Қай уақытта да сән туралы әңгіме қозғасаң қаламыңды кең құлаштап, еркінсіп отырып жазуға әбден болады. Өйткені, сән десе әрбір адамның ойына бүгінгі заманға сай, жастардың талғамынан шығатын соңғы үлгідегі киімдер еріксіз оралады. Бірақ, бұл жолғы әңгімені Шәкәрімнің тілімен жеткізер болсақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Өзгерек болатын себебі, қазақ жастары арасында исламдық сән үлкен «серпіліс» туғызып отыр. Шынтуайтына келсек, мұсылмандық жолға бет бұрдық деген қыздарымыздың қазақ аруына тән емес хиджаб жамылып, паранджа киюі, жігіттеріміздің балағын кесіп, ұсқынсыз сақал қоюы қоғамда дүдәмал ой туғызып отыр. Біз мұнымен кімге еліктейміз?
Әңгімені әріден бастасақ. Паранджа парсының «фараджи» деген сөзінен шыққан. Алғашқыда оны кең қолтықты, ұзын жеңді болғандықтан ер адамдар киген. ХҮІ ғасырда әйелдер арасында да тарала бастаған паранджа кию дәстүрі, мәдениеттің өркендеуімен байланысты Орта Азия халықтарына ХІХ ғасырдың аяғы — ХХ ғасырдың басында, Қазақстанға соңғы он жыл турасында келген. Ал, «хиджаб» терминіне бүгінде әртүрлі түсінік беріліп жүр. Көбіне хиджаб шариғат қағидаларын ұстанатын мұсылман әйелдерінінің бас киімі немесе орамалы ретінде түсіндіріледі. Бірақ, түп-төркініне үңілер болсаң арабтардың киімі екеніне көзің жетеді.
Олар бұл киімді ең алдымен мұсылмандықтың белгісі ретінде емес, елдің табиғатына сай ыстық күн мен құмдауытты топыраққа төтеп беру үшін кигені бәрімізге бесенеден белгілі. Сөз жоқ, араб елі әуел бастан ислам дінінің орталығы болғандықтан, оның халқы да дінге сондай берік. Ұстанған салты мен дәстүрі діннен бір елі ажырағысыз. Сондықтан, олардың ұзын етек көйлек киіп, бет тұмшалаған орамал жамылуы тек ислам дінінің көрінісі ғана емес, ел ғұрпын да сақтағаны. Елдің заңына да, шариғатқа да еш қайшылығы жоқ.
Ал, біздің қоғам «жаңа сәнді» қабылдауға қаншалықты дайын? Әсіресе, еліктегіш жас буынның мұсылмандықтың хақ жолы осы екен деп, дін пәлсапасын толық меңгермей жатып, «ерсілеу» қылық жасайтына налисың. Намазға жығылдым, мұсылман болдым деп шашы тұрмақ, көзін әзер көрсететін тұтас «қара жамылып» алғаны өз аруымыздың қай сасқаны? Рас, шариғатта бар нәрсеге толық келісемін, бірақ ұятты жеріңді жабу үшін қап-қара киіммен қабаттану керек деп Құранның ешбір аятында дәлел келтірілмеген. Алланың өзі ақ түсті ұнатады дейміз, бұл сөздің сонда аяқ асты болғаны ма? Егер, шынымен ұзын киімді қаласа, арабтардың паранджасы мен хиджабын оранбай-ақ, қазағымыздың қос етекті бүрмелі көйлегі мен кестелі орамалын тартса қандай ғанибет?! «Иншалла мұсылманмын, қазақпын» деп, соңғы үлгідегі тосын «өнерлерімен» жұртты өздеріне қаратып жүрген олар, өзгелерден ерекшеленеміз десе қазақы стильді неге таңдамайды осы. Әлде қазақ киімінің киюге ұялатындай бірдемесі бар ма?
Бет-ауызын бүркемелеп алғаннан кейін ол адамды танып көр, кім екенін: қылмыскер ме, жай пенде ме? Мен түсінбейтін жәйттің бір сыры осы. Я болмаса, қайраты бойында қайнап тұрған кейбір нарттай жігіттеріміздің жалбыратып, қауқары кеткен шалдың күтілмей қалған шоқша сақалындай сақал жіберуі ешқандай жарасымдылыққа сыймайды. Қате түсініп қалмаңыз, сақал өсіруге еш қарсылық жоқ, бірақ оның да әйбат болғанына не жетсін! Одан қалды бүтін шалбарды шолтитып тобықтан кесіп, адамды шошытады. Исламды сұлулықтың, пәктіктің, тазалықтың діні деп білсек, мұның бәрі ислам дініндегі әдеміліктің әрін жоғалтып жібергендей болады. Осыған қарап «біздің толқын кімге еліктеп жүр?» деген қысыр сұрақ тағы мазалайтыны даусыз. Әңгіменің тізгіні кімдерге қаратып айтылып отырғанын іштеріңіз сезіп отырған шығар, әрине теріс жолда адасып жүрген мұсылман бауырларымыз жайында. Бірақ, заманға сай киінген осы екен деп әурет жерлерінің бәрін ашып жүргендерді де ақтап алмаймын. Астамшылық айтудан құдай сақтасын, көпке топырақ шашудан аулақпын.
Осы мәселе төңірегіне келгенде көбі жылы сөйлеп, оңай құтылуға асығады. Себебі, хиджаб кию сәнінің қып-қызыл саясат майданына айналғаны қашан? Шариғат қағидасына ешкімнің қарсы келуге құқы жоқ деп, конституцияны алға тартады. Амалдары бітсе, қара киінген қыздарға байлана бермей, кіндігі ашық қыздармен неге сөйлейспейсіңдер әңгімені бұра салады. Мұнымен әңгіме бітпейтіні тағы анық, аталмыш мәселенің шешімі күн өткен сайын сиырқұйымшақтанып барады.
Біраз көңіл бөлсең, қазақтар арасында бұрын-соңды болмаған осы «сәннің» астарында бөтен ел жымын білдірмей жүріп, бәрін бүлдіретін жымысқы саясатымен уландырып жатыр ма деген ойға қаласың. Оның да себебі бар, әлемнің кейбір елдерінде мұсылман әйелдерінің киімі саяси символ болып табылады, сондықтан оларға шектеу қойылған. Айталық, Франция Президенті Николя Саркози мұсылман әйелдерінің киіміне субьективті көзқарасын білдірді. Франция демократиялы ел бола тұра мұсылман қауымның қарсылығына қарамастан, мектептерде мұсылман киімдерін киюге, сондай-ақ қоғамдық бассейндерде буркини – мұсылман әйелдері үшін арнайы тігілген жүзу кастюмін кигендерге ресми түрде тыйым салды. Президент бұл әрекетімен француз халқын исламдық экстремизмнен сақтандырғысы келгенін ашық жеткізді.
Орталықазия республикалары халқының басым көпшілігі мұсылман болғанымен, мемлекет ресми түрде зайырлы болып табылады. Бұл елдің өкіметтері елді исламдық экстремизмнің қаупінен сақтандыруға үндейді. Мысалы, елде хиджаб киген қыздар мен әйелдер санының күрт артуына байланысты Қырғызстан мен Тәжікстан билігі мектептер мен ЖОО-да мұсылман киімдеріне шектеу қоюға тырысып бағуда. Ал, Өзбекстан үкіметі елдің оңтүстік аймағында ислам дінінің көп шоғырлануына байланысты хиджабты қоғамдық орындарда да, тіпті, Тәуелсіздік күні мерекесінде әйелдерге орамал тағуға да тыйым салып отыр.
Сәнге айналған соңғы үлгідегі қара орамал қазақстандық билікті де ойландырмай қойған жоқ. Бұрын құлаққа таңсық естілетін бұл киім түрі соңғы уақыт студенттерді, тіпті, мектеп оқушыларын да «қызықтырып», қоғамды алаңдатуда. Алда жаңа оқу жылы таяп қалды, жау жоқ деп жүріп, жар астындағыны аңдамай қалып жүрмейік. Мектеп оқушысына мектеп формасы ғана үйлесімді. Тұмшаланып жабылып жүру де, тым еркін жүру де адамның жүріп-тұруына кедергі келтіреді, сондықтан таңдауға келгенде талғамнан шатаспайық. Қалай тартсақ та, біз демократиялы ел екенімізді ескеріп, соған сай зиялы қоғамды қалыптастыруға ұмтылуымыз қажет.
Елбасының өзі гендерлік саясатты қолдап жатқанда, бұйығы өмір сүрудің қажеті қанша? Бүгінде Аллаға шүкір, намазын қаза қылмайтын иманды жастарымыздың қатары көбеюде, әлбетте іріткі салушылар да аз емес. Олардың ақ-қарасын ажыратамыз деп жүргенде, батыстың да, шығыстың да жаңа сәні бәрімізді сан соқтырып жүрмесе болғаны.
Жоғарыда айтылған біздің қоғамдық бірлестіктің пікірі барлығымызды да толғандырады деп ойлаймыз. Аталмыш мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлеріңіз болса, біздің мекен-жайымыз: Орал қ., Ғ.Қараш к/і 14, 12 каб., тел: 51 21 77, Antisekta_zko@mail.ru
Ләззат Шағатай,
«Жайық» деструктивтік діни
ағымдардан жапа шеккендерге көмек
орталығы ҚБ жоба-менеджері.