Жұма, 5 Желтоқсан, 2025
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Имам Ағзам Әбу Ханифаның түр-тұлғасы мен ерекше сипаттары

18.09.2013
- Ислам
0
249
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Әбу Ханифа көрген кісінің көзі тойғандай көрікті, ұстамды, киген киімі жарасымды, әр ісінде ұқыпты болатын. Басынан қара түсті «қалансуасын»[1] тастамайтын. Бірде Куфа қаласында Әбу Ханифаның киім киісі мен үстінен аңқыған әтірдің хош иісінен көңілі жадыраған Ибн Мұғир: «Куфа мешітінде адамдарға пәтуә беріп отырған, басында қалансуасы бар шейхті көріп, айналамдағылардан «Бұл кім?» деп сұрадым. Олар: «Имам Әбу Ханифа» деп жауап қатты. Мен Әбу Ханифаны осылай таныған едім», – дейді .

Әбу Ханифа сапалы матадан тігілген киім киетін. Әрдайым әтір қолданатын. Аллаһтың таза әрі халал еткен ризықтарын пайдаланатын. Ол достарының да жақсы киінгенін қалайтын. Адамның өңін ашатын сапалы сәнді киім таңдауына көмектесетін. Намаз оқитын кезде Аллаһтың құзырында тұрғанын терең сезініп, әрдайым ең әдемі киімдерін киіп, жұпар аңқыған иіссу себетін.

Баласы Хаммад әкесін былайша сипаттайды: «Әкемнің түр-тұлғасы келіскен сымбатты, үстінен хош иіс аңқып тұратын. Оның келе жатқанын алдымен үстіне сепкен әтірдің иісінен сезуші едік», – дейді.  Әбу Ханифа Аллаһ алдында да, адам алдында да адал еді. Бір кісідей жомарт, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Алда-жалда қолына ақша түсе қалса, алдымен білім жолында жүрген кедей шәкірттерінің  барлық қажеттіліктерін өтеуге тырысатын. Бір күні шәкірттерінің бірі: «Ұстаз, бұлай киінуіңіздің сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда Имам Ағзам: «Барлығы маған қарап білімге талпынсын деп жақсы киінемін, әйтпесе, бұл  мені күнәға жетелер жүк емес пе?», – деген екен.

Бір күні Әбу Ханифа үсті-басы алқам-салқам біреуді көреді. Оның қолына мың дирхам ақша беріп тұрып: «Үсті-басыңды дұрыста, жөні түзу киім ал» деп құлағына сыбырлайды. Бірақ, әлгі адам: «Маған бұл ақшаның қажеті жоқ, мен онсыз да баймын» деп ақшаны алмай қояды. Сонда Әбу Ханифа: «Сен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Аллаһ берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»[2] дегенін естімеп пе едің?» деп таза, жинақы киініп, халыққа үлгі болардай мұсылман болуға насихаттаған.

Шынайы бол…

25.11.2025
Бірінші байлық – денсаулық

Бірінші байлық – денсаулық

24.11.2025

Аңқылдаған ақ көңіл еді. Аз сөйлейтін, аз күлетін, көп ойланатын. Сөйлескенде орта жолды ұстанатын. Өзіне сауал тастамайынша, тіл қатпайтын. Әрбір істі тиянақты істейтін. Біреулермен пікір таластыра қалса, қарсыласы оған ауыр сөздер айтса да, сабырлы қалпынан айнымайтын.  Бір күні халифа Харун әр-Рашид жанындағылардың Әбу Ханифаны сөз етіп отырғандарын естіп: «Аллаһ Әбу Ханифаға мейірімін төксін. Басқаларының көздерімен көре алмағандарын ол ақыл көзімен көреді»[3] – деп Әбу Ханифаға лайықты  бағасын берген-ді. 

Әбу Ханифаның дәулетті болуы да оның өмірінде маңызды рөл атқарған. Дін мен білім жолында шәкірттерінің басына қандай да бір іс түссе ешқашан аянып қалмайтын. Шәкірті имам Мұхаммед осы Әбу Ханифаның мектебінен тәлім алып, кейіннен әйгілі ғалым, мүжтәхид болды емес пе? Аллаһтың берген байлығын дін жолында жұмсап, білімнің мәртебесін үстем еткен ғалымдардың бірі еді.

Әбу Ханифа тақуалықты ту етіп өмір сүрді. Мұхаммед ибн Хаммад ибн Мүбәрак «Әбу Ханифаның өмірбаяны» атты кітабында Иазид ибн Кумайттың мына бір әңгімесін келтірген: «Әбу Ханифаға бір кісі келіп: «Аллаһтан қорық!» дейді. Сол-ақ екен, Әбу Ханифаның өңі боп-боз болып кетеді. Жел өтінде қалған күзгі жапырақтай қалтырап үнсіз тұрады да: «Аллаһ саған разы болсын. Бұл сөз адамдарды қалай тәубесіне келтіретінін білсең ғой!» деп ризашылығын білдіріп, рахметін айтқан екен».

Әбу Ханифа таза мұсылман отбасынан тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап өскен. Бұрын-соңды өткен мұсылмандардың арасында Құранды ең көп оқығандардың бірі десек, қателеспеген болар едік. Кейбір адамдардан бұл кісінің ораза айында Құранды алпыс рет  хатым еткені риуаят етіледі[4].

Оның тақуалығына мына оқиға дәлел болса керек. Бірде Куфа қаласының маңындағы  бір  ауылды қарақшылар шауып, қораларындағы қойларын  айдап әкетеді. Болған жайды имам Ағзам Әбу Ханифа естіп, қатты налиды. «Қолды болған  қойларды қарақшылар қалаға  әкеліп сатып, пайда көруі мүмкін.  Егер мен оны байқаусызда сатып алсам, біріншіден, оларға жәрдем берген боламын.  Екіншіден,  харам малдың еті өңешімнен өтіп кетіп жүрер»,– деп бір қойдың орташа өмір сүру  жасын  есептеп, жеті жыл бойы қой етін аузына алмаған екен[5].

Тақуалығына қатысты Язид ибн Харун: «Бір күні Әбу Ханифаны біреудің есігінің алдында, күннің астында отырғанын көрдім. «Әй, Әбу Ханифа! Көлеңкеге барып отырмайсың ба?» дедім. Ол «Үйдің иесінен алашағым бар еді. Сондықтан, оның ауласындағы көлеңкеге отырмауды жөн деп таптым» десе, екінші бір риуаятта өзінің берген қарызынан бір пайда табуды ойлағандай болмайын деп үйдің дуалының көлеңкесін саялауды жөн көрмегендігі айтылады. Негізінен, ол осыншалықты тақуа болғанымен, өзгелерден де дәл сондай тақуалықты талап етпейтін. «Ғалым кісі адамдарға пәтуә бергенде өзгелерден бұрын өзі үлкен жауапкершілікті мойнына алуы қажет»,– деп  тақуалыққа айрықша ден қоюдың  үлгісін көрсеткен болатын[6]. Оның тақуалығы пәтуәсынан асып түсетін. «Егер қарайып қаламын-ау деп қорықпағанда ешкімге пәтуә бермес едім. Пәтуә адамдарға пайдалы, тура жолға бастауы тиіс. Оның жауапкершілігі ауыр»,– деп пәтуәні  адамдардың игілігі үшін беретінін қадап айтқан болатын[7].

Өзіне ұсынылған қазылық пен қазына басшылығын қабылдамауының негізгі себебі де осы терең тақуалығынан туындаған-ды. Өйткені, басшылардың заңсыз әрекеттерін көріп, оған көз жұма алмады. Ақиретте берілетін жазадан гөрі, осы дүниенің жазасын артық санап, ақыры жәбір-жапаның нәтижесінде шейіттіктің шәрбатын ішкен-ді.

Мінезі өте жұмсақ болатын.  Иазид ибн Харун былай дейді: «Әбу Ханифадан асқан биязы адамды көрмедім. Мыңдаған ғалымнан білім алдым, ілім үйрендім. Аллаһтың атымен ант етейін, Әбу Ханифадан асқан тақуа, тілін жамандықтан қорғай алған ешкімді көрмедім»[8].

Бір күні Харун әр-Рашидтің алдына Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф келеді. Халифа Әбу Юсуфтан ұстазын сипаттап беруін сұрайды. Сонда Әбу Юсуф: «Аллаһтың атымен айтайын, харамнан аулақ, дүниеден алыс, көбіне үнсіз, ой үстінде жүреді. Егер әлдебіреу өзін толғандырған мәселеге қатысты одан кеңес сұрай қалса, білгенінше жауабын беретін», – деп былай жалғастырады, – Ей, мұсылмандардың әміршісі, мен Әбу Ханифаны танығалы бері нәпсісі мен дініне өте сақ екеніне куә болып келемін. Егер біреу жайлы айтар болса, тек жақсы жағын қозғайтын». Мұны естіген Харун әр-Рашид: «Бұл ізгі адамдардың бойынан табылатын қасиет» деп сүйсінген екен[9].

Күндердің бірінде бір кісі Әбу Ханифаға келіп: «Әй, бидғатшы, зындық» деп дүрсе қоя берді. Әбу Ханифа сол адамға қарап:

– Аллаһ сені кешірсін. Менің бидғатшы да, зындық та емес екенім бір Аллаһқа аян. Өйткені, мен Аллаһ тағаланы танығалы бір сәт болса да онымен байланысымды үзген емеспін. Тек қана Аллаһтың кешірімін тілеймін. Тек ғана Содан қорқамын» деді де, көзіне жас алды. Кіршіксіз көңілден бастау алған мына сөздерден кейін әлгі адам қатесін түсініп, кешірім сұрады. Сонда Әбу Ханифаның айтқаны мынау еді:

– Надандардың мен туралы білмей айтқан барлық сөздерін кешірдім. Ал ілім иелерінің қайсысы болса да, жоқ нәрсені маған таңып жала жапса, олардың күні қараң болсын. Өйткені, ғалымдардың ғайбаты артына өшпес із қалдырады[10].

Мұхаммед ибн Мулиһ ибн Уакиғ Иазид ибн Кумайттың былай дегенін айтады: «Бір адам Әбу Ханифаға тіл тигізіп, ол туралы жағымсыз сөздер айтып «Әй, кәпір, дінсіз!» дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Аллаһ сені кешірсін, сен айтқандай емес екенімді  Аллаһ біледі» деп сыпайы  жауаппен ғана шектелді».

Ахмет ибн Мансұрдан естігенін Абдур Раззақ былай деп әңгімелейді: «Әбу Ханифа өте жұмсақ мінезді адам еді. Бірде мешітте бірге отырған едік. Бір адам келіп әлдебір мәселе жайында Әбу Ханифадан пәтуә сұрайды. Әбу Ханифа оған түсіндіріп береді. Сонда әлгі адам: «Хасан Басри былай деген еді» деп, Хасан Басридің көзқарасын айта жөнеледі. Сонда Әбу Ханифа: «Хасан Басри бұл жерде қателесті» дейді. Осы оқиғадан кейін көп өтпей Әбу Ханифаға бір адам келіп: «Әй, пәленшенің баласы, Хасан қателесті деп жүрген сен бе?» деп ай-шайға қарамай айқайға басады. Сонда Әбу Ханифа сабырлы қалпын сақтай отырып: «Хасан Басри қателесті, ал Ибн Мәсғуд дөп басты» деп әлгі кісінің сұрап келген мәселесін дәлелдерімен, тәптіштеп түсіндіріп береді. Иә, Әбу Ханифа көзі өткір зергердей ғалымдардың көзқарастарын салыстыра отырып, дұрыс шешім қабылдай алатын, талғамы биік, тағлымы мол ғалым еді.

[1]  Бас киім, тақия

[2]  Бағдади, «Тарихул-Бағдат», 13-т., 361-б.

[3]  Курт, Ауни, «Имам Ағзам Әбу Ханифа хайаты», Анкара, 32-б.

[4]  әз-Зәхәби, «Манақиб», 22-б.

[5]  Хәйсами, «Хайратул-хисан», 152-б.

[6]  Мекки, «Манақиб», 85-б.

[7]  Самиәри, «Ахбару Әби Ханифа уа асхабиһи», 34-б.

[8]  Бұл да сонда, 23-б.

[9]  әз-Зәхәби, Манақибу ибн Әби Ханифа, 17-б.

[10]  Мекки, «Хайратул-хисан», 40-б., Әбу Захра, 53-б.

 Алау ӘДІЛБАЕВ

http://www.muftyat.kz

 

 

 

 

Таңбалар: әбу ханифаимам Ағзам
Бөлісу6Твитерге4Бөлісу1Бөлісу

Ұқсас мақалалар

Ислам

Шынайы бол…

25.11.2025
Әбу Ханифа және Ханафи ғалымдары мен олардың еңбектері
Ислам

Әбу Ханифа және Ханафи ғалымдары мен олардың еңбектері

15.11.2025
Тағы жүктеу
Келесі жазба

Имам Матуриди ақидасы

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жарияланымдар

Жаңалықтар

Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

05.12.2025
«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды
Жаңалықтар

«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды

05.12.2025
Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар
Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар

04.12.2025
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00