Қалмахан Ержан,
теология ғылымдарының докторы
«Періште» сөзінің мағынасы
«Періште» сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ, ол араб тіліндегі «мәлак» сөзінің «ә-л-к» түбірінен тарайды. Яғни мәлак сөздікте – «хабаршы», «елші» және «күш-қуат» деген мағыналарды білдіреді. Ал ислами түсінік тұрғысынан алғанда «мәләк» (періште) сөзіне «түрлі бейнеге кіре алатын, жынысқа бөлінбейтін және бір ғана Аллаһқа құлшылық ететін нұрлы жаратылыс» деген анықтама беруге болады.
Періштелердің бар болуының дәлелдері
Ілкіден бері адам баласын қызықтырып келе жатқан мәселенің бірі – жер бетін мекендейтін басқа да көзге көрінбейтін болмыстардың бар яки жоқ екендігі. Айталық, періштелер мен жындар әлемі.
Ғайыпқа сену – мұсылман болудың басты ерекшеліктерінің бірі. Адам баласы материалдық әлемде өмір сүре отырып, рухани әлемнің де бар екендігін ұмытпауы тиіс. О дүние – адам үшін сезім мүшелерімен сезінуге келмейтін тылсым жайт. Осы қос дүниенің арасында бейне бір арнайы перде тұтылғандай адам баласының маңдайына бұл ақиқатты көзбен көру жазбаған. Алайда, біз періштелердің бар екенін ең сенімді дереккөздер: Құран мен сүннет арқылы білеміз.
Бұндай сенімді дереккөздер болмағанда тіршілікті осы дүниемен ғана шектеп, өлімді «іріп-шіріп жоқ болып кету» деп қана ұғар ма едік, кім білсін?! Осы ретте адамзатқа жол сілтеу үшін үздіксіз пайғамбарлар жіберіп, қасиетті кітаптарын да түсірген. Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір делік! Қасиетті кітаптарда Жаратушының бар және бір екендігіне бүкіл жандүниемізбен сену керектігі, бұған қоса рухани әлемге тән періштелерге де илану қажеттілігі ап-анық баян етілген.
Періштелерге сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Бұл шындық Құранның мына аяттарында айқын аңғарылады: «Аллаһ елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлығы Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман етті…».
«Кім Аллаһқа, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе… міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар»;
مَنْ كَانَ عَدُوّاًلله وَمَلآئِكَتِهِ وَرُسُلِهِ وَجِبْرِيلَ وَمِيكَالَ فَإِنَّ اللهَ عَدُوٌّ لِّلْكَافِرِينَ
«Кім Аллаһқа, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ Жәбірейіл, Микаилге (ғ.с.) дұшпан болса, әлбетте АллаһТағала кәпірлерге дұшпан».
Періштелердің бар екеніне иланбау – Аллаһ Тағаланың жер бетіне жіберген пайғамбарларымен қатар қасиетті кітаптарын да жоққа шығарғанмен барабар. Өйткені, Ұлы Жаратушының күллі ақиқаты пайғамбарларға періштелер арқылы жеткен.
Құран кәрімде де бұл мәселеге байланысты: «…Кімде-кім Аллаһқа және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады...», – делінген.
Бұған қоса періштелердің бар екендігін растайтын көптеген хадистер де бар. Яғни жоғарыда айтып өткеніміздей періштелердің шын мәнінде бар екендігі Құран мен сүннетте нақты келтірілген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен сіздердің көрмегендеріңізді көремін, естімегендеріңізді естимін. Көк жүзінде төрт саусақ сиятындай бос жер жоқ. Барлық жерде Аллаһқа сәжде ететін періштелер бар…» – деп, періштелердің бар екендігін әрі олардың сандық тұрғыдан да есепсіз көптігін баян етуде.
Демек, аят пен хадистер – көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін осындай жаратылыстардың бар екенінен хабар беруде.
Мұнымен қоса періштелердің бар екендігі жайлы олармен жүздесіп, сөйлескен жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен сан мыңдаған әулиелер, ғұмырында жалған айтып көрмеген саны белгісіз қаншама игі жақсылардан білеміз. Себебі, әр қайсысы әр дәуірде өмір сүрген бұл адамдардың барлығы ұйымдасқан түрде жалған айтуы әсте мүмкін емес.
Күнделікті өмірде періштелерді көзге көрінбейді екен деп жоққа шығару пенденің тәкаппарлығы мен қырсықтығынан, немесе немқұрайлығынан болса керек. Бүкіл болмыспен салыстырғанда адам баласының көру қабілеті өте шектеулі. Сондықтан көрмеген нәрсесіне адам «жоқ» дей алмайды. Өйткені көзге көрінбейтін болмыстар саны өте көп. Мысалы, электр тогын іске қоссақ, алып сарайға жарық беретін лампалардың барлығын жұмыс істетеді. Біз сонда ғана кішкене бір тетіктің зор күшін сезінеміз. Бірақ, оның күшін осы уақытқа дейін ешкім көрген де жоқ, көрмедік екен деп жоққа шығарған да жоқ.
Бұған қоса, тартылыс пен тебіліс заңдылығының арқасында ғаламдағы тепе-теңдік, тәртіп жалғасып келе жатқандығын да білеміз. Біз бұл заңдылықтарды да көзге көрінбейді екен деп жоққа шығара алмаймыз.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы ғылыми жетістіктер де көзге көрінбейтін өте ұсақ заттардың бар екендігін дәлелдеуде.
Мәселен, биологиялық анаэробты бактериялар – оттегісіз тіршілік ете алатын организмге жатады.1993 жылы мұхит түбіндегі жер асты қайнар суларда өте жоғары (шамамен +400С˚) ыстық дәрежеде әрі онда улы газдар бола тұра 300-ден аса микроорганизмдердің өмір сүргендігі дәлелденген. Биолог ғалым Верена Таниклайф бұны ХХ ғасыр биологиясының ең айтулы жаңалығына балай отырып, онда өзге де биологиялық құбылыстардың болуы әбден мүмкін деген тұжырымға тоқталады.
Бұлар ғылыми дәлелдемелер, ал бұлардан тыс күнделікті өмірімізде көзбен көріп, қолмен ұсталмайтын, ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін басқа да нәрселер өте көп екені белгілі. Біз олардың бар екеніне күмәнсіз сенеміз. Мысалы, адам өз денесінде жан бар екеніне сенеді, бірақ оны көзбен көре алмайды. Ақылының бар екенін де қолға ұстатып, көзге көрсетіп дәлелдей алмайды. Бұдан бөлек, иісті, дәмді, дыбысты сезе алсаңыз да бұлардың ешқайсысын қолға ұстатып, көзге көрсету мүмкін емес. Демек, көзге көріне бермейтін тіршілік иелерінің бар екендігі күмәнсіз. Олай болса, періште мен жындарды да көзге көрінбейді екен деп, олардың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.
Періштелердің жаратылу мақсаты
Аллаһ тағаланың қай ісінен де асқан даналық пен шексіз шеберлікті байқайсыз. Оның жасағанынан ешқандай кемістік, үйлесімсіздік, оғаштық пен ақау көру мүмкін емес. Ол – бүкіл кемшілік атаулыдан пәк. Ол «бол» деу арқылы әп сәтте қалаған нәрселерін жарату құдіретіне ие. Аллаһ тағаланың жаратқан нәрселерін сынауға ешкімнің құқы жоқ. Сол сияқты періштелердің жаратылуында көптеген себептер бар. Біз ол себептердің кейбірінен хабардар болғанымызбен көпшілігін біле бермейміз. Құран кәрімде періштелердің жаратылу мақсаты туралы: «Раббың періштелерге: Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын» деген кезде «онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз» дейді…», – деп, періштелердің үнемі Аллаһты дәріптеп, пәктейтіндіктері айтылған.
Ұлы Жаратушының шексіз ілімінің қасында адам баласының білгені түкке тұрғысыз екені даусыз.
Осы орайда Қызыр (әлейһис-сәлам) бірде Мұса пайғамбарға: «Уа, Мұса! Біздің білгеніміз бен Ұлы Жаратушының ілімі – анау құстың тұмсығындағы су мен мұхит сияқты», – деп теңіз жағалауында тұмсығын суға батырып тұрған құсты көрсеткені бар.
Дей тұрғанмен, періштелердің жаратылу мақсұтын ислам ғалымдары төмендегіше беске бөліп қарайды:
1. Аллаһтың құдіреттілігін көрсетуі үшін.
Аллаһ тағала жақсылықты (яғни періште сияқтыларды) жаратқандай, жамандықты да (шайтан сияқтыларды) жарата алады. Сонымен қатар жақсылық пен жамандықты жасауға бейім (адам сияқты) болмысты да жаратуға құдіретті.
2. Адам баласы Аллаһқа ғана бағыну керектігін білуі үшін.
3. Пенделердің құлшылығына Жаратушының мұқ-таж емес екенін білдіру үшін.
4. Жер бетіндегі сүйікті құлдар мен өзге болмыстарды қорғау үшін.
5. Адамдарға Аллаһ тағаланың құдіреті мен ұлылығын білдіру үшін.
Періштелердің жаратылысы, санының өте көптігі мен қызметтерінің әрқилылығы шындап келгенде Ұлы Жаратушының аса құдіреттілігін паш етеді.
Періштелердің міндеті
Періштелердің әуелгі міндеті – құлшылық. Жаратушыны ұлықтап, мінсіздігін дәріптеу, өздеріне міндеттелген істерді қадағалау. Періштелердің құл-шылықтағы кейіптері әр түрлі. Кейбірі мәңгі-бақи Аллаһтың алдында намазда тұрғандай тік тұрып құлшылық жасайды. Кейбірі иіліп рүкүғқа барған күйде құлшылық атқарады. Кейбірі сәждеге жығылған күйде ғұмыр бойы басын көтермейді.
Құранда:
«Сап-сап тұрушы (періштелерге) серт», – делінген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына Аллаһ тағаланың құзырында періштелер тәрізді сапқа тізіліп құлшылық жасау керектігін айтқан. Таңырқаған сахабалардың бірі: «Олар қалай сапқа тізіледі?», – деп сұрағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Олар әуелгі сапты толтырып араларын тығыз ұстайды», – деп жауап берген. Басқа да хадистерде айтылғандай олардың кейбірі тек қана «Лә иләһа илла Аллаһ» (Аллаһтан басқа құдай жоқ) деп зікір етіп тұрса, кейбірі «Аллаһу әкбар», ал енді біреулері «Субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһты» қайталап құлшылық жасаумен болады.
Құран аяттары мен хадис-шәріпке сүйеніп періштелерге жүктелген міндеттерді төмендегіше көрсетуге болады:
1. Аллаһ Тағаланы бүкіл кемшіліктерден пәктеу, күндіз-түні шүкір айтып ұлықтау.
Құранда: «…Періштелер: «Алайда біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді» – делінген.
2. Аллаһ Тағаланың елшілеріне уахи ету. «Аллаһ тағала періштелерден елшілер таңдағандай адамдардан да елшілер таңдайды».
3. Пайғамбарларға салауат жаудырып, сәлеммен ұлықтау, осы дүниедегі күллі адамдардың жақсылығын тілеп дұға ету. «Шынында да Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат жолдайды…».
Сонымен қатар пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүміндер жамағатпен намаз оқығанда «Аллаһ тағала мен періштелер намаздың алдыңғы сапында тұрғандарға дұға етеді» және «Жамағатпен намаз оқуға жиналған мүміндерге намаз оқығанға дейінгі арадағы тыныштық кезінде періштелер «Раббым, бұлардың күнәларын кешіп, мейіріміңді төге гөр!», – деп дұға ететіндігін айтқан.
4. Пайғамбарлар мен мүміндерге рухани көмек беру, сенбейтіндердің жүрегіне үрей салу. Құранда: «(Мұхаммед ғ.с.) сол сәтте (Бәдірде) мүміндерге: «(Көктен)үш мың періште түсіріп Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» дедің, – делінген.
Бірде пайғамбарымыз сәждеге бас қойған сәтте Әбу Жәһил оны аяғымен жаныштағысы келген еді. Бірақ бата алмай кері шегінді. Себебін: «Арамызда жыра бардай ары өте алмадым», – деп түсіндірді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса: «Егер ол маған жақындағанда періштелер оны жоқ етер еді», – деген еді.
5. Адамдарды қорғаушы әрі қызмет етуші.
Құранда: «Аллаһтың әмірімен әркімнің алды-артынан өкшелеп, қорғаушы және әрбір іс-әрекетін жазушы(періштелер)бар», – делінген. Аллаһ тағала адам баласын тікелей және періштелері арқылы да қорғай алады.
6. Адамдардың амалдарын жазу. Құранда: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оңына да, солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы отырады», – дейді.
Бұл аятта адамды жаратқан Аллаһтың пендесіне өз күре тамырынан да жақын әрі періштелер адамның әрбір әрекетін жазу үстінде екендігі баян етілген. Әлбетте, олай болса Аллаһ – барлық нәрседен хабардар.
Періштелермен адамдардың арасындағы қарым-қатынас ана жатырында-ақ басталады. Бухари мен Муслимдегі мына хадис осы мәселені айшықтай түсуде:
«Аллаһ тағала бір періштесін жатырға тағайындайды. Ол жатырға ұрық түскеннен бастап әр жетілу сатысын білдіріп «Раббым, сәби «нұтфа (шәует) кезеңінде», «Раббым, сәби «алақа» (жабысқақ ұрықтанған клетка) кезінде, я болмаса «мұдға» (бір тістем ет пішініндегі кезі) кезеңіне келді» деп хабар беріп отырады.
Хақ тағала ол сәбидің дүниеге келуін қаласа, періште «Раббым, бұл ұл бола ма, қыз бола ма? Жұмақтық па, әлде Тозақтық па? Несібесі қаншалық? Ажалы қашан?» деп сұрайды. Бұлардың барлығы да сәби жатырда жатқанда-ақ анықталып, пешенесіне жазылып қояды».
Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадисте былай делінген:
«Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысы әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір шайнам етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз не бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады».
Осы тәрізді хадистерде айтылған жазу мәселесі Ләухы махфузда (Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) тіркелген мәліметтерді періштелердің басқа бір жерге қайта көшіріп жазуын білдіреді. Өйткені құбылыстар әлі жаратылмай тұрып ілім шеңберінде «Ләуху махфузу а-замда» Аллаһ тағаланың әзәли іліміне олар жайлы мәліметтердің толық жазылуы «Тағдыр» деп белгіленген.
7. Ғаламдағы жүйені реттеу. Құранда: «Сондай-ақ(әлемдегі тәртіп пен жүйені реттеуде)өзіне міндеттелген жауапкершілікті орындаушыларға серт», – деп айтылады.
Демек, бұдан біз «атом» деп айдар таққан ең кішкентай бөлшектен, «галактика» деген ең алып жаратылысқа дейін барлық болмыстардың іс-әрекетін үйлестіруге жауапты періштелердің бар екенін көреміз. Оларға жаратылыстың зікірлері мен амалдарын Аллаһқа жеткізу міндеттелген.
Хадистерде әрбір жаңбыр тамшысы мен қар түйіршігінің өзін жер бетіне бір періштенің алып түсетіндігі айтылады. Енді мына мәліметке көңіл бөліңіз: жауған әрбір қар мен жаңбырдың өз өлшемі мен мөлшері болады. Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшерді қазіргі заманның соңғы технологиясын пайдалана отырып зерттеу жүргізген ғалымдар былай дейді:
«Секундына 16 миллион тонна су жерден буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер тепе-теңдікте сәл өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғады. Жаңбырдағы мұндай шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысысындай бір зат сондай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ. жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағ-дан аспайды». Яғни Аллаһтың рақымының белгісі ретінде, егер періштелер болмаса жауған жаңбырдың әрбір тамшысы батпандай тас болып түсер еді.
Періштелер міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушының рақымына бөленеді.
8. Адам баласының жаратылысы және өліміне қатысты міндеттерді орындау. Аллаһ тағала: «Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де», – дейді.
9. Иләһи жазаларды іске асыру міндетін орындау. Аятта бұл жайлы: «Періштелер сондай қарсы болғандардың беттеріне, арқаларына ұрып: «күйдіретін азапты татыңдар!», – деп жандарын алғанын көресің», – делінген.
Періштелердің арасында ел ішін аралап, адамдарды сынайтындары да болады. Мына бір хадис соны баяндайды.
Ертеде бірі алапес, екіншісі таз, үшіншісі зағип үш дос болған екен. Аллаһ тағала үшеуін сынау үшін оларға адам бейнесінде бір періште жібереді. Періште алапеске келіп «ең жақсы көретін нәрсең не?» – деп сұрайды. Сонда алапес «әрине, денім сау, көрікті болсам екен» дейді. Сол мезет оны періште қолымен бір сипап ажарлы адамға айналдырады. Періште одан: «Қай малды жақсы көресің?» –деп сұрайды. Алапес түйені атайды. Алдынан дереу он түйе пайда болады. Періште: «Бұларды Аллаһ саған ұзағынан сүйіндірсін», – деп әрі қарай жол тартып тазға жолығады. Оған да алапеске қойған сұрақтарын қайталайды. Таздың жауабы бесенеден белгілі… Періште оның басынан сипаған сәтте тазға шаш бітеді. Періштенің екінші сұрағына таз сиырды атайды. Сол сәтте оның алдына буаз сиырлар пайда болады. «Бұларды Аллаһ саған нәсіп етсін» дейді де періште келесі кезекте соқырға келіпті. Оған да әлгілерге қойған сұрақтарын айна-қатесіз қайталайды. Соқырдың да жауабы белгілі. Періште оның да тілегін орындайды. Ал екінші сұрағына ол «қой» деп жауап береді. Ол тілегі де орындалады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Оларға берілген малдың басы өсіп өріске сыймай кетеді. Күндердің бір күні періште әлгі көрікті адамға келеді. Мына саған көрікті сыйлаған Жаратушының құрметіне маған бір түйе берші дейді. Көрікті адам оған жауап та қатпайды. Періште енді оған: «Әй сен әлгі алапес емессің бе? Мына байлық Аллаһтың несібесі емес пе? – дейді. Сонда ол «жоқ, бұл аталарымнан қалған мирас» деп жауап береді. Періште «егер де жалған айтсаң Аллаһ баяғы қалпыңа қайта түсірсін» дейді. Расында да көрікті адам бұрынғы қалпына қайта оралады. Сараңдық танытқан таз да бұрынғы қалпына оралады. Соңында періште үшінші адамға келіп, «саған көзді сыйлаған Жаратушының құрметі үшін маған бір қой берші», – дейді. «Иә, расында мен соқыр едім. Бірақ Жаратушы ием маған көз сыйлады. Кедей едім мал беріп байытты. Оған қанша шүкір етсем де аз. Оның құрметі үшін қалаған қойыңды ал», – дейді. Сонда періште «Байлығыңды Аллаһ ұзағынан нәсіп етсін! Алайда, Аллаһ үшеуіңді сынаған еді. Аллаһ та сенен разы. Бірақ екі досың берілген нығметтің қадірін білмеді. Олар Аллаһтың азабына тартылады» деп лезде ғайып болады.
Расында да Аллаһтың құдіреті мен шеберлігі күллі жаратылыс атаулыда айқын көрінеді. Жаратылған барлық болмыс – Ұлы Жаратушының баға жетпес өнер туындысы. Аллаһтың рақымдылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құран бұл ақиқатты: «Қайда қарасаң да Аллаһтың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда»,–деп түсіндіреді.
Періштелердің ерекшеліктері
Періштелер неге көзге көрінбейді, олардың болмысы қандай? Бұл жайында Құран мен хадистерде не айтылған?
Бір хадисте былай делінген:
«Періштелер нұрдан, жындар түтінсіз оттан, ал адамдар болса Құрандағы сендерге айтылған нәрседен (балшықтан) жаратылған».
Демек, періштелер нұрдан жаратылғандықтан көзге көрінбейді. Сонымен қатар адам баласының көру мүмкіндігінің шектеулі екендігі де белгілі. Тіпті біз өз болмысымызды да, рентген секілді түрлі сәуелерді де жалаң көзімізбен толықтай көре алмаймыз. Сондықтан періштелердің жаратылысын, олардың көзге көрінбеу ерекшелігін өзіміздің шектеулі мүмкіндіктерімізбен бағамдап олардың бар екендігіне күмән келтірудің аса орынсыз екені хақ.
Көз көп нәрсені көре алмағанмен кейбір нәрселердің шүбәсіз бар екеніне сенетін қаншама нәрсе бар. Мәселен адамның ақыл-ойы, рухы т.б. Демек көздің көру аясы шектеулі. Оның көре алмаған нәрселерін жоққа шығара алмаймыз деген сөз.
Періштелер – пәк жаратылыстар, оларда күнә атаулы, тәкаппарлық, реніш тәрізді пенделік қылықтар болмайды. Бар міндеттері – Аллаһтың әмірлерін мүлтіксіз орындау. Олар әуел баста, қандай мақсатпен жаратылған болса, тек соны ғана атқарады. Яғни олар, басқа жаратылыстар тәрізді Аллаһқа құлшылық етіп, Оның әмірін орындайды және ешқандай астамшылық әрекеттерге бармайды. Бұл жайлы Құранда: «…Олар Аллаһтың бұйырған нәрселеріне қарсы шықпайды және не бұйырылса соны қалтқысыз орындайды», – делінген. Бұл – періштелерге тән ұлық қасиет.
Періштелердің рухани дәрежесі де тұрақты. Олар ғибадат барысында рухани ләззат алатын Аллаһтың таңғажайып жаратылысы. Бұл ақиқат Құранда:
«…Оның жанындағылар (періштелер) Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасаудан паңданбайды және шаршамайды. Олар жалығып, шаршамастан күндіз-түні Аллаһты пәктейді»,– деп баяндалады.
Кейбір періштелер жердегі көркем сөздер мен амалдарды Аллаһ тағалаға жеткізіп отырады.
Періштелерге аспан мен жердің арасын көзді ашып-жұмғанша аралап шығу ешбір қиындық туғызбайды. Құранда Аллаһтың құзырына (Аршына) періштелер мен рухтардың бір-ақ күнде (ол біздің жыл санауымызбен елу мың жылдық қашықтық) шығатындығы айтылады.
Бұнымен қоса Аллаһтың ұлылығы мен тылсым сырларын, басқа да сипаттарын періштелер адамдарға қарағанда әлдеқайда артық біледі. Бірақ, бір қызығы, адамның деңгейі мен мәртебесі періштеден бір саты сонда да жоғары тұрады. Неге? Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей періштелердің дәрежесі тұрақты болғандықтан не артып, не кемімейді. Сонымен қатар оларда нәпсі болмайды. Ал адам баласына мәңгілік өз нәпсісімен күресу тән. Нәпсісін толықтай тізгіндеген жандардың ғибадатта періштеден де биік деңгейге жету мүмкіндігі бар. Егер пенде Аллаһтың илаһи әмірлеріне мойынсұнбай нәпсінің жетегінде кеткен жағдайда дәрежесі құлдилап хайуаннан да төмен болмақ. Бұл мәселенің мәнін Құран кәрім:
«Расында адам баласын көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің ең төменіне тастадық. Бірақ иман келтіріп, салихалы амал жасағандар басқа. Оларға түгесілмейтін сыйлық бар», – деп ашады.
Адам үнемі жүріс-тұрыс, мінез-құлқын әсемдеп жақсылыққа ұмтылуы керек. Бойындағы пасық мінездерден арылып, жүрегіне жақсылықты ұялата білген адамның Аллаһтың алдында жүзі жарқын болады. Ал нәпсінің құлына айналғандар екі дүниеде де жақсылық көрмейді.
Періштелер басқа бейнеге ене ала ма?
Періштелер Аллаһтың құдіретімен түрлі пішінге ене алады. Ислам әдебиеттеріндегі түрлі деректерде пайғамбарлардың оларды шынайы және өзге де бейнелерде көргендіктері баян етіледі.
Мәселен, Құран кәрімнің «Әнкабут» сүресінде:
(Ибраһим): «Әрине, онда Лұт та бар» деді. (Елшілер): «Ол жерде кімнің болғанын жақсы білеміз. Артта қалып апатқа ұшырайтындардың қатарында болуына үкім етілген әйелінен бөлек Оны және үй-ішін әлбетте құтқарамыз» деп, періштелердің Лұт пайғамбарға келгендігі айтылуда. Періштелер оған сымбатты жас жігіт бейнесінде келді. Өз қауымының арсыздыққа салынғанын жақсы білетін Лұт пайғамбар бұлар мені «қонақтарымның алдында да жерге қаратпас па екен» деп қатты қысылады. Бұл оқиға Құранда былай баяндалады:
«Елшілеріміз (жас жігіттер бейнесінде) Лұтқа келгенде (елінің сұмдығын ойлап) қынжылған ол көңілі жабырқап: «Бұл бір ауыр күн» деді. Қауымы оған жүгірісіп келді. Сондай-ақ олар бұрыннан да жаман істер істейтін еді. (Лұт ғ.с.) «Әй халқым! Мына қыздарым, олар сендер үшін (некелесіп алсаңыздар) анағұрлым тазарақ. Енді Аллаһтан қорқыңдар! Қонақтарымның алдында мені ұятқа қалдырмаңдар. Араларыңда бір де бір есті кісі жоқ па?» деді. (Лұттың ғ.с. «мына қыздарым» дегені, сол елдің әйелдері еді. Өйткені пайғамбар сол үмбеттің әкесі іспетті.)
Олар: «Қыздарыңда жұмысымыз жоқ. Расында сен біздің нені қалайтындығымызды жақсы білесің» деді. (Лұт ғ.с.) «Әттең! Сендерге төтеп берер күшім болса, не бір мықты бекініске паналасам» деді. (Елшілер): «Әй, Лұт! Расында біз Раббыңның елшілеріміз. Олар тап қазір саған соқтыға алмайды. Дереу түннің бір мезгілінде үй-ішіңмен жөнел, жұбайыңнан басқа ешкім артта қалмасын. Өйткені, еліңе келетін апат оған да жетеді…» деді».
Лұт пайғамбардың қауымы тым шектен шыққан еді. Қатты азғындаған оларда гомосексуализм үйреншікті әдетке айналған болатын. Күнәға белшеден батқан қауымға жаза ретінде апат жіберіп, елді-мекендерін жоймас бұрын Аллаһ тағала әуелі Лұт пайғамбарға періштелер арқылы хабар салды. Бұл періштелер жас жігіт бейнесінде Лұт пайғамбарға келіп, оған өзіне жақын адамдармен қаладан шығып кетуді ескертті.
Жәбірейіл періште адам бейнесінде Мәриям анамызға да көрінген. Құранда бұл оқиға былай баяндалады:
«(Мұхаммед ғ.с.) Құрандағы Мәриямды айтып бер. Сол уақытта ол құлшылық пен терең ойға бату үшін адамдар мен өзінің арасына шымылдық тартып ғибадатхананың шығыс жағындағы бір орынға жекеленіп барды. Сондай-ақ оған рухымызды (Жәбірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді».
Мәриям: «Мен сенен (сақта деп) Аллаһқа сиынамын. Егер сен тақуа болсаң (маған тиме!)» деді.
(Рух): «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін» деді.
(Мәриям): «Маған бір адам жұғыспаса, сондай-ақ жаман жүрісті болмасам бойыма қалайша бала бітеді?» деді.
(Рух): – Ол солайша, – деді. Өйткені, Раббың: «Бұл маған оңай. Өйткені Біз Оны (туылуымен) адамдарға (құдіреттілігімізді) ап-айқын ишара және дәлел әрі (елшілігімен) тарапымыздан бір нығмет етеміз. Бұл біткен іс еді» деді.
Періштелер дәл осы бейнеде Зәкәрия пайғамбарға да келген еді. Олар оның жақында Яхия есімді ұлды болатынын білдіріп сүйіншіледі. «Зәкәрия хұжырада намаз оқып тұрғанда, періштелер оған: «Расында Аллаһ тағала саған Аллаһтан болған әмірді (Исаны ғ.с.) растаушы, ел ағасы, нәпсісіне ие, игілерден бір пайғамбар болатын Яхиямен қуанышқа бөлейді», – деп дауыстады».
Құрандағы бұл оқиғалар періштелердің адам бейнесінде көрінгендігі жайлы бірден-бір шынайы дереккөздер болып табылады. Періштелер кез-келген бейнеге ене алатындығы соншалық, адамдар оларды көп жағдайда ажырата алмай қалып жатады. Бұған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға да олардың адам бейнесінде келгендігі дәлел.
Періштелердің елшілік қызметі тек хабар жеткізумен немесе пайғамбарларға уахи әкелумен ғана шектелмейді. Періштелердің соғыстарда мұсылмандарға қолдау көрсеткендігі Құран кәрімде баян етіледі. Ислам тарихында Бәдір шайқасының ерекше орны бар. Сондықтан бұл айтулы шайқасқа қатысқан періштелердің осы шайқасқа қатысқан сахабалардың басқа сахабалардан өзіндік артықшылығы болғаны сияқты басқа періштелерден артықшылығы бар. Осы қан құйлы шайқасқа қатысып, періштелерге қолбасшы болған Жәбірейілдің өзі еді. Бәдір шайқасында жау жағының саны мың, мұсылмандар жағы бар болғаны үш жүз кісі еді. Алайда, көмек сұрап жалбарынған мұсылмандардың тілегін аяқсыз қалдырмаған Аллаһ тағала мыңдаған періштелерін жіберетіндігін білдірді. Құранда бұл мәселеге қатысты: «Сол уақытта Раббыларыңа жалбарынуда едіңдер. Сонда Ол: Шынында сендерге ерген мың періштемен көмек етемін деп тілектеріңді қабыл етті»; «Сендер (қару, сан және көлік жөнінен дұшпаннан өте) аз әрі әлсіз болғанда Аллаһ сендерге Бәдірде жеңіс сыйлады. Олай болса Аллаһқа қарсы келуден сақтаныңдар, шүкір еткен боларсыңдар. Сол сәтте сен мүміндерге: «(Көктен) үш мың періште түсіріп, Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» дедің. Әрине, егер сабыр етсеңдер, сақтансаңдар сондай-ақ жау дереу осы араға жетіп келетін болса, Раббыларың сендерге бес мың белгілеулі періштелермен жәрдем етеді»,– делінді.
Бәдір шайқасында Зүбәйр ибн Әууәмнің басында сары сәлде бар еді. Бір қызығы бүкіл періштелер де бастарына сары сәлде оранған пішінде еді. Зүбәйрдің Бәдір шайқасындағы батырлығына куә болған пайғамбарымыз: «Періштелердің сары сәлде тағып Зүбәйр ибн Әууәмнің бейнесінде түскендерін көрдім», – дейді.
Ұхұт шайқасына байланысты да осыны айтуға болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ислам туын Мусғаб ибн Ұмәйрға ұстатқан еді. Алайда бұл шайқаста Мусғабтың екі қолын ибн Қәймә деген мүшрік қырқып түсті. Осы уақытта басқа бір сахаба жетіп келіп туды алып күн батқанша шайқасты. Бұл – Мусғабтың бейнесіне енген періште еді. Пайғамбарымыз «Мусғаб!» деп дауыстағанда, ол «Мен Мусғаб емеспін, уа, Расулаллаһ!» деп жауап берді. Мусғаб ибн Ұмәйрдің шейіт болғанын аңғарған Аллаһ Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көзіне жас үйіріліп:
«Мүміндердің арасында (Расулаллаһпен бірге болатындықтарына) Аллаһқа берген сөздерінде берік болған қаншасы бар. Олардың кейбіреулері берген уәделерінде толық тұрып шейіт болды. Кейбіреулері де осындай жақсылықты күтуде. Олар уәделерінен таймады» деген аятты оқыды.
Жүбәйр ибн Мутим (р.а.): «Хүнәйнда әскерлер шайқасуда еді. Біз Аллаһ елшісімен бірге едік. Сол кезде көктен қара түсті киім киген адамдар түсе бастады. Мүшріктер мен біздің ортамызда тұрды. Шайқас алаңында қаптап кетті. Соңында мүшріктер жеңіліске ұшырады. Көктен түскендердің періштелер екеніне еш күмәніміз жоқ», – деген.
Хәндәк шайқасының ең ауыр сәті еді. Пайғам-барымыз көкке қол жайып дұға жасады. Сол күні түн ортасы Жәбірейіл періште пайғамбарымызға келіп біраздан кейін Аллаһтың қатты дауыл тұрғызып, дұш-пан әскерінің быт-шытын шығаратыны жайлы сүйінші хабар жеткізді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейіл періштенің әкелген хабарын ести сала Ұлы Аллаһ тағалаға мадақ айтып шүкіршілік етті.
Шайқаста «Уа, иман келтіргендер! Аллаһтың сендерге берген жақсылығын, нығметін (көмегін) ұмытпаңдар. Бір кездері сендерге шабуыл жасап, біз сендерге (көмек ретінде) оларға (жауға) қарсы дауыл соқтырып, сендер көре алмайтын әскерлер (періштелер) жіберіп едік. Аллаһ – істегендеріңнің бәрін көруші», –деген аяттар түсті.
Осылайша періштелер адам кейіпінде келіп мұсылмандарға қиын-қыстау кезеңде көмектескен болатын. Бұл шындық Құран аяттары және хадис шәріптермен толықтай қуатталған. Осыларға қосымша мына оқиғаларды да айта кетейік.
Әсілі періштелерді толықтай өз бейнесінде көру екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Тек пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қана Жәбірейіл періштені алғаш рет уахи әкелгенде және Миғражда «Сидратул мунтәһаның» (жұмақ бұлағының түбінен өсіп шыққан ағаш) жанында өз бейнесінде көрген делінеді. Құранда:
«Расында ол, оны ашық көкжиекте көрді»;
«Расында ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Сидратул Мунтәһаның жанында», – дейді.
Кейбір мәліметтерде пайғамбарымыздың Жәбірейіл періштені көбіне Дыһия ибн Халифа әл-Кәлби (50/670-?) (р.а.) атты сахабаның бейнесінде де көргендігі айтылады.
Хазірет Омар, Абдуллаһ ибн Аббас, Усама ибн Зәйд, Харис сынды сахабалар, Айша анамыз бен Умму Сәлама да Жәбірейіл періштені Дыһия есімді сахаба бейнесінде бірнеше рет көргендіктерін баян етеді.
Бірде Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған пайғамбарымызға ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегені мына хадисте баяндалады:
«Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Ислам, Аллаһтан басқа құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару, – деп жауап қайтарды. Әлгі кісі бұны естігенде:
– Рас айтасың, – деді.
Біз оның өзі әрі сұрап, әрі жауабын да өзі растағанына таңырқадық. Мұнан соң әлгі кісі:
– Иман дегеніміз не?, – деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Аллаһқа, Оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да:
– Рас айтасың, енді ихсан деген не?, – деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Ихсан – бейне бір Аллаһты көріп тұрғаныңдай Оған кұлшылық етуің. Себебі, сен Оны көрмесең де, шүбәсіз, Ол сені көруде.
– Қиямет қашан болады?Пайғамбарымыз:
– Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, – деп еді, сонда әлгі кісі:
– Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді.
Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң пайғамбарымыз:
– Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», – деді. Мен:
– Аллаһ және Оның елшісі біледі, – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Шын мәнінде ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын – деп, мәселенің мән-жайын ұғындырған еді. Сахабалар сонда ғана адам кейпінде келген әлгі кісінің періште екендігін біліп қатты таңданды.
Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Ұхұд күні Аллаһ елшісінің оң және сол жағында жаумен арпалысып жүрген ақ киімді екі кісіні көрдім. Олар бұрын-соңды байқамаған адамдарым. Әсілі олар Жәбірейіл мен Микаил атты періштелер болса керек», – дейді.
Әбу Суфиян ибн Харис болса, Бәдір күнгі шайқаста көк пен жердің арасында ақ киімді әскерлерді көргендігін айтқан.
Періштелер ас-ауқат іше ме?
Періштелердің өмірінде ішіп-жеу, жұптасу, үйлену деген адамдарға тән жағдаяттар болмайды. Себебі, олардың өмір сүру шарттары бізден мүлде бөлек. Періштелердің ішіп-жемейтіндігін, бас құрап үйленбейтіндігін ислам ғұламалары тегіс құптаған.
Періштелердің жаратылысы нұрдан болғандықтан олардың қажеттіліктері де тек рухани тұрғыдан өлшенеді. Олар үнемі құлшылық жасап Аллаһты еске алу арқылы рухани ләззат алады.
Бұған дәлел ретінде жоғарыда Ибраһим пайғамбарға келген кездегі болған оқиғаға тоқталған дұрыс.
Періштелер адам кейпіне еніп оған келген кезінде, Ибраһим пайғамбар қонақжайлық әдетімен дереу дастархан жайды. Алдарына дәм тартса да қонақтардың дастарханға қол соза қоймағанын көріп бойын үрей билей бастады. Құранда бұл оқиға былайша баяндалады:
«Саған Ибраһимнің ардақты қонақтарының әңгімесі келді ме? Олар Ибраһимге кіргенде «Сәлем» деді. Ибраһим де «Сәлем, бөгде қауым» деп жауап берді. Дереу үйіне барып семіз бұзау (етін пісіріп) әкелді. Оны оларға жақындатып «Жемейсіңдер ме?» деді. (Жемегендігін көріп) Олардан қорқа бастады. Олар «қорықпа!» – деді де, оны парасатты бір ұлмен қуантты».
Тағамнан ауыз тимеген қонақтардан Ибраһим пайғамбар сескеніп қалып еді. Періштелер пайғамбардың сескенгенін байқап:
«Қорықпа, біз Лұт қауымына жіберілдік», – деді. Ибраһим пайғамбар олардың кім екендігін сонда ғана ұғынып, көңілін билеген күдіктен арылған еді.
Періштелер жынысқа бөліне ме?
Періштелер ұрпақ қалдырып, көбеюге мұқтаж емес. Яғни, олар жынысқа бөлінбейді. Ислам діні келгенге дейінгі араб қоғамының періштелер жайлы сенімдері тым таяз болатын. Олар періштелерді «Аллаһтың қыздарына» балап, ұл балаларды артық көретін.
Ұлы Жаратушы бұл айтылған пікірлерді жоққа шығару үшін «Олардан (Меккеліктерден) сұра: Қыздар Раббыларынікі де, ұлдар олардікі ме? Немесе періштелерді әйел жынысынан жаратқанымызға олар куә ме? Сақ болыңдар! Олар жалғандарын айта береді: Аллаһтың баласы бар деп олар мүлде өтірік айтады. Аллаһ ұлдардан гөрі қыздарды артық көре ме? Сендерге не болды? Қалай шешім етесіңдер? Түсінбейсіңдер ме? Не сендердің ашық бір дәлелдерің бар ма? Шыншыл болсаңдар кітаптарыңды әкеліңдер. Олар Аллаһ пен періштелер арасында ұрпақтық байланыс ұйғарды. Расында періштелер олардың Аллаһтың алдына келтірілетінін біледі. Аллаһ олардың сипаттауларынан пәк», – деді.
Зұхрұф сүресінде:
«Олар Аллаһтың құлдары періштелерді өздерінше әйелдерге балайды. Олар (періштелердің) жаратылуын көріп пе еді? Олардың бұл куәліктері жазылады және сұраққа алынады»;
Және Нахыл сүресінде:
«Олар: Аллаһтың қыздары бар, – деседі. Аллаһ одан пәк» деу арқылы бұл пікірдің мүлдем теріс екендігін аңғартады.
Періштелердің қанаттары бар ма?
Әдетте періштелер жайлы сөз еткенде, олардың қанаты бар ма, жоқ па деген сұрақтың ойға оралатыны белгілі. Періштелердің қанаттары мен олардың саны жайлы мәліметтер Құран аяттары мен хадистерде де көптеп кездеседі. Құранда:
«Көктерді және жерді жасаған сондай-ақ екі, үш және төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаһқа барлық мақтау лайық. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Күдіксіз Аллаһтың кез-келген нәрсеге толық күші жетеді»,– деп екі, үш және төрт қанатты періштелердің бар екендігі айтылуда. Аят соңындағы «Ол (Аллаһ) жаратуда қалағанын арттырады» сөзі Аллаһ тағаланың одан да көп қанатты періштелерді жаратқандығына ишара болса керек. Алайда періштелердің қанаты біздің түсінігіміздегі яғни құстардікіндей қанат емес. Қанаттарының бір ерекшелігі сол олар өте жылдам қимылдайды. Сол себепті олар Аллаһ тағаланың әмірін қас қағым сәтте орындайды.
Куртубидің «әл-Жамиу ли-әһкамил Құран» атты тәпсірінде пайғамбарымыз миғражға шыққанда Жәбірейілді 600 қанатпен көргендігін айтса, Исрафил періштенің 12 000 қанатты екендігін, олардың бір қанатының өзі көкпен жердің арасындағы кеңістікті жауып тұрғандығын айтады. Әрине, бұны біз білетін қанат деуге келмейді. Періштелердің жаратылысының өзі бұл дүниедегі жаратылыстарға ұқсамағандықтан, олардың қанаты да дәлме-дәл құстардікіндей, не ұшақтың қанатындай дей алмаймыз. Періштелер адам ойы мен қиялынан тыс тұрады. Сол себепті олардың шынайы болмысы Ұлы Аллаһ пен оларды көрген пайғамбарларға ғана аян.
Періштелер ғайыпты біле ме?
Періштелерде ғайыпты білу қасиеті жоқ. Олар тек Аллаһ тағаланың өздеріне білдіргендерін ғана біледі. Себебі ғайыпты білу бір Аллаһ тағалаға ғана тән.
Құранда: «Көктер мен жердегі ғайыпты Аллаһтан басқа ешкім білмейді»;
«Ғайып кілттері Оның жанында. Ғайыпты тек өзі ғана біледі. Ол құрлықтағы, теңіздегі барлық нәрселерді түгелдей біледі. Одан хабарсыз жапырақ та жерге түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы құрғақ, ылғалды нәрселер түгелдей ап-анық Кітапта бар», – дейді. Егер де періштелерге Аллаһ тарапынан ғайыптан хабар берілсе, олар соны ғана біледі. Аллаһ тағала Адам атаға болмыстың атауын үйретті. Періштелерге аталған болмысты меңзеп оларға хабар беруін бұйырды. Осы уақытта періштелер: «Аллаһ Адамға (ғ.с.) барлық атауларды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді. Періштелер: Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине Сен толық білуші, өте данасың деді», – деді. Осы уақытта Ұлы Жаратушы «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет,- деді. Сонда (Адам ғ.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Аллаһ: Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?»,–деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі адамның ең ұлық міндеті – Аллаһты танып білу.
Құранның төмендегі аяттары ғайыпты Ұлы Жаратушыдан басқа ешкімнің білмейтіндігіне және бір дәлел болмақ:
«Оларға былай де: «Жанымда Аллаһтың қазыналары бар демеймін, ғайыпты да білмеймін. Әрі сендерге мен бір періштемін деп те айтпаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көр соқыр мен көзі ашық тең бола ала ма? Ой салмайсыңдар ма?».
Сонымен қатар «Ол барлық ғайыпты біледі. Ғайыптың сырын ешкімге ашпайды. Тек қалаған пайғамбарына ғана білдіреді. Сондай-ақ, Раббысынан алынған хабарлардың айна-қатесіз, толық жеткізілгенін білу үшін Аллаһ өз елшісінің алды-артына күзетші қояды. Негізінде, Аллаһ олардың жағдайын толық біліп, барлық нәрсені жеке-жеке санап жазып қойған»,– деп ғайыптың тек Аллаһ тағала тарапынан қалаған пайғамбарына ғана білдірілетіндігі айтылуда.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да өздігінен еш нәрсе айтпаған. Ал айтқандары болса уахи арқылы жеткен Аллаһтың хабары. Сонымен қатар Аллаһ тағала тек пайғамбарға ғана емес, үмбет арасында салиқалы, жүрек көзі ашық жандарға да керемет ретінде ғайыпты білдірген. Бұл жайлы пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Үмбетімнің арасында (иләһи) шабытқа ие адамдар бар», – деген еді.
Демек, Аллаһ тағала пайғамбарлар мен салиқалы және жүрек көзі ашық жандарға біршама ғайыптан хабар берген. Бірақ бұл олар ғайыпты толық біледі деген ұғым тудырмаса керек. Өйткені пайғамбарлар ғайыпты білуші емес уаһи жолымен ғайыптан хабар алушы әзиз жандар.
Періштелер қандай жерлерге жоламайды?
Нұрдан жаратылған пәк періштелер Аллаһ тағала тарапынан тыйым салынған әрі Аллаһқа серік қосылатын, түрлі күнәлар жасалатын жерлерден аулақ болады.
Бұны біз төмендегі хадистерден көре аламыз:
Бірде Жәбірейіл періште пайғамбарымызға уағдаласқан мерзімде келмей қалады. Таңырқаған пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұның себебін ойлана бастайды. Содан соң менде бір кемшілік болды ме екен деп, үй ішіндегі жағдайға бір көз жүгіртеді. Үй ішінен немерелері Хасан мен Хұсейіннің кішкентай күшігін байқап қалып, оны сыртқа шығарып жіберген сәтте Жәбірейіл де кіріп келеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) одан кешігуінің себебін сұрайды. Сонда Жәбірейіл періште:
«Періштелер сурет тұрған және ит болған жерге кірмейді…» деп жауап берген еді. Басқа бір жерде ибн Омардың (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз:
«Аңшылық пен малшылықтан тыс үйінде ит асыраған адамның сауабы күнде кеміп отырады», – дейді. Яғни малды, үйді қорғау, аң аулау сияқты нақты қажеттілік болмаса, үйдің ішінде ит асырауға дінімізде тыйым салынған.
Қазіргі дамыған медицина иттен адамға жұғатын бірқатар аурулардың түрлерін де анықтағаны белгілі.
Бұған қоса, ит жолдан өткен-кеткендердің есін шығарып, жеп қоя жаздап арпылдап келген қонақтарды қорқытады. Әсілі үйде ит асырауға кететін күші мен қаражатын мүмін өзге де қайырлы істерге жұмсағаны абзал.
Ит ұстаған үйге періштелердің келмеуі иттің ластығы не діни тұрғыдан нәжіс саналатындығы болса керек, бірақ оның басқа да себептері болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер иттер де жеке басына үмбет болмағанда, оларды қырып тастауға бұйрық берер едім», – деген хадисі табиғаттағы экологиялық тепе-теңдіктің сақталуында иттердің де өз үлесі бар екенін білдірген тәрізді.
Негізінде, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Періштелер тірі жандылардың суреті ілінген үй мен иті бар жерге кірмейді» деген хадисіне байланысты ғалымдар түрлі пікір өрбіткен. Кейбір ғалымдар бұл жерде ниеттің өте маңызды екенін ескеріп, яғни, суреттің ешқандай құлшылықпен табынумен байланысы жоқ болған жағдайда, намазға тұрған адамның құбыла жағынан басқа қабырғаларға сурет ілуге рұқсат бар екенін айтады.
Ислам дінінде сурет пен мүсіннің тыйым салынуына қатысты көптеген себептер бар. Ең алдымен сурет пен мүсіннің тыйым салынуына исламнан бұрынғы надандық дәуірдің әсері болғандығын ескергеніміз абзал. Яғни пұттарға табынудан енді ғана арылған қауымға көне, жаңсақ сенімдердің қайта сіңісіп кетпеуі үшін пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сурет пен мүсінге байланысты қатаң ескертулер жасайды. Тіпті Бухари мен Муслим риуаят еткен хадистерде осы тақырыпқа байланысты пайғамбарымыз: «Ақыретте тірі жандылардың суретін салғандарға Аллаһ тағала олардың салған суреттеріне жан беруін әмір етеді. Суреттерге жан бермейінше оларды азаптайды… Ұлы Жаратушыдан өзге оларға ешкімнің де жан беруі әсте мүмкін емес»,– деген.
Бұған қоса періштелердің жағымсыз иісті де ұнатпайтындығын айта кету керек. Муслимнің риуаяты бойынша пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Сарымсақ, жуа және куррас (пияздың бір түрі) жеген адам мешітке келмесін. Өйткені адамдар ұнатпаған иісті періштелер де ұнатпайды», – деген. Бұл жерде пайғамбарымыз мешіт немесе сол секілді өзге де ғибадат орындарына мүмкіндігінше жағымсыз иіспен бармау керектігін ескертуде.
Сарымсақ пен жуа жайлы басқа хадистерде де көп айтылады. Бірақ бұл Аллаһтың аталмыш нығметтерін мүлде жеуге болмайды деген мағынаны білдірмейді. Бұған дәлел ретінде пайғамбарымыздан (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм): «Сіз еш сарымсақ жемейсіз бе?», – деп сұралғанда, – «Маған Жәбірейіл періште кез келген сәтте уахи әкелуі мүмкін. Сол үшін жемеймін. Ал сендер жей берсеңдер болады», – деген жауабын келтіруге болады.
Періштелердің саны қанша?
Әңгіме төркінін осы тақырыпқа байланысты хадистерден бастасақ. Аллаһ Тағала Жәбірейіл періштеге былай деді: «ҚұлымТайфта қатты қиналып жараланса да Мені ұмытпады. Оның жолында жүргендерге дайындалған жұмақты және қарсы болғандарға дайындалған тозақты көру үшін оны алып кел», – деп бұйырды. Жәбірейіл періште қырық жыл бойы жұмақта күткен пырақты алып пайғамбарымызға келді. Пайғамбарымыз (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм)Жәбірейіл періштенің жол бастауымен пыраққа мініп көк жүзіне көтеріліп, теңдессіз құрметке – яғни, Аллаh тағаланың құдіретіне тікелей куә болды. Жәбірейіл періште мен пайғамбарымыз миғражға шыққанда, көк жүзінің бірінші қабатында хазірет Адамды көреді және қиямда (тіке тұрған бойда) «Сүббуһун Қуддусүн раббил мәлаикәти уәр-рух» (Аллаһ пәк және Ұлы, Ол Жәбірейіл мен періштелердің Раббысы) деп Аллаһ тағаланы ұлықтап тұрған періштелерді көреді. Пайғамбарымыз Жәбірейілден: «Олар осылай құлшылық жасай ма?», – деп сұрайды. Жәбірейіл (ғ.с.) «Иә, бұл періштелер әу бастан осылай құлшылық етеді. Аллаһ тағаладан өзіңнің үмбетіңнің де осылай құлшылық етуін тіле», – деп жауап береді. Сөйтіп адам баласына да періштелер сияқты қиямда құлшылық ету осылай нәсіп болады. Сонымен қатар бірінші қабатта жазасын тартып жатқан кейбір адамдарды көрді. «Мыналар кімдер?» – деді пайғамбарымыз. Жәбірейіл: «Намазда рүкүғ пен сәждесін толық орындамағандар, жұма намазы мен жамағатпен оқылған намазға қосылмағандар, зекет бермегендер, пақырларға жаны ашымағандар, харам жеп ішімдік ішкендер, жалған куә болғандар, зина жасағандар, әкесіне қарсы келгендер», – дейді.
Келесі қабатта бір топ періштелер рүкүғде құлшылық жасап тұрған еді. Жәбірейіл Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм) періштелерді меңзеп «Бұлар осылай құлшылық жасайды. Аллаһ тағаладан өз үмбетіңнің де осылай құлшылық жасауын тіле», – деді. Соңынан адам баласына да рүкүғ жасау нәсіп болды. Үшінші қабатта сәжде жасаған періштелер бар еді. Жәбірейіл: «Үмбетің үшін де осылай құлшылық жасауын тілеуді ұмытпа», – деді. Пайғамбарымыз дұға етті. Осылайша адам баласына Аллаһқа сәжде ету де нәсіп болды. Осы жерде пайғамбарымыз Әзірейіл періштені көреді. Ол пайғамбарға: «Ей, әлемдердің Сардары! Саған Аллаһтың сәлемі болсын. Шүбәсіз сенің үмбетің де сен сияқты таңдаулылардан. Сенің құрметің үшін оларға өз әке-шешелерінен де мейірімді болуға тырысамын», – дейді. Пайғамбарымыз оған: «Иә, мен де соны сенен тілер едім. Үмбетім әлсіз. Оларға жылы жүзбен көрініп, жанын оңай алғаныңды қалар едім», – деді. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм)Жәбірейілмен Бәйтул Мамур деген қызыл жақұттан жасалған үйге келді. Жәбірейілдің ұсынысымен пайғамбарымыз періштелерге имам болып намаз оқыды. Пайғамбарымыз: «Менің де үмбетім осындай жамағатпен намаз оқыса екен» деп қалаған еді. Сөйтіп, көпшілікпен жұма намазын оқу адам баласына нәсіп болды. Жәбірейіл періште Сидратул Мунтәһаға (жұмақ бұлағының түбінен өсіп шыққан ағаш) келгенде «Менің барар жерім осы жерге дейін. Ары қарай бара алмаймын. Егер бір қадам бассам жанып күлге айналам» деді. Пайғамбарымыз, Ұлы Аллаһ тағала белгілеген мақамға жеткенде «Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа-таййбату» (Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік ғибадаттар Аллаһқа лайық) деп сәлем берді. Барлық мадаққа лайық табылатын Аллаһ тағала былай жауап берді: «әс-Сәләәму ‘аләйка әйюһән-нәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһ» (Уа, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Аллаһтың рақымы мен берекеті жаусын!). Пайғамбарымыз (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм): «әс-Сәләәму ‘аләйна уә ‘ала ‘ибәдиллаһис-саалихиин» ((Уа, Раббымыз!) Сәлем бізге және Аллаһтың салихалы құлдарына болсын) деді. Осы кезде жеті қабаттағы періштелер «Әшһадуәл-ләәиләһә иллә аллаһ уә әшһәду ән нә Мухаммәдән ‘абдуһу уә расуулуһ» (Аллаһтан өзге ешқандай құдай жоқ екеніне және хазірет Мұхаммедтің Аллаһтың құлы мен пайғамбары екеніне куәлік етеміз) деді. Осылайша мүміндер намазда «әт-тәһият» дұғасын оқу бақытына бөленген еді.
Сонымен қатар, Жәбірейіл періштемен пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм )миғражға шыққанда, пайғамбарымыздың оң жағында сексен мың, сол жағында сексен мың періште қаумалаған күйде көкке көтерілгендігі де айтылады.
Хазірет Әлидің (р.а.) риуаяты бойынша жеткен мына хадисте бірде пайғамбарымыз сахабаларына:
«Кімде-кім ауру адамның жағдайын сұрап барса, жетпіс мың періште таң атқанша ол адам үшін салауат айтады. Ал таңертең барып көңілін сұраса, періштелер күн батқанша салауат айтып тұрады. Ол үшін жұмақта орын дайындалады», – дейді. Яғни адам баласының Аллаһ разылығы үшін жасалған кез келген амалы ескерусіз қалмақ емес.
Әрбір тамшы судан миллиондаған тірі жанды жаратқан, бір миллиметр квадрат қанда төрт-бес миллион эритроциттерді (қызыл түйіршіктерді) тіршілік еткізген, теңіздегі балықпен топырақ астындағы жәндікке өмір берген Аллаһ тағаланың, бүріккен судай сіркіреген ақ жауын тамшыларындай жаратқан көп періштелері бар. Сонымен қатар көк пен жерде жұмақ пен тозақта белгілі бір қызметпен міндеттелген періштелер, әр адамға жүктелген үш жүз алпыс періште, амалдарымызды жазатын екі періште, әр дәннің өсіп өнуіне жауапты періштелер бар.
Періштелер мен жындардың саны тек Аллаһ тағала ғана мәлім. Құран мен хадистерде періштелердің саны туралы нақты мағлұмат жоқ. Құранда да айтылғандай: «Раббың жасақтарының санын Өзі ғана біледі».
Періштелер де өз араларында бір-бірінен ерек-шеленеді. Мысалы, Жәбірейіл, Әзірейіл, Микаил, Исрафилдер ең үлкен періштелерге жатады. Олардан кейін ретімен Хамәлат-ул Арш, Мәла-и әғла, Нәди-ия әғла, Рафиқ-и әғла секілді т.б. періштелер келеді. Тіпті ең ұсақ әрбір атомнан ең алып галактикаларға дейін жауапты періштелер бар деуге болады. Әлбетте, бұлардың әрбірінің дәрежесі әрқилы болуы заңды. Сондықтан біз кейбір періштелерді олардың есімдерін, іс-әрекеттері мен атқаратын міндеттері арқылы танимыз.
Қалмахан Ержан