы келеді деп айта алмаймын. Оған әр түрлі себептер бар. Бірі ғылыммен айналысады, енді бірі жоғары жалақы алатын қызметте жүр. Оның кейбіреу Қазақстаннан жуырды келген азаматтар. Сондықтан Мәскеу қазақтары бүгін-ертең елге қайтады деу қиын.
– Атажұртқа айтарыңыз?
– Мемлекеттің ең басты байлығы өзінің азаматтары. Адами ресурсты толық меңгере алған мемлекет ғана дамудың даңғыл жолымен жүреді. Айтарым, Қазақстан жағы білікті мамандарға жағдай жасап, елде ұстап тұруды қолға алу керек. Мәскеуге келіп жатқан ғалым қазақтар осының айғағы. Сырттағы мамандарды қайтаруды қолға алу керек.
Елдегі көші-қон заңын әрлі-берлі тербетуді қою керек. Қазақ саны көбейсе, ана тіліміз де, дініміз де, ділімізде сақталып орнына келері сөзсіз. Оған дау жоқ.
Енем марқұм, көзі тірісінде Мәскеудегі біздерге хат жазғанда: «Сендер жақсы жүрсеңдер, мен жақсы жүремін», – деуші еді. Сол кісі айтқандай, атамекен, ел-жұрт аман болып, жағдайы жақсы болса, жердің қай түкпірінде жүрсек те біз жақсы жүретініміз сөзсіз. Қайда жүрсем де Отанымның тілеуін тілеймін!
Сұхбаттасқан: Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін.