Сәуле ӘБЕДИНОВА, «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы: Ең мейірімді әйел – қазақ әйелі
АЛМАТЫ. 19 ақпан. E-ISLAM.KZ – «Қазақ әйелі» десе бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен Ана, жаугершілік заманда ерлермен бірге елін қорғауға атсалысқан жауынгер әйел, ақылына салып еліне үлгі бола білген дана, ажарымен еліне сән бере түскен әйел көз алдымызға келеді. Тарихқа үңілсек, айтқан сөзімізге дәлелдер жетіп артылады. Заманына қарай адамы ыңғайлатын кезде қазақ әйелі осы қасиеттерін қаншалықты сақтап қалғанын уақыт көрсетіп келеді. Қазақ әйелінің бүгіні туралы тақырыпты көтеріп «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы Сәуле Әбединовамен сұхбаттасқан едік.
– Сәуле апай, кезінде теледидар арқылы талай қазақтың қыз-келіншектеріне ой салып, экран арқылы тәрбиелеген танымал журналистің бірісіз. Елді имандылыққа, отбасы құндылықтарын сақтауға шақырып, экран арқылы тәрбиелеуге атсалыстыңыз. Телеарнадан кеттіңіз. Қазіргі уақытта осы миссияны қалай жалғастырып отырсыз?
– Мен елден көп нәрсе үйренемін. Не істесем де «бұл менің жұмысым, бұл менің міндетім» деп қараймын. Ал енді менің жұмысымның жұртқа қандайда бір пайдасы тиіп жатса, екі есе бақыттымын. Өзіңіз айтып отырған сол «Ақжүніс» бағдарламасында осыдан 10-12 жыл бұрын көтерілген мәселелерге сол тұста ешкім үн қатпағанымен, бүгінгі таңда соның бәрі де өзекті (актуальді) проблемаларға айналды. Дін мен дәстүр, әйелдің қоғамдағы орны, ер-азаматтың отбасындағы, бала тәрбиесіндегі рөлі, жетім балаларды асырап алу, оларды шетел асыру… Мұның бәріне бүгінгі таңда мемлекет мойын бұрып, ауқымды бағдарламалар арқылы қолға алғаны қуантады. Тіпті, отбасылық құндылықсыз құрдымға кететінімізді Елбасы да дәлелдеп, «Отбасы күнін» белгіледі…
Мейірім мен ізгілікті, адамгершілік пен жауапкершілікті, тәрбиелілік пен тектілікті ту еткен, қазақ дәстүрін, қазақ өнерін насихаттаған «Ақжүніс» жабылғалы арада 8 жыл өтті, бірақ жұрт әлі күнге дейін іздеп, сұрап, көшеде танып жатады. Елдің сол сұранысы журнал ашуыма түрткі болды. Қазіргі уақытта «Ақжүніс-Астана» журналын ашып, сол арқылы аз да болса жұрттың сұранысына жауап беріп, қолымыздан келгенше бастапқы міндетті жалғастырып жатқан жайымыз бар. Әрине, теледидар мен журнал аудиториясын салыстыруға келмейді. Дегенмен, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, жақсылыққа қызмет етіп, жамандықтан сақтандыруға атсалысамыз. Бүгінгі таңда әкім-қараларды айтпағанның өзінде, бір ән айтып теледидардан жылт еткен «жұлдызшаларға» дейін «ел үшін еңбек етіп жүрмін, осының бәрі халқым үшін» деп сайрайтын болған. Сондықтан мен «ел үшін» деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Мен, ең алдымен, өзім үшін жұмыс істеп жүрмін. Балаларым үшін жұмыс істеп жүрмін. Қала берді, жақындарыма титтей көмегім тисе деп ойлаймын. Өзіме ұнайтын, өзім рахат табатын жұмыспен айналысамын. Ал енді ақыры осы журналистік қызметпен айналысып жүргендіктен, неге мүмкіндігімше өзгелерге де септігімді тигізбеске? Журналдан бөлек, сайт арқылы, әлеуметтік желілер арқылы жақсылық пен жамандықтың классикалық үлгілерін сөз етіп қоямыз. Мәселе көтерген боламыз. Қысқасы, менің «миссиям» осындай тар шеңберді ғана қамти алады… Ең бастысы, мен көбінесе өзгелер сияқты танымал адамдарды жазып, жариялап, жарнамалауға құмар емеспін. Керісінше, кейіпкерді де, тақырыпты да халық арасынан іздеймін.
– Қазіргі уақытта телеарналар ұлттың басты тірегі – ана мен бала мәселесіне, жастар тәрбиесіне қаншалықты үлес қосып отыр? Рөлі қандай?
– Телеарна деген – мүмкіндігі зор, қуатты құрал. Ең алдымен, тәрбие құралы. Халыққа қызмет етудің зор мүмкіндігі бар оларда. Бірақ біздің телеарналар сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай отыр. Мысалы, бүгінгі жастардың басым бөлігі әнші болуды, жұлдыз болуды армандайды. Неге? Өйткені теледидардан көретіндері сол әншілер. Қай арнаны қоссаң да, жарқ-жұрқ еткен шоу, әншілердің «жалт-жұлт» еткен өмірі… Әншілердің де жүрмейтін жері жоқ. Бұрын баласы «әнші болам», «әртіс болам» десе, төбе шашы тік тұратын қазақ бүгін баласын әнші қылуға құмар. Бір бағдарлама болды, баласы әнші болуы үшін анасы алақан жайып қайыр да сұрады. Намыс қайда? Парасат қайда? Халық намыссыз, халық парасатсыз деуден аулақпын. Осындай шоуларды жасап отырған бағдарлама авторларының деңгейі сол болған соң не шара? Шоу үшін халықты соншалықты төмендетуге бола ма? Жылмиған түрі, зар-зар еткен тілі болса, болды, эфирге шығуға жарайды деп ойлайтын сияқты. Шетелдік арналарда, байқасаңыз, эфирге отыз-қырық жастағы, өмір көрген, ақыл тоқтатқан, ой түйген, айтары бар, журналистикада тәжірибесі бар адамдарды шығарады. «Атып кетті, сойып кетті, қанын ағызып кетті» деген ақпараттардың өзін абайлап жеткізеді, біздің сенсация қуғыш арналар сияқты емес. Біздің кей арналар мұндай ақпараттарды айтқанда айыздары қанып, «фильм ужасов» түсіргендей көрсетеді. Ондай кадрлар, ондай мәтіндер адамның сезімін өлтіреді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің теледидар жастарға кері тәрбие беріп отыр деп ойлаймын. Бүгінгі таңда адам өлтіру, тіпті, ата-анасын пышақтай салу түк болмай қалды. Қолдары қалтырамайтындар қатары күннен-күнге көбеюде. Осының бәрі теледидар мен интернеттің кесірі. Екіншіден, заң солқылдақ. Бізге заңды қатайту керек, өлім жазасына жарияланған мораторийді алып тастайтын кез жетті. Қылмыскерлер тым көбейіп, және олар әбден бетімен кетті. Ал қылмыскер көбеймеу үшін, әрине, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы түзелу керек. Халық жұмыспен қамтылу керек. Бұл басқа әңгіме…
Ал ана мен бала мәселесі – бұрыннан ең күрделі, шешімін таппаған мәселелер қатарында болды, өкінішке қарай, әлі де сол деңгейде қалып отыр. Бұл мәселелердің шешілуіне телевидение зор ықпал ете алады, егер қаласа… Біздің телеарналар екі бағытта жұмыс істейді – биліктік және жеке меншіктік. Бұл деген сөз – «кім ақысын төлесе, сол қалаған әнін тыңдайды», немесе, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге саяды. Сондықтан телеарналар халықтық сипат ала алмай отыр, халыққа шынайы қызмет ете алмай отыр. Екінші жағынан, жұрт тоу-шоудан жалықты, шаршады. Басқа пішін, басқа қалып іздеу керек, жасандылықтан арылып, халыққа жақындау керек. Тележурналистер, сценарийшілер шетелдік ток-шоуларды көшіргендеріне мәз болмай, өз өнімдерін көбейтуге міндетті.
– «Батысшыл болып барамыз» деп дабыл қағудан жалықпаймыз. Осы дабылға келгенде қоғамның пікірі екіге жарылады. Бірі заман талабына сай дәстүріміз ыңғайланғаны жөн десе, енді бірі батысшыл болудың жамандығы жоқ дейді. Осыған Сіз қалай қарайсыз?
– Не нәрсенің де шектен шыққаны дұрыс емес. Мен – дәстүршілмін, бірақ әркез прогресс жағындамын. Батысшыл болу деген – қазақ екеніңді ұмытып, өз дәстүріңнен, тілің мен діліңнен бас тартып, орыс болу немесе ағылшын, америкалық болу деген сөз болса, онда мен батысшыл болудан бас тартамын. Қазақ болып қала отырып, жаңашылдықты меңгеруге болады. Жапондықтардың даму үлгісін алсақ, ұлт ретінде сақтала отырып, алға жылжимыз деп ойлаймын.
– Бүгінгі қазақ әйелі ұлттық тәрбиені баласының санасына сіңіруде өз міндетін атқарып отыр деп есептейсіз бе?
– Бүгінгі қазақ жігіті – қазақ қызының, қазақ әйелінің, өз отбасының, ұрпағының, қазақ деген ұлттың тірегі екенін естен шығармаса, қазақ әйелдері бала тәрбиесіндегі міндетін атқарар еді. Бүгінгі қазақ қызы қайда жүр, қазақ әйелі қайда жүр, не істеп жүр? Оқығысы келгені оқи алмай, жұмыс істегісі келгені жұмыс таба алмай, сандалып, не базар жағалап, не көлік жуып, әйтеуір нәпақа табудың қамымен күнкөрісті күйттеп жүр. Бүгінгі баланың тәрбиешісі – теледидар, интернет, аула, қоршаған ортасы. Баласының қайда, немен айналысып жүргенінен бейхабар ата-аналар да аз емес. Егер ер-азаматтар нағыз «түздің адамы» болып, табыс тауып, бала-шағасын бақса, әйелдер де тып-тыныш баласын бағын, күйеуінің бабын тауып, ұрпағының тәрбиесімен айналысып отырар еді-ау. Амал жоқ, сүйенетін ері жоқ көптеген әйелдер балаға ұлттық тәрбие беруден бұрын олардың қарны тоқ болғанын ойлайды. Алматыдағы қазақ қыздарын асыраған кезіндегі «АХБК», «Алматы-кілем» сияқты өндіріс орындарынан жұрнақ та қалмады. Біздің елде мемлекетке керекті мұғалім, дәрігер деген екі-ақ мамандық қалған. Қазіргі қыз-келіншектердің көпшілігі жеке кәсіп ашып, тырбанып, өз күндерін өздері көріп жүр. Олар үкіметтен күдерін үзгелі қай заман! Кеңес кезіндегідей, отбасындағы әр балаға (ата-анасы бар болса да!) кәмелеттік жасқа толғанша жәрдемақы төлеуге, және, ол жәрдемақыны – итке сүйек лақтырғандай емес, ұялмай ауыз толтырып айтатындай етіп төлеуге біздің бай мемлекетіміздің қуаты жетеді.
Ер-азаматтар да жұмыссыз. Тепсе темір үзетін жігіттер отбасын асырай алмай қауқарсыз, дәрменсіз күй кешуде. Алайда, жұмыс істеймін деген адамға, екі қолға бір күрек табылады. Сондықтан, әркім өз міндетін дұрыс атқарса, биліктің әрбір өкілі халық қамын ойласа, сонда ғана әйелдерден «балаға неге ұлттық тәрбие бермей отырсың?» деп ренжуге болады. Ұлттық тәрбиені жақсылап баласының бойына сіңіріп өсіріп жүрген ата-аналар да бар, бірақ олар көп емес…
– ХХІ ғасырдағы қазақ әйелінің образы қандай болуы керек?
– Қазақ әйелі қашанда ақылды, ажарлы, жігерлі, рухшыл, күрескер болған деп ойлаймын. Соған қоса, жер бетінде ең төзімді, ең шыдамды әйел де – қазақ әйелі шығар. Ең мейірімді, ең кешірімді әйел де – қазақ әйелі. Осы мінездерімізді, жақсы қасиеттерімізді жоғалтып алмауымыз керек. Оған қоса, дәстүрді де біліп, жаңашыл заманға да лайық болуымыз керек. ХХІ ғасырдағы қазақ әйелі көп тіл білуі керек, жаңа технологияны меңгеруі керек, өз құқығын қорғай білуі керек – бір сөзбен айтқанда, нағыз көзі ашық, көкірегі ояу, ұрпақ қамын ойлайтын әйел болуы керек…
Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін.