Жанар БАЙСЕМІЗОВА, тележүргізуші: Бұл Қазақстан халқына құпия болып келген, жабық тақырып еді
АСТАНА. 18 ақпан. E-ISLAM.KZ – Қазақстанда тұңғыш көтерілген бұл тақырыпқа елең етпеген жан болмады. Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел едік… Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Кешегі тарихымызда ауылдан аспаған жетімдерімізге бүгінгі күні мұхит асып, тағдырдың тәлкегімен туған елінен жырақта өмір сүруді жазған екен. Құндақтаулы күйінде кеткен сәбилер бүгінгі уақытта шыбықты ат етіп мінетін жастан асып барады. Теңіздер мен таулардың арғы жағындағы тағдырға үңілген «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Шетелдегі қазақ балалары» атты бағдарламасының авторы әрі тележүргізушісі Жанар Байсемізовамен сұхбаттасқан едік.
Жанар, шетелдегі қазақ балаларының өмірін өз көзіңмен көріп, қазақ қоғамының дертін дөп бастың. Ұлттық арна арқылы берілген бағдарламаны қалың қазақ көзіне еріксіз жас ала отырып тамашалауға мәжбүр болды. Осындай бағдарлама жасау идеясы қайдан келді? Нені мақсат етіп, нені жоспарладың?
– Әрине шетел азаматтары асырап алған қазақтың жетім балаларының тағдыры баяндалған бағдарламаны жүрегі қазақ деп соққан әрбір азамат тебіренбей көруі мүмкін емес. Көрермендердің көзіне жас алғызатыны – ертеден ұрпақ мәселесіне ыждахаттылықпен қараған қазақ жұртының бойындағы рухани құндылықтардан арылып, баласын кез-келген жерге тастап кететін, қайырылмайтын жағдайға душар болуы деп түсінемін. Танитыным бар, танымайтыным бар көптеген адамдар өзіме хабарласады, әлеуметтік желілерге, «Қазақстан» ҰТА сайтындағы блоктарға жазады. Бәрінің айтатыны біреу ол- «Қазақстан» Ұлттық арнасының төл өнімі «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының жүрекке қозғау салғаны, ой тастағаны, елімізге берер пайдасы, қайыры, сауабы көп екендігі. Осы тұста айта кетейін, бұл бағдарлама бірқатар азаматтың санасына сәуле жағып, балалар үйіндегі бүлдіршіндерді асырап алуларына ықаластарын туғызды. Олардың арасында түрлі салада қызмет атқаратын адамдар бар. Кейбірі менен бала асырап алу үшін қандай құжаттар жинау кажеттігін, алдымен неден бастау керегін сұрап жатады. Еліміздің әр түкпірінен хабарласады. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді. Шынымды айтайын, мен бұл бағдарламаға жүрегімді салып жұмыс істеудемін, әр сценарий аяқталып, әр монтаж біткенде өне бойымдағы барлық күш-қуатым да сарқылады. Өйткені шетелдегі әр баланың өміріне, көзіне, сөзіне бей-жай қарау мүмкін емес. Жобаны жасау идеясы менің санамда ұзақ жыл бойы жүрді. Ішімде буырқанып, азапқа да түсірген кездер болды. 2009-шы жылы «Хабар» Агенттігінде жұмыс істеп жүрген кезімде АҚШ-тан, содан кейін «Алматы» телеарнасындағы қызмет барысында Бельгиядан шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдыры туралы арнайы репортаждар, жаңалықтарға сюжеттер әзірледім. Сол бастамадан кейін бұл жобаны жалғастыруға аңсарым ауып, әлемге таралып кеткен қазақ балаларының қазіргі қалыптасқан тұрмысын, біздің кімдерден, не үшін айырылғанымызды жұртқа жеткізгім келді. Бірақ қазіргі Ұлттық арнадағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасына түрен салынғанға дейін ол мүмкін болмады. Өйткені шет мемлекеттерден түсірілетін бағдарлама әзірлеу оңай емес, идеясы, ұйымдастырушылық жұмыстарын қоспағанда қаржылық мәселесі де бар екенін білесіздер.
Бұл тұста «Қазақстан» РТРК Төрайымы Нұржан Мұхамеджановаға алғысым шексіз. Нұржан Жалауқызы менің ұсынысымды қабылдап, қолдап, бірнеше елден сериялық репортаж жасауды ұсынды. Сондай ақ бағдарламаның түпкі мақсатын түзіп, қалыптастыруда қолдауын аямай, әр кезде ақылын айтып, демеп отырған да корпорация басшысы екені ақиқат. Бұл басшылыққа жағыну үшін ғана айтылған ақпарат емес, шын мәнісінде Нұржан Жалауқызы қолдамағанда Ұлттық арна көреремендері, дүйім қазақ жұрты кезінде мұхит, құрлық асып кеткен қаракөздердің, қазақстандық жетім балалардың өмірінен, тұрмысынан, тағдырынан бейхабар болар еді. Жалпы, бұл осы уақытқа дейін Қазақстан халқына құпия болып келген, жабық тақырып еді. Және шетелге қазақ балаларын іздеп ешкім де бармағаны рас. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы қазақтың балалары қыр аса берсін деп жасалып жатқан жарнама емес. Жобаның мақсаты – шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдырын баяндай отырып, солар арқылы жоғалып кеткен, ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық рухани құндылықтарын оралту, бәлкім қадамын шалыс басып, отау құрмай жатып бала көтеріп қалған қыздар осы бағдарламаны көріп, перзентін тастайын деген райынан қайтар, мүмкін ол баланың әкесі ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінер, бәлкім осындай жағдайға тап болған қыздарына ата-аналары түсіністікпен қарар, әйтеуір түбінде бала күл-қоқыста, көшеде шырқырап жылап жатпасе екен деген ниетті, ұлттық болмысымыздағы асыл қасиеттерді жайта жаңғыртуды көздейді. Қазіргі уақытта балалар үйі жабылып жатыр, жетім бүлдіршіндер кеміді деген ақпараттар жиі тарауда, мен сандарды сөйлеткім келмейді, бірақ бір нәрсені анық білемін – қазақтар шаранасынан әлі бас тартуын тоқтатқан жоқ. Осы бағдарламаны түсіру барысында көзім жеткені еліміздегі аталған ғимараттарға сәбилер күн құрғатпай түсуде. Тағы бір мәлімет соңғы кезде жаңа туылған сәбилер балалар үйіне жетпей жатып, перзентханадан асырап алуға беріліп кетеді екен. Астанадағы балалар үйінің басшысының бірінен естіген осы мәлімет мені шошындырды. Қазір бұл жағдайға байланысты прокуратура өкілдеріне хабар берілген. Ал, жобаның екінші бағыты-шетел асып кеткен қазақ балалары мен Қазақ елі арасында байланысты жаңғырту, тығыз қарым-қатынас орнату, өйткені оларды діні, тілі, ділі, танымы, түсінігі, менталитеті бөлек ұлт өкілдері асырап алса да олар бәрібір қазақ болып қалады. Және олардың әрқайсысы өзінің туған жерін сағынады, ойлайды, келіп көруді аңсайды. Балалардың ішінде кейін өскенде Қазақстанға келіп тұрғылары келетіндерін айтқандар өте көп болды. Олар қазір қазақтың салт-дәстүр, тарихы, мәдениетіне сусап отыр. Мемлекет жетім қалған балаларды қалайда отбасыларына орналастыру үшін шетелдіктерің қамқорлығына бергеннен кейін оларды ұмытпауы тиіс. Өйткені кәмелеттік жасқа толғанға дейін шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалар Қазақстан азаматы болып саналады, сол себептен де олар қазақ жерінде тұрып жатқан кез келген адаммен қатар барлық құқықтарға ие.
Құндақтағы сәби күнінен елінен кеткен балалар қазір асық ойнар жастан асып барады. Болатын баланы ерте байқаған халықпыз ғой. Бойларынан қазақылық байқала ма?
– Оларға бір қарап-ақ қазақ екеніне көз жеткізесің. Үндемей тұрғанда, ал өзге тілде шүлдірлей бастағанда жаның дір етеді. Менің бір байқағаным, тілі басқаша шыққан қазақтың балалары өсе келе бізге ұқсамай кететін тәрізді. Бет-жүздеріндегі мимика болсын, басқасы болсын, өздерін ұстауы, сөйлеуі мүлдем бөлек. Тіпті мен бұны арнайы бақыладым да, олардың бет пішіндері өзгеріп кететін сияқты. Өйткені қазақ әліпбиіндегі қазақ әріптерін қоспайды ғой, тіпті айта да алмайды олар. 4,5,6,9 жастағы балаларда әлі үміт бар, егер оларды Қазақстанға қайта алып келсе олар 100 пайыз ана тілімізде сөйлеп кетеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Ал, есейіп кеткендеріне қазақтың бір сөзін айту өте қиын. Қатты қиналады. Айтқызып та көрдім талай. Тіл демесек, басқа жағынан алғанда олар өздерінің қазақ екенін анық біледі, Қазақстан туралы ақпараттары бар. Еуропадағы қазақ балаларымен салыстырғанда АҚШ-тағы балғындар қазақ мәдениетіне едәуір жақынырақ, тарихқа қатысты, ұлттық салт дәстүрімізге қатысты мәліметтерді жақсы біледі, домбырада ойнайды, қазақша билейді. Бұл Американың Род Айленд штатында тұратын, Сара есімді қазақ қызын асырап алған Сюзен Саксон деген американдық әйел мен сол жақты тұратын қандасымыз Жанат Байдаралин бірігіп құрған «Қазақ ауылы» ұйымының арқасында мүмкін болып отыр. Қазіргі уақытта осы ұйымның бастамасымен «Жайлау» деп аталатын жазғы лагерь өтіп тұрады, жыл сайын өтетін шараға АҚШ-тың 35 штатынан қазақстандық жетім балалар мен олардың ата-аналары жиналады. Балаларға түрлі дәрістер жүргізіледі, жас шамаларына қарай жеке жеке топтарға бөлінеді, оларға қазақ тілін, ұлттық аспаптарда ойнауды, ұлттық тағамдар, ән-би, тарих, мәдениет т.б. үйретеді. Соңғы кезде Қазақстаннан да мұғалімдер шақыртылуда. «Қазақ ауылы» болашақта домбырада ойнайтын қазақ балаларынан оркестр құрып, Қазақстанға келіп, арнайы концерт қоюды жоспарлап отыр. Осы жайлауда алған тәлімдеріне мен балалармен жеке кездескенде куә болдым. Олардың әр қайсысы ел туралы білгісі келіп тұрады, қоймайтын сұрақтары жоқ, бәрін білгілері келеді.
Арғы атасынан мұсылман болып туылған сәбилердің болашақта ата діні сақталады ма екен?
– Әлі оң-солын танымай жатып, көбісінің тілі шықпай тұрып елден кеткен балалар қай дінде болуы мүмкін?! Әрине, асырап алған ата-аналарының сеніміне өтеді, басым бөлігін елдеріне апарғаннан кейін бірден шоқындырады. «Бала ақ қағаз, не жазсаң соны оқисың», әл Фараби бабамыз айтқандай, олар кішкентайынан көріп, біліп өскенін қабылдайды. Еуропа елдері, АҚШ пен Канадада мен аралаған отбасылардың арасында протестанттар көп, католиктер бар, буддизмді қолдайтындар, Хари Кришналатып жүргендер, түрлі діни ағымдар, тіпті атеистер де көп. Ұлыбританиядағы Құдайға емес гумманизмге сенетін жалғызбасты әйел асырап алған қазақ баласы да Жаратушының құдіретті күшіне бас ұрмайды. Ал, тағы бір қазақ ұланын бауырына басқа американдық атеист әйел қазір басқа Будданы таңдасам ба деп жүр, міне осы фактілер ақ бәрін аңғартып тұрғандай. Дегенмен де араларында мұсылмандықты сақтап қалғандар кездеседі, бірақ аз. Олардың ата-баба дінінен таймауына тағы сол шетелдік ата-аналары себепші болған, олардың ұстанатын принципі-бала өскенде өзі шешеді! АҚШ-та Сара деген қазақ қызы шешем-еврей, әкем-христиан, өзім мұсылманмын, қазақпын деп жауап берді. Бәлкім ол дінімізде қалатын шығар.
Асырап алған балалардың арасында мұсылман отбасыларына тап болғандары бар ма?
– Біздің елден бала асырап алған 30 елдің қатарында Түркия, Қырғызстан да бар, мүмкін солардың арасында мұсылман отбасылары бар шығар, әзірге бұл маған мәлім емес. Еуропаның 10 елі мен Америка, Канадада мүлдем жоқ. Ал, Қазақстаннан кеткен балалардың басым бөлігі осы елдердің азаматтарына берілген. АҚШ-та жеті мыңға жуық бала өмір сүреді.
Жәудіреген көздердің арасынан «Қазақстанға ораламын» деген бала көңілі сезіле ме?
– Германияда Данияр деген бір дарынды бала бар, ол өскенде Қазақстан футбол командасының құрамасында ойнағысы келетінін және Қазақстанда тұрғысы келетінін айтты. Егер балалар туған жеріне ораламыз десе ата-аналардың көпшілігі қарсы емес, кейбірі тіпті баланың соңында үй-жайын сатып, біздің елге қоныс аударуға дайын екендерін жеткізді. Алайда, біз түсінуіміз керек… шетелдіктер асырап алған қазақ балаларын қазақ елінде кім күтіп отыр?!
Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін.